1. «Жаңартылған мазмұндағы қазақ тілін оқыту әдістемесі» ғылым және оқу пәні ретінде Қарастырылатын сұрақтар: «Жаңартылған мазмұндағы қазақ тілін оқыту әдістемесі»



бет13/21
Дата21.01.2023
өлшемі157,11 Kb.
#62199
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   21
Шалқыған ән.
От шалқып кетті.
Болат қуаныштан шалқып кетті.
Аталынған сөздердің осы мағыналары жаттығулар мен мәтіндерде кездескен сайын бірте-бірте кеңейтіле түсіндірілуі қажет. Бұл жұмыс шығарма, мазмұндама формасындағы бақылау-тексеру тапсырмаларымен алмастырылып, балалардың келтірілген мағыналарды өз беттерінше еркін қолдана алғанынша жүргізіле береді. Әрине, көп мағыналы сөздермен жұмыс жалпы лексикалық жаттығулардың арасында балалардың сөздік қорын молайту, олар білетін антонимдік, синонимдік сөздер қатарын көбейту мақсаттарымен ұштастырыла жүргізіледі.
Омонимдер туралы ұғым беру. Бастауыш кластардан-ақ оқушылар бір-біріне ұқсамайтын бірнеше заттардың, құбылыстардың, іс-қимылдардың ана тілімізде бір сөзбен аталатынына назар аудара бастайды. Мысалы:
қой (малдың атауы)
қой (жерге қой)
қой (тиме, тоқтат деген мағынада) немесе:
ата – (әкемнің әкесі)
ата – ("түстеп айт" деген мағынада).
Осы тәрізді жиі кездесетін шық, тың, сана, қал, қара, мақта, алма, тамақ т.б. көптеген сөздердің екі түрлі қолданыстары бұл құбылысты оқушыларға түсіндіріп өтуді талап етеді. Мысалы:
Мақта — зат есім ретінде түрленеді (мақтаны, мақтаға т.с.с.)
Мақта — етістік ретінде түрленеді (мақтау, мақтадым).
Осындай үлгідегі жаттығулар балалардың сөз мағыналары туралы алған ұғымдарын практикада пайдаланып, сөйлеуде және жазуда берік дағдыға айналдыруына мүмкіндік береді. Оқулықтар мен көмекші құралдарда жиі қайталанатын кейбір фразеологиялық тіркестер мен оралымдар да балалар тіліне бастауыш сыныптардан-ақ орныға бастайды. Оқу материалдарының күрделене түсуіне байланысты оқушылардың сөздік қорындағы бұл дайын тіркестер бірте-бірте көбейе береді. Мысалы: су жүрек, қас қақпай, екі езуі екі құлағында, құлағың сал, сағы сынды, тырп етпе, қол ұшын беру, көз тартады, қырғидай тию, жымың қағу, қас қаққанша, ер жүрек, жаны ашу, түймедейді түйедей ету т.б.
Мүғалімнің міндеті – балалар сөзінің әсерлі, көркем болуына әсер ететін жоғарыдағы дайын тіркестердің жиірек, молырақ қолданысқа түсуін күнделікті тәжірибесінде қадағалау. Сонымен бірге олардың (тұрақты сөз тіркестерінің) бейнелейтін мағыналарын дәл ұғындырып, ішінара өзіне тән ерекшеліктерінен хабар беріп отыру да үздіксіз жүмыстардың бір бөлігі болуы қажет.
Тапсырмалар мен сұрақтар

  1. Лексикологияны оқыту әдістемесі қандай мәселелерді қамтиды?

  2. Сөз және оның мағынасы қалай меңгертіледі?

  3. Сөз мағынасын ұғындыруға байланысты жұмыс түрлерін ата.

9. Дәріс тақырыбы: Сөз құрамын оқыту әдістемесі


Қарастырылатын сұрақтар:
1. Сөздің морфемалық құрамын оқытудың мәні, міндеттері, жүйесі.
2. Сөздің морфемалық құрамын оқыту әдістемесі
3. Қосымшаның жұрнақ және жалғау болып бөлінетінін таныту әдістемесі
Қазақ тілі арнаулы пән болып қалыптасқаннан бері сөз құрамы сол пәннің арнаулы негізгі тақырыптарының бірінен саналып оқытылып келе жатыр.
Сөз құрамын мектепте, соның ішінде бастауыш сыныптан бастап оқытудың үлкен маңызы бар. Себебі сөздің түбірін тауып, оған басқа қосымша қосу дағдысын дұрыс меңгермеген оқушы өз бетімен орындаған жұмыстарында емлелік қателерді көп жібереді. Сөз құрамын балаларға оқыту арқылы қазақ халқының әдеби тілінде қолданылып жүрген сөздерінің құрам ерекшеліктерінен ғылыми-теориялық негізде мағлұмат береміз және сауатты жазуға жаттықтырамыз. Сөз құрамын оқып-үйрену барысында оқушылар тілдегі сөздердің құрамы туралы түсінік алады, сөздердің жазылу емлесін меңгереді.
Бастауыш сыныптарда сөз құрамын оқытудың міндеттері:
- сөздің түбірі мен қосымшасы туралы түсінік беру;
- қосымшаның жұрнақ және жалғау болып бөлінетінін білдіру;
- жұрнақ пен жалғаудың бір-бірінен өзгешеліктерін меңгерту;
- түбір мен қосымшаның емлесін меңгерту;
- түбірлес сөздер туралы түсінік беру.
Сөз құрамына қатысты оқытылатын тақырыптар жүйелі түрде бірізділікпен біртіндеп күрделендіріліп беріледі.
Сөздің морфемалық құрамын оқыту әдістемесі
Сөз құрамын немесе сөздердің жасалуын оқыту жөнінде біраз әдістемелік еңбектер жарық көрген. Атап айтсақ, Ш.Сарыбаев, Д.Әлімжанов, Ы.Маманов, И.Ұйықбаев, Б.Кәтембаева тәрізді белгілі әдістемеші ғалымдардың еңбектерінде сөз құрамын оқытудың амал-тәсілдері кеңінен сөз болады.
Бастауыш сыныпта сөз құрамын оқыту жөнінде М.Балақаев былай дейді: «Сөздің құрамын айтудан бұрын қысқа-қысқа сөйлемдерді оқытып, әр сөйлемде неше сөз бар екенін, әр сөзде неше буын, әр буында неше дыбыс бар екенін таныту керек. Осындай бүтіннен бөлшекке қарай талдау жасағанда, бала әр бөлшектен, керісінше, бүтін сөз, сөзден сөйлем құралатын білсін». Шынында да, сөйлем – ойды танытудың негізгі формасы. Сондықтан сөзді сөйлемнен шығарып, сөйлемнің сөзден құралатынын балаға жеңіл түрде түсіндіре алған мұғалім сөздің басты грамматиқалық қызметін оқушыларға дұрыс танытуға жол ашады.
Сөздің құрамын, яғни түбір мен қосымшаны оқушыларға байқау, салыстыру арқылы танытамыз. Мәселен, күй –күйші, балық – балықшы, құрылыс – құрылысшы, оқу – оқулық т.б. сөздерді салыстыра отырып, сөз жұптарының бірінші сыңарларының одан әрі бөлшектеуге келмейтіні, ал екінші сыңарларына әр түрлі қосымша жалғанып тұрғаны байқатылады. Сөздерге сұрақ қойылып, мағыналары салыстырылады, нәтижесінде оқушылар сөздің одан әрі бөлінбейтін мағыналы бөлігі – түбір, ал оған жалғанған бөлігі қосымша екенін аңғарады.
Сөздің түбірге жалғанатын бөлшегі – қосымша екенін, қосымша жалғанған сөздің қосымшалы сөз екенін түсініп, оқушы түбірден қосымшаны айыра алатындай болған кезде, жуан, жіңішке қосымшаларды сөздерге жалғатып машықтандырамыз. Сөйлемдерден түбір сөздерді таптырамыз. Осы арада түбірге қосымша жалғатып айттыру керек. Енді оқушылар қосымшаның сөзге жалғанғандағы қызметін аңғаратын болады.
Қосымшаның жұрнақ және жалғау болып бөлінетінін таныту әдістемесі
Сөзге жалғанатынның бәрін қосымша деп тану да, таныту да қиын емес. Қиыны – қосымшаның жалғау, жұрнақ болып бөлінуі. Сөз тұлғасын оқу барысындағы жаттығулардың сөздің морфологиялық құрамын, мағыналы бөлшектерін, морфемаларды саналы түрде меңгеріп алу үшін мәні зор. Сөздің морфологиялық құрамын талдау, көбінесе сол сөздің мәнін дұрыс ұғынып алуға жәрдем етеді, сөздің мағыналы әрбір элементі – түбір, жұрнақ, жалғау – бұлардың әрқайсысы өзінше сөзге мән береді, ал осы мәндердің жинағы бірігіп, сөздің жалпы мағынасын тудырады. Морфемаларды соның ішінде жұрнақты айыра білудің балалардың тілін жетілдіру үшін де зор мәні бар. Өйткені бұл жаңа сөздер жасауға және сол сөздерді орынды жерінде қолдана білуге мүмкіндік береді.
Балалар түбір, туынды сөздерді салыстырып оқып, мағыналық айырмашылығын, соған лайық тұлғалық айырмашылықтарын білуге тиіс. Сөз мағыналарын танытқаннан кейін, оған жалғанған жұрнақтарға назар аударту қажет. Балалар сөздердің мағыналарының бұрынғыдан өзгеруіне қосымшалардың әсері болатынын аңғаратын болсын.
Оқушыларға сөзге жұрнақ жалғанғанда оның бұрынғы мағынасы өзгеріп, басқа затты білдіретінін, ал жалғау жалғанғанда сөздер ондай мағыналық өзгеріске ұшырамайтынын білдіру қажет. Бұл қосымшалардың қызметтері арасындағы ерекшелікті толық түсінбей тұрып, біреуінің неге «жұрнақ» деп аталатынын, екіншісінің неге «жалғау» деп аталтынын ұғынбайды. Сондықтан жұрнақ пен жалғаудың бір-бірінен өзгешелігін түсіндірудің ең төте жолы «жаңа сөз» және «байланысқан сөз» деген ұғымдарды меңгерту арқылы жүзеге асуға тиісті. Мысалы: бүркітші
бүркітті
бүркітпен
Мұғалім сөздерге көптік, тәуелдік, септік жалғауларын жалғатып, олардың сөз мағыналарын мүлде өзгертіп жібермейтінін, байланыс үшін жалғанатынын оқушыларға түсіндіруі тиіс. Бұл арада жекелеген сөздерге жұрнақтардың тиістісін жалғата білумен қатар қосымшалардың буын үндесуі жайындағы бұрын өтілген емле ережелері де ескеріледі. Ол үшін әрқайсысы өз беттерімен үш қатардағы сөздерге іштей тиісті жұрнақтарды жалғап байқасын. Содан кейін мұғалім:
- Қой сөзіне қай жұрнақты жалғауға болады?
- Қой сөзіне -шы жұрнағын жалғауға бола ма?
- Етік сөзіне қай жұрнақты жалғауға болады?
- Етік сөзіне -ші жұрнағын жалғауға бола ма? –деген сұрақтар қою арқылы сөздерге кез келген жұрнақтарды жалғай беруге болмайтынын, дыбыстық үндескен жұрнақтарды жалғауға болатынын ұғындыру керек.
Жалғаулар туралы жалпы түсінік қалыптасқанда қосымшалардың түрін (жұрнақ пен жалғауды) бір-бірінен айыра білу мақсаты қойылады. Осы тұста оқушы туынды сөз дегенді, жалғаудың жұрнақтан кейін жалғанатынын да білетін болады.
Сөз тұлғасына байланысты жүргізілетін жаттығуларға мынадай талаптар қойылады: 1) алдымен, мүмкіндігіне қарай, негізгі түбірлерді, онан әрі туынды түбірлерді, ең соңында түбірлес сөздерді талдайтындай жағдай жасалады, 2) белгілі бір сөздердің ішінен негізгі түбірді тапқызу үшін, сол негізгі түбірден жасалатын туынды сөздермен салыстыру жұмысы ескеріледі; 3) туынды сөздер мен негізгі түбірді ажырату барысында мағына жағына назар аударылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет