27. Ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру және оның салдарлары
Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру — КСРО-да ұсақ, жеке шаруа қожалықтарын біріктіру арқылы ауыл шаруашылығын мемлекет мүддесіне толық бағындырып, қайта құрудың теориясы мен практикасы.
Ұсақ тауарлы шаруашылықтарды кооперациялау идеясын ғыл. коммунизмнің негізін қалаушылар Карл Маркс, Ф.Энгельс ұсынған болатын. Қазан төңкерісінен (1917) кейін құрылған Кеңес империясының экономикалық даму жолын таңдау мәселесінде үкімет пен партия басшылары екі топқа бөлінді. Олардың алғашқысы — Бухарин тобы (Н.И. Бухарин, А.Н. Рыков, М.П. Томский) экономикалық жүйеде әлі де көп жылдар нарықтық қатынас түрі шешуші тетік болып қала береді деп санады. Екінші топты нағыз сталиншілдер: В.В. Куйбышев, В.М. Молотов, А.А. Андреев, Л.М. Каганович, С.М. Киров, А.И. Микоян, Г.К. Орджоникидзе және т.б., бел алып келе жатқан тоталитарлық тәртіп басшылары құрады. Бұлар берік сенімге және күштеуге сүйену жолымен күрделі экономикалық мәселелерді партиялық-мемлекеттік жүйе шеше алады деген көзқарасты ұстанды және “жарқын болашаққа” жету үшін едәуір құрбандықтардың болуын орынды санады. Алғашқы бухариндік балама жолды кейде толық, кейде ішінара сол кезеңнің ірі экономистері Н.Д. Кондратьев, Н.П. Макаров, В.В. Новожилов, А.В. Чаянов, Л.Н. Юрьевский және т.б. қолдады. Қазақ ұлттық интеллигенциясының көрнекті өкілдері Ә.Н. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков, М. Дулатов, М. Шоқай және т.б. Қазақстандағы дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысатын халықтың эволюциялық дамуын сақтауды жақтады.
Шаруаларды өндірістік кооперацияларға тарту процесі Қазан төңкерісінен кейін іле-шала басталды. Оны бір жағынан мемлекеттік қарамағына алынған жерлерде совхоздар (кеңшарлар), МТС-тер (машина-трактор стансалары), екінші жағынан колхоздар (ұжымшарлар) құру арқылы шешу көзделді. 1928 жылғы 1 шілдеде Қазақстанда 41 кеңшар мен 1881 ұжымшар болды. Ұжымдық шаруашылықтардың 76-ы ауыл шаруашылығы коммунасы, 1215-і ауыл шаруашылығы артелі, 590-ы жерді бірлесіп өңдеу серіктестіктері еді. 1928 жылдың маусым айында болып өткен колхозшылардың Бүкілодақтық 1-съезі жоғарыдағы сталиншілдер бағытын өмірге енгізуге жол ашып, ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру жолымен әміршіл-әкімшіл басқару арнасына түсіріп, жекеменшіктің орнына қоғамдық меншікті орнықтыруға күш салды. Осының нәтижесінде Қазақстандағы колхоз қозғалысы едәуір екпін алды. 1929 жылдың 1 қазанында Қазақстанда 117,7 мың жеке шаруашылықтар (олардың 9,3 проценті) ұжымдастырылды. Келесі қараша айында өткен БК(б)П ОК-нің Пленумы осы жұмыстарды қорытындылап, жекелеген облыстар алдына жаппай ұжымдастыру міндетін қойды.
Достарыңызбен бөлісу: |