Ішкі секреция бездерінің физиологиясы тірі ұлпалардың арнайы затты – гормондар немесе инкрет – өндіріп, бірден қанға бөлуін зерттейді. Гормондар әр түрлі жолдар арқылы ағзаның тіршілік қызметін реттеуге қатысады. Олар жүйке жүйесімен бірігіп тұтас нейрогуморалдық реттеу механизмін түзіп, физиологиялық функцияларға әсер етеді. Ішкі секреция бездерге жататындар: гипофиз, эпифиз, ұйқы безі қалқанша без, бүйрек үсті бездер, жыныс бездері т. б. Гормондар ағзаның өсу және даму процестерің, зат және энергия алмасу процестерің реттеуге, организмнің барлық физиологиялық қызметінің үйлесімділік процесіне қатысады. Сонғы жылдары гормондарының тұқым куалау ақпаратының берілуі механизміне қатысы бар екені дәлелденді.
Дайындалуға арналған сұрақтар
1. Адреналин қайда пайда болады және оның физиологиялық әсері қандай?
2. Гипофиздін қай бөлігінде қандай гормондар бөлінеді?
Жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар: бақа, препарат жасауға арналған құралдар, сағат шынысы (2), 1:10000 адреналин ерітіндісі (Рингер ерітіндісіндегі), көзге тамызғыш түтікшелер, ақ қағаздар.
Жұмыстын барысы: тәжірибе жұлын және бас миын зақымдалған бақаға жасалады. Көзді кесіп алу үшін (энуклеация) бақаның ауыз қуысына сол қолдың сұқ саусағын кіргізіп, көз сүйегі аймағын итерсе, көз ұясынан шыға көтеріледі. Сол кезде кішкене қайшыны еппен көз ұясына енгізіп, коньюктиваны көзді айналдыра қияды, сонан соң көздің артындағы тамырлар мен жүйкелерді кесіп, көзді ұясынан шығарып алады.
Алынған көздердің әрқайсысын бөлек сағат шынысына орналастырып, үстінен Рингер ерітіндісін құйып, табиғи немесе жасанды жарық жақсы түсетін жерге қояды. Сағат шыныларының астына ақ қағаз төсейді. Қарашықтың көлемін сызғышпен өлшеп, бастапқы мөлшерін жазып қояды.
Сонан соң көз салынған сағат шынысының біреуін салыстыру үшін алып қояды да, екіншісіне 1:10000 мөлшерде ерітілген 1 тамшы адреналин тамызады.
20 минуттай уақыт өткен соң өзгерісті бақылайды. Рингер ерітіндісіне салынған көз өзгеріссіз қалады да, адреналин тамызылған көздің шарасы үлкейеді (көздің көлемін өлшеу керек).
Адреналиннің (1: 3 000 000) төменгі концентрациялы ерітіндісі де бақаның көзіне әсер етеді.
2 зертханалық жұмыс. Бақаның пигментті торшаларына гормондық заттардың әсері
Жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар: бақа, 1 мл шприц, ампуладағы адреналин және питуитрин ерітінділері, беті дәкемен жабылған 0,5–1 литрлік үш шыны ыдыс,
Жұмыстын барысы: терісінің түсі бірдей 3 бақаны таңдап алады. 1-ші бақаның арқасындағы лимфа қапшығына 1:1000 қатынастағы 0,5 мл адреналин, 2-ші бақаға 0,5 мл питуитрин егеміз, 3-ші бақаны салыстыру үшін қалдырып қоямыз. 5–8 минут уақыт өткен соң адреналин егілген 1-ші бақаның терісінің түсі ағарады, 30–40 минут өткен соң питуитрин егілген 2-ші бақаның терісінің түсі қараяды (бұл 1–2 күнге дейін сақталуы мүмкін). Терінің түсінің өзгеруі терінің пигменттік торшалары – меланофордың кеңеюі немесе тарылуына байланысты. Адреналин тері меланофорын тарылтады, да оның ақшылдануына әкеліп соғады. Керісінше, гипофиздің аралық бөліміндегі меланофорлық гормон питуитринге қосылып меланофордың кеңеюіне әсер етеді де, терінің түсі қараяды.
Шығармашылық тапсырмалар:
1) тәжірибенің жасалу әдісі мен қорытындысын қысқаша жазу керек;
2) ішкі секреция бездерінің жекелеген бездерін зерттеу үшін зат алмасудағы гормондардың роліне назар аударып, гормондардың физиологиялық ролін кесте түрінде сызып алуды ұсынамыз;
3) жыныстық бездердің құрылымдық-функциональдық жетілуінен бұрын біріншілік және екіншілік белгілер дами бастайды. Сонымен қатар балаларда паталогиялық ерте жыныстық жетілу жағдайлары білінуі мүмкін. Сонда да жыныстық бездер қызметтік жағынан алғанда әлі жетілмеген. Нұсқалған мүмкіншілктердің себебі неде.
Студенттердің өздік жұмысы (СӨЖ ) тақырыптары:
1) қалыпты жүктіліктің өтілуінде прогестерон қандай мағынаға ие;
2) окситоцин гормоны қандай әрекетті иемденеді және оны қандай гормон өндіреді? Босану акт кезінде осы гормон қандай мағынаға ие;
3) адамның жыныстық жетілуі және жасөспірімдердің жыныстық тәрбиелеудің ерекшеліктері.
Ішкі секреция бездерінің физиологиясы тарауы бойынша рефераттар тақырыбы
1. Ағзадағы гуморальды реттелу, оның орталық жүйке жүйесінің (ОЖЖ) байланысы және оған тәуелділігі.
2. Гормондар, олардың қасиеттері және маңызы.
3. Гормондар, олардың қызметінің механизмі.
4. Гипоталамо-гипофизарлық жүйе, олардың маңызы.
5. Аденогипофиз және оның гормондарының физиологиялық қызметтері.
6. Нейрогипофиз, оның гипоталамуспен байланысы.
7. Нейрогормондардың физиологиялық әрекеттері.
8. Қалқанша без және оның гормондарының физиологиялық қызметі.
9. Бүйрекүсті безі, оның гормондары және олардың физиологиялық қызметтері.
10. Ұйқы безінің эндокриндік қызметі, оның гормондарының физиологиялық ролі.
11. Көмірсулар алмасуы және оны реттеу.
12. Май алмасу және оның реттелуі.
13. Ақуыз алмасуы және оның реттелуі.
14. Ішкі секреция бездері мен Д дәруменінің қандағы Са және Р тұрақтылығын сақтаудағы ролі.
15. Бейімделу реакциясындағы гипофиздің, бүйрекүсті қыртысы безі және басқа да бездердің атқаратын қызметі.
16. Су-тұз алмасуы және оның реттелуі.
17. Гуморальдық реттелуі және ұрықтану
18. Қандағы қант мөлшерінің салыстырмалы тұрақтылығын реттеу механизмі.
19. Асқазан-ішек жүйесінің гормондары және оның физиологиялық маңызы.
20. Жүрек-қан тамырлар қызметтерін реттеудегі гормондардың ролі.
21. Сүт түзілу және сүт бөлу механизмінің реттелуі.
Рефератты орындау үшін материалдар ұсынылған Әдебиетден алынады. Орындауға 1–2 апта уақыт беріледі. Реферат көлемі қолмен жазылса 10–15; компьютерде 10–12 бет болады. Компьютерде жазғанда текстің беттегі көркемдеулер, кестелер А–4 өлшемді бетте жазылуы тиіс. Тексті тергенде сол жақ – 30 мм, оң жақ – 10, жоғары жағы – 20, ал төменгі жағы – 20 мм-ден кем емес; шрифт көлемі 14, болуы керек, нөмерлеу оң жақ жоғары бұрышында нүктесіз қойылады.
Рефераттың аттестациясы:
1) Баға қою үшін рефератқа қойылатын талаптар;
2) Тақырыпты құрастыру дәрежесі;
3) Ғылыми әдебиетті қамту;
4) Рефератты жазудың теориялық дәрежесі;
5) Ғылыми негізде дұрыс қорытынды жасау.