5.2 Ерітінді теориялары.Заттар ерігенде жылу құбылысының байқалатынын білеміз. Бір заттар еріген кезде ерітінді қызады, ал басқа заттар ерігенде ерітінді салқындайды. Мысалы, натрий гидроксиді, күкірт қышқылы суда ерігенде өте көп жылу бөлініп, ерітінді қайнап кетеді, яғни бұл экзотермиялық процесс ). Ал аммоний нитраты еріген кезде ерітінді салқындайды, бұл эндотермиялық процесс ). Демек, заттар суда еріген кезде олар су молекуласымен химиялық әрекеттеседі, нәтижесінде түзілген қосылыс гидрат деп аталады. Еріткіш басқа тұз болса, онда сольват түзіледі. Бұл жағынан алғанда ерітінді химиялық қосылысқа ұқсайды.
Еріген кездегі жылу құбылысы мен гидраттар түзілуіне сүйеніп орыстың ұлы ғалымы Д.И. Менделеев ерітіндінің химиялық теориясын ұсынды. Ол ерітінділерге арналған орасан зор жұмыстар жүргізген. Соның нәтижесінде «Ерітінділерді олардың тығыздығы арқылы зерттеу» деп аталатын еңбек жазған. Сол кітапта Д.И. Менделеев былай дейді: «Ерітінді негізінде еріткіш пен еріген зат арасындағы химиялық әрекет жатыр». Ол күкірт қышқылының және басқа заттардың гидраттары бар екендігін дәлелдеді. Сонымен, химиялық теория ерітіндіде еріген зат пен еріткіш молекулалары арасында химиялық реакция жүретінін көрсетеді. Шындығында, қазіргі кезде заттар ерігенде донорлық - акцепторлық және сутегі байланысы –диполь – диполь және дисперстік әсер арқылы еріткіш молекулаларымен әрекеттесетіні анықталады. Заттар суда ерігенде осы әсер нәтижесінде түрлі гидраттар түзіледі. Мұндай гидраттар түзуге, әсіресе иондар ыңғайлы. Көпшілік жағдайда түзілген гидраттар тұрақсыз. Заттарды бөлген кезде ыдырайды. Кейде олар біршама тұрақтылық көрсетіп, бөлген кезде қатты зат құрамына су молекуласы енуі мүмкін. Мұндай заттарды кристаллогидраттар дейді. т.б.). Олардың құрамындағы суды кристалданған деп атайды. Сонымен, еру процесі - химиялық процесс. Бұл көзқарасты атақты кеңес ғалымдары Д.П. Коновалов, Е.А. Каблуков, М.И.Усанович, Н.С. Курнаков әрі қарай дамытты. Сұйық ерітінділер химиялық қосылыс пен механикалық қоспа арасынан орын алады. Ерітіндінің тұрақты құрамы жоқ және бөлген кезде еріген зат пен еріткішке ыдырап кетеді. Бірақ химиялық қосылыстар сияқты біртекті. Химиялық теориямен қатар, ерітіндінің физикалық теориясы да дамыды. Бұл тұрғыдан ерітіндіде ешбір химиялық әрекеттесу болмайды, еріткіш индиференттік орта, ал еру кезінде еріген зат бөлшектері бүкіл көлемге бірыңғай таралады деп түсіндірілді. Бұл теорияның негізін қалап дамытқан Вант-Гофф, Рауль, Аррениус еді. Д.И. Менделеев те физикалық теорияны жоққа шығармаған. Ерітінділердің қазіргі кездегі теориясы осы екі көзқарастың химиялық және физикалық жиынтығы болып табылады. Ерітінді физика-химиялық жүйе, ал еру физика-химиялық процесс. Сонда да ерітінділер теориясы түбегейлі шешілді деп айтуға болмайды. Осы бағытта орасан зор жұмыстар жүргізілуде.