Бюджет-салық саясатының мынадай бірнеше мақсаттары бар: 1.Экономикалық циклдің ауытқуларын қалпына келтіріп отыру. 2. Тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету. 3. Инфляцияның қалыпты жағдайында жұмысбастылықтың жоғары деңгейіне қол жеткізу.
Қалыптасып отырған экономикалық жағдаятқа (коньюнктура) байланысты бюджет-салық саясатын жүргізудің екі түрі бар: 1.Дискрециялық бюджет-салық саясаты. 2.Дискрециялық емес бюджет-салық саясаты.
Дискрециялық бюджет-салық саясаты – бұл үкіметтің арнайы шешімдері бойынша салық салуды, мемлекеттік бюджет сальдосын және мемлекеттік шығындар көлемін мақсатты бағытта өзгерту шараларынан тұратын іс-қимылдар. Саясаттың бұл түрін жүргізу барысында үкімет арнайы заңдар қабылдап, инфляция қарқынын, жұмысбастылық деңгейін, өнім көлемі мен төлем балансы жағдайын мақсатты түрде өзгертіп отырады. Дискрециялық бюджет-салық саясатының өзі екіге бөлінеді: 1. Ынталандырушы бюджет-салық саясаты(экспансиялық саясат немесе қазыналық экспансия) – бұл қысқа мерзімді кезеңде экономикадағы циклдік құлдырауды жою мақсатында мемлекеттік шығындарды арттыру, салық салуды төмендету немесе осылар арқылы біріктірілген құрастырма шаралардан құралған іс-қимылдар кешені. Басқаша, бұл белсенді фискалдық саясат деп аталады.
2. Тежеуші бюджет-салық саясаты (қазыналық шектеу) – бұл экономиканың циклдік дамуын тежеу мақсатында мемлекеттік шығындарды төмендету, салық салуды арттыру немесе біріктірілген құрастырма шаралардан құралған іс-қимылдар кешені. Демек, бұл енжар фискалдық саясат болып саналады.
Дискрециялық бюджет-салық саясатының құралдары: салық мөлшерлемесін өзгерту;
қоғамдық жұмыс жобалары;
халықты жұмыспен қамту.
Дискрециялық емес бюджет-салық саясаты – бұл үкіметтің арнайы шешім қабылдауын талап етпей, автоматты тұрақтандырғыштар арқылы мемлекеттік бюджеттің кірістері мен шығыстарының өздігінен реттелуін қамтамасыз ететін еркін іс-шаралар кешені.