3.Психологиялық таным процестеріне сипаттама беру Таным процестері дегеніміз – сырттағы түрлі заттардың және құбылыстарының адамның миындағы түрлі бейнелері. Таным процесінің негізінде адамның дүниеге тигізетін белсенді әсері жатады, себебі таным адамның обьективті құбылыстармен байланыса, оларға тигізетін әсеріне және оларды өзгертуге сәйкес дамып отырады.Таным процестеріне түйсік, қабылдау, ес, ойлау, зейін, ерік, қиял жатады.
Түйсік - заттар мен құбылыстардың жекелеген қасиеттерінің мидағы бейнесі, материалды тітіркендіргіштердің адам сезім мүшелеріне әсер етуі арқылы туындайды. Түйсіктің қызметі – орталық жүйке жүйесіне ағзаның ішкі жағдайы және сыртқы ортасы туралы маңызды мәліметтерді уақытында жеткізу.
Қабылдау - адамның сезім мүшелерінің тікелей әсер етуі арқылы заттар мен құбылыстардың мида тұтастай бейленуі.
Ес – өткен тәжірибені жадыда қалдырып, сақтап, оларды қайта жаңғыртуы. Ес адамға өте қажет. Ол арқылы субьект жеке өмірлік тәжірибесін жинақтап, сақтап, пайдасына жаратады.
Ойлау – құбылыстардың мида сөз арқылы бейнеленуі. Ойлау сезім мүшелері арқылы мәліметтерді өңдейді. Ойлау адамның сыртқы дүниемен қарым-қатынас процесінде туындап отырады. Ойлаудың ішкі мазмұны қоғамның дамуымен бірге өзгеріп отырады.
Қиял – іс-әрекеттің алда күтілген нәтижелері, әрекет-қылық бағдарламалары ретінде, сонымен бірге баяндап, суреттеу негізінде пайда болатын жаңа, бұрын соңды көрілмеген бейнелердің туындауы; қиял бейнелері ақпараттық олқылықтардың орнын толтырады; қиял оқиғалардың алдағы дамуы мен нәтижесін көрегендікпен сезуді қамтамасыз етеді
Ерік – жоспарланған нәтиженің мәнін түсінуден адам белсенділігінің өзінен өзі іске қосылуына себепші психикалық үдеріс. Ол белсенділік қарапайым және күрделі ерік әрекеттерімен көрініс беріп, орындалып жатады.
Зейін – бұл психикалық іс-әрекеттің бағытталуы мен шоғырлануы. Осы әрекеттің таңдамалылығы мен сақталуы оның бағыттылығын танытса, ал сол әрекетті тереңдей танумен басқаларын елемеу – зейіннің шоғырлылығын білдіреді.