Ердің ерлігі - елге аманат. Халық мақалы Тарихтың қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ, « ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайтын» талай ерліктің куәсі боламыз. Соның бірі- елі мен жерін фашистің қанды тырнағынан азат еткен, елдіктің белгісі болған Ұлы Отан соғысы. «Әдебиет- тарих айнасы» дегендей, сол кезеңнің шындығы, жауынгерлердің бейнесі ақын-жазушылардың шығармаларынан сүбелі орын ала білді. Дауылпаз ақын Қасымның поэмасына арқау болған Абдолланың ерлігі осыған дәлел. Бір ғана Абдоллла емес, жеңістің туын тіккен батырлар Шығыс өңірінде де аз емес. Бүгінгі таңда осы батырлардың қаһармандық жолы санамыздан өшіп бара жатқан жоқ па?
Иә, содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, ешнәрсе де ұмытылған жоқ. Себебі, қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерліктер көрсетті. Біздің аймақтан да мыңдаған жауынгер ұрыс даласына аттанды. «Майдан жүгін» арқалап өткен Төлеген Тоқтаров, Қасым Қайсенов, Ізғұтты Айтықов, Крахмаль Алексей, Мыза Владимир, Құмаш Нұрғалиев сынды жерлестеріміздің есімдері осы тізімді толықтырды.Сондықтан жеңісті бір табан жақындатуға ат салысқан ерлердің ісін Жеңіс күні ғана еске алмай, үнемі іс-шаралар арқылы жаңғыртып отыруымыз керек.
Яғни, олардың ерліктерін даралап көрсеткеніміз жөн. Жерлесіміз Қасымның ерлігі ұрыс даласында «өр кеудесін қалқан етіп» ерлікке барған Абдолла Жұмағалиевтің ерлігімен пара-пар. "...Ол жан алқымға келгенде, соңғы гранатасын немістерге лақтырады да, ақтық оғы қалғанша автоматты жау өңменінен айырмады" деген В.Григорьевтің естелігі осының дәлелі. Ал «Вася партизан» атанған Қасым отты жылдарда қару құрсанып, мұз төсеніп, партизандар отрядына басшылық жасады. Қара бастың қамынан гөрі халқын ойлайтын намысты ұлдары ақтық демдері қалғанынша қайсарлықпен жауға қарсы тұрды. Бұлардың жігерін ұштаған Отанға деген шексіз махаббат еді. Мұндай патриоттық сезімді бүгінгі жеткіншек бойына да сіңіруіміз қажет. «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы «Жаңа қазақстандық патриотизм» осыдан бастау алары хақ.
Сонымен қатар, қару мен қаламды қатар ұстаған қаһарман ұлдардың ұрпағына айтары көп еді. Салмағы 4 килограммдық автомат пен 4 граммдық қаламды салыстыруға келмейді. Алайда қанды қырғын ортасында жазуға уақыт таба білген. Соғыс кезіндегі барлаушылардың тағдырын көзбен көргендерін қағазға түсірген, төл әдебиетімізге түре салған сөз батыры да болған.
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да, жарыл жүрек! – деп ел мерейі үшін ұлы істерді тындыруға қандай құштарлықпен ұмтылды десеңізші?!
Міне, Ұлы Жеңіске 72 жыл толып отыр. Арамыздан ардагерлерді жиі кездестіре бермейміз, қатары жыл сайын сиреп барады. Бірақ тарихта жазылған ұлы ерліктері олардың даңқын мәңгі асқақтата береді.