1 глоссарий агглютинация – қосымшалардың бірінен соң бірінің жалғануы Адвербиалдану



бет17/61
Дата16.12.2022
өлшемі202,78 Kb.
#57663
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   61
Байланысты:
1 глоссарий агглютинация – осымшаларды бірінен со біріні жал

Атауыш сөздер – толық лексикалық мағынасы бар сөздер. Атауыш сөздер тілдегі сөздердің басым бөлігін құрап, сөйлемде қандай да бір ұғымды атау үшін жұмсалады. Семантикалық, морфологиялық, синтаксистік ерекшеліктері бойынша өз ішінен жеті сөз табына бөлінеді: зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, еліктеу сөз.
Көмекші сөздер – түбір морфемасы бола тұра мүлдем лексикалық мағынасы жоқ, сөйлемде объективті өмірдегі ешбір затты, құбылысты, ешбір ұғымды атамайтын, кейде жеке өздері, кейде басқа морфемалармен бірлесіп, қандай да бір грамматикалық мағынаны білдіретін, яғни, сөз түрлендіруші тұлға қызметін атқаратын сөздер. Тілімізде көмекші сөздердің үш түрі бары айтылып жүр. Олар – шылау, көмекші есім, көмекші етістік. Бұлардың қатарына ертеректердегі оқулықтарда күшейткіш үстеу деп көрсетіліп келген, асырмалы шырайдың көрсеткіші болып табылатын өте, аса, тым, ең, т.б. с.с. көмекші сөздерді қосуға болады. Сонымен қатар оныншы сөз табы ретінде көрсетіліп жүрген, субъективті модаль мағынасын білдіру үшін күрделі баяндауыш құрамында кездесетін (мысалы, баруы мүмкін, айтуы тиіс, айтқаның жөн) модаль сөздер де сөзге грамматикалық мағына үстейтін морфологиялық тұлға құрамында келетіндіктер көмекші сөздер қатарына жатады. Сөйтіп, көмекші сөздердің қатары беске дейін толығады.
Одағайлар – лексикалық мағынасы жоқ болғандықтан атауыш сөздер қатарына да жатпайтын, белгілі бір сөзге грамматикалық мағына үстемейтіндіктен көмекші сөздер қатарына да жатпайтын сөздердің ерекше тобы. Одағайлар сөйлемнің синтаксистік желісінен тысқары (сөйлемді құрайтын сөздердің ешқайсысымен синтаксистік байланысқа түспей) тұратындықтан үнемі оқшау сөздер қатарынан табылады. Одағайлар сөйлемде негізгі синтаксистік желіден тыс тұрса да, сөйлеуші тарапынан қолданылып, сөйлеушінің көңіл-күйінен, сөйлеушінің тыңдаушымен арақатынасындағы әралуан жағдайлардан хабар беру қызметін атқарады.
Көмекші сөздер. Көмекші сөздердің түрлері – көмекші есім, көмекші етістік, шылау, асырмалы шырай тұлғалары және көмекші модаль сөздер бір-бірінен қандай белгілері арқылы ажыратылады?
Әдетте көмекші есім, көмекші етістік, шылау – үшеуін бір-бірінен ажыратуда олардың морфологиялық ерекшеліктері негіз болады. Атап айтқанда, көмекші есімдер – зат есімнің (заттанған сөздің) жетегінде келетін, лексикалық мағынасы жоқ (немесе солғындаған), өзі тіркескен сөзге грамматикалық (мекендік) мағына жамап түрлендіретін, өзі зат есімше түрленетін (көптелетін, тәуелденетін, септелетін), өзі тіркескен зат есіммен тек тәуелдік жалғауы арқылы байланысып тұратын көмекші сөздер. Көмекші есімдердің морфологиялық ерекшелігі – зат есімше түрлену қабілеті – оларды бөлек сөз табы ретінде емес, атауыш сөздердің, зат есімдердің аясында қарастыруға негіз болған. Көмекші есімдер шығу төркіні жағынан зат есімдерге келіп тіреледі. Толық мағыналы зат есімдерден олардың басқа зат есімдердің жетегінде келіп оған грамматикалық мағына үстеу үшін жұмсалу барысында лексикалық мағыналарынан айырылып, көмекші есімдер қалыптасқан.
Қазақ тіліндегі көмекші есімдер өте жиі қолданылғанмен, олардың саны аса көп емес. Қазіргі қазақ тіліндегі көмекші есімдер ретінде мына сөздерді көрсетуге болады: алд, арт, аст, үст, жан, жақ, қас, маң, маңай, тұс, іш, сырт, тыс, ара, қарсы, бой, шет, орта, соң.
Көмекші есімдер өзі тіркескен зат есімге (заттанған басқа сөздерге) тек мекендік мағына ғана үстейді. Сондай-ақ зат есім мен оған жетектелген көмекші есімнің құрамындағы морфологиялық тұлғалардың әрқайсысының өз қызметтері бар. Мысалы, Қалам үстелдің үстінде жатыр. Сөйлемде өзара матаса байланысқан зат есім мен көмекші есімнің тіркесі (баяндауыш қызметіндегі) жатыр етістігімен пысықтауыштық қатынаста байланысқан. Бұл жерде пысықтауыштың жасалуына, байланыстың қалыптасуына көмекші есімнің еш қатысы жоқ, мұндағы байланыс жатыс септігі арқылы орнаған және пысықтауыштың жасалуы да тек жатыс септігімен байланысты. Көмекші есім өзі тіркескен зат есіммен тәуелдік жалғауы арқылы байланысып, оған (зат есімге) мекендік мағына жамаған. Атап айтқанда, үст сөзі арқылы заттың (үстелдің) бір бөлігі, тұсы (нақтырақ айтқанда, жоғарғы бет жағы) меңзелген. Ал тәуелдік жалғау осы бөліктің (үст) затқа (үстелге) қатысты екенін білдіріп, көмекші есімді зат есіммен байланыстырған. Зат есімнің құрамындағы ілік септігі зат (үстел) көмекші есім (үст) арқылы аталған заттың бөлік-мекенінің иесі екенін білдіріп, зат есімді көмекші есіммен байланыстырған. Жатыс септігі зат есім мен көмекші есімнен тұратын тіркесті зат (дәлірек айтқанда, көмекші есім арқылы белгілі бір бөлігі көрсетілген зат) қимылдың мекені екенін білдіріп, етістікпен пысықтауыштық қатынаста байланыстырған. Сөйтіп өзара матаса байланысқан зат есім мен көмекші есім тіркесінен тұратын морфологиялық тұлға жымдасып бір бүтінге (бір компонентке) айналады. Олардың басқа сөздермен байланыс орнатуы, синтаксистік қызметтері көмекші есімнің құрамында тәуелдік жалғауынан кейін келетін септік жалғауларының (немесе басқа тұлғалардың) осы тіркеске үстейтін грамматикалық мағыналарына байланысты болып келеді. Мысалы, үстелдің үстін тазала, үстелдің үсті таза, үстелдің үстіне қой. Мұндағы бірінші мысалда табыс септігі зат (көмекші есім арқылы белгілі бір бөлігі көрсетілген зат) қимылдың тура объектісі екенін білдіріп, зат есім мен көмекші есімнің тіркесін етістікпен тура толықтауыштық қатынаста байланыстырған, екінші мысалда атау септігінің нөлдік жалғауы зат (көмекші есім арқылы белгілі бір бөлігі көрсетілген зат) қимылдың иесі екенін білдіріп, зат есім мен көмекші есімнің тіркесін етістікпен бастауыш қызметіне қойып байланыстырған, үшінші мысалда барыс септігі зат (дәлірек айтқанда, көмекші есім арқылы белгілі бір бөлігі көрсетілген зат) қимылдың нақты бағыты (адресат-мекені) екенін білдіріп, зат есім мен көмекші есімнің тіркесін етістікпен пысықтауыштық қатынаста байланыстырған.
Көмекші есім үстейтін мекендік мағыналар өз ішінде бір-бірімен антонимдік (алд – арт, аст – үст, іш – сырт), синонимдік (жан – жақ – маң, сырт – тыс, ара –орта) қатарлар түзетін мәндерге ие. Бұл құбылысты көмекші сөздердің грамматикалану процесін бастан өткерсе де, лексикалық мағыналарының әлі толық жойылмағанының, тек солғындағанының белгісі деп қарауға болады. Сол сияқты судың беті, сөздің басы, таудың етегі, т.б. с.с. тіркестердегі тәуелдік жалғауындағы зат есімдерді дәл көмекші есімдер сияқты өзі тіркескен ілік септігіндегі зат есімдерге мекендік мағына үстеп тұрғандықтан (ілік септігіндегі зат есім арқылы аталған заттың (судың, сөздің, таудың) белгілі бір бөлік-мекенін көрсетіп тұрғандықтан), көмекші есім деп көрсетіліп жүрген жайлар да бар. Бұл – аталған сөздердің грамматикалану процесін бастан өткеріп жатқанының көрінісі. Бірақ ауыспалы мағынада жұмсалған мұндай полисемиялы сөздердің бәрін көмекші есімге айналды деуге әзір ертерек сияқты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   61




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет