59.Үздіксіз білім беру жағдайында педагогтың кәсіби қалыптасу ерекшеліктерін сараптау Білім беру жүйесінің басты міндеті – жеке тұлғаның ұлттық және жалпы адамзаттың құндылықтар негізінде қалыптасуы мен дамуы және оның кәсіби жетілуі үшін қажетті жағдайлар жасау; баланың тәрбиелену, білім алу және жан-жақты қалыптасу, ана тілін, ұлттық салт дәстүрлерді сақтау, ақпараттану, ден-саулығын нығайту сияқты құқықтарын іске асыру болып табылады. Осы сияқты қасиеттерді білім алушылардың бойында қалыптастыру мен дамыту Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің маңызды міндеті ретінде қарастырылады.
Үздіксіз педагогикалық білім беру және кәсіби мұғалімді жетілдіру жолдары Бүгінде ғылым мен білімге қояр талап артып, білім беру жүйесі күрделенген заманда қоғамдағы мұғалімдер алдына жүктелер міндет еселене түсуде. Ұстаздардың алдында жай ғана білім беру емес, өркениет көшіне жол бастайтын, ұлттық рухты бойына сіңірген саналы да білімді ұрпақты тәрбиелеу міндеті тұр. Бұл жолда мұғалімнің кәсіби шеберлігін дамыту, біліктілігін арттыру сынды мәселелер мектеп пен қоғам алдында тұрған жауапты іс болмақ. Мұғалімнің кәсіби даму шеберлігі алған дипломнан кейін әрі қарай тоқтап қалмауы тиіс. Себебі, қазіргі жаңалығы мен өзгерістері қарыштап дамыған заманда мұғалім жаһандану көшінен қалып қоймай, заман ағымына ілесіп отыруы керек. Тәуелсіз ел тірегі білімді ұрпақ десек, жаңа дәуірдің күн тәртібінде тұрған негізгі мәселенің бірі - білім беру, ғылымды дамыту екендігіне ешкімнің таласы жоқ.
Ұстаз қолында адам тағдыры, болашақ ел тағдыры тұр. Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім - мектептің жүрегі - деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, қазіргі оқу орындары алдындағы міндеттерді шешуде мұғалімнің кәсіптік мәдениеті басты шарт екендігі аян. Білім берудің ұлттық моделіне көшкен қазіргі мектепте, ойшыл, зерттеуші, жаттандылықтан аулақ практикалық қызметте педагогикалық үйлестіруді шебер меңгерген, психолог-педагогтік диагностика қоя білетін іскер, шығармашыл ұстаз керек.
Үздіксіз білім беру бұл үздіксіз оқыту мен тәрбиелеу емес немесе бекітілген оқу мерзімімен және оқу орнының қабырғасымен шектелмейді, ол - адамға білімнің белгілі бір көлемін беруге бағытталған білім түріне ауысу болып табылады. Тек жеке тұлғаға, субьектіге бағытталған білім ғана адамның жылдам өзгеріп жатқан қоғамдық және экономикалық өмір талаптарына сай жауап бере алуын қамтамасыз ете алады. Бүгінгі таңда заман талабына сай ұлттық білім беру жүйелерінде көптеген өзгерістер болып жатыр, оқу тәсілдерімен құралдарының бүкіл әлемдегі білім жүйесіне ортақ жалпы элементтері қарастырылуда.