Байланысты: 1. Мемлекет ж не ы теориясыны жалпы сипаттамасы. Мемлекет ж
8. Құқық нормасы. 1. Құқық нормасына түсінік және оның белгілері.
2. Құқықтық нормалар түрлері.
3. Құқық нормаларының құрылымы.
Құқық нормасы – қоғамдық қатынастарға қатысушылардың құқықтары мен міндеттерінен туатын, жалпыға міндетті мемлекет бекіткен мінез – құлық ережелері.
Құқықтық норма заңды ресмилендірілген нормативтік нұсқау. Сондықтан оны мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, лауазымды адамдар мен барлық азаматтар сақтауға міндетті. Заң нормасы – құқық жүйесінен пайда болатын алғашқы құқықтың клеткасы. Соған байланысты ерекше әлеуметтік құбылыс ретінде өзіне тән белгілері бар. Құқық және құқық нормалары бір-біріне сай келмейді. Олар жалпы және жеке түрде қатынаста болады. Құқық - бұл құқықтық нормалардың жиынтығы, ал құқықтық норма ең маңызды қоғамға және тұлғаға қатысты өте қажет қоғамдық қатынастарды реттеуші. Құқықтық нормада қоғам және тұлға үшін зиянды қатынастар да бейнеленеді. Құқық нормаларын өз органдары атынан мемлекет бекітеді және ол орындалуға міндетті, оны бұзғандар заң алдында жауапкершілікке тартылады.
Құқық нормалары міндетті түрде әрбір құқық саласына сәйкес арнайы кодекстерде тұжырымдалады.
Құқық нормаларының ерекше белгілері мыналар:
1. Жалпыға міндеттілігі – бұл мемлекет азаматтарының мінез – құлқындағы орындалуға міндетті мемлекеттік билік жазбалары;
2. Формальды анықтылығы, яғни құқық нормаларының белгілі ережелерге сәйкес қатаң түрде арнаулы құжаттарда жазылуы;
3. Құқық нормалары мемлекеттің күштеу әдістерінің әсерінен бұзылудан қорғалады;
4. Құқық нормалары жалпыға міндетті екі бағытта құқықтық жазбалардан тұрады:
1) мінез-құлық ережелері;
2) негізгі нормалар.
Мінез – құлық ережелері - бұл нағыз реттеуші нормалар. Бұл нормалар құқықтық нормалардың үлкен бөлігін құрайды. Қоғамдық қатынастарға қатысушылардың субъективті құқықтары мен заңды жауапкершілігін белгілейді.
Негізгі (атқарушы, құрушы) нормалар – бұл норма – прициптер, норма – дефиницилер т.б.
Бұл нормалар құқықтық реттеудің бастамасын қалайды, құқықтық реттеудің бағыттарын анықтайды;
5. Құқық нормаларының мемлекетпен байланысы. Оны мемлекеттік
органдар белгілейді және мемлекеттік әсер ету шараларымен қамтамасыз етіледі. Құқықтық норма – қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеуші болып саналады. Мысалы: саяси билікке, басқаруға, әділеттілікке қатысты азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау т.б. қатынастарды реттейді;
6. Құқық нормалары – заңды және заңсыз мінез-құлықтың, құқықтық және құқықтық емес іс-әрекеттің өлшемі ретінде, рұқсат етілген және рұқсат етілмеген адамдардың мінез-құлқының моделі, эталоны, өлшемі және көлем ретінде көрінуі. Сөйтіп, құқық нормасы мемлекет қалыптастырған және бекіткен жалпыға міндетті адамдардың мінез-құлық ережелері. Ол негізгі құқықтық прициптерге сай жүргізіледі және мемлекет күштеу әдістері қажет деп танылған жағдайда қамтамасыз етіледі.
Құқық нормасы кімге бағытталса, оны сол орындауға міндетті. Бұл міндеттегі барлық тұлғаға қатынасты және ол біртекті, ұқсас көптеген өмірлік жағдайларды реттеуге арналады. Заң нормаларын өз жазбаларының мазмұнына сәйкес бірнеше түрлерге бөлеміз:
1) реттеуші, құқық қорғаушы, басқарушы;
2) тиым салушы, міндеттеуші;
3) императивті, диспозитивті.
Реттеуші нормалар қоғамдық қатынастарға түсуші субъектілердің субъективті құқығын және заңды міндеттілігін, олардың пайда болуын және әрекет жағдайын анықтайтын нормалар.
Құқық қорғаушы нормалар қоғамдық қатынастарға түсуші субъектілердің құқықтық жауапкершілігінің шегін және мемлекеттің күштеу шараларының субъектіге қолдану жағдайын, белгіленген шаралардың мәні мен мазмұнын анықтайды.
Басқарушы нормалар қоғамдық қатынастарға түсуші субъектіге қандай да болсын іс-әрекет жасауға құқық беретін нормалар.
Тиым салушы нормалар – бұл нормалар субъектінің қандай іс-әрекетке өзін-өзі тоқтату қажет екендігін көрсетеді.
Міндеттеуші нормалар – бұл нормалар субъектінің іс-әрекетіндегі іске асыруды қажет ететін міндетін көрсетеді.
Императивті нормалар – бұл қатаң талаптармен жазылған жазбаларда көрсетілген және құқық субъектілерінің мүддесіне тәуелсіз іс-әрекет ететін нормалар.
Диспозитивтік нормалар – бұл әр–түрлі тұлғалардың осы норма реттейтін қатынастардағы мәселелерді өз еріктерімен реттеуі.
Құқық нормаларының әрекет ету мерзімі оның заңды күшіне енумен анықталады. Оның заңды күшіне ену мерзімі нормативті актіде,не болмаса жарияланғаннан кейінгі он күннен кейін енуге тиіс.
Құқық нормалары өз әрекетін жойғанда, оны алмастырғанда немесе әрекет ету мерзімі біткенде тоқтатылады. Құқық нормаларын нақты тұлғаларға, ұйымдарға, кәсіпорындар мен мекемелерге қатысты қолдана отырып, өмірге енгізуге және тәжірибелік мәнге келтіру құқық нормаларын іске асыру тетіктерінің көмегімен атқарылады. Бұлар мыналар:
а) сақтану – рұқсат етілмейтін әрекеттерді істеуден тартыну;
ә) арқару – құқық нормасы жазбасында келтірілген міндеттерді атқаруға бағытталған белсенді әрекет;
б) пайдалану – құқық нормасында берілген құқықтарды пайдалану:
в) қолдану – мемлекеттің құдіретті органдарының нақты тәжірибелік қызметі.
Оның субъектісі нормативті акті шығаруға арнайы өкілеттігі бар орган немесе лауазымды тұлға. Құқық нормасын қолдану актісі нақты бір жеке немесе заңды тұлғаға бағытталады.
Құқық нормаларының топтастырылуы:
- құқықтық реттеу пәні бойынша (қылмыстық құқық нормалары, азаматтық құқық нормалары т.б.);
- заңды күші бойынша (заң нормалары және заң негізіндегі актілер нормалары);
- жазбалардың мазмұнының мәні бойынша немесе диспозицияның мәні бойынша (міндеттеуші, тиым салушы, және уәкілетті);
- жазба түрлеріне байланысты (императивті және диспозитивті);
- құқық нормалары қолданылатын субъектілер бойынша (жалпы, арнайы, ерекше);
- құқық нормаларының уақытқа байланысты іс-әрекет етуі (тұрақты, уақытша және төтенше);
- құқық нормаларының кеңістіктегі әрекет ету бойынша (жоғарғы билік органдарының актілеріндегі және жергілікті өзін-өзі басқару актілеріндегі құқықтық нормалар);
- жиынтығы бойынша материалдық және іс-жүргізу құқығы нормалары болып бөлінеді.
Құқық нормасының құрылымы үш бөліктен тұрады: гипотеза, диспозиция және санкция.
Гипотеза (болжам) – құқық нормалары қолданылатын анықталған жағдай, құқықтық нормада көрсетілген мінез –құлық ережелерінің күшіне енетін мезгілі.
Гипотезаны үшке бөлеміз:
1) жай гипотеза;
2) күрделі гипотеза;
3) балама гипотеза.
Диспозиция (мінез-құлық ережелері) – құқық нормасының негізгі бөлігі, осы құқық нормасы реттейтін қатынастарға түсушілердің құқықтары мен міндеттерін іске асыруға тиісті мінез-құлық ережелерін белгілейді.
Диспозиция үшке бөлінеді:
1) жай диспозиция;
2) бейнеленген диспозиция;
3) сілтеме диспозиция.
Санкция (жаза, шара) – құқық нормасының соңғы бөлігі, диспозицияда мазмұндалған әрекет не әрекетсіздік үшін немесе мінез-құлық ережесін сақталмағандығы үшін жауапқа тартылу қорытындысы. Санкцияда мемлекет қандай іс-әрекеттерді, мінез-құлықты қолдамайтындығын көрсетеді.
Санкцияның түрлері:
1) абсолютті–анық;
2) баламалы;
3) салыстырмалы.
Құқықтық норманың мұндай құрылысын логикалық құрылым деп атайды. Сөйтіп, құқық нормасы – гипотезадан, диспозициядан, санкциядан тұратын мінез-құлық ережелері.
Құқық нормалары нормативті – құқықтық актілерде көрінеді.
Нормативті актілер баптары – мемлекеттік биліктің көріну түрі және құқық нормаларын енгізу құралы. Заң (басқа да нормативтік-құқықтық актілер) - нормативтік акт болып саналады.
Заң шығарушы мінез-құлық ережелерін баяндау арқылы құқық нормаларының логикалық құрылымының үш элементін нормативті құқықтық актінің бір бабына енгізеді; нормативті құқықтық актінің бір бабына бірнеше құқықтық нормалар ендіреді; құқық нормалары элементтерін бірнеше әртүрлі нормативті баптарда баяндайды; құқық нормалары элементтерін бір нормативті актінің бірнеше баптарында көрсетеді.
Құқық нормалары және нормативті акті баптарының қатынасын баяндау әдісінің үш түрін көрсетуге болады:
1) тікелей әдіс – құқық нормасы тікелей нормативті акті бабында баяндалған кезде орын алады;
2) сілтеме әдіс – нормативті акті бабының барлық нормалары баяндалмай, осы нормативті актінің басқа бабында көрсетілгенде орын алады;
3) бланкеттік әдіс – нормативті акті бабы негізгі бапта көрсетілмей, қандай да басқа түрдегі нормативті актіге жіберілгенде орын алады.