Зат есімді оқыту. Зат есімге қатысты алғашқы сабақ заттың атын білдіретін сөздерді түсінді-руден басталады. Аталған заттар балаларға бұрыннан таныс, әрі нақты болуы керек.
Мұғалім: – Балалар, айналаға қараңдаршы. Сыныптағы өздерің көріп отырған заттардың әрқайсысының өз аты бар. Соларды атаңдаршы, – дейді. Балалар сыныптағы заттарды, одан кейін адамдарды атайды. Немесе, жаңа сабақты бірден оқулықтағы 301-жаттығуды орындатудан бастауға да болады. Онда «зат есім» де ген сөз шығуға тиіс сөзжұмбақты шешу тапсырылған (қажетті сөздердің суреттері берілген). Мұнда да суреттегі заттардың аты аталып, оларға сұрақ қойылады, табылған сөздер санына қарай ретімен орналастырылады, бұл жаттығу оқушылардың ойлауын дамыту мақсатында да пайдалы. суреттегі заттардың мағынасы түсіндіріледі.
Заттың атын білдіретін сөздер жөнінде 1-сыныпта түсінік алған оқушылар зат есімнің анықтамасын тез ұғынады. Зат есімді оқытудағы тағы бір мақсат – балаларға заттардың әр салалы болатынын, мағыналық тобын, жігін, ара қатынасын білдіру. Кім? кімдер? сұрағының тек адамға қатысты қойылатынын, жануарлар мен заттарға не? нелер? сұрағы қойылатынын дұрыс ұғындыру да маңызды. Сондай-ақ зат есімді сөйлем ішінде танытудың мәні зор. Сондықтан сұрақты сөйлемдегі сөз бен сөздің тіркескен тобына лайықтап қойдыру керек.
Осы тақырыпқа жалғас «Жалқы есім мен жалпы есім» оқытылады. Бұл тақырыпты оқытуда оқушыларға кісі есімдері, жер, су, үй жануарлары аттарын білдіретін сөздер жалқы есімдеп аталатынын, солардан басқа заттардың атауы жалпы есім екенін ұғындырып, жалқы есімнің емлесіне баса назар аударған жөн.
Зат есімнің жекеше, көпше түрі де 2-сыныпта оқытылады.
3-сыныпта «Негізі және туынды зат есім» және «Зат есімнің тәуелденуі» оқытылады. Негізгі және туынды зат есім туралы тілдік фактілерді байқату арқылы түсінік беріледі. Мысалы, өнер – өнерпаз, күй – күйші, сый – сыйлық, балық – балықшы тәрізді нақты мысалдарды салыстыру арқылы зат есімдердің негізгі және туынды болып бөлінетінін аңғартамыз. Зат есімнің тәуелденуін өткенде бұл тақырыпты тәуелдік жалғауын танытудан бастаған жөн. Досым, қарындасың, апасы деген сөздердің қосымшасын тауып, олардың қандай мағынаны білдіріп тұрғанын анықтатамыз. Ал 4-сыныпта зат есімнің септелуі және жіктелуі оқытылады, бұлар да байқату, жаттығу, салыстыру және көрнекілік әдістері арқылы меңгертіледі.
Етістікті оқыту. 1-сыныпта оқушылар заттың қимылын білдіретін сөздер туралы алғашқы мағлұмат алады. Бірақ ондай сөздер тобының етістік деп аталатын үлкен сөз табын құрайтынын, заттың әр алуан іс-әрекетін, қимыл процесін білдіретін, тағы басқа грамматикалық сипаттарын әлі білмейді. Сондықтан 2-сыныпта ең алдымен, етістікті сөз табы ретінде таныту көзделеді. Бұл үшін заттардың қимылын, іс-әрекетін білдіретін бірнеше сөз мысалға алынып (жүгірді, отырды, тұрды, жазды, ұшты т.б.) оқушыларға бұл сөздердің мағыналары нені білдіретіні айтқызылады, содан соң мұндай қимылды білдіретін сөздердің етістік деп аталатыны, оларға не істеді? не қылды? қайтті? сұрақтары қойылатыны оқушылардың өздерін қатыстыра отырып түсіндіріледі.
«Дара және күрделі етістіктер» етістік туралы жалпы мағлұмат берілгеннен кейін оқытылады. Яғни ендігі басты мақсат – етістіктің күрделі түрін таныту. Дара етістіктерді оқушылар бұрыннан біледі, ал күрделі етістіктермен оқу сабақтарында, сөйлеу кездерінде үнемі кездескенмен олардың күрделі етістік деп аталатынын білмейді. Мұны дара етістіктермен салыстыра отырып, оңай меңгертуге болады. Етістіктің негізгі және туынды, болымды және болымсыз түрлерімен оқушылар 3-сыныпта танысады.
Оқушылар түбір сөзден болған етістік негізгі етістік деп, ал түбір сөзге жұрнақ жалғану арқылы жасалған етістік туынды етістік деп аталатынын білуге тиіс. Бұл үшін мынадай сөз жұптары салыстырылады:
ой – ойла арқан – арқанда
ем – емде үтік – үтікте
таза – тазала ән – әндет
ақ – ақта гүл – гүлден
Бұл сөздерге сұрақ қойып және мағыналарын түсіндіре отырып, өзара салыстыру нәтижесінде осы етістіктердің түбірі басқа сөз таптарынан жасалып тұрғанын аңғартамыз.
4-сыныпта етістіктің жіктелуі мен шақтары таныстырылады.
Сын есімді оқыту. Оқушылар заттың сынын білдіретін сөздермен 1-сыныптан бастап таныс. Ондай заттың сынын білдіретін сөздерге қандай? қай? сұрақтары қойылатынын да біледі. Енді 2-сыныпта оқушылардың сол ұғымдары кеңейтіліп, сын есім сөз табы ретінде танытылуы тиіс. Бұл үшін сұрақ-жауап, көрнекілік әдістерін пайдалана отырып, оқушылардың заттың сынын білдіретін сөздер туралы білімдерін тереңдете түсеміз. Мысалы, алманың суретін көрсетіп, оның не екенін айтқызамыз, дәмі, түсі, пішіні қандай екенін сұраймыз, немесе ұзын, қысқа лентаны (қалың, жұқа кітаптарды) салыстыртамыз. Нәтижесінде заттың түрін, түсін, көлемін, дәмін тағы басқа сапа белгілерін білдіретін сөздердің сын есім деп аталатынын біледі, оларға қандай? қай? деген сұрақ қойылатынын ұғады. Бұдан кейін сын есімдерді зат есімдермен тіркестіріп айтуға үйрету жұмыстары жүргізіледі. Ондағы мақсат – сол сын есімдердің кез келген зат есіммен тіркесе бермейтінін аңғарту.
Сын есімді оқыту барысында оқушылардың бақылау, бақылау қабілетін арттыру үшін оларды бір заттың әр алуан белгісін аңғара білуге үйрету маңызды. Мәселен, «тақтай» десек, оқушы «жалпақ тақта» деумен шектеліп қалмай, оның қалың не жұқа, ұзын не қысқа болатынын да айтуы талап етіледі. Мұндай жаттығу мынадай үлгіде орындатылады:
жалпақ
қалың тақтай
тегіс
ұзын
Мұндай жаттығулар орындатудың мақсаты – бір заттың өзін әрқандай тұрғыдан сипаттауға болатынын байқату, яғни белгілі бір нәрсенің әр алуан сапалық қасиеті болатынын білдіру.
3-сыныпта негізгі және туынды сын есім туралы алғашқы мағлұмат беру жаттығу жұмыстары арқылы, яғни берілген сын есімдердің түбірі мен қосымшасын ажырату арқылы жүзеге асады. Мәселен, ақылды адам, тәртіпті оқушы, таулы жер, әдепті қыз, әсерлі әңгіме тәрізді тіркестерді тақтаға жазып, сын есімдердің түбірі мен қосымшасын ажыратқызып байқату тәсілімен зат есімдерге әр түрлі жұрнақтар жалғану арқылы туынды сын есім жасалып тұрғаны түсіндіріледі. Содан соң негізгі сын есім мен туынды сын есімді салыстыртып, олардың бір-бірінен өзгешелігін оқушылардың өздері аңғаруына мүмкіндік жасаймыз.
Бастауыш сыныптан бастап оқушыларды сын есімнің салыстырмалы шырай жұрнақтарымен ісжүзілік тұрғыда таныстыра берген жөн. Өйткені оқушылар заттардың әр алуан қасиеттерін бір-бірімен салыстырып айту барысында аталған жұрнақтарға кездеспей тұрмайды. Сол себепті жаттығулар орындау барысында салыстырмалы шырай жұрнақтарымен таныстыра беру артықтық етпейді, керісінше, оқушылардың сөз байлығын молайтады, заттарды сипаттай білуге, өзара дұрыс салыстырып айтуына мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |