46. Терроризм және оның Қазақстанда таралу ерекшеліктері. Терроризм (лаңкестік) – қорқыту мақсатында террорды, күштеуді әрдайым қолданып отыруға негізделген саясат. «Террор» сөзінің синонимі («террор» латын тілінде қорқыныш, үрей, күштеу дегенді білдіреді). Террористтің кез келген әрекеті (өлтірумен байланысты болмаса да) қашанда күштеумен, мәжбүрлеумен, қауіппен байланысты. Террористтің мақсатқа жетудегі басты құралы – бұл қорқыту, қорқыныш пен өзіне деген сенімсіздік атмосферасын тудыру, адамның зәресін алу. Қоғамдық қауіптің шектен шыққан түрі және террорлық актінің өте қаталдығын, әлеуметке қарсылығын, адамгершілікке жатпайтындығын есепке ала отырып, терроризмді алдына қойған нақты мақсатына жету үшін қарсыластарды қорқытып, зәресін алу үшін күштеудің шектен шыққан түрін қолдану, құқыққа қарсы әрекет арқылы көрінетін қоғамдық феномен (құбылыс) деуге болады.
Қазіргі саясаттануда терроризм саяси экстремизмнің шектен шыққан түрі ретінде қаралады. Терроризм – субъектісі жеке адам, қоғам, мемлекет болып табылатын қоғамдық қауіпсіздікке қарсы жасалған қылмыс.
Жалпы, зерттеушілер Қазақстандағы терроризм құбылысының пайда болуын 3 кезеңге бөледі: 1- кезең – 1990-жж. аяғы – 2000 жж. басындағы шет мемлекеттердегі (Ресей, Өзбекстан) қақтығыстарға қатысқан «қашқын террористердің» Қазақстан аумағына орнығу кезеңі. 2-кезең – 2006-2010 жж. аралығындағы сырттан арбау, террористік ұйымға тарту, еліктіру кезеңі. Бұл кезеңде Қазақстан азаматтары шетелдік экстремистік ұйым мүшелерінің насихатына, ғаламтордағы түрлі материалдарға елігіп, кейіннен басқа шет елдердің аумағындағы қақтығыстарға, террористік әрекеттерге араласқан. 3-кезең – бұл Қазақстан аумағында террористік әрекеттер жасауға ұмтылған жекелеген топтардың (жергілікті террористердің) пайда бола бастаған кезеңі.
Достарыңызбен бөлісу: |