Байланысты: 1. М дениет т сінігіні алыптасу тарихы м дениетті м нін ж не
31)қазақ халқының мифтері мен аңыздары Қазақ мифологиясы — Ежелгі мифтердің ертегілер мен аңыздардан айырмашылығы, мифтердің мазмұнында ертедегі халықтардың жаратылыстық-ғылыми және тарихи таным-түсініктері көбірек ұшырасады. Бұған мысал ретінде жердің жаратылуы жайлы немесе барлық тіршілік атаулының «әлемдік жұмыртқадан» шығуы жайындағы көне үнділік мифті, болмаса жер жүзін топан су басуы туралы мифті келтіруге болады. Алғашқы мифтер өте бағзы замандарда пайда болған, содан әрбір жаңа мыңжылдық сайын қарапайымнан күрделіге қарай сатылап даму дәуірлерін өткерген. Мифтер – адамдардың дүниетанымының көрінісі. Солар арқылы жер бетіндегі тіршіліктің пайда болуы жөніндегі мыңдаған жылдар бұрынғы түсінік, көзқарастар бізге жетіп отыр. Ертедегі адамның санасы мифологиялық сипатта болған. Сол замандарда табиғат құбылыстарын түсіндіру үшін абыздар мифтерді пайдаланған, мифтік бейнелер арқылы жаратылыстың сырлары мен шығу тегін ұғуға тырысқан. Қазақтар жақсылық істерді басқаратындарын аруақ, періште, перизат т. б. десе, жамандық істерді басқаратындарын пері, шайтан, жын, албасты, жезтырнақ т. б. деп атайды. Қазақ – ежелден мал шаруашылығымен айналысқан халық. Төрт түлікті аса қадірлеп, қасиет тұтып, оларды барынша дәріптеп, бүкіл өмір тіршілігінің қуанышы мен ренішін, өзіндік дүниетанымын, рухани-мәдени өмірін, әдет-ғұрпын солармен байланыстырады. Ерте замандарда қазақтар әр түлік малдың өз алдына бөлек-бөлек «бақташы иелері» бар деп сенетін. Қойдың «Шопан ата», түйенің «Ойсыл қара», сиырдың «Зеңгі баба», жылқының «Қамбар ата», ешкінің «Шекшек ата» деген «иелері» бар деп есептейді. Бұл аталған есімдердің барлығы – бір кездері данышпан, әулиелігімен есімі елге жайылған тұлғалар. Қазақ халқының ұғым-түсінігінде Қыдыр сәттілік пен бақ беруші, көбіне иман жүзді қарт түрінде бейнеленіп, өзін көзімен көру сәті түскендерге бақыт сыйлаушы ретінде суреттеледі. Яғни, күнделікті кездесетін адамдардың арасында Қыдыр-ата болуы мүмкін: ол әр түрлі кейіпте (көбіне кедей адам секілді) жүреді. Одан сый алу үшін кез келген адамға, оның әлеуметтік мансап-мәртебесі мен байлығына, киіміне, түр-әлпетіне қарамай, қонақжайлық көрсету керек (өйткені ол Қыдыр болып шығуы мүмкін). "Қырықтың бірі Қыдыр” сөзінің астарынан осындай түсініктен туындаған моральдық факторды көруге болады. Қыдыр (Қызыр) ата бүкіл халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел, жарылқаушы қарт. Ол Ұлыстың ұлы күнінде әр елге келіп, әр шаңыраққа соғып бата береді. Міне сондықтан әр үй Қыдыр атаның жолын күтіп, өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұстауға тырысады. Үйдің іші-сыртын, қора-қопсыны тазартып, ағаш егіп, өсімдікке су құяды. Мұсылман қауымы мұндай үйге Қыдыр ата түнеп немесе бата беріп кетеді деп түсінген. «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген сөздер осындайдан шыққан. Жындардың, албастылардың, шайтандар мен басқа да мифологиялық мақұлықтардың пайда болу туралы мынадай әңгімелер айтылады. Адам ата мен Хауа ананың арасында адамның кімнен жаратылғандығы жөнінде талас туады: Хауа ана «менен» десе, Адам ата «жоқ, менен» дейді. Қайсысының сөзі рас болып шығатынына көздерін жеткізу үшін екеуі ұрықтарын бөлек-бөлек жинайды. Адам ата ұрығын құмыраға сақтайды, Хауа ана мақтаға орап қояды. Белгілі бір уақыт өткен соң қараса, құмыра ішінде адам пайда болған екен, мақтаның ішінде де бірдеңе жыбырлайды. Бірақ ол адам емес, дию, жын, пері болып шығады. Албасты, жын-шайтанның әйелге үйір келетіні де осыдан дейді.
Адам өлгеннен кейін аруаққа, тәнсіз рухқа, Құдайдың қызметшісіне, оның әмірін орындаушыға, жердегі тірлігіндегі өзімен туыстас ру мен тайпаның желеп-жебеушісіне айналады. Аруақ деп о дүниеге ерте кеткен туыс, бабаларды айтады. Қасиет тұтылатын аруақтар – атақты адамдардың, данагөйлердің, билер мен батырлардың аруақтары. Сонымен бірге әрбір адамның өзінің қолдаушы аруағы болады деп есептеледі, ал, кейде олар бірнешеу болады.
Дию- (Дәу) – қиял-ғажайып ертегінің кейіпкері. Диюды кейде қазақ ертегілерінде дәу деп те атайды. Қазақта дәу ертегіде кездеседі, ол алып денелі, жалғыз көзді, кейде екі басты, үсті түкті құбыжық кейпінде, демек оның бойында хаостың қалдығы бар. Ол ертегіде әйелдерді ұрлайды, оны зорлықпен иеленіп отырады, иен таудың үңгірінде өмір сүреді, адамның етін жейді, қара күштің иесі, аңғал, сонымен бірге адамға жат әрекетке баратын қатігез кейіпкер.
Шайтан— діни танымда Құдайдың қаһарына ұшыраған, адамды азғырып аздыратын, өзімен бірге тозаққа әкетуді мақсат ететін пері. Шайтан оттан жаратылған, Ібілістің бұйрығын орындаушылар. Адам баласына тек дұшпандық ойлайды, бірақ оның дұшпандығының өзі Рахымды Құдайдың құдіретімен адамның рухани толысуына қызмет етуі мүмкін. Әрбір адамның бойында періштесімен қатар өзінің Шайтаны болады. Шайтан адамның бойындағы нәпсілік құштарлықтарын қоздыру арқылы әрекет жасайды, күнәлі істерге бастап, құлшылығына кедергі жасайды, адамды түзу жолдан тайдыруға, сөйтіп, түбінде тозаққа түсуге итермелейді. «Мен адам ұрпақтарын алдынан, артынан, оңынан, солынан келіп, азғырамын. Ей, Раббым, сен өзіңнің құлдарыңның көбін, берген нығметтеріңнің қадірін біліп, шүкіршілігін қылатындардың қатарынан таппайсың» (әл-Ағраф сүресі, 17-аят) деген Шайтаннан пана табудың жолы Алла есімін көп еске алып, зікір ету.
Далалы жерлердің өзендерінде, қамысты сай-салаларында, иірімді тұмаларда (кішірек бастау, бұлақ) сұлу арулар – су перілері өмір сүреді. Қазақтар оларды Күлдіргіш деп атайды. Күлдіргіштер су түбінде жасырынады. Сол себептен қамыс пен құрақ өскен жайылма айдын қауіпсіз, тыныш болып көрінеді. Ағаштардың жуан діндерін аймалаған су ақырын ағып жатады. Қайраңды саланың мөлдір суында серке балықтардың шорши жүзгені жоғарыдан байқалып тұрады. Осындай аялы да саялы жерлерде қауіп бар деп ешкім ойламайды. Тұңғиықта, сарғыш қоңыр өзен балдырында Күлдіргіш жасырынатынын біле бермейді. Перілер жалаңаш келіп, шомылып жүрген жас жігіттерді қызықтырып, арбайды, еліктіріп, қастарына шақырады. Жігіт жақындай бергенде жармаса кетіп, ұзын қолдарымен мойындарынан орай қысып, өлгенше қытықтап, су түбіне, балдырлы түнекке тартып әкетеді.
Албасты- су тылсымына байланысты әзәзіл пері. Албастылар өзен-көлдердің маңайын мекен етіп, ақ шашы жалбыраған, емшегі арқасынан асып салбыраған ұсқынсыз әйел кейпінде көрінеді. Әдетте, ол жағалауда жайбарақат шашын тарап отырады. Албастылар жансыз заттар мен жануарлар кейпіне енеді деген нанымдар бар. Ең қаскүнем зиянкес албастылар қара, қалғандары сары болады. Олардың қолында әрқашан да сиқырлы кітап, тарақ, күміс теңге жүреді. Албастының күйеуі – әзәзіл Теміртөс сайтан. Ол – орманда мекендейтін пері. Албастылар адамның түсіне еніп, шошытып, ауруға шалдықтырады. Әсіресе, жас босанған әйелдер мен жаңа туған сәбилерге өш.