Трафареттік басылым машиналары. Трафареттік басылым әдісімен басу үшін әртүрлі трафареттік басу машиналары қолданылады. Оларды түрліше белгілеріне қарай жіктеуге болады, мысалы:
а) басылушы материалдың түріне қарай - парақтық және рулондық материалдарға басу машиналары, көлемді бұйымдарға басатын машиналар;
б) операцияларды орындаудың механикаландырылу дәрежесіне қарай - қолмен жүргізетін станоктар, жартылай автоматты машиналар және автоматтар;
в) тағайындалулары бойынша - белгілі өнімді шығаруға мамандандырылған (радиосұлбаларды шығаруға, маталар мен қаптама қораптарға басу үшін) және әмбебап (қағазға, қатырмаға т.б. басу үшін) машиналар;
д) басу құрылғысының құрылымына қарай - тигельдік, жазық басылымдық және ротациялық машиналар.
Полиграфиялық өнімді басу үшін табақтық бір бояулы машиналар көбірек қолданылады, шын мәнісінде, олар басқа басылым әдістерінің машиналарындағыдай тораптардан тұрады. Бірақ трафареттік машиналардың олардан өзгешелігі, ең алдымен, басу құрылғыларының құрылысы мен жұмыс істеу принципінде, бұл құрылғылар тигельдік, жазық басушы және ротациялық типтерде болулары мүмкін.
Қазіргі трафареттік парақтық басу машиналары - автоматтар пненвматикалық қағаз бергіштен, басу құрылғысынан, сонымен бірге парақ шығарушы, құрғату және қабылдау құрылғыларынан жинақталынған ағынды желілер болып табылады. Бұл машиналардың қалыптары әртүрлі - 120х160см дейін және одан да үлкен.
Парақтық машиналардың өнімділігі әртүрлі факторлардан, алдымен, құрылысы мен пішімінен, баспа өнімінің сипаты мен басқа да жағдайлардан тәуелді, үлкен шекте ауытқып, 2,5-3,0 мың отт/с барады.
Трафареттік рулондық басу машиналары негізінен тоқыма өнеркәсібінде матаға басу, сирегірек қағазға, жұқа қатырмаға және пленкаларға басу үшін қолданылады. Олар жоғарыда қарастырылған машиналар жасалынған сұлбалар бойынша шығарылады. Түсқағаздарды, көшірме бейнелерді, жапырмаларды басу үшін ротациялық типтегі рулондық машиналар қолданылады.
Даярлық операциялары және басу. Трафареттік әдіспен әртүрлі материалдарға: қағазға, қатырмаға, маталарға, целлофанға, қаңылтырға, органикалық шыныға т.б. басады. Бұл материалдарды басуға даярлау технологиясы олардың қасиеттері мен бұйымның тағайындалымына байланысты.
Басылушы материалдардың алуан түрлілігіне және басылған өнімге қойылатын әртүрлі талаптарға сай кең ассортиментті трафареттік басу бояуларын қолданады. Олар бір-бірлерінен тек түстері, жабу қабілеттері, жылтырлығы бойынша ғана емес, сонымен бірге басылушы жазыққа тұтқырлық қасиеттеріне, пленка түзу механизмінің жылдамдықтарына және басқа да көрсеткіштеріне қарай ажыратылады.
Флюореценттік және металдандырылған бояулар кеңінен қолданылады. Түсқағаздарды сулы дисперсиялар түріндегі бояулармен басады. Өздерінің құрамдарына қарай бояулар катализатордың әсерінен қату арқылы бекиді. Бояулардың бетке жабысу жылдамдығы басудың басқа әдістеріндегідей, баспа-таңбалардың машиналарға орнатылған құрғату құрылғылары арқылы өту кезінде іске асырылады. Бояуды басуға басудың басқа әдістеріндегідей даярлайды.
Қажет болса, тұтас бояулардың оптикалық және басу-техникалық қасиеттерін реттестіреді немесе аралас бояулар даярлайды. Бояуларды араластыру үшін, олардың құрамдарына қарай, негізінен органикалық еріткіштер (уайт-спирт, циклогексанон т.б.) қолданады.
Трафареттік парақтық машина-автоматтарды басуға даярлау мыналардан тұрады:
- парақ беруші және қабылдаушы-шығарушы құрылғыларды даярлау, бұлар негізінен басқа басу әдістеріндегідей іске асырылады;
- басу құрылғысын даярлау - басу қалыбын орнату және алдын-ала сәйкестендіру, қалып пен басылушы материал арасындағы қуысты реттестіру. ракельді орнату және оның қысым мен көлбеу бұрышын реттестіру, бояу бергішке бояу толтыру және оның қалыпқа берілуін реттестіру;
- басу қалыбының жағдайын реттестіру арқылы іске асырылатын ақырғы даярлау;
- құрғату аппаратын даярлау - құрғату камерасындағы ауаның температурасын және ауа алмасу жиілігін реттестіру.
Даярлық операцияларын аяқтап, таралымдық материалда байқау баспа-таңбасын алады. Баспа-таңбаны бекіткеннен кейін таралымды басуға кіріседі. Сапалы баспа-таңба алудың қажетті шарттары: қалып пен басылушы материал араларындағы қуыстың тұрақтылығы, ракельдің басу қалыбының жүру ұзындығы бойынша қысымының тұрақтылығы, басу жылдамдығының тұрақтылығы, басылушы материалдық машинаның терең бетіне сенімді бекітілуі және баспа-таңбаларға бояудың бекуін қамтамасыз ететіндей құрғату режиімінің болуы.
Трафареттік басылым баспа-таңбаларында алынатын бояу қабатының қалыңдығы шығыңқы және жазық басылымда алынатын баспа-таңбалардағыдан ондаған есе көп және 30-100 мкм құрайды. Сол себепті бояудың баспа-таңбаларға тез бекуін қамтамасыз ету қиын және бұл басу құрал-жабдығының өнімділігін тежейді. Бояудың беку процесін жеделдету -трафареттік басылым проблемаларының бірі - қазір екі бағытта: тез бекитін бояуларды жасау және жоғарғы өнімді құрғату құрылғыларын шығару арқылы шешілуде.
Трафареттік басылымның елеулі кемшілігі - басылымның басқа негізгі әдістеріне қарағанда бейнелерді жаңғыртудың графикалық дәлдігінің төмендігі. Оның үстіне, реңдік бірбояулы бейнелерді жаңғыртуда ең көп эффект растрсыз процесті, яғни басылушы жазықтыққа бірнеше реңді бояуларды (бірнеше басу қалыптарынан) бірізділікпен жаққанда байкалады. Бұл реңдік көптүсті түпнұсқаларға да қажетті. Мұндайда бір түсті жаңғырту үшін 4-5 қалып даярлауға тура келеді.
Бірақ әртүрлі табақтық материалдар мен көлемді бұйымдарға басу мүмкіндігіне, құнының арзандылығына және қалыптық процестің технологиясының салыстырмалы қарапайымдылығына, сонымен бірге анық және қаныққан түсті бейнелердің алынуына байланысты трафареттік басылым мата, радиоэлектроника, химия өнеркәсіптері мен басқа да салаларда матаға, футболка, ойыншықтар, телевизорлардың алдыңғы қақпақтарына, автомобильдердің аспаптары мен панельдеріне, өлшеуші аспаптарға, қамтамаларға, жарнама плакаттарына, т.б. басу үшін кеңінен қолданылып келеді.
Полиграфия өндірісінде бұл тәсіл этикеткаларды, ашық хаттарды, маймен салынған суреттерден көшірме жасау, плакаттар, афишалар, жарнамалар, проспектілер, зағиптар үшін кітаптар шығару, мұқаба қаптамаларын жасау үшін қолданылады. Бейнеленген түпнұсқаны жаңғыртудың бейнелеушілік мүмкіндіктері трафареттік басылымда жазық офсеттік немесе ойыңқы басылыммен қосарлата қолданғанда едәуір артады.