Тақырып бойынша сұрақтар:
Буын дегеніміз не?
Буынның жазылу ерекшелігі.
Тіліміздегі сөздердегі буынның дыбыстық құрамы.
Буынның алмасуы.
Пайдаланылған әдебиеттерәдебиеттер
1. Артыкова Т.М., Искакова С.С.Қазақ тілі: Оқу құралы, Нур-принт, 2016.
2. Салқынбай А.Б., Жұмағұлова А.Ж.,
Иманқұлова С.М., Рысбай Б.Қ., Егізбаева Н.Ж. Қазақ тілі: оқу құралы. – 332 б. 2015.
3.Б.М. Сұлтанова. М.Ш. Тойғанбекова, Ж.С. Рақыш. Қазақ тілі. –Алматы, 2015. – 311 бет
4.Ж.Ә. Адрахмановна. Қазақ тілі. Алматы, 2015
5.Мырзабеков С. Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы. Зият Пресс, 2006.
6.Жұбанов А.Қ.Қолданбалы лингвистика : Формалды модельдер. Қазақ университеті, 2006.
7.Молдабек Қ., Ермекбаев М. Қазақ тілі : Фонетика. Лексика. Шымкент, 2001.
8.Жүнісбек Ә. Қазақ фонетикасы, Арыс, 2009.
9.Мырзабеков С. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі, Сөздік-Словарь,1999
№ _8__ тақырып
Дыбыстардың үндесуі
Дәріс жоспары:
Дыбыстардың үндесуіндегі ерекшеліктер.
Дыбыстардың акустика-артикуляциялық сипаттары.
Дыбыстардың алмасуы.
Мазмұны
Адамның тілі – дыбыстық тіл. Біз өз ойымызды осы дыбыстардың тіркесі, тізбегі арқылы білдіреміз. Дыбыстардың өзара тіркесуінде әр тілдің өзіне ғана тән белгілі бір қалыптасқан заңдылық, жүйе болатыны айтылды. Морфемалардың бірыңғай жуан не жіңішке буынды болып және олардың аралығында қатар келген дыбыстардың біріне-бірі акустика-артикуляциялық жақтан бейімделіп, үйлесіп тұруын дыбыстардың үндесуі немесе үндестік заңы дейміз.
Фонетиканы жақсы меңгеру арқылы қазақ тілінің үндестік заңын аңғаруға, айқындауға болады. Мәселен, қазіргі қазақ тілінде түбір мен қосымшаның немесе сөз бен сөздің арасында қатаң қ, к, п дыбыстарының дауыстылармен (сондай-ақ үнді, ұяңдармен де) қатар тұру мүмкіндіктері жоқ деуге болады. Ал морфемалардың құрамында бұлар қатар тұра да, айтыла да береді: апа, әке, ақыл, - еке (Асеке, Қалеке, басеке). Мұны тарихи дамудың нәтижесі деп түсіну керек.
Әсіресе морфемалардың аралығында (мұны жігінде, жапсарында деуге болады) қатар келген дыбыстар (буындар) бір-біріне әсте немқұрайлы қарай алмайды, олар акустика-артикуляциялық жақтан үнемі бір-біріне жуықтап, өзара үйлесіп, тіл табысып тұрады. Қазақ тілінде көбіне алдыңғы дыбыс (буын) өзінен кейінгі дыбысқа (буынға) ықпал етіп, игереді. Мұны тіліміздегі қосымшалардың көп вариантты болып келуінен көруге болады. Мәселен, бір ғана көптік жалғауы тоғыз вариантта ұшырайды. Оның аталуы (-лар, - лер, -дар, -дер, -тар, -тер) орфографиялық норма болып есептеледі де, қалған үшеуі айтуда ғана кездеседі. Олар: -лөр, -дөр, -төр. Бір жалғаудың бұлайша көп вариантта болып келуі сөздің соңғы буынына және дыбысына байланысты болады да, тіліміздің тарихи дамуының нәтижесі түрінде танылады.
Қазіргі қазақ тілінде түбір мен қосымшаның аралығында қатар келген буындар мен дыбыстардың өзара үйлесімі, яғни тілімізге тән негізгі үндестік заңдар төмендегідей:
1. Түбірдің соңғы буыны жуан болса, оған жалғанатын қосымшалар да жуан буынды болады: мал-шы-лық-та, инс-титут-тар-дың, қала-лық-тар-ға, республика-мыз-дың, жылқы-лар-ымыз.
2. Түбірдің соңғы буыны жіңішке болса, оған жалғанатын қосымша да жіңішке буынды болып келеді: мек-теп-тер-ің-ді, кел-тір-ің-дер, пионер-лер-дің, қате-лік-тер-ді, мұғалім-дер-ге.
3. Түбірдің соңғы дыбысы дауысты не үнді болса, оған жалғанатын қосымшалар ұяң не үндіден басталады: бала-лар, бала-ға, бала-мен, бала-да, жел-дің, жел-ге, жел-мен.
4. Түбірдің соңғы дыбысы ұяң болса, қосымша ұяңнан басталады: қаз-дар, қаз-ға, мұқтаж-дық, уәж-дер, уәж-ге, уәж-ді, уәж-ден.
5. Түбірдің соңғы дыбысы қатаң болса, қосымша тек қатаңнан басталады: мақсат-қа, мақсат-пен, университет-те.
Бұл заң әсіресе түбір мен оған жалғанатын жалғаудың арасында жақсы сақталады. Ал жұрнақтар туралы бұлай деу бір жақтылау болып шығады.
Қысқасы, морфемалардың бірыңғай жуан немесе жіңішке буынды болып келуі және олардың аралығында қатар келген дыбыстардың бір-біріне акустика-артикуляциялық жақтан бейімделіп, үйлесіп тұруын дыбыстардың үндесуі не үндестік заңы дейміз.
Дыбыстардың үндесуі немесе үндестік заңы қазақ тілі фонологиясының ең өзекті мәселелерінің біріне жатады. Дыбыстардың акустика-артикуляциялық сипаттарын нақты білгенде ғана бұл заңдылықты жақсы аңғаруға және түсінуге болады. Олай болса, тіліміздегі дыбыстарды дауыстылар және дауыссыздар деп бөлу, оларды сан және сапа жағынан айқындау, әр дыбысқа тән белгі-қасиеттерді мұқият оқып, үйрену – алдымен осы дыбыстардың үндесу заңдылықтарының сырын, сипатын білу үшін, айқындау үшін қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |