1. Лекциялар кешені: лекция жоспары, тезистері 1-лекция. Синтаксис және оның зерттеу нысандары



бет5/20
Дата27.11.2023
өлшемі106,03 Kb.
#128945
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20
Байланысты:
лекция жай сөйлем

Синтетикалық байланысу тәсілі – сөздердің жалғаулар арқылы байланысуы. Қазақ тіліндегі сөз бен сөзді байланыстырушы жалғаулар септік, көптік, тәуелдік, жіктік жалғаулар болып бөлінеді. Осы жалғаулардың ішінде сөздерді байланыстыруда ерекше қызмет атқаратыны – септік жалғаулар. Септік жалғау сөз тіркесінің бағыныңқы сыңарына жалғанып, сөздердің грамматикалық мағынасын айқындайды: кітаппен дайындалды, есікті ашты, сабағын оқыды т.б.
Тәуелдік жалғау матаса байланысатын сөздің бағындырушы сыңары болып, бағыныңқы сөздің ілік септігі тұлғасында тұруын талап етеді: менің республикам, әжемнің әңгімесі, сенің тілегің т.б.
Көптік жалғаулары сөйлемнің бастауышы мен баяндауышының қиыса байланысуына қызмет етеді: сіздер жассыздар, бұлар – студенттер, біздер барамыз т.б.
Жіктік жалғаулары сөйлем ішінде баяндауыштың жақтық тұлғасын көрсетіп, оны бастауышпен предикаттық қатынаста байланыстырып тұрады: мен оқыдым, сен келдің, біз көрдік т.б.
Аналитикалық-синтетикалық тәсіл – аналитикалық және синтетикалық тәсілдердің аралас келген түрі. Бұл тәсілге сөздердің әрі септік жалғауы арқылы, әрі шылау арқылы байланысу тәсілі жатады. Мысалы: Мектепке қарай жүрді (Б.с.+шылау), сабақтан соң бардық (Ш.с.+шылау), құрбыммен бірге келдім (К.с.+шылау) т.б.
Ғалым М.Балақаев бағыныңқы сыңардың септік жалғауы түсіріліп айтылуын да осы тәсілге жатқызады.
Мысалы: Алматы__ бардым, асқар тау__ көрдім.

Әдебиеттер:


1. Балақаев М., Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис. 1971
2. Қазақ тілінің грамматикасы. Синтаксис. 1967
3. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. 1992
4. Сайрамбаев Т. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Сөз тіркесі.2010
5. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. 1966
6. Әміров Р. Жай сөйлем синтаксисі. 1993
7. Қазақ грамматикасы. 2002

3-лекция. Сөз тіркестерінің байланысу түрлері
1. Сөз тіркесінің байланысу түрлері туралы жалпы түсінік
2. Қиысу, жақтық және сандық қиысу
1. Сөздердің өзара байланысу тәсілдері негізінде қалыптасқан синтаксистік байланыс жүйесін сөздердің байланысу формалары (түрлері) деп атаймыз.
Қазақ тіліндегі синтаксистік байланысу түрлері:
1. Қиысу
2. Матасу
3. Меңгеру
4. Қабысу
5. Жанасу
Қиысу – бағыныңқы және басыңқы сөздердің грамматикалық мағынасы мен тұлғасына қарай бейімделе байланысуы. Қазақ тілінде қиыса байланысу – бастауыш пен баяндауыштың арасындағы грамматикалық жақ жағынан және сан жағынан байланыс. Бастауыштың баяндауышпен қиысуы екі түрлі болады:
1)жалғаулы қиысу; Мен келдім – І жақ, жекеше
Сендер келдіңдер – ІІ жақ, көпше.
2)жалғаусыз, мағыналық қиысу:
Сен бар – ІІ жақ, жекеше
Ол келді – ІІІ жақ, жекеше
Мен – студент, ол – оқушы.
Матасу – сөз тіркесіндегі басыңқы және бағыныңқы сыңардың бір-бірінің тұлғасына бейімделе, іліктесе байланысуы. Мұндай құрылыстағы сөз тіркестерін матастырып тұратын грамматикалық тұлғалар – ілік септігі мен тәуелдік жалғаулары.
Матасудың бірінші сыңары ілік септігінде тұрып, басыңқы сөздің тәуелдік жалғаулы болуын керек етеді, ал басыңқы сөздің жақтық тұлғасы бағыныңқының қай жақта болуымен байланысты.
Мысалы: мектептің оқушысы – І.с. – ІІІ ж.
сенің дәптерің - І.с. – ІІ ж.
біздің үйіміз – І.с. – І ж.
Меңгеру – сөз тіркесіндегі бағыныңқы сөздің басыңқымен атау мен іліктен басқа септік жалғауларының бірінде тұрып байланысуы.
Меңгерілетін сөз: Б.с.,Т.с.,Ж.с.,Ш.с.,К.с.жалғаулары;
Меңгеретін сөз: етістік, есім не есім мен етістіктің ортақтасқан тобы.
Мысалы: сабақты түсіндік (Т.с.), тауға шықтық (Б.с.), қаладан алыстадық (Ш.с.), шаруаға икемді (Б.с.), досына уәде берді (Б.с.), осыны мақұл көрдік (Т.с.). Сөз тіркесінде басыңқы сөздің мағынасына қарай бағыныңқы сөз белгілі бір септік жалғауында тұрып байланысады. Қазақ тілінде атау және ілік септігінен басқа септіктер меңгеріледі. Меңгеру ортақ меңгеру және дара меңгеру болып бөлінеді. Дара меңгеру – меңгеруші сөзді тек етістіктің не есімнің меңгеруі. Меңгеруші сыңардың есім мен етістіктің ортақтасқан тобынан болуы ортақ меңгеру деп аталады. Мысалы: маған уәде берді, көктемді жақсы көремін, алысқа жол жүрді.
Қабысу – сөздің ешбір жалғаусыз тек іргелес орын тәртібі арқылы байланысу формасы. Әдетте қабыса байланысқан тіркестер анықтауыштық қатынасты білдіреді. Мысалы: жаңа үй, қызық кітап, оқыған бала, жиырма студент.
Жанасу – сөз тіркесінің басыңқы және бағыныңқы сыңарының жалғаусыз, алшақ та, іргелес тұрып та байланысуы. Бүгін келеді, енді айтады, қазір барамын тіркестері мағыналық байланысы берік сөздердің үйлесуі негізінде жасалады. Ғалым М.Балақаев жанасуды сөздің орын тәртібі арқылы байланысуының бір түрі есебінде қабысу деп тауып, қабысуға басыңқы мен бағыныңқы мүшенің бір-бірімен ешбір жалғаусыз тіркесуі деген анықтама береді.
2. Қиысу, жақтық және сандық қиысу. Қиысу бастауыш пен баяндауыш арасындағы жақтық үйлесу, үндесу, сабақтаса байланысқан сөздердің бағыныңқы сыңарының басыңқы сөзге икемделе, грамматикалық мағыналары мен тұлғасы жағынан үйлесіп байланысуы болып табылады. Түркі тілдерінде, оның бірі қазақ тілінде қиысу бір-біріне бағынышты тіркестегі бастауыш пен баяндауыштың арасында болады. Қазақ тіліндегі баяндауыштың қиысуы жақтық не сандық қиысу болады.
1. Жақтық қиысу. Баяндауыштың белгілі мағынада, жақтық тұлғада айтылуын еркін бастауыштық қызметте жұмсалатын сөздердің жақтық мағынасы билейді. Бастауыш болатын негізгі сөздер – зат есім мен жіктеу есімдіктері. І, ІІ жақтық есімдіктер І, ІІ жақтық бастауыш болады да, олардан басқалар бастауыш қызметінде тек ІІІ жақтық мағынада айтылады. Өз есімдігі тәуелдік жалғауы қай жақта болса, бастауыш мағынасы да сол жақта болады: өзім келдім, өзіміз келдік. Бұдан басқа бәрі, біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу, алтау, жетеу деген есімдік пен сан есімдерге тәуелдік жалғаулары меншіктілік, жақтық ыңғайда үйлесіп жалғанады: Бәріміз барамыз, үшеуміз барайық.
Бастауыштың баяндауышпен қиысуының екі түрі бар:
1) жалғаулы қиысу; 2) жалғаусыз, мағыналық қиысу. Үш жақта айтылатын бастауыштар баяндауыштарын өздеріне ілестіре белгілі жақтық мағынаға ие етіп отырады. Кейде өлеңді сөйлемдерде баяндауышқа екпін түсірсе, олар экспрессивтік мағынада жұмсау үшін олар ықшамдалып жіктік жалғаусыз айтылады, мысалы:
Сіз – жалын шоқ, біз – бір май (Абай).
Сен – темір де,мен – көмір, Алысқалы келгенмін (Қазыбек).
Сөйлемдер жалғаусыз, мағыналық байланысқа да құрылады, мысалы: Мен келгенде, сен үйде жоқ едің. Сен келіп, мен қуанып қалдым.
2.Сандық қиысу. Баяндауышты бастауышпен сандық мағынада қиыстыру үшін жіктік жалғаулары мен көптік жалғаулары жұмсалады. І,ІІ жақта көптік форма қолданылса (орындаңдар, орындаңыздар; бақыттысыңдар, бақыттысыздар), ал ІІІ жақта көптік форма болмайды (орындады, бақытты). Есімдерден болған баяндауыштар ІІІ жақтық бастауышпен кейде көптік жалғау арқылы қиысып, кейде қиыспай да айтылады: Олар – біздің мақтанышымыз. Олар – Отанымыздың ардақты ұлдары.

Әдебиеттер:
1. Балақаев М., Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис. 1971
2. Қазақ грамматикасы. 2002
3. Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестері. 1981
4. Балақаев М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тілі. 1997




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет