135. Айтыстың күрделі өнерлік сипаты. Ақындық шеберлік пен тапқырлық.
Айтыстың өз ішіндегі көлемді саласы — ақындар айтысы. Ғалым Б.Адамбаев: «Ақындық айтыс— қазақ əдебиетінің арнаулы бір саласы. Ертеректе бəрі ел өмірінде болған той-думан, ас-жиындар ақындар айтысынсыз өтпеген. Ежелден келе жатқан ақындар айтысының дəстүрі бойынша қарт пен жас, еркек пен əйел тартынбай айтыса берген. Оған қарт ақын Жанаққа жас талап Сабырбайдың, атасындай Сүйінбайға қарсы Күнбала қыздың айтыстары дəлел бола алады» [5; 187], — деп жазған болған. Тапқырлықты, алғырлықты, төзімділікті, білгірлікті қажет ететін ақындар айтысы көптеген ақындардың басты творчествосына айналды. Айтыскерлігімен елге танылған айтыс ақыны аталады. Көнеден қалыптасқан айтыс дəстүрінде ақындар бірін-бірі арнайы іздеп барып сөз айтысына түсетін болған. Сөйтіп, топтың алдында өз өнерлерін ортаға сап, қашан бірі жеңіліп, екіншісі жеңіске жеткенше айтыс тоқтаусыз жалғасады. Ал бүгінгі таңдағы айтыста осы аталған екі мəселе олқыланып қалған. Қазіргі кезде ақындар бірін-бірі іздемейді, белгілі бір мерекелік тойға орай айтыс ұйымдастырылады. Екіншіден, уақыт шектеулі. Яғни, ақындарымыз еркін көсіліп шабуға мүмкіндік ала алмайды. Міне, осы екі жағдай айтысқа біршама əсерін тигізгені сөзсіз. Айтыс жайын айтқанда алдымен ауызға оралатын дəстүр — суырып салмалық. Неге? Өйткені бұл екеуі бірімен-бірі біте қайнасып келе жатыр. Ауыз əдебиеті жанрларының ішінде айтыстың орыны ерекше. Басқа сөзбен айтқанда, ауыз əдебиетінің өзге жанрлары бір төбе болса, айтыс — бір төбе. Бұл жайында атақты ғалым Р.Бердібаев айтқан болатын.
Міне, ғасырдан ғасырға сабақтастығын тауып келе жатқан айтысты жандандырушы Жамбыл бастаған топтың жуан ортасында Маясар, Қайып, Шашубай, Жəкен, Доскейлер бар еді. Осылардың ішінде айтыскерлігімен бала жасында көзге түскен Шашубай Қошқарбайұлы. Оның өнердегі өрісі, биік тұғыры — айтыскерлігі. Сөз сайысын ертеден қатты құрметтей білген қазақ айтыс ақындарын өте жоғары бағалай білген. Міне, осындай өнерге бойлағыш, өнерді қадірлегіш ортада, Шашубай да жастайынан сөз қақтығысына түсіп, сыналып, шыңдалып өскен, Жетісудағы Балжан деген əпкесінің қолында жүргенде, он үш жасар Шашубайдың қыздармен сөз сынасуы біздің пікірімізді айқындай түседі. Қыздар:
Сен жігіт, сеңсең жігіт, сеңсең жігіт,
Сонда жігіт боларсың, сенсең жігіт.
Қаңғып келдің еліме, қайыр тілеп,
Құныңды кім береді өлсең жігіт, —
дегенде, Шашубай бірден:
Сен қыздар, сеңсең қыздар, сеңсең қыздар,
Сеңсеңімді беремін жеңсең қыздар.
Қараңғыда найзаға қарсы шауып,
Құныңды кім береді өлсең қыздар [6; 148], —
деп шалып түсіреді. Осылай он үшінде көпке танылған Шашубай, жыр дүлдүлі атанған Жамбылмен де айтысқа түскен. Шашубайдың шешендігін, айтыскерлігін Жамбыл жоғары бағалаған. Доскей, Болман, Көшен ақындармен сөз сайысына түсіп, талай рет жүлдеге ие болған.
Ақын Жолдыкей Нұрмағанбетовтың жыр жорғасы атануы айтыскерлігімен тығыз байланысты.
«Айтыс» кітабында: «Ажарлы, мəнерлі, нақышты тіл Жолдыкей мен Көшен айтысында бой керсетеді» [7; 206], — деп жазылған болатын. Бұл айтыста сөз сырына зерек Жолдыкей қапияда жол тауып, шар болаттай шарықтаған еңбек ерлерін құлшына жырлайды.
Атылып арыстандай сом қайратпен.
Алмастай ақ қайласы құз құлатқан [7; 222], —
деп бояу нақышын келістіре, өрнек-оюын жарастыра айтады. Əдемі де əсерлі сөздермен əдіптеп, əшкейлеп сипаттай отырып, Көшенге: «Сендер де сеңнен қайтпас қаһарлы айбат», «Майданның оң қабаты сендерсіңдер, бірің — дəм, бірің — қару, бірің — қанат», — дейді. Сол кездің «Бəрі де майдан үшін» деген метафоралық, перефразиялық тіркестерді пайдаланып, көркемсөз үлгісін тудырады. Бұл айтыстан үздік теңеу, эпитет, троп пен фигураның небір шұрайлыларын табуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |