МАЗМҰНЫ
I.Кіріспе
1.1. Мәдениеттің мәнін түсінудегі Еуразияшылдық идеясы
1.2. Еуразияшылдық идеясы тұрғысынан номадалар мәдениеті
II. Негізгі бөлім
2.1. Тұтастық және үйлесімділік еуразияшылдық мәдениетінің идеалы ретінде...
2.2. Еуразия кеңістігіндегі мәдениетінің басты ерекшелігі және оны өзектендіру.
III. Қорытынды
IV. Қолданылған әдебиеттер тізімі
I.Кіріспе
1.1. Мәдениеттің мәнін түсінудегі Еуразияшылдық идеясы
Еуразияшылдық «көп халықты ұлт» (немесе Л.Н.Гумилевтің кейінгі «еуразиялық суперэтнос» атауын пайдалансақ) біртұтас үйлесімділік құрамындағы әрбір халықтың құқығы мен ерекшелігін мойындайды. Бұл мұраттың негізін салушылар көп ұлтты еуразиялық мәдениеттің негізі «материалдық база» немесе «мемлекет алдында бас июшілік» емес, ең алдымен руханият және рухтың биіктігі болуы керек деп түсінді. Осыған орай «еуразия философиясы», «еуразия көп халықты ұлтының философиясы» сияқты жаңа термин енгізу қажет сияқты. Өмірді орнықтырудың сыртқы формасына қарайлаушылық пен мемлекет алдында бас июшілік – бұл Батыстың таңдап алған жолы, ол руханиятты, өзіне тән мәдениет төлтумалылығын жоққа шығарады. Батысқа деген кірпияздық және батыстық центризмді сынау Еуразия қозғалысы өкілдерінің коммунистік Ресейді, марксизм мен большевизмді сынауымен байланысты болды. Олардың пікірінше, Қазан төңкерісі елді толығымен әлемдік өркениеттік даму жолынан шығарып тастап, Батыстың тұйыққа тірелген, рухтан ада жолына апарып тығырыққа тіреді.
Алғашқы еуразиялықтар еңбегінде Еуразия доктринасы мәселелерінің барлық – географиялық, тарихи, саяси және т.б. қырлары сөз етілгенімен, басты бағыты түпкілікті түрде айқындалған жоқ. «Еуразия» деген ұғымның өзі дүдәмал жағдайда қалды. Ол еуропалықтар үшін Еуропа мен Азияға қатысты дүниенің тұрғысынан біресе «үшінші», біресе азиаттық бастаманың басымдығына байланысты олардың синтезі болды.
Көп халықтық еуразиялық суперэтнос өкілдерінің өзіндік этномәдени бірегейлігіне және идеологияға кереғар руханиятқа ерекше мән беретінін ұмыта отырып, еуразияшылдық көбіне-көп тоталитарлық идеологиямен теңестірілді. Еуразияшылдық мәселесі өз ішіне географиялық, тарихи, әлеуметтік, геосаяси, этнологиялық, этнопсихологиялық жақтарды, яғни табиғи ортамен, адамның қоғамдық дамуымен және оның ішкі рухани әлемімен байланысты нәрсенің бәрін сіңіреді. «Еуразияшылдық» деген сөз «Еуропа» мен «Азияны» біріктіреді, бірақ олар философиялық мәні жағынан «Батыс» пен «Шығыс» деген кең және мазмұнды ұғымды білдіреді.
Бұлардың мәнін аша отырып, Батыс пен Шығыс өзінің дүниеге қатыстылық қағидасы, яғни дүниедегі көзқарас пен өмірлік-практикалық бағдарламасы тұрғысынан бір-біріне тікелей қарама-қарсы болып көрінеді.
Дүниеге батыстық қатынас және одан туындайтын негізгі идея адамды қоршаған дүниенің жетілмегендігін және адамның әлеуметтік қажеттіліктеріне толық жауап бермейтінін айқындайды. Демек, дүние одан әрі жақсаруды, қайта құруды, одан әрі толығырақ қалыптастыруды қажет етеді. Басқаша айтқанда, батыстық дүниеге қатынастың басты қағидасы – заттық-практикалық, материалдық іс-қимыл.
Оның мақсаты – сыртқы дүниені өзіне барынша бағындыру және оны адамның әлеуметтік иемденуіне және үстемдік етуіне қарай бағындыру.
Дүниеге шығыстық қатынасты алсақ, ол қарама-қарсы негізге аяқ тірейді және түбірінен басқа мақсатқа бағытталған. Шығыс адамы үшін әлем шексіз, сондықтан да ол өзінің бойына барлығын жинақтайды. Ендеше ол дүниені қайта құруды қажет етпейді. Дүниені емес, адамды, оның санасын өзгертуді талап етеді. Материалдық-тәндік қана емес, сондай-ақ бір мезгілде рухани жанды нәрсе бола тұрып, адам өзінің физикалық шектелуін және нәпсісін жеңіп шығуы және таза рух деңгейіне дейін көтерілуі тиіс. Сондықтан Шығыстың басты қағидасы – адамның өзін-өзі тануы, өзінің санасын жетілдіруі болып табылатын ішкі психологиялық рухани іс-әрекет.
Егер Батыстың ұраны: «Сыртқы дүниені танып, соның негізінде оны қайта өзгерт» десе, Шығыстың ұраны: «Өзіңді өзің танып, соның негізінде санаңды қайта өзгерт». Ал Еуразияның ұраны: «Ізгілік жасау немесе жақсылыққа, жарастыққа, парасаттылыққа ұмтылу». Ұлы Абайдың сөзімен айтсақ: «Адам бол!», рухани-адамгершілік жағынан жетілген, Шығыстың руханияты мен Батыстың озық технологиясын, ақыл-ойын бойына сіңіріп, екеуін ұштастырған толыққанды адам бол!
Достарыңызбен бөлісу: |