48. Көркемдік даму және оның заңдылықтары Қазақ әдебиеті де әлемдік әдебиеттің бір бөлшегі. Адамзаттың мәдениәдеби дамуындағы ортақ заңдылықтар мен поэтикалық тұтастықтар біздің ұлтымыздың әдебиетінде де көрінбеуі мүмкін емес.
Ұлттық әдебиеттер өзінің даму сатыларын түрлі хронологиялық кезеңдерде жүзеге асырып отыруы, ол сатыларға тән ерекшеліктердің әр халықтарда түрлі уақыттарға созылуы, сатылап дамудың механикалық түрде жүзеге аспайтынын көрсетеді. Мысалы, Ренессанс Қытайда VІІІ ғасырда басталса, оған жақын орналасқан Жапонияда Ренессансқа тән белгілер ХІV ғасырда көрініс бере бастады, ал түркі әлеміне қатысты әдебиетте ХІV-ХV ғасырларда, еуропалық Ренессанстың отаны-Италияда ХІV ғасыр, Францияда – ХVІ ғасыр. Ортағасырлық мәдениетке Қытай ІІІ ғасырда қадам жасаса, Рим империясы классикалық ортағасырлық әдебиетке ІV ғасырда ене бастады. Сондықтан да әдебиет дамуының «сатылары» мен «кезеңдері» деген ұғымдарды бір-бірімен шатастыруға болмайды. Әдебиет кезеңдері – белгілі бір уақыттардағы ұлттық әдебиеттің даму «бөліктері». Мұндай шартты кезеңдер - онжылдықтар, ғасырлар, мыңжылдықтар болуы мүмкін. Әйтсе де әдебиеттің даму кезеңдерінен де ұлттық тарихи-мәдени және рухани ерекшеліктерді байқауға болады. Ұлттық әдебиеттің даму сатылары, сол ұлт әдебиетінің хронологиялық кезеңдерімен сәйкеспеуі де мүмкін.
Жаһандық әдеби үдерістегі жалпыға тән құбылыстар, ортақ бастаулар әдебиеттегі тарихи тұрақтап қалған заңдылықтардың жемісі. Көркем ой тарихын анағұрлым терең зерделеу үшін ондағы әдеби бағыттар мен ағымдардың, әдістердің табиғатын тануда салыстырмалы зерттеудің қажеттілігі өзінен-өзі айқын. Салыстырмалы әдебиеттану әлемдік әдеби байланыстар мен ықпалдастықтарды төмендегідей жағдайларда қарастыра алады:
1.Ортақ тарихы болған бір немесе бірнеше әдебиеттердің көркемдік заңдылықтары. Бұрында бір ұлысты құраған елдердің өз алдына жеке тарихи даму жолына түсіп, ұлттық әдебиеттердің пайда болуы. Мысалы, иран тектес халықтардан өніп шыққан парсы және тәжік әдебиеті т.б.;
2.Әртүрлі елдердің әдебиетіндегі көркемдік ерекшеліктерді салыстырмалы – типологиялық тұрғыдан қарастыру. Бұл бір-біріне ұқсас тарихи жағдайлар мен сілкіністерді басынан өткерген бірнеше халықтар әдебиетіндегі тоқайластық. Оған мысал, Англия, Франция, Ресей және Еуропа мен Азияның кейбір елдеріндегі ХІХ ғасырдағы классикалық реализм әдебиеті. Тіпті өткен Репозиторий КарГУ 11 ғасырдағы социалистік лагерь шеңберінде қалған елдердің социалистік реализмі;
3.Түрлі елдерде белгілі бір діндердің қанат жаюының нәтижесінде пайда болған құбылыстар сәйкестігі. Христиандық арнада дамыған Еуропа әдебиетіндегі ішкі байланыстар немесе буддистік Азия елдерінің әдебиетіндегі конондарды тереңдеп қарастыру арқылы олардағы идеялық-көркемдік бірліктердің табиғатын тануға болады;
4.Бір-бірімен тарихи–қоғамдық жағдайлар байланыстырмайтын, тектік қатысы жоқ мүлде өзге елдер әдебиеттері де тарихи-типологиялық тұрғыда қарастырыла береді. Мұндай әдебиеттерді салыстыра отырып зерттеу, әлемдік көркем даму заңдылықтарының сырын ашуға септігін тигізері айқын. Мәселен, ғалымдар батысеуропалық рыцарлық романдар мен жапонның «Жорық эпопеяларының», Ағарту дәуіріндегі сатиралық романдар мен ХІХ ғасырдағы Қытайдың «әшкерелегіш романдарының» арасындағы кейбір ортақ қасиеттердің бар екенін әлдеқашан айтып келеді.
Қазақ әдебиетінің прозалық дәуірінің алғышарттары ХIХ ғасырдың екінші жартысында жасалған болатын. Бұл орайда Ы. Алтынсариннің шығармашылығы үлкен маңызға ие. Өзінің ағартушылық идеясын жүзеге асыру мақсатында қазақ балаларына арнап жазған хрестоматиясына енген дидактикалық жырлары, табиғат лирикасынан басқа төл әңгімелеріне үңіле отырып біраз жайды аңғара аламыз. Хрестоматияға материалдар іріктеу барысында Ы. Алтынсарин проза жанрының қажеттілігін қатты сезінген. Адамзаттың технократтық дәуірге қадым жасауымен бірге келген алуан тақырыптарды игеруде жанрлардың да алуан түрлілігі қажет-тін. Демек, әлемдік ауқымда болып жатқан қоғамдық-тарихи процестер мен ұлттық мәдениет арасындағы сәйкессіздіктер анық байқалды.
Ағартушы біраз әңгімелерінде ауыз әдебиетінің жанрлары – жұмбақтардағы, айтыстардағы, шешендік сөздердегі көркемдік амал-тәсілдерді прозаға қолдана отырып, жаңа эксперименттер жасады. Мәселен, «Шеше мен бала», «Жан-жануарлардың таласқаны», «Баланың айласы», «Надандық» әңгімелерінің біріңғай диалог түрінде келетіні фольклорлық формалардың жаңа сападағы көрінісі деп бағалануға лайық. Әйтсе де, Ы. Алтынсарин прозасындағы күрделенген құрамды эпитеттер, антитезалық баяндау тәсілі, метафорамен ұсынылған ой, ежелгі риториктердің қайталау әдісін түрлендіре қолдануы сияқты жаңашылдықтары да жарқырай көрініс тапты. Және де бұл жаңалықтар әдебиет дамуының жалпы заңдылықтары аясында жасалды деуге негіз бар. Өйткені Алтынсарин сол кездегі орыс әдебиетімен, сол арқылы Батыс Еуропа әдебиетімен біршама таныс болатын.
Түйіндей айтсақ, дәстүрлі дидактикадан, өлең құрылысының фольклорлық қалыпты формаларынан, ортағасырлық шығыс классикалық поэзиясының әсерінен бірте-бірте батысеуропалық әдебиетке, әлемдік классикаға жақындасу арқылы драма, прозаның эпикалық формалары сияқты жанрлардың дүниеге келуін имманенттілік тұрғысынан да байыптауға болады. Қазақ прозасының тұрақты даму арнасына түсе бастауы әлемдік көркем ой дамуының сатыларында қалыптасқан үлкен бағыттар мен ағымдар эстетикасының белгілері игеріле бастауымен де байланысты. Әрбір жанр өзінің эволюциялық даму жолында түрлі қоғамдық-әлеуметтік, тарихи-мәдени әсерлердің негізінде жетіліп отыратыны шындық. Бұл көркемдік даму тарихын каузалды тұрғыда, яғни нақты-себептік тұрғыда қарастырғанда айғақталып жатады. Ондағы қайсыбір жаңашыл нышандарды тарихилық принципімен зерделегенде ғана танып-білуге болады. ХХ ғасыр басында қазақ әдебиетінің «прозалануы» да ұлттық көркем сөз өнерінің жалпы заңдылықтар аясында келесі бір сатыға аяқ басуы деп санаған жөн. Абайдың қара сөздерінен, Ы. Алтынсариннің әңгімелерінен айрықша қарқын алған бұл үдеріс ХХ ғасыр басында жалпылық сипат алып, ұлттық әдебиетіміздің жаңа кезеңі басталды.