89. Қазақстаның қауіпсіздік бойынша халықаралық және аймақтық ұйымдармен ынтымақтастығы нәтижелеріне баға беріңіз Қазақстан іргелес бес елмен 14 мың шақырымнан астам әлемдегі ең ұзақ құрлық шекараларын алғаш рет әлемдік тәжірибеге сай халықаралық шарттармен бекітіп, көршілес және әлемнің жетекші елдерімен достық және өзара пайдалы ынтымақтастық қатынастарын құрды. Бүгін еліміз 140-тан астам мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Қазақстанның шетелдерде 70-тен астам дипломатиялық миссиялары, кәсіби дипломаттарының жеткілікті саны бар. Шетелдермен белсенді ынтымақтастықтың нәтижесінде мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде 3 мыңнан астам әр түрлі салалардағы халықаралық шарттар жасалды.
1992 жылы ерікті түрде ядролық қарудан бас тартып және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Елбасының халықаралық бастамаларының арқасында қарусыздану үдерісінің және жаппай қырып-жою қаруын таратпаудың белсенді жақтаушысы бола отырып, Қазақстан әлемнің жетекші ядролық державаларынан халықаралық қауіпсіздік кепілдіктерін алды.
Қазақстанның әлемдегі қуаты жағынан 4-ші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқанына екпін түсіре келіп, өзге елдерді осы үдерістен үлгі-өнеге алуға шақырды. Осындай жағдайда, яғни бүгінгідей дағдарысты кезеңде ядролық қарудың лаңкестердің қолына түспеуінің маңызы зор. Қазақстан ядролық терроризм актілерімен күрес жөніндегі жаһандық бастамаға белсенді қатысушы болып табылады. Бұған елімізде соңғы жылдары өтіп келе жатқан «Атом-антитеррор» жаттығулары мен ядролық материалдарды физикалық қорғау жөніндегі халықаралық конференция ұйымдастырылғаны дәлел бола алады.
2010 жылғы сәуірде Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит барысында АҚШ президенті Б.Обама Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевты «халықаралық ядролық қаруды таратпау үдерісінің көшбасшысы» деп атады.
Шығыстағы ұлы көршіміз – Қытай Халық Республикасымен барлық бағытты қамтитын стратегиялық ынтымақтастық қатынастарды нығайту Қазақстан сыртқы саясаты сындарлылығының айғағы. Жаһандық ықпалы арта түсіп отырған осы елмен екіжақты сауда-экономикалық байланысты тереңдету арқылы еліміз әріптестік әлеуетін өз мүддесіне пайдалануда.
Стратегиялық әріптестік дәнекерлері Қазақстанды Америка Құрама Штаттарымен байланыстыруда. Бұл факт екі ел президенттерінің 2006 және 2010 жылдарғы Біріккен мәлімдемелерінде көрініс тапқан. Өзара қызметтестіктің қол жеткізілген деңгейі өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ядролық қаруды таратпау режимін бекіту, халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұру, энергетикалық тепе-теңдікті сақтау мәселелеріндегі өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтастыққа негізделуде.
Тәуелсіздіктің барлық жылдары ішінде Еуроодақпен белсенді саяси үнқатысу сақталуда. «Еуропаға жол» Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесінде Қазақстан негізгі Еуропа мемлекеттерімен ынтымақтастықты әріптестіктің аса жоғары деңгейіне шығара алды. Еуроодақ елдері бүгін Қазақстанның әлемдегі басты сауда және инвестициялық әріптесі болып табылады. Елдің индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыру мақсатында ЕО елдерінен озық техниканы және технологияларды тарту Қазақстанның сөзсіз жетістігіне айналды.
Қазақстан ЕО-ның берік және жауапты энергетикалық әріптесі болып қалуда. Қазақстан Еуропаға қуат көздерін жеткізуде ОПЕК-ке кірмейтін елдер ішінде Ресей мен Норвегиядан кейін үшінші орын алады. Еуропалық әріптестерге көпжақты немесе екіжақты пішінде «Қазақстан – ЕО: 2020» Энергетикалық хартиясын дайындау және қабылдау жөнінде ұсыныс жасалды. Біздің Еуропа елдерімен көпқырлы ынтымақтастығымыз ҚР мен ЕО арасындағы жаңа арқаулық келісімде көрініс табуы қажет.
Еуропалық бағытта қол жеткізілген табыстар Қазақстан сыртқы саясатының азиялық векторын күшейту туралы шешім алуына мүмкіндік берді. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан Орталық Азиядағы өз ұстанымдарын нығайтты. Отанымыз өңірлік экономиканы белсенді инвестициялау мен қазіргі кездегі сынақтар мен қатерлерге бірге қарсы тұруда Орталық Азия елдерінің күш-жігерін біріктіру бойынша саясат жүргізуде. Қауіпсіздік, су-энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану, еңбек миграциясы проблемалары мен өңір өмірінің басқа да өзекті мәселелері назарымыздан тыс қалмақ емес.
Қазақстан аумағынан халықаралық терроризм, есірткі трафигі, діни экстремизм қатерлері шығатын Ауғанстанның тұрақты және орнықты дамуына мүдделі. Елімізде ауған жастарын оқыту үшін 50 млн. доллар бөлу жөніндегі бастаманы қоса алғанда, Қазақ-
станның ИРА-ға гуманитарлық көмек көрсету туралы шешімі де әлемдік қоғамдастық тарапынан қанағатпен атап өтілді. ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында ұйымға мүше елдердің назарын Ауғанстан мәселесіне бұрып, оның тек аймақ мемлекеттеріне қатысты емес екендігін түсіндіріп, ортақ проблеманы бірге шешуге қатысты нақты ұсыныстар жасады.
Сыртқы саясат және дипломатия әрқашан да елдің әлеуеті мен қуатының көрсеткіші ретінде қала береді. Біз қарқынды дамып келе жатқан көпұлтты еліміздің мүдделеріне халықаралық аренада табысты өкілдік етудеміз.
Еліміздің жаһандық және өңірлік деңгейлердегі көпжақты құрылымдар жұмысына белсенді қатысуы халықаралық беделіміздің күшеюіне мүмкіндік беруде. Бұл ретте Қазақстан қызметі БҰҰ жарғысының мақсаттары мен қағидаларына сәйкес келетін халықаралық ұйымдарда ғана көрініп отыр.
БҰҰ мүшесі ретінде, өткен жылдар ішінде Қазақстан осы беделді көпжақты ұйымда көрнекті орынға ие бола алды. Қазақстандық бастамалардың бірқатарын әлемдік қоғамдастық қолдады, бұл еліміздің жағымды халық-
аралық беделінің қалыптасуына жәрдемдесті. Кейбіреулері ілгерілету кезеңінде тұр. Сөйтіп, Қазақстан БҰҰ Бітімгерлік күш-жігер қорын құруды, Жаһандық энергетикалық-экологиялық стратегияны қабылдауды ұсынды, «Жасыл көпір» кең ауқымды экологиялық бастаманы және бірқатар басқа идеяларды алға шығарды. Еліміздің жаһандық мәселелерді шешудегі нақты қадамдары мен сыртқы саясатының жетістіктерінің нәтижесінде 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланды. Бұл Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы саяси салмағының өсуі мен ширек ғасырдағы дипломатиясының жеңісі.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары аймақтағы қауіпсіздік проблемаларын шешу БҰҰ Бас Ассамблеясында Азиядағы өзара келісім шаралары жөніндегі кеңес құру туралы бастама көтеріп, аймақтағы жетекші 16 мемлекеттің басшыларын жинап, оның Алматыдағы алғашқы саммитінде, соғыс алдында тұрған Үндістан мен Пәкістан басшыларын дөңгелек үстел басына отырғызып, қақтығыстық жағдайды алдын алуға мүмкіндік берді. Қазақстан сол кезде ұйымның жұмысына қарқын беруінің арқасында бүгінде ауыз толтырып айтарлық табыстарға қол жеткізуде. Бүгінгі таңда әлемдік қоғамдастық еліміздің бұл бастамасын Азиядағы қауіпсіздік проблемалары бойынша үнқатысу мен консультациялар өткізу, пәтуа негізінде шешімдер қабылдау және нақты шараларды іске асыру үшін бірегей мемлекетаралық алаң ретінде қабылдауда.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалық және 2010 жылы Астанада осы ұйымның Саммитін өткізу қазақстандық дипломатияның ең ірі жетістіктерінің бірі болды. ЕҚЫҰ-дағы төрағалық Отанымыздың жылнамасына жарқын тармақ болып мәңгілікке енді, ал Астана саммиті XXI ғасырдың бірінші онжылдығындағы ең ірі халықаралық оқиғалардың біріне айналды. ЕҚЫҰ-ның құлдырап бара жатқан қызметін жаңа сатыға көтерді. Қазақстан ЕҚЫҰ-да посткеңестік елдердің ішінен және Орталық Азия республикалары арасынан алғаш төраға болған ел болғандықтан, ұйымның жұмысын жетілдіріп қана қоймай, оның және мүше мемлекеттердің көңілін аймақ мәселелеріне бұрып, өңірде көптен бері қордаланып қалған, күрмеуі қиын, барлығына ортақ сұрақтарды шешуге бұрғаны белгілі.
Қазақстаның 2010-2011 жылдардағы Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығы табысты болды. 2011 жылғы 15 маусымда Астанада өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің мерейтойлық отырысы елімізді шырқау биікке көтерді. Саммит қорытындылары сыртқы саясаттың жаһандық және өңірлік мәселелерін шешудегі Қазақстаның ролі мен орнын одан әрі жоғарылата түсті.
2011 жылғы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымындағы төрағалығы аса үлкен табыспен өткені баршамызға белгілі. Қазақстан ұйымның жұмысына жаңа серпін беріп, ЕҚЫҰ-дағы табысты төрағалығының жеңістерін пайдалана отырып, ислам әлемі елдеріндегі қордаланған мәселелерді орнынан қозғауға барынша атсалысқаны белгілі. ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің Астанадағы кездесуі мұсылман қоғамдастығы үшін сол кезеңдегі ең ірі саяси оқиға қатарында есте қалды. Төрағалық барысында ислам әлемі мен Батыс арасындағы үнқатысуды кеңейтуді қоса алғанда, бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бергені белгілі.