4. Бюджеттік құқық негіздері. Бюджеттік құқық мемлекеттік бюджетті (Республикалық және жергілікті бюджеттердің жиынтығы) қалыптастыру және бөлу, сондай-ақ, бюджеттен бөлінген қаражаттарды пайдалануды ұйымдастыру барысында туындайтын бюджеттік қатынастарды реттейтін нормалардан тұратын қаржылық құқықтың институты.
Мемлекеттік бюджетті қалыптастыру және бөлу, сондай-ақ, бюджеттік ресурстарды пайдалануды ұйымдастыру барысында туындайтын бюджеттік қатынастар бюджеттік құқықтың пәні ретінде қарастырылады.
Бюджеттік қызмет Республикалық және тиісті жергілікті бюджетті қалыптастыру, бөлу, сондай-ақ бюджеттік ресурстарын пайдалануды ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік басқару органдарының жоспарланған және жүйеленген экономикалық-құқықтық қызметтері болып табылады.
Бюджетті қалыптастыру әдістеріне:
- салықтарды белгілеу;
- алымдарды, баждарды, төлемақыларды белгілеу;
- салыққа жатпайтын кірістерді белгілеу;
- ұлттық банктің кірістерінен қаражат алу;
- алынған ресми трансферттерді пайдалану;
- республикалық бюджеттен берілген ссуда үшін төленген қаражаттарды пайдалану;
- сыртқы қарыз алу негізінде ақша қаражаттарын тарту;
- ішкі қарыз алу негізінде ақша қаражаттарын тарту;
- бюджеттік-банктік несиелер алу;
- сыртқы экономикалық қызметтерден түсетін кірістерді пайдалану;
- бағалы қағаздарды шығару (эмиссиялау) жатады.
Бюджетті бөлу әдістері:
- мемлекеттік органдар мен мемелкеттік кәсіпорындарды бюджеттік қаржыландыру;
- мемлекеттік мекемелерді сметалық-бюджеттік қаржыландыру;
- бюджетаралық қаржыландыру;
- қайтарымды (кейде ақылы) негізде бюджетаралық қаржыландыру;
- қайтарымды және ақылы негізде бюджеттік ссуда беру;
- әлеуметтік-экономикалық аяны, ғылым мен мәдениетті, елімізді қорғау істерін қаржыландыру;
- бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерін ұстауға кететін шығындарды қаржыландыру;
- мемлекеттік сыртқы және ішкі қарыздары өтеу арқылы жүзеге асырылады
5. Салық құқығының негіздері.Салықтық құқық дегеніміз - мемлекеттің салық саясатының негізін айқындай отырып оның салықтық құрылымы мен салық жүйесін бекітетін және салықтық қатынастарды реттейтін құқық нормаларының жиынтығы.
Салықтық құқықтың пәні деп, мемлекеттің салықтық қызметінің барысында қалыптасатын қоғамдық қатынастарды айтамыз. Осы қоғамдық қатынастар салық салу жүйесін белгілеу, салық әкімшілігін жүргізетін уәкілетті мемлекеттік органдар жүйесін айқындау, салықтық міндеттемелерді орындау, салықтық міндеттемелерді орындауға байланысты қажетті жағдайлар жасау, мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану, халықаралық салықтық шарттарда көзделген мақсаттарды жүзеге асыру, салық органдары мен басқа уәкілетті мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдар және т.б. барысында салық салу саласында туындайтын салықтық қатынастар болып табылады.
Салық салу саласындағы қатынастар материалдық және ұйымдастыру салықтық қатынастары болып екіге бөлінеді. Материалдық салықтық қатынастар өздерінің мынадай:
- мемлекет болмысының мызғымас берік іргетасын материалдық негізін қалаушы қатынастар;
- жалпы ұлттық табысты бөлу нәтижесінде салықтық кірістің біржақты ағымдарын (қаражаттарын) мемлекет пайдасына бағдарлайтын қатынастар;
- мемлекет болмысына байланысты туындайтын айрықша экономикалық әрі базистік қатынастар;
- мүліктік-заттай сипатта болатын және оларға қатысты меншік құқығының алмасуын, мемлекет меншігіне айналуын көрсететін қатынастар;
- мемлекеттік бюджет жүйесінің негізін құрайтын экономикалық қатынастар сипатындағы айрықша қаржылық қатынастар;
- ақшалай нысандағы (кейде заттай күйіндегі) құнның біржақты қозғалысын білдіретін қатынастар;
- салықтық міндеттемелердің нақты белгіленуіне орай жекелей-айқындалған қатынастар;
- көбінесе тұрғылықты-тұрақты көрініс табатын қатынастар;
- тек құқықтық нысанда болатын қатынастар түріндегі сипаттамасымен ерекшелінеді;
Ал ұйымдастыру салықтық қатынастары:
- салық салу саласында жүргізілетін фискалдық мониторингке қатысты;
- мемлекеттің салықтық құрылымы мен салық жүйесін қалыптастыруға және олардың тиісінше қызмет атқаруларын қамтамасыз етуге байланысты;
- материалдық салықтық қатынастардың ойдағыдай қалыптасып, дамуын қамтамасыз етуге байланысты;
- салықтық қызмет процедураларын белгілеуге және қолдануға байланысты;
- мемлекет пен салық органдарының, салық органдары мен басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың және жергілікті мемлекеттік басқару органдарының арасындағы вертикалдық және горизонталдық байланыстарға қатысты;
- мемлекеттік стратегиялық салықтық жоспарлау мен болжамдау процестеріне қатысты және т.б. материалдық салықтық қатынастардың тиімділігін көздейтін қатынастарға байланысты туындайды.
Сонымен, салық деп, мемлекет тарапынан біржақты шығарылған заңдардың негізінде, сол заңдарда нақты айқындалған мөлшерде және қатаң белгіленген мерзімдерде Республикалық немесе жергілікті бюджетті қалыптастыру мақсатында салықтық міндеттемелерін орындауға тиісті заңды және жеке тұлғалардан жүйеленген әрі тұрақты түрде мемлекеттік уәкілетті органдар алатын баламасыз, қайтарымсыз, ақшалай міндетті төлемді айтамыз.
Салықтар экономикалық және әлеуметтік - саяси қатынастарды өзінің бойында жинақтаушы күрделі әрі қоғам өмірінің көп аспектілі қаржылық- құқықтық құбылысы болып табылады.