Он үшінші дәріс Жай сөйлемдердің стилистикалық қызметі
1. Хабарлы сөйлемдер
2. Сұраулы сөйлемдер
3. Бұйрықты сөйлемдер
4. Лепті сөйлемдер
1. Кісінің басқаға айтатын ойының әр уақытта мақсаты болады: кейде бір істің, бірдеңенің жайын хабарлауды мақсат етсек, кейде басқадан бірдеңені сұрап білуді мақсат етеміз. Немесе біреуге бірдеңе істетуді көздесек, кейде айтылған ойға айтушының көңіл-күйін білдіруді көздеп сөйлейміз. Сол мақсаттарға лайық сөйлемдер түрі, құрылысы, негізінде, төрт түрлі болатыны белгілі: х а б а р л ы , с ұ р а у л ы, б ұ й р ы қ т ы, л е п т і. Сөйлемнің осы түрлері жұмсалуы мен мағыналық жақындығы не алшақтығы жағынан ерекше стильдік қызмет атқарады. Хабарлы сөйлем - адамның ойын, көрген-білгенін басқаға айтудың формасы.Хабарлы сөйлем арқылы шындық өмірдегі әр түрлі құбылыстардың жайын бар (болған) не болмаған қалпында баяндаймыз. Хабарлы сөйлемдердің мазмұны әр алуан болатынын ескеріп, алдымен олардың болымды және болымсыз түрлерін стилистика талғамдары тұрғысынан екі бөліп қараймыз. Б о л ы м д ы сөйлем аркылы өмір құбылыстары шындық байланыс күйінде, бар қалпында, оған сөйлеушінің субъективті көзқарасы қоса баяндалады. Мысалы: Күн қызыл арай шатырынан жаңа ғана шыққан (Ғ.Мұстафин). Ораз терезеден басын сұғып тұр екен (3.Шашкин). Бұл сөйлемдердегі хабарға айтушының көзі жетіп баяндағаны аңғарылады. Баяғыда бір хан болған екен. Оның екі ұлы болыпты деген хабарлар айтушының өзі көрмеген, жақсы білмеген, бірақ есіткен оқиға түрінде баяндалған. Осындай сөйлемде айтылған ойға айтушының субъективті көзқарасын да білдіруін сөйлемнің модальдігі дейміз. Болымды сөйлемнің модальді мағынасы көбінесе баяндауыштар құрамын түрлендіру арқылы құбылып отырады. Мысалы:
1. Жолаушылар таң ата жүріп кетті.
2. Жолаушылар таң ата жүріп кетіпті.
3. Жолаушылар таң ата жүріп кететін шығар.
Бірінші сөйлемде іс сөйлеушінің көз алдында болса,екінші сөйлем олай емес, (...жүріп кететін шығар) хабарланған істің орындалуына, жолаушылардың қашан жүретініне сөйлеушінің көзі жетпей, болжап айтқаны аңғарылады.
Қазақ тілінде болымды сөйлемді осылардай күмәнды, болжамды етіп айтудың бірнеше тәсілдері бар: к ү м ә н д ы
1. Жолаушылар жүріп кетіпті.
2. Жолаушылар жүріп кеткен кӛрінеді.
3. Жолаушылар жүріп кетсе керек.
4. Жолаушылар жүріп кеткен сияқты.
5. Жолаушылар жүріп кеткенге ұқсайды.
Болжалды
1. Жолаушылар жүріп кеткен шығар.
2. Жолаушылар жүріп кеткен болар.
3.Жолаушылар жүріп кеткен білем.
4. Жолаушылар жүріп кеткен болса керек.
5. Жолаушылар жүріп кеткен ғой деймін.
Бір модальділік мағынаның осыншама көп синонимдерінің болуы қазақ тілі сөйлемдерінің стильдік мүмкіншілігінің молдығын, болымды сөйлемдердің стильдік бояуларының әр алуан екенін көрсетеді. Бұларды таңдап, талғап өз орнында жұмсай білу керек. Күмәнды білдіретін хабарлы сөйлемдер қатарына енбей тұрған тағы бір түрі бар. Ол -мыс шылауы арқылы жасалады. Мұны бөліп шығарған себебіміз оның ерекше экспрессивтік те мағынасы бар. -мыс шылауы арқылы жасалатын күмәнды сөйлем айтушының айғақ пікіріне басқа біреудің жөнсіз күмәнданғандығын білдіреді, мысалы: Қарымсақтың кӛзінен бүршіктеген жас шығыпты-мыс (Б.Майлин). Аш-жалаңаш болмайсың, өзің би, өзің төре боласың, - деп Абдол оны қызықтырыпты-мыс (Б. Майлин). Болымды сөйлемді болымсыз тұлғалы сөйлемдермен алмастыру да кездеседі. Ондайда хабарланатын ойдың ерекше экспрессивті мәні болады. Мысалы: Мен ол үйге барамын - Мен ол үйге бармай тұра алмаймын. Мен ол үйге бармасам болмайды. Жаз жайлауға көшу керек - Жаз жайлауға көшпейінше болмайды. Жаз жайлауға көшпей тұра алмайсың. Болымсыз сөйлем ұғым арасында байланыстың жоқтығын көрсетеді. Қазақ тілінде болымсыз сөйлем жасаудың бірнеше амалы болатындықтан, оларды талғап жұмсай алудың стильдік мәні бар. Мысалы: Ол бүгін келмеді - Ол бүгін келген жоқ. Таудың қары әлі ерімеді - Таудың қары әлі ерігвн жоқ. Аспан ашылмас - Аспан ашылатын емес -Аспанның ашылатын түрі жоқ. Бұлар өз ара мәндес болғанмен, стильдік қызметтері бірдей емес: Ол келмеді - жай хабар. Осындағы келмеді сөзінің болымсыздық мағынасын күшейту үшін, оны келген жоқ деп айтамыз. Сондай-ақ, Аспан ашылмас - әшейін болымсыздық болжам ғана, ал оның орнына - Аспан ашылатын емес, Аспанның ашылатын түрі жоқ десек, болымсыздык, хабарда айтылған ой күшейтіліп жұмсалған болады. Төмендегі сөйлемдердің де сондай мағьшалық айырмашылығы бар. Оларды салыстырып, қайсысының болымсыздық мағынасы босаң не қатаң екенін айырыңыз: Содан бері ол біздің үйге кіргеп жоқ еді (Ғ.Сланов). Содан бері ол біздің үйге кірген емес. Жоқ, әкем ӛртенгенмен, мен өртенбеспін (С.Мұқанов). Жоқ, әкем өртенгенмен, мен өртене қоймаспын. ... Мені ол топырақтан жұла алмас! Туған жеріме деген мөлдір махаббатымды енді ешкім де сөндіре алмас! (С.Мұқанов). Мені ол топырақтан жұлып тастай алмайды! Туған жеріме деген мөлдір махаббатымды енді ешкімде сөндіре алмақ емес! Болымсыз тұлғалы сөйлемдерді болымды етіп айтудың стильдік қызметі ерекше. Бүгін барамын. Бүгін бармасам болмайды. Мен енді айтамын. Мен енді айтпай түра алмаймын. Ол қайда болса, сонда жүре береді. -Оның жүрмейтін жері жоқ. Бұл мысалдардың екінші түрлерінің әрқайсысы екі-екіден болымсыздық тұлғада жұмсалған. Математикада минус пен минус плюс болатынындай, болымсыз бен болымсыз тұлға жарыса айтылып, болымды мағына пайда болады. Болымды сөйлемді осылай болымсыз тұлғалардан құрастырудың стильдік қызметі ерекше. Солар арқылы айтылған болымды хабар әдетте өткір тілділіктің, эмоциялы сезімнің нысанасы болып ұғынылады. Сол сияқты кейбір сұраулы сөйлемді де хабарлы етіп айтуға болады:
- Бұл не ғып жүр? Әлде күзеуінің оты тозды ма екен?
- Е, тәйір, күзектің шӛбі бітуші ме еді? Тұнып тұр.
Құлқын сәріден қыстауға барып, қыстыгүні несін жейді?(М.Әуезов).
- Біздің ауылға барасың ғой, қызым?
- Бармағанда қайтем? (Ғ.Сланов).
Осындай сұраққа сұрақ түрінде берілген жауаптың мағыналары жай хабар болып қалмайды, кісінің ішкі сезімін, лажының жоқтығын, өтінішін т. б. модальді мағынаны қоса хабарлайды. Кейбір сұраулы сөйлемдер кісінің күмәнін, таңдануын, кейігенін, сенімсіздігін қоса білдіреді де, бірқатары болымсыз сөйлемнің орнына жұмсалады. Дәмеш өз жүрегінің соғуын өзі түсіне ме екен?-Түсінбейді.
- Бір қалған көңіл жіби ме? (З. Шашкин) - Жібімейді.
- Арық адамның көзі өткір болады екен-ау?! Мені білмейді деймісің?!
(Ғ.Мүсірепов). - Білемін.
3. Кейде хабарлауға тиісті ой тікелей сұраулы сөйлем түрінде баяндалады. Оны риторикалық (шешендік) сұрақ дейміз:
Күнде жақсы бола ма,
Бір қылығы жаққанға?
Оқалы тон тола ма,
Ар-ұятын сатқанға?(А б а й).
Жылағанда көзіме
Қанды жасым тола ма?
Тауға біткен бәйшешек
Қураса, бір күн сола ма? («Алпамыс»)
Сұраққа жауап алу мақсатымен емес, кісінің сезімін қоса хабарлау үшін жұмсалатын сұраулы сөйлемдерді жұмсай білу керек. Олар - кісінің ойын мәнерлі түрде әсерлі етіп айтудың өте ұтымды амалы. Мысалы: Сіз де келеді екенсіз-ау? деген сұраулық интонациямен айтылады. Оны айтқан кісі басқадан жауап күтпейді, тек біреудің келгеніне әрі қуанышын, әрі таңданғанын білдіреді. Өз балаңа сенбегенде, енді кімге сенесің? деген де жауап күтпейтін сұраулы сөйлем, мұны есіткен (не оқыған) адам сөйлеуші балаға сену керек деген ойды күшейтіп, бір түрлі кейіспен айтқанын аңғартады. Көркем әдебиетте жиі ұшырайтын шешендік күрделі орамдар үстемеленген сұраулы сөйлемдер түрінде де жұмсалады. Ол сұраулы сөйлем тізбектері басқа бір елеулі іс-әрекеттің, болмыстың себептері орайында жұмсалады. Мысалы, "Абай" романының бірінші кітабында жас Абайдың ақын-жыраулардан есіткен-білгеннеп алған әсерін М.Әуезов былай суреттейді: Тілі ұғымды, өмірі таныс болғаннан ба, немесе Барлас пен Байкөкшенің кезектеп айтқан жырларының кейде шырқаған, кейде қалқып баяулаған, кейде лекітіп соқтырып, ескектете желген әнінен бе, бебеу қақкан қоңыр, майда, баяу домбырадан ба, қалайда болса Абай бұл күнге шейін өмірде дәл осы Барлас, Байкөкше баян еткен дастан, жырларға барабар ешнәрсе есітпеген сияқты болды.
4. Бұйрықты сөйлемдердің де мазмұны біркелкі бола бермейді. Олардың әр түрлі болу себебі бұйрық қалай, қандай жағдайда, қандай мақсатпен айтылғанымен байланысты. Сонысына қарап бұйрықты сөйлемдердің интонациясы, баяндауыштарының құрамы, сөйлемде орналасу тәртібі әр түрлі болады. Мысалы: 1. Шыныңды айт! 2. Шыныңды айтшы. 3. Шыныңды айта ғой! 4. Шыныңды айтуың ғой. 5. Шыныңды айтсаң болмас па еді. Бұл сөйлемдердін, мағыналары біріне-бірі жақын, негізгі баяндауыш қызметіндегі сөзі (айт) бәріне ортақ болғанмен, олардың мазмұны бірдей емес: бірінші сөйлем - қатаң бұйрықты, екінші - тілекті, үшінші - жалынышты, төртінші - өкінішті білдірсе, бесінші сөйлем оның үстіне наразылықты білдіреді. Ол сөйлемдердің осындай эмоциялық мағыналары баяндауыштардың құрамын түрлендіруден болып түр. Көзіме көрінбей жоғал! дегенді Жоғал көзіме көрінбей! деуге болады. Екеуі де - бұйрықты сөйлем. Бірақ екеуінің мазмұны бірдей емес: бірінші сөйлем жай кейіспен айтылған ойды білдірсе, екіншісі қатты ашумен кіжіне айтылған қатаң бұйрықты аңғартады. Сонысына лайық ол екі сӛйлем екі түрлі әуенмен айтуға тиіс. Көзіме көрінбей жоғал! - бәсең дауыспен, Жоғал көзіме көрінбей! - қатаң, көтеріңкі дауыспен айтылады. Бұйрықты сӛйлемдер сөйлеу тілі стиліне тән, олар диалог түрінде ықшам, кейде қаратпа сөзді болады. Осындай ерекшеліктеріне қарай, бұйрықты сөйлемдер бірнеше мағыналық топқа бөлінеді:
1. Қатал бұйрықты: - Өшір үніңді(Ә.Сәрсенбаев). Жоғал көзіме көрінбей! (С.Ерубаев). - Көрсетпе көз жасыңды! (М.Әуезов).
2. Солғын бұйрық: - Қарындасым, ондай өтірікті айтушы болма! (Ә.Әбішев). - Кәне, жігіттер, аттарыңды қамаңдар! (С.Мұқанов).
3. Тілек, өтініш мәнді бұйрық: - Балам, жөніңді айшы! (М.Әуезов). - Келші, қалқам, менің қасыма отыршы!Бір ауыз ғана сөз айтайын, қатар отырып тыңдаңыздаршы! (Ә.Әбішев).
4. Сес көрсету, қорқыту мәнді бұйрық: - Қәне, тіл алмай көрші. -Кәне, осы баланың бәйгесін бермей көрші!(Ғ.Сланов). - Менсіз сол үйге барып көрші!
5. Өсиет, үндеу мәнді бұйрық: - Темірді қызған кезде соқ. Жаманнан без, жақсыдан үлгі ал. Жолдастар, егіннен мол өнім алатын болыңдар! Сыр сандықты ашып қара, Ашып қара, сырласым! Сым пернені басып қара, Басып қара, жырласын!(С.С е й ф у л л и н ) Осылардың бәрі - бұйрықты сөйлемдердің түрлі стильдік қызметте жұмсалуының мысалдары. Олардың сондай айырмашылықтарын дұрыс танып, әр түрін өз орнында пайдалана білу керек.
3. Лепті сөйлемдер кісінің таңырқау, таңдану, қайғыру, аяу, арман ету сияқты көңіл -күйін, сезімін білдіру үшін көбінесе көркем әдебиетте жұмсалады. Лепті сөйлемдер құрамында әдетте одағайлар болады және олар көтеріңкі дауыспен айтылады. Лепті сөйлемдердің негізгі мағыналық топтары мыналар:
1 Таңырқау : - Қандай тамаша! Қандай ақылды адам! Тіпті, ғажап қарқын? (Ғ.Мұстафин). Айналаңа қарашы! Дүние қандай сәнді! (Ғ. Сланов). Жеріміз біздің неткен бай!.. (X.Ерғалиев).
2. Т а ң д а н у:
- Пай-пай, мына аттың жүрісін-ай!
- Ой, қандай сүйкімді үн!
- Мынау не деген тамаша көріністер! (С.Шаймерденов).
- Апырай, желісінің қаттысын-ай!'(Ғ.Мүсірепов).
3. Қ а й ғ ы р у, қ о р қ у:
- Апыр-ай, аман болғай-ақ та! (Ғ.Мүсірепов).
- Құлады-ау! құлайды-ау? (Ғ.Мүстафин).
4. А я у, ж а н ы а ш у:
- Ой, байғұс бала-ай! Қарадай баламды тағы шырылдатты-ау, қан ішер Майбасар! (М. Әуезов). - Апырай, аман болғай-ақ та! (Ғ.Мүсірепов). - Әй, мынаны-ай! Кетеді-ау!(Т.Нұртазин).
5. Арман ету, к ө к с е у:
- Әттең, осылардың бәрі де біздің ауылда өсетін болса!(С.Шаймерденов). Мына көгалға бауырыңды төсеп жатсаң!
- Па, шіркін, мына атқа мінер ме еді!
6. Ө к і ну:
- Қап, астықты кеше жипап алмаған екенбіз де! Әттеген-ай, кеше есте болмапты-ау! - Қап, мен де барсамшы!
- Жиналысты кеше шақыру керек еді ғой!
- Қолыңыздан келмейтін балса, айтуыңыз керек еді ғой!(М.Иманжанов).
7. Қ о р қ у, с е с к е н у:
- Ойбай-ай, ана бала кұлайды-ау! (Т. Нұртазин).
Осы мысалдардан лепті сөйлемдердің мазмұны кісінің әр алуан сезімін, көңіл күйін білдіретінін аңғаруға болады. Стилистика ғылымы тұрғысынан сөйлемдердің мұндай эмоциялық мағыналарын түсініп жұмсай білудің үлкен мәні бар. Мұндайда сөйлемді лепті етуге себепкер болатын одағай сөздердің мағыналарын айырып, басқа сөздермен мағыналық байланыста жұмсай білу керек. Оның үстіне лепті сөйлемде айтылатын ойдың қандай эмоциялы сезімде берілгенін білген жөн.
Әдебиеттер
1. Балақаев М. Қазақ тілінің мәдениеті. Алматы. 1988
2. Мұсабекова Ф. Қазақ тіліндегі зат есім стилистикасы. Алматы.1976.
3 Серғалиев М. Синтаксистік синонимдер. Алматы, 1981.
4 Шалабай Б. Көркем әдебиет стилистикасы. Алматы, 2000.
5 Әміров Р. Ауызекі сөйлеу тілінің синтаксистік ерекшеліктері. Алматы, 1977.
6. Клюев Е.В. Речевая коммуникация. Москва, 2002
7.Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас. Алматы, 2005.
8. Формановская Н.И. Речевой этикет и культура общения. Мосва, 1989.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Хабарлы сөйлемдердің стилистикалық қызметі
2. Сұраулы сөйлемдердің стильдік қызметі қандай?
3. Риторикалық сөйлемдердің ерекшелігі неде?
3. Бұйрықты сөйлемдер интонациялық ерекшелігін атаңыз
4. Лепті сөйлемдердің мағыналық топтарын атаңыз