85. Түркі әлемі интеграциясының бүгінгі бағыттарын тұжырымдаңыз Әдетте, түркі интеграциясы туралы сөз еткенде «неге одақ құрмаймыз? Неге НАТО тәрізді ортақ әскери альянс жасақтамасқа? Ортақ әліпбиіміз неге жоқ? Сауда-экономикалық бірлестік құруға болмай ма?» деген тәрізді сансыз сауал қоятын азаматтар кездеседі. Сырт көзге заңды сауал тәрізді болып көрінгенімен, іс жүзінде 1 000 жылға жуық уақыт бұрын бір-бірінен ажырай бастаған, түркі тілдері тобының өзінде қыпшақ, қарлұқ, оғыз тілдері тармағына бөлініп, жеке-жеке этносқа айналған, мәдениеті мен салтында, дүниетанымында түрлі айырмашылығы бар халықтарды бірден біріктіру оңай іс емес. Әрі түркі халықтарының ежелгі бәсекелестері Қытай, Иран тәрізді мемлекеттер орналасқан аймақта, Ресейдің де ықпалы жоғары өңірде бірден саяси-экономикалық, әскери одақ құру мүмкін емес. Тіпті, тәуелсіз 6 түркі мемлекетінің негізін қалаған халықтардың өзі рухани тұрғыда мұндай одаққа даяр емес болатын. Оған жағрафиялық және геосаяси жағдайды қосыңыз. Демек, бауырлас халықтар интеграциясында алдымен бір-бірімен қайта танысу, табысу процесі алдыңғы қатарға шығуы тиіс еді. Сол себепті Нұрсұлтан Назарбаев түркі интеграциясына қатысты түрлі ұйымдардың құрылуына ықпал етті. Сөйтіп, Бакудегі Түркі мәдениеті және мұрасы қорынан басқа барлық интеграциялық ұйымдардың құрылуына түрткі болды. Назарбаевтың бастамасымен 1993 жылы TÜRKSOY, 2008 жылы Түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясы (ТүркПА), 2009 жылы Нахчыванда Түркі кеңесі, 2010 жылы елордада Халықаралық Түркі академиясы құрылды. Түркістан қаласында 1991 жылы ашылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті де Елбасының осынау интеграцияны алдымен мәдени-гуманитарлық, білім-ғылым арқылы бастауды көздегенінің айғағы. Яғни, бауырлас халықтардың интеграциясында Қазақстан байсалды саясат ұстанып келеді. Интеграцияға байланысты асығыс шешімдердің қабылдануына ешқашан жол берген емес. Сөйтіп, 30 жыл ішінде түркітілдес елдердің байланысын жаңа деңгейге шығара білді. Осы тұста атап өтетін бір жайт, Қазақстан тамырлас халықтардың ынтымақтастығына мәдени-рухани серпін беретін қадамдарды ешқашан назардан тыс қалдырған жоқ. Тіпті, көне дәуірлердің жәдігерлерін де тұрақты түрде жаңғыртып келеді. Мәселен, 2001 жылғы 18 мамырда Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ғимаратына Күлтегін ескерткішінің көшірмесі әкелінсе, 2012 жылғы 22 ақпанда Халықаралық Түркі академиясы Анкараның Алтындағ ауданындағы «Түркі әлемі: Тоныкөк саябағы» аумағына Білге Тоныкөк жазба ескерткішінің көшірмесін орнатты. Ал 2018 жылы Қазақстанда Түркістан облысы құрылды. Сол жылғы желтоқсанда Зырян қаласының атауы өзгертіліп, шаһар Алтай деп атала бастады.