Тапсырмалар мен сұрақтар
1. Қатысымдық тұрғыда оқыту дегенді қалай түсінесіз?
2. Қатысым әдісіне кімдер анықтама берді?
3. Қатысым әдісіне тән белгілер
№ 15. Дәріс тақырыбы: Байланыстырып сөйлеу әдістемесі
Қарастырылатын сұрақтар:
1. Байланыстырып сөйлеуге үйретудің теориялық негіздері
2.Байланыстырып сөйлеу жұмыстарының мақсаты мен оған қойылатын әдістемелік талаптар
3.Мазмұндама мен шығарма жазуға үйрету жолдары
Байланыстырып сөйлеуге үйретудің теориялық негіздері
ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ балаларының білім деңгейінің көтерілуіне үлес қосқан А.Байтұрсыновтың қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйесін үйрету мақсатында жазылған «Тіл құрал» еңбегінің алатын орны бөлек. А.Байтұрсынов 3-ші «Тіл танытқыш» кітабында: «Сөйлем дегеніміз – сөздердің басын құрастырып, біреу айтқан ой. Сөйлегенде, жазғанда кімде болса ойын айтады. Ойын айтуға тиісті сөздерді алады да, олардың басын құрап, біріне-бірінің қырын келтіріп, қиындастырады. Қыры келетін сөздер тұрған күйінде алса да қиындаса қалады. Қыры келмейтін сөздерді қиындастыру үшін қырларын өзгертіп қиюын келтіреміз», – деп, байланыстырып сөйлеуге үйретудің алғашқы басқышы сөйлем құрастыруға көп мән береді.
1926 жылы жазған «Әдебиет танытқыш» еңбегінде өнерді сәулет, сымбат, кескін, әуез, сөз өнері деп бес түрге бөліп, сөз өнеріне «өнердің ең алды» деп баға береді. «Сөз өнері үш негізге – ақылға, қиялға, көңілге тірелетінін» айтады. «Ақыл ісі аңдау, қиял ісі-меңзеу, көңіл ісі-түю. ...Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарату» – деп, сөйлеуге үйретуде тіл мен ой бірлігін дамытуды адамның психологиялық жағдайымен байланыстырады.
А.Байтұрсыновтың оқулықтарындағы түрлі танымдық тапсырмалар («Қайсысын қайда қоясың?», «Қолайына қарай қос сөйлемнен қойыу» т.б.), ойындар баланың байланыстырып сөйлеу қабілетін дамытуға, оны өз бетінше ізденуге итермелеп, олардың қызығушылығын оятуға құрылғанын байқаймыз.
Ал М.Жұмабаев «Ана тілі бастауыш мектепте» деген еңбегінде оқушыны байланыстырып сөйлеуге дағдыландыратын жаттығулар жүйесін әр оқу жылына сәйкестендіріп, 1-2 сыныпта көргені бойынша өзінің алған әсерін айту, 3-4 сыныпта болған оқиға жайлы немесе белгілі бір тақырып бойынша әңгіме құрастыруға үйретуді ұсынады.
М.Жұмабаев баланың ауызша байланыстырып сөйлеуін жетілдірудің мынадай әдіс-тәсілдерін ұсынады: а) сахналау; ә) сурет бойынша әңгіме; б) әңгіменің бір бөлімін алып тастап айта білу; в) даяр әңгімені өз жанынан толықтыра білу; г) хат жаза білу; ғ) бір белгілі әңгімеге ұқсас екінші әңгімені ойдан шығарып айта білу т.б [11, 47-48].
Бастауыш мектепте оқушыны байланыстырып сөйлеуге үйрету әдістемесін негіздеуде Т.Шонанұлы «Тіл дамыту» оқулығының (1-ші басқыш мектептер үшін жазылған, 1931) алатын орны ерекше. Еңбектің 1-тарауында «сөйлеу және сөйлем» жайлы теориялық түсінік бере отырып, оның сөйлеуге үйретудегі ерекшеліктерін көрсетеді. Кітапта «Мағынасы мен дауыс ырғағы жағынан толық біткен сөз тізбегін сөйлеу дейді» деп, сөйлеу тіліне теориялық анықтама берiледi. Оқулықта сөйлеу кезіндегі екпін мен дауыс ырғағына зор көңіл бөліп, дауыс ырғағына келтіріп айтуға бірнеше жаттығу бередi. «Сөз ырғағы сөйлеудегі ең қажетті элементтің бірі» екендігін көрсетеді.
Ғ. Бегалиев «Бастауыш мектепте қазақ тілі методикасының мәселелері» деген еңбегінде (1950) жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйретуді қалай ұйымдастыру керек деген сұрақ қоя отырып, «бұл жөнінде қойылатын бірінші мақсат бір оқиға, құбылыс, я зат туралы өз ойын айтып (яки жазып) білдіруге дағдыландыру керек» деп жазады.
Сонымен бірге оқушыларды жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйретудің мынадай түрлерін ұсынады:
тақырыбы белгіленіп, басы басталған шығарманы аяқтау;
аяғы ғана айтылған шығарманы толықтырып жазу;
сурет бойынша шығарма жазу;
табиғат құбылыстарын байқау нәтижесінде шығарма;
жазу қателерін оқушылардың өздеріне түзеттіру;
көрген-білгені туралы шығарма.
С.Жиенбайұлының «Оқытушы, оқушыларымыз сөз сөйлей білсін» (1934) мақаласында, «Бастауыш мектепте кітап оқыту методикасы» (1939) еңбегінде жазбаша сөйлеуді дамыту мәселесіне қатысты ойларын «дұрыс сөйлеуге төселдіру үшін кезекті шаралардың бірі – оқушыларға мазмұндама, шығарма жаздыру» деп жазады. Шығарма жазуға үйрету сөздік қорды молайтып, тіл мәдениетін жетілдіріп қана қоймайды, оқушыны өз бетінше ойлануға, өз ойын жүйелі жазуға мүмкіндік ашады. Әдіскер ғалым сөз сөйлеуге үйретудің ең ұтымды жолы көркем әдебиет шығармаларын оқытуды ұсынады.
Осы жылдары жарық көрген психолог-ғалым Т.Тәжібаевтың «Бастауыш мектеп оқушыларының ауызекі мен жазба сөзінің салыстырмалы анализі» деген еңбегінде жазбаша сөйлеудің ауызекі сөйлеуден айырмашылығына тоқтала келіп, жазба тілде күрделі психологиялық үрдістер болатынын, жазып сөйлегенде логикалық байланыс сақталатынын айтады. Бұл мақалада бастауыш мектепте балаларды өздерінің ойларын байланыстырып айтуға және жаза білуге үйрету қажет деген пікірлер айтып, оның бірнеше жолдарын көрсетеді. Олар мыналар: оқыған кітаптың қызық жерлерін айтып беру; берілген сөздерден сөйлем құру; аяқталмаған сөздерді аяқтап жазу; ойнаған ойыны, істеген жұмысы, тапсырылған тапсырмаларды орындау жөнінде мәлімдеме жасау; сауал қоя білу; берілген сурет бойынша мазмұнын айта білу.
Тіл дамыту әдістемесінің ғылыми негізін зерттеген С.Рахметова тіл дамытуға «балалардың сөздігін байытуға, мағынасын түсініп, сол сөздерді дәл қолдана білуге, өз ойларын, пікірін екінші біреуге жеке сөйлемдер арқылы, логикалық, композициялық тұтастығын сақтай отырып, жүйелі түрде әңгімелеу арқылы ауызша, жазбаша дұрыс білдіруге, яғни, нәрсенің жайын-күйін, түрін, ісін сөзбен келістіріп айтып беруге үйрету жұмысын айтамыз» деп анықтама береді. Оны мынадай үш құрамдас бөліктерге бөлген: 1) оқушылардың сөздік қорын дамыту; 2) сөз тіркесі, сөйлеммен жұмыс жүргізу; 3) байланыстырып сөйлеуге үйрету .
Ғалым С.Рахметова өз еңбектерінде ауызша, жазбаша сөйлеу тілін дамытудың ең жоғары деңгейі байланыстырып сөйлеуге (монологті түрде) үйрету екенін анықтап берген болатын. Ауызша, жазбаша монологті байланыстырып сөйлеу жеке-жеке сөйлемдер құрастыруды емес, бірнеше сөйлемнің басын құрап, әрі грамматикалық, әрі мағыналық жағынан байланыстырып сөйлеуді талап етеді. Демек байланыстырып сөйлеудің түпкі нәтижесі ауызша, жазбаша мазмұндама, шығарма болуы тиіс. Мұны С.Рахметованың байланыстырып сөйлеуге берген мына анықтамасынан анық байқауға болады: «Байланыстырып сөйлеу дегеніміз – логика мен грамматиканың заңы бойынша құрылған, белгілі бір тақырыпта аяқталған ойды білдіретін және өзара байланысты азды-көпті бөліктерден тұратын тұтастық».
Бастауыш мектептің әдістемесінде байланыстырып сөйлеу жаттығуларының түрлері:
сұрақтарға кеңейте жауап беру, әңгімелесу;
2) оқығанды талдауға, грамматикалық материалдарды өтуге байланысты алуан түрлі мәтіндер мен жаттығулар;
3) бақылау күнделіктерін жүргізу;
4) оқығанды ауызша, жазбаша мазмұндау (әр түрлі нұсқада);
5) берілген тақырып, сурет бойынша, бақылау арқылы жинаған материалдары туралы, басы немесе аяғы берілген материалдар туралы, т.с.с ауызша, жазбаша әңгіме құрастыру;
6) жаттап алған көркем мәтіндерді айту;
7) өз жанынан ертегі шығару; әдеби-көркем шығармалар бастамасын айту;
8) үлгі мәтіндерді жазбаша мазмұндау;
9) мұғалім ұсынған мәтінін ауызша, жазбаша қайта құру (ішінара әңгімелеу, мазмұндау, әңгімелеу мен мазмұндаудың шығармашылық түрлері, әңгімелерді сахналау, т.б.);
10) оқыған шығармаларды немесе өздері құрастырған әңгімелерді ауызша суреттеу, драмалаудың алуан түрлері іске асыру;
11) алуан түрлі жазбаша шығармалар;
12) газеттерге мақала жазу, көрген спектакльдері мен кинофильмдері жөнінде пікірлерін жазу;
13) хат жазу;
14) іс қағаздары: хабарландыру, өтініш, құттықтаулар, жеделхат, т.б.
Бұл аталғандар – байланыстырып сөйлеу жаттығуларының ең бастылары ғана. Мұнда жаттығулар негізінен монологтік сөйлемдерге берілді, бұлардан басқа диалогтік сөйлемдер де болады.
Байланыстырып сөйлеу жұмыстарының мақсаты мен оған қойылатын әдістемелік талаптар
Бастауыш сыныптарда байланыстырып сөйлеу жұмысы мынадай мақсаттарды көздейді:
1. Оқушылардың бақылағыштық, ойлау қабілеттері мен тілін, дүниетанымын дамыту, әр нәрсені салыстыра талдап, жинақтап, жалпылап, нақтылап, салыстыру негізінде балаларды өз беттерімен қорытынды шығара білуге үйрету.
2. Оқушы бойында қазақ тілі нормасына сай, өз сезімін, ойын дұрыс айтып, жазып бере алатындай дағдылар қалыптастыру.
3. Оқушыларды ана тілін сүюге, оның алтын қорын, тамаша сырлы, көркем де нәзік сөз байлығын қолдана білуге, оны сезініп, құрметтей білуге баулу.
4. Қазақ тіл ғылымы табысы негізінде оқушылардың ауызша және жазбаша тілін дамытуға септігі тиетін жұмыстардың оңай да тиімді түрлерін іріктеп алып, ұсыну.
Тапсырмалар мен сұрақтар
Байланыстырып сөйлеуге үйретудің теориялық негіздерін анықтаған ғалымдар
Байланыстырып сөйлеу жаттығуларының түрлері
Байланыстырып сөйлеу жұмыстарының мақсаты мен оған қойылатын әдістемелік талаптар
Достарыңызбен бөлісу: |