49.Әдебиеттің халықтығы туралы түсінік Әдебиеттің халықтығы - тарихи категория. Прогресшіл адамзаттың жалпы көркемдік даму тарихының әр кезеңінде бұл ұғым әр сипатта болды. Мұны бір тұста Пушкин де ескерткен: "Бірқыдыру уақыттан бері біздің арамызда халықтық жайлы сөз қозғау, халықтықты талап ету, халықтықтың жоқтығына қынжылу әдетке айналды. Бірақ халықтық деген сөздің мағынасы не? Оны анықтау ешкімнің ойына келмей жүр"* Шынында да солай еді. Бір ғана орыс әдебиетінің соңғы бір-екі ғасырдағы тарихына көз салсақ, бұл әдебиеттің халықтығы жайлы әр білгіштің пікірі әр тарап екенін көреміз.
Алғашқы әзірде әдебиеттің халықтығы туралы ұғым халық бұқарасынан шалғайда жатты: "Бүкіл халықтың асыл бейнесі мен жаны - дворян әулеті", - деді Карамзин. Бұған қарағанда, халықтық деген ұғымды қаламгердің тегіне теліп, "қарапайым" халықарасынан шыққан (А.В.Кольцов секілді) ақындардың өлеңдері халықтық болуға тиіс деген пікір, ұшқары болса да, бір адым алға басқандық еді. Бірақ бұған бақсақ, дворяннан шыққан Пушкиннен де, феодалдан шыққан Абайдан да халықтық шығарма күту қиын-ды. Кейініректе бұл ұғым өзгеріп, әдеби шығармада шаруалар өмірінің шындығы суреттелсе, халықтық деп танылып жүрді.
Халықтық - әдеби шығарманың терең мазмұнында жатқан түсінік. Халықтық шығарманың тақырыбынан, белгілі бір тақырып арқылы автордың алға қойған мақсатынан бастап, көркемдік шешімге дейін баратын қаһарманның мінезін, дүниетанымын, іс-әрекетін қамти келе автордың тілі мен стиліне, бағыты мен әдісіне, эстетикалық идеалына көшетін ұғым. Халықтық - ақындық қайнары, сөз өнерінің тамыр тартар топырағы. "Өнер - халықтікі, - деген еді Ленин Клара Цеткинге, - еңбекшілердің қалың бұқарасы арасына ол мейлінше терең тамыр жаюға тиіс, осы бұқараға түсінікті және ұнамды болуға тиіс; осы бұқараның ой-сезімін және жігерін біріктіріп, оларды алға ұмтылдыруы керек" Халықтық сипат ең алдымен белгілі бір көркем шығармада бүкіл халықтық мәні бар мәселенің көтерілуінде жатады. Айталық, Абай өзінің бүкіл ақындық өнерінің өн бойында өзінің туған халқы үшін заманының ең келелі мәселелерін көтеріп отырды. Ұлы ақынның реализмі мен гуманизмін өз алдына қойғанда, биік эстетикалық идеал тұрғысынан өзі өмір сүрген қоғамдық ортадағы керенаулық пен кеселді, оспадарлық пен опасыздықты сынау арқылы қазақ даласындағы феодализмнің дағдарысын көрсетуі -бүкіл халықтық күрделі мәселені көтеруі болатын. Абай халықтығының бір шеті осында жатыр. Халық үшін маңызды мәселені көтеру бар да, оны халық тұрғысынан шешу не шешпеу бар. Демек, халықтықтың екінші шарты - көркем шығармада суреттелген шындық алға тартқан келелі мәселені халық мақсаты мен мүддесіне сай шешу. Тағы да Абайдың ақындығын мысалға алуға болады. Ұлы ақын өзінің барлық көркем туындылары арқылы оқушы жұртты алға, арманға бастады, жарқын келешекке шақырды. Жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа сүйіндіре келе биік мұратқа мегзеді. Абай халық-тығының екінші бір жағы - осында жатыр. Жоғарыда жұрт мойындаған белгілі қағиданы еске салып, біз онда өнердің қалың бұқараға жақын, ұғымды болуы керектігін білдік. Дәл осы арада халықтықтың тағы бір сыры тұр. Нағыз халықтық шығарма халыққа жетімді, түсінікті болуы шарт. Талант неғұрлым ірі болса, соғұрлым қарапайым болатыны, көркем шығарма неғұрлым шебер жазылса, соғұрлым ұтымды болатыны мәлім. Абай өлеңдері даладағы қойшыға да, қаладағы ойшыл ғалымға да бірдей жетімді, екеуін бірдей тербетеді, екеуіне бірдей әсер етеді. Сонымен, әдебиеттің халықтығы - оның халықтық ірі мәселелерді халыққа жетімді түрде шебер, халық мүддесіне сай көркем жинақтау болып табылады.