24.Мінез және темперамент. Қазақ халқының мінез ерекшеліктері Темперамент – 2,5 ғасырдан бері ғылыми ойды қызықтырған мәселелердің бірі. Әр адамның жан дүниесі өз алдына бір болмыс. Оның қайталанбастығы, бір жағынан, адам тәнінің биологиялық және физиологиялық құрылымы мен дамуына байланысты болса, екіншіден- әлеуметтік ерекше байланыстар мен қатынастарға негіз бола алуында. Темперамент адамның биологиялық сипатынан көрінеді. Адамдар арасындағы көптеген психологиялық айырмашылықтар: эмоция тереңдігі, қарқындылығы, тұрақтылығы, ауыспалы–қозғалғыштығы–бәрі осы темперамент табиғатымен түсіндіріледі. Темперамент көбіне адамға тума берілген әрекет–қылығының ұдайы қозғалыстағы (динамика) сипатын бейнелейді. Мінез - бір-бірімен белгілі қатынас байланысы бар жеке адам қасиеттерінің жүйесі, тұтас құрылымы болып табылады.
И. П. Павлов адамның мінез бітістерін жоғары жүйке қызметінің тума типтері мен өмір сүру барысында қалыптасатын уақытша жүйке байланыстарының өзіндік “құйындысы” деп түсіндірді.
Адамның мінезінің қалыптасуы қоғамдық болмыспен, әлеуметтік ортамен(мектеп, балалар мекемелері, оқу, өндіріс ұжымы, қоғамдық ұйымдар, т.б.) тығыз байланысты. Осы айтылғандар мінездің дамуы үшін шешуші роль атқарады. Мінез өзгермейтін тума қасиет емес, ол өмірде қалыптасады. Мысалы, ешбір бала туысынан “еңбек сүйгіш не жалқау, тәртіпті не ұстамсыз” болып тумайды. Оның мінезі ұзақ жылғы өмір сүру барысында өмірдің сан алуан ағымына қарай тәрбие процесінің ықпалымен қалыптасып отырады.
Кез келген адамның бойындағы мінез-құлығы оның бойындағы темпераментпен де тығыз байланысты болып келеді. Өйткені темперамент мінезге айтарлықтай реңк беріп отырады. Сондықтан адамның бойындағы кейбір құбылыстар, яғни мінез-құлық ерекшеліктері айналасындағы әсер етіп отыратын факторларды елемей өзгешеленіп отырады. Сол себепті көптеген ғалымдар осы мәселе төңірегінде темперамент пен мінездің өзара байланысын үйреншікті құбылыс ретінде қарастырады.
Мінез адамның басқа психикалық қасиеттерімен, атап айтқанда, қабілет, темпераментімен тығыз байланысты. Адамда қабілеттіліктің дамуы кейбір тиісті мінез бітістерінің болуын қажет етеді. Мысалы, табандылық, уақытша сәтсіздікке мойымау, еңбек сүйгіштік, энтузиазм сияқты мінез бітістерінің қабілеттер үшін ерекше маңызды. Ал темперамент болса, мінез бітістеріне өзіндік бояу, реңк береді. Жақсы мінездің ықпалымен темпераменттердің де кейбір нашар жақтары өзгеріп отырады. Мінезді қалыптастыруға ерік-жігердің қосатын үлесі зор. Еркі күшті адамның мінезі де берік.
Мінез бен темперамент ұқсастығы адамның физиологиялық ерекшеліктеріне, яғни жүйке жүйесіне болған тәуелділіктен. Темперамент жете дамығанда ғана мінез бітістері қалыптасады. Мінездегі ұстамдылық-ұстамсыздық, қозғалғыштық-салғырттық және т.б. тікелей темпераментке байланысты. Біркелкі темпераментке ие адамдарда әрқилы мінез белгілері болуы мүмкін. Темперамент ерекшеліктері кейбір мінезді дамытып, басқаларына шектеу қояды. Мысалы, холерикке қарағанда меланхоликтің өзіне жігерлілік пен жүректілікті дарытуы қиынға соғады. Ал холерик флегматик сияқты ұстамды бола алмайды, флегматик сангвиникке ұқсап көпшілікпен тез тіл табысып кете алмайды, т.с.с.
Бұдан шығатын қорытынды мінез бен темперамент бітістері адамның біртұтас келбет-кейпінде өзара байланысқа түсіп, тұлға даралығының интегралды сипаттамасын береді.