1. Кеңістік-уақыттық континуумдағы «Мәңгілік Ел» және «Ұлы Дала» категориялары.
2. Қоғамдық сананы жаңартудың негізгі бағыттары.
3. Еуразияшылдық және Қазақстан даму
«Мәңгілік ел» идеясы – халықтың мүддесіне, қоғамдағы тыныштық пен ынтымақтастыққа қызмет ететін, бағыты мен бағдары анық жол, бейбітшілік пен келісімді, ұлтaрaлық татулық пен төзімділікті сақтaп, сындарлы сәттерден сүріндірмейтін ұлы мұрат.
Бұрынғы-соңғы білімдарлардың пайымдауынша, елді ілгері сүйрейтін идея мемлекеттік сипат алып, қоғам мүшелерінің көңілінен шығуы үшін негізгі екі талап орындалуы тиіс екен.
Оның біріншісі – сол мемлекетте өмір сүріп отырған халықтың болмысымен, мақсат-мүддесімен толық сәйкес келуі;
Екіншісі – мемлекет тарихымен сабақтасып, ұзақ мерзімдер бойы сол қоғамда қалыпты, жетекші идеологиялық мәні болуы.
Ұлы қағанат құрған түркілер осы екі қағиданы да ұстанған екен.
Қазақ халқы Түркі қағандары мен Қазақ хандарының, Абай мен Алаш қайраткерлерінің ізгі арманы болған ұлттық идеологияны қалағандықтан, «Мәңгілік Ел» идеясын ту етіп көтеру қажеттілігін сезінді.
Қазақ елінің бүгінгі басты мақсаты –бірлігі жарасқан, экономикасы мығым,әлеуеті жоғары, бәсекелестікке қабілетті, алдыңғы қатарлы отыздыққа ену. Қазақтың біртуар перзенті Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздік алған күннен бастап құндылықтарымызды қадірлеп, асылымызды ардақтауға үндеп келеді. Бүкіл әлем қызыға қарайтын елдегі тыныштық пен тұрақтылық, экономикалық даму, ұлтаралық татулық – халқымыздың салқынқанды сабырлылығы мен Елбасымыздың сындарлы саясаткерлігінің жемісі.
Мемлекеттің тірегі – халықтар достығы, ел бірлігі, қоғам тұтастығы. Осы үш тұғыр бекем болса, Мәңгілік елдің шаңырағы биік, келешегі кемел.
«Мәңгілік ел» – кемел келешектің жобасы, сондықтан оның ұрпақтар сабақтастығына ұласатыны мәлім. Ұлы Дала елінің ғаламат тарихы мен қайталанбас құндылықтарын ұрпаққа ұлағаттап, үлгі болатындай игі істер атқару – бүгінге міндет, келешекке – аманат.
«Мәңгілік Ел» идеясын іске асыруды бастау бақыты бүгінгі ұрпаққа бұйырса, бабалардың алдындағы қарызымыз бен балалардың алдындағы парызымыздың орындалғаны. Қазақстан әлемдегі алып елдердің қатарынан өз орнын алса, әлемге танылған елдің өрендері ел мен жердің иесі болатындай намысты болып жетілсе, ұлттық дәстүрлі құндылықтарымыз жоғалмай, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырса, «Мәңгілік ел» болашағы баянды, келешегі нұрлы болары айқын.
Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сана-сезім көкжиегін кеңейтуде екі нәрсенің басын нақты ашып берген еді. Оның бірі ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғырудың болмайтындығы. Ал, екіншісі алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту. Мұндағы басты идея болашақ пен өткенді үйлесімді сабақтастыра білу. Тұңғыш Президентіміздің бұл идеясы тарихқа деген көзқарасты түзету және ұлттық бірегейлікті сақтап, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту жайлы айтылған болатын. Бұл орайда ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту мен Мәңгілік ел идеясының өміршеңдігін адамзат қоғамына паш ету-қазіргі ұлттық сананы дамытудағы заман талабы болып отыр.
Мәңгілік Ел идеясы – ұлтымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы. Оның негізінде саналы тіршілік иесінің қоршаған ортаны игеруге деген мол құштарлығы жатыр. 2014 жылдың басында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының ХХІ ғасырдағы Қазақстанның ұлттық идеясы – «Мәңгілік Ел» деп жариялады. Осылайша кемел келешекке байсалды қадамдар жасау жолындағы тәуелсіз Қазақстанның көздеген заманауи мақсат-мұраты рухани құндылықтармен сабақтасып жатқаны, ал біз Еуразия түркілерінің қара шаңырағын ұстап қалған нақты мұрагері болып табылатынымыз дәлелденді. Ежелгі түркілер аңсаған Мәңгілік Ел – бүгінгі Қазақ мемлекеті. Елбасы Н.Назарбаев «Мәңгілік ел – ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін, ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атануы екендігін, сондықтан Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел», – деп ұлттық идеяның ғасырлар бойы орын алған үндестігін жариялады.
«Мәңгілік ел» идеясы дүниеге келген сегізінші ғасырда байырғы түркілер саяси, экономикалық, әлеуметтік, өркениеттік дамудың биік шыңына көтерілген еді. «Мәңгі елді» ұлықтаған Орхон ескерткіштерінде, яғни Бумын, Күлтегін, Тоныкөк замандарында мемлекеттің, тіпті империяның тағдыры халықаралық ахуалдан, яғни экономикалық, сауда-саттық, дипломатиялық қатынастардан гөрі соғыс қорытындысымен шешіліп жататыны көзге түседі. «Бейбітшілікті аңсасаң, соғысқа даярлан», деген емес пе халық даналығы. Ғұлама ойшыл, сазгер, қобыз жасаушы Қорқыт бабамыздың өлімге қарсы тұрып, мәңгі өмірге ұмтылуы, тек Қорқыттың ғана емес, сол замандағы билеушілердің елдің мәңгі өмір сүруін қалағандығын білдіреді. Мұхтар Әуезов Қорқыттың мәңгілік өмір туралы толғаныстарының негізгі философиялық түйініп аша келіп, оның болашақ ұрпақ үшін дүниетанымдық маңызы зор, мәңгілік мұра екенін атап өткен.
Достарыңызбен бөлісу: |