24.Д.Исабековтың «Әпке» пьесасының тәрбиелік мәні Әпке образын сомдаған бірден-бір үздік шығарма жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековтің «Әпкесі» болып табылады. Шиеленісті түрде жазылған әрі терең философиялық мағынаға ие болғандықтан, әлі күнге дейін осы кітап көп адамның сұранысын тудыратыны анық.
Туындыда ата-анасынан ерте айырылған бір отбасындағы бес баланың басқа түскен қиындықтарға мойымай, өмірден өз орындарын тапқаны баяндалады. Бір ата, бір анадан туса да, мінездері әрқилы ұл-қыздарды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, бағып-қаққан шаңырақтың үлкені Қамажай – бауырларының бақыты үшін өмірлік қызығынан бас тартып, артынан ерген іні-сіңлілерінің жолына барлығын құрбан етуге даяр мейірімді жан.
Бұл туындыны оқи отырып отбасының адам өміріндегі маңызының биіктігін, әр отбасы мүшесінің қадірлілігін көре аламыз. Қаршадай болса дағы өз бауырларына ана орнына ана болып, әке орнына әкеше қамқорлық көрсетіп, өз болашағын емес бауырларының болашағын ойлаған Қамажайдың іс-әрекеті арқылы өзіміздің бауырларымызға, ізімізді басушы ұрпаққа үлкен тәрбие бере аламыз. Адам өмірінде отбасылық құндылықтардың құндылығы, кішіге қамқор болу үлкеннің міндеті екендігі, әпкенің бауырларлары үшін шырылдаған жүрегі ешқашан айнымайтындығын көрсететін бұл туынды бауырлардың әрқашан бірлікте, бір-бірлеріне жылы жүректі болу керектігін айтады. Және әр отбасы мүшесін бағалап, сыйлап, жақсы қарым-қатынаста болу керектігін ғана айтып қоймай, әр тұлға отбасының мүшесі ретінде өзіне сай міндеттерін атқару қажеттігін үйретеді.
25.Тәуелсіздік кезең лирикасының көркемдік дамуындағы психологизм 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы - тәуелсіздік рухы күрескерлік рухымен ұштасқан қазақ жастарының намысы ойнап, қаны қайнап, бостандыққа ұмтылған сұрапыл бұлқынысынан туған көтеріліс. Желтоқсан көтерілісі, оның құрбандары, ерлері – қазақ поэзиясының өзекті тақырыптық желісіне айналды.Желтоқсан көтерілісі өткен Жаңа алаң, онда Тәуелсіздік үшін төгілген қан,содан бері өткен әр желтоқсан айы қазақ поэзиясында ерлік рухтың ғана емес,
қайғылы хәлдің де қозғаушы күшіне, тарихи есті жаңғыртушы қуат көзіне айналды.Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын-драматург, жалынды публицист,
көрнекті қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин:«Жаңа алаңда жарам бар жазылмаған», -деп жырлады. Жыр сарыны 1987 жылдан бүгінге дейін жалғасуда.
Кешір, қарғам, тұра алмадық араша,
Шаққан сәтте бәрі сені араша.
Ай астында жалғыз қалып өксідім,
Жұртым үшін намыстанып балаша.
«Теріс» деуге жарай алмай терісті,
Күдік, үрей көкіректе керісті.
Ел екенбіз ертегіге алданған,
Бір-ақ күнде қан жалады жер үсті, -
деген жолдарды оқыған оқырман ақынның сезім күйін сезінбей қалмайды, өзі
де қиналады.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты Ұлықбек Есдәулет «Қазіргі қазақ поэзиясы» сериясымен жарық көрген «Ғұмыр жас» кітабында «Көк бөрінің рухы» жайындажалындап жырлап келіп:
Замандарды көп көріп тар-қысталаң,
Айбалтадай жарқ еттің шарға ұстаған.
Дүниені жібердің жап-жарық қып,
Желтоқсанның жасыны, алғыс саған! –
деп толғанды. Желтоқсан көтерілісінің қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ерлік күресінің тарихында, азаматтық тарихында, тағдырталайында алатын орны үлкен. Желтоқсанда төгілген қанның, қиылған жанның өтеуіндей болып атқан Тәуелсіздік таңының арайында қуаныш қана
емес, бодандық бұғауында бұлқынған қилы заманның қайғысы да болды.
Әйтсе де Тәуелсіздіктің қасиеті тебірентпей қоймады. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Махамбет атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, түбі бір түркі халықтарының «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының лауреаты, Ресей Жазушылар одағының Сергей Есенин алтын медалінің иегері, шешеннің батыры,қазақтың ақыны Рафаэль Ниязбек – ақындығы мен батырлығын дүйім түркі әлемі мойындаған дара тұлға, өмірде көргені көп, көре-көре көсем болған құрметті азамат.
Ақын:
Уа, халқым!
Тулап, бұлқынған
Өр мінез өжет ақынмын!
Туыс жоқ менде бір туған,
Өзіңе ғана жақынмын! –деп толғайды. Өр мінез екені де, өжет екені де шын. Тұла бойында тулап, бұлқынған қайрат бары да рас. Халқына жақын екендігі де анық. Сонымен қатар өлең жолдарында көрініс тапқан осы шын, рас, анық деген құбылыстардың өзегінде ақынның өзіне белгілі, өзгелерге беймәлім бір терең ағысты сыр бар. Ол сырдың мәні ақынның лирикалық кейіпкерінің шығармашылық ойлау кеңістігінде ашылады. Абай, жалғыздық көрер жері жоқ
бола тұра, өзін жалғыз сезінді. Абай сезінген жалғыздықты әлемнің ұлы ақындарының бәрі де бастан өткерген. Мұқағали өмірде ақындардың бәрі жалғыз екендігін айтты.Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясының тұтас бір жүйесі сара сарынымен ерекшеленеді. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,Тәуелсіз Қазақстанның тұлпар тұрпатты, сұңқар сипатты айбынды әрі арынды ақыны Темірхан Медетбек тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясына осындай жаңа һәм сара сарын қосты. Ол – Көк түріктер сарыны. Ақынның «Тағдырлы жылдар жырлары», «Тынышыңды алам, дүние»,«Көк түріктер сарыны» атты кітаптарында осы сарын сан түрлі сазбен толысып, симфониялық алып арнаға айналды. Ақынның таңдамалы
шығармаларының үш томдығы (2011), шығармаларының жеті томдығы (2020)осы алып арнаның ағысы мен тынысын толық ашады.Ақын тәуелсіздік туралы ойларын тарихи таным тұрғысынан толғайды.Тәуелсіздікке дейінгі күйін «Кім екенімді енді білдім» өлеңінде өзекті өрілген үш шумақ оймен суреттейді.
Құшағым
Тауды құшақтайтындай
Кең еді.
Көңілім
Шалқып жатқан көл еді.
Өлдім.
Әуелгі бес жолда өмірде өшпейтін, өлмейтін құбылыстарға тән айрықша асыл қасиеттер бейнеленді. Ол қасиеттердің асыл арнасынан, алтынды арқауынан таудай асқақтап, көлдей шалқыған, теңіздей тебіренген қазақтың ұлттық болмысының мәні мен нәрі танылатындай. Мұндай қасиеті бар жан өлуге, өшуге тиіс емес. Бірақ тағының қасынуынан болды ма, мергеннің басуынан болды ма – әлдебір сұрапыл сұмдық көтеріліп, өлмес жанды өлімші
етті. Тауды құшақтайтындай кеңдік тарылды, көлдей шалқыған өмір шөлдей
болды.
Тәуелсіздіктің отыз жылында қазақ поэзиясы тақырыптық және идеялық мазмұны жағынан байыды, жаңа тақырыптардың арналары ашылды, жаңа ойлар мен идеялардың поэтикалық негіздері жасалды, жанрлық құрамы, көркемдік бейнелеу құралдары байытылды, жаңа образдар қатары дүниеге келді. Лирикада адамның күйініші мен сүйініші арқылы болмыстың алуан
сырлы қырлары мен адамның рухани әлемі арасындағы байланыстардың сан алуан түрлерін, олардың жасырынулы мәндерін таныту бағытында үлкен жетістіктерге қол жетті. Эпикалық суреттеу амалдары арқылы Тәуелсіздік дәуірі адамдарының ішкі әлемін танытудың, ақынның ықтимал әлемінің кеңістігін бейнелеудің көркемдік-эстетикалық жаңа мүмкіншіліктері игерілді.
Өмірдің шындық оқиғаларын суреттеуде эпикалық, лирикалық, драмалық дастандар әлеуметтік, философиялық жинақтаудың жаңа биігіне көтерілді.Тәуелсіздік жылдарында қазақ поэзиясы жаңа мазмұнмен, жаңғырған көркемдік бейнелеу құралдарымен, жаңа поэтикалық өрнектермен байыды,интеллектуалдық жаңа биікке шықты.