Жаһандану және экономика. Жаһандану экономика саласында басталған, онда халықаралық сауданың тез өсуі негізгі рөл атқарды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жаһандану процесі қарқынды жүре бастады. Оған технологиялық жетістіктер, теңіз, темір жол, әуе тасымалының дамуы, халықаралық телефон байланысының қол жетімдігі ықпал етті. 1995 ж. Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) құрылды. Экономикалық жаһандану нарықтардың жаһандануын (капиталдың, еңбек ресурстарының, тауарлардың, қызмет көрсетулердің) және экономикалық объектілердің жаһандануын, компаниялардың, фирмалардың, корпорациялардың іріленуін білдіреді.