Ғаламдық жылынудың себептері. Қазіргі таңдағы климаттың ғаламдық жылынуы антропогендік әсерге байланысты деген ғылыми консенсус бар. Климаттық жүйелер табиғи ішкі процестер және антропогендік немесе антропогендік емес сыртқы әсерге жауап ретінде өзгеріп отырады. Бұл ретте геологиялық және палеонтологиялық мәліметтер төрттік дәуірден бастап қалыптасқан, ауық-ауық мұздықтану болып тұратын ұзақ уақытты климаттық циклдердің бар екенін көрсетеді. Қазіргі уақыт мұздықтанулар дәуірінің ортасына келеді.
Көптеген архивтік материалдар XVI-XVIII ғасырларда Европада кіші мұз дәуірінің болғанын көрсетеді. Лондонда қыста Темза өзені қатып, Орталық Европада тау мұздықтары айтарлықтай үлкейген. Франциядағы жүзім жинау мерзімінің басталу уақыты туралы жазулар бұл мәліметтерді растай түсті. XIV ғасырдың ортасынан басталған жазу деректері арқылы орташа жаздық температураны анықтауға болады. Өткен жүз жыл, кейде мың жыл бұрын температураның қалай болғанын білу үшін кең таралған және қарапайым – ағашты өсімдіктердегі жылдық сақиналардың қалыңдығы арқылы анықтауға болатын әдіске негізделген.
Климаттың ғаламдық жылынуы немесе кіші мұз дәуірі – біздің планетамыз үшін жалғыз қауіп емес. Кейбір ғалымдардың айтуы бойынша, Жер планетасын тек климаттың ғаламдық жылынуы ғана емес, ғаламдық қараңғылануы (көлеңкеленуі), яғни табиғи себептерге (жанартаулар әсерінен) және атмосфераның техногендік ластануына байланысты жер бетінде жарықтың азаюы да күтіп отыр. Ғаламдық қараңғыланудың бірден-бір себебі – шаңды бөлшектердің айналасында микроскопиялық ылғалды тамшылардың жинақталып түзілуі. Бұл түзілген құрылымдарда күн сәулелері жер бетіне өтпей сіңіріліп, шағылысады да, нәтижесінде ғаламдық жылыну процесін жарым-жартылай бейтараптандырады.
Қазіргі таңда жер бетіндегі ең «қараңғы» ел деп Қытай мемлекетін есептейді. Ал ең «қараңғы» қала – Гонконг. 1980 жылға дейін бұл тұрғыдан Бельгия және Израиль мемлекеттері көшбасшы болып келді. Бұл елдердегі «қараңғылықтың» жойылуы, сол 1980 жылдардан бастап қоршаған ортаға күкірт қостотығының бөлінуін азайтуға байланысты болса керек. Дамушы елдерде керісінше, 1980 жылдардан бастап қоршаған ортаға қара күйе мен күкірт қостотығының мөлшерінің бөлінуі жоғарылап кетті. Қазақстан аумағында әзірше қараңғылану байқалмайды.