63.XІІІ-XV ғғ. Қазақстан территориясындағы керуен жолдары, сауда және ақша айналысы туралы баяндаңыз Керуен жолдары– ежелгі дәуір мен орта ғасырларда Батыс Еуропа мен Шығыс елдерінің арасындағы сауда қатынастарының дамуына ықпал еткен аса ірі халықаралық қатынас жолдары.Шыңғыс хан шапқыншылығы Ұлы Жібек жолы бойындағы бұрынғы гүлденген қалаларды, отырықшы өркениетті күйретіп, сауда қатынасын әлсіретіп кетті. Байырғы Керуен жолдарының көптеген тармақтары құлдырауды басынан кешірді. 13 ғасырдың 2-жартысында ғана Керуен жолдары қайта жандана бастаған еді. Ұлы Жібек жолы мен оның тармақтары бойымен шығыс елдеріне саяхат жасаған еуропалық миссионерлер Джованни Плано Карпини (1245 – 47), Вильгельм Рубрук (1253 – 55) құнды географиялық мәліметтер жинап қалдырған. Осы жол арқылы Еуразия құрлығының ішкі бөліктеріне саяхат жасаған саяхатшы Марко Поло өткен. Ол Батыс Түркістанды «көшпелілер өте жақсы білетін солтүстік жолмен» кесіп өтіп, Шығыс Түркістанға Іле аңғары немесе Алакөл маңындағы Жоңғар қақпасы арқылы өткен. Кейінгі ғасырларда (1424 ж. Қытай мемлекеті солтүстік-батыс шекараларын жауып тастағанға дейін) Ұлы Жібек жолының Қазақстан мен Орта Азия арқылы өтетін тармағы басты Керуен жолдары болды. 14 ғасырда Моғолстандағы толассыз қырқысулар, Әмір Темір мемлекетінің ыдырауы Керуен жолдарының бағытын біршама өзгертті. Шығыс Азияға баратын жолдар енді Сібір арқылы өтетін болды. 15 ғасырдың аяғында Шығыс Азияға теңіз жолының ашылуы Орталық Азиядағы Керуен жолдарының маңызын әлсіретті. 16 ғасырда шығыс сауда керуендері Орталық Азияның қалалары мен Иасыға (Түркістан) қатынап тұрғанын тарихи деректер дәлелдейді. 17 – 18 ғасырларда Қазақстан жерінен өтетін Түркістан, Сауран, Қалмақ, Ноғай жолдары деп аталатын Керуен жолдары болды. Ұлы Жібек жолы мен оның тармақтары тек қана табиғат жағдайы қолайлы жерлермен өтіп қана қойған жоқ, сонымен қоса табиғаты аса қатал Бетпақдала шөлі арқылы да көптеген Керуен жолдары өткенін тарихи-топографиялық зерттеулер дәлелдейді. Кейінгі ғасырларда Ұлы Жібек жолының жеке тармақтары сауда қатынасынан гөрі жорықтар мен саяхат жолдары ретінде танымал болды. Бұған жолдың қазақ даласы арқылы өтетін бөлігінен тарайтын Хан жолы (Түркістан қаласын Шымкент, Тараз, Қарағанды, Ақмола, Көкшетау, Қызылжар өңірлерімен байланыстырған), Хиуа жолы (Маңғыстаудан Хиуа баратын жол), Абылай жолы, Қарқаралы жолы, Сарысу жолы (Отырар, Жаркент, Сығанақ қалаларын байланыстырған), Тарақтылар жолы, Қимақ жолы, тағы басқа деп аталатын Керуен жолдары дәлел бола алады.