Тақырып - жазушы суреттеп отырған өмір құбылысы болса , идея — жазушының сол өзі суреттеп отырған өмір құбылысы туралы айтқысы келген ойы, сол өмір құбылысына берген бағасы дер едік. Әдебиет теориясының бағзы бір кітаптарында тақырыпты өз алдына, идеяны өз алдына бөлек алып, тексереді. Біз екеуін әдейі бір алып, байыптап отырмыз. Бұларды бір-бірінен ажырату мүмкін емес екенін жоғарыда айттық. Соған қосымша тағы бір зер сала кететін нәрсе — суреткердің шығарма жазар тұстағы творчестволық толғаныстарының түпкі түйіні — ой өзегі (замысел). Ой өзегінде жазушының тақырып тауып, идея туғызудағы түбегейлі мақсаты, яки творчестволық концепциясы жатады. “Ой өзегі — шығарманың негізгі ар-қауы” (А. Толстой).Әр шығарманың тақырыбы мен идеясын тұтастырар дәнекер боп тұрған ой өзегінің кай жазушыда қандай жағдайда туғанын топшылау, әрине, қиын. Оны қаламгердің қасында жүріп, әдеби әрекетін әрқашан қалт жібермей байқап отырған адамдар да тап басып, дәл таба алмайды. Мәселен, Лев Толстойдың зайыбы бір жолы: “Левочка кенет, ойда жоқта осы күнгі өмірден роман жаза бастады”,— депті. Бұған қарағанда, “Анна Каренинадағы” автордың ой өзегі де кенет, аяқ астынан туған тәрізді. Ал дұрысында олай емес, зерттеушілер ол романның ой өзегі тіпті әріден — сонау “Алпауыт таңы” мен“Семья бақытының” тұсынан басталғанын анықтады. Сол секілді, қай қаламгерде болмасын, әр түрлі ой өзегі оның әдеби енбегінін. түрліше арқауы тәрізді творчестволық толғаныстарының кезең-кезендерінде жатады. Әр жазушыда әр шығармасын жазар алдында осындай ой өзегі болмаса, оның шығармасында оқырманга қажет өмірлік өзекті мәселе де болмайды және ондай шығарма қалың көпшіліктің қаламгер алдына қояр заңды сауалына жауап та бере алмайды. Ал “сауалы жоқ немесе сауалға жауабы, жоқ шығарма — өлі шығарма” (Белинский).Кейде, шартты түрде, шығарманың тақырыбы — сауал да, идеясы—жауап деуге болар еді. Бұл түста мына жайтқа азырақ көңіл бөлген жөн: бір сауалдың бір емес, бірнеше жауабы болатыны секілді, бір тақырыптан бір емес, бірнеше идея тууы мүмкін. Осыдан келеді де біздің алдымызда әдебиеттегі идеялық, қарама-қарсылықтар мен бірліктер туралы мәселе тұрады. Бұл мәселеден аттап өтуге тағы болмайды. Әрбір әдеби шығармада көркем шешімін тапқан идеяның терең тамыры сол шығарманы тудырған суреткердің дүние танымында, әлеуметтік көзқарасында жатады. Сондықтан, сөз жоқ, бір тақырыптың өзінен дүние танымы әр тарап суреткерлердің әрқайсысы әр түрлі идея туғызады.
Композиция (латынша сomposito-құрастыру, қиыстыру)-көркем шығарманың құрылысы.Композиция, сөз жоқ, сюжетпен тығыз байланысты: сюжет те, композиция да әдеби шығарманың мазмұнын көркем жинақтап, мазмұнды пішінге көшірудің құралы. Сюжет-сюжет болу үшін оның барлық кезең-кезеңі түп-түгел белгілі бір композициялық жүйеге түсіп, бірлік табуы қажет. Сюжет композицияның осындай өзара бола тұра олардың бір-бірінен өзгешелігі де болады.
Екіншіден, композиция сюжеттің өрбу кезеңдерін жүйеге түсіріп қана қоймайды, сюжеттен тыс нәрселерді де өзара қиюластырып, белгілі бір арнаға салады.
Сюжетті шығармадағы оқиға желісін, адамдардың арақатынасын, образдар жүйесін қалыптастыруда сірескен қағида жоқ. Әр суреткер өз шығарманың сюжетін өз қалауынша құрады. Демек; сюжеттің композициялық бітімі әр шығармада әр түрлі болуы мүмкін. Қалай болғанда да кез келген шығармада сюжеттің табиғи басталу (экспозициясы), байланысы (заявка), дамуы (ситуация), шарықтауы (кульминация), шешімі (развязка) болады.
Сюжеттің басталуы (латынша-дәйектеме) оның кіріспесі іспетті; мұнда әдеби қаһармандар өзара қарым-қатынасқа көшпас бұрынғы хал-жағдай, тіршілік, қоғамдық орта, болашақ қақтығыстар алаңы, оқиғалар орны суреттеледі. Экспозицияның бір ерекшелігі-ол шығарманың сюжеттік желісіндегі өмірлік тартысқа тәікелей ықпал жасамайды, тек мезгіл мен мекенге меңзеу, дерек, дәйек түрінде ғана қалды.
Сюжеттік байланыс-адамдар арасындағы әрекеттің басы; тартыстың басталуы іспетті, шығарма арқауындағы негізгі оқиғаның әуелгі туындау себебі секілді. Демек, байланыс экспозициясындай емес, шығарманың сюжеттік желісіндегі өмірлік тартысқа тікелей ықпал жасайды, оқиғаны өрбу жолына салады.
Сюжеттік даму адамдардың өзара қарым-қатынасынан, қимыл-әркетінен туған түрліше жағдайларға, шиеленістіре байланысты. Шебер суреткердің қолынан шыққан ширыққан, шиыршық атқан серіппелі шиеленістер шарықтау шегіне жетеді.
Шарықтау шегі (латншы-шың)-сюжеттік дамудың ең жоғарғы сатысы; адамдар арасындағы қимыл-әркеттің мейлінше күшейіп, өрбіп жеткен жері, шығармалардағы драмалық тартыстың өрістеп шыққан биігі. Шығарма сюжетін күллі кезең-кезеңімен тұтастырып, белгілі біл бүтіндікке, үндестікке әкеліп тұрған композицияның ең жауапты тұсы осы. Сайып келгенде, сюжеттік шарықтау-шығармада суреттелген барлық шындық құбылыстар мен өзекті оқиғалардың шоғырлану шоқтығы.
Шешім-суреткердің өзі суреттеп отырған өмір шындығына шығарған «үкімі»,адамдар арасындағы қарама-қарсы тайталастардың, күрделі күрестердің бітуі; түрліше тағдырлар тартысынан туған нақты көріністердің соңғы сахнасы.
Шығарма сюжетінің шешімі-оның идеялық-көркемдік шешімі. Шығармада қақтығыстар неғұрлым күшті болған сайын, сюжеттік шешім де соғұрлым мықты болады.Сонымен, сюжеттік дамудың жоғарыда айтылған кезең-кезеңдерін тәртіпке салып, реттеп, қиыннан қиыстырып тұратын нәрсе-шығарманың композициясы. Композиция-әдеби шығарманың құрылыс, оның үлкен-кішілі бқлім-бөлшектерінің бір-бірімен қисынды түрде қиюластырып, әр түрлі тәсілмен байланыстырылған тұтастық-бірлігі. Шығарманың құрылысы шымыр болуы, бас-аяғы жеке тараулары жнақы келуі жекелеген бөлімбөлшектердің орынды жалғасуына байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |