Кез-келген шығарма белгілі бір уақыт аралығында түзетіліп, өңделіп, кей бөліктері қысқартылып, қосылып, бірнеше мәрте көшіріліп барып дүниеге келеді. Осы бір ұзақ процестен кейін ғана автор өз шығармасын баспаға ұсынатыны белгілі. Ал текстолог сол баспаға берілген шығарманы кейін қарай, алғашқы сөйлемінің қағазға қалай түскеніне дейінгі аралықты зерттейді. Шығарманың жазылу тарихын зерттеу барысында ол мәтіннің түрлерін (қолжазба, автордың қолжазбасы т.б.) айырып, оларды бір-бірімен салыстырады. Салыстыру нәтижесінде байқалған айырмашылықтардың себебін анықтайды. Бұл текстология ғылымының қызықты да, қиын екендігін тағы бір дәлелдейді. Қазақ тілі білімі және тарихи грамматика саласы лингвистикалық тұрғыда зерттелген текстологиялық ғылыми еңбекті қажет ететіндігі, көптеген туындыларға текстологиялық зерттеу жұмыстарын жасау керектігін айқын анықтап берді.