4. Абайдың қазақ әдеби тіліне енгізген жаңалықтары
Өзіне дейінгі, өзімен тұстас қазақтың өлең сөзінің көп жайты Абайдың талабы мен талғамының деңгейіне келмей қалғанымен, жеке ақын-жыраулардың тілін місе тұта алмаған жайы болғанымен, өзі көп тетігін қайта бұрап, көп кетігін жаңадан қалағанымен, Абай қазақ поэзиясының жасалу және даму заңдылықтары мен шарттарына мойынсұнбай кетпеді. Өйткені бұл – көркемсөз дамуынын объективті зандарының бірі: «Ақын өзінен бұрынғы қаламдастарын жоққа шығаруы, олардың мұрасын көзге ілмеуі мүмкін, бірақ жалпы тілдің және поэзия тілінің заңдылықтарын ешқашан аттап өте алмайды».
Абай буын саны жағынан өлеңнің өзіне дейін болмаған жаңа түрін жазғанмен, сайып келгенде, олардың барлығы да силлабикалық (буын санына қарай) құрылыс заңдылығына бағынады, өйткені қазақ өлеңінің жасалу табиғаты – силлабикалық. Абай өлеңінің тармақ саны мен ұйқасуына небір алуан жаңа түрлерін ұсынғанымен, сайып келгенде, олар енді ұйқасқа құру шартына бағынады, өйткені соңғы дәуірлердегі қазақ өлеңінің негізгі белгісі аллитерация емес, ұйқастыру[2]. Зерттеушілер жалғыз қазақ емес, Кіші Азия, Кавказ, Орта Азия, Еділ бойын мекен ететін түркі халықтарының поэзиясындағы ырғақтық құрылыстың соңғы дәуірлердегі басты құралы ұйқас екендігін де көрсетеді[3]. Абай да осы зандылықты аттап кетпейді.
Қазақ өлеңі бұрын білмеген теңеудің, эпитеттің, метафораның жаңа түрлерін Абай поэзиясында ғана кездестіргенімізбен, олардың қолданылу принциптері мен жасалу техникасы Абайға дейінгі қазақ өлеңіне де тән болатын. Бұл шарттан да ақынның аттап өтуі мүмкін емес. Бірақ осылардың барлығын жетілдіру, түрлендіру, кеңейту, оларға жаңа сапалық белгілер қосу – ұлы ақынның тіл дамуында айрықша қызмет еткен каламгердің еңбегі.
Бұл жерде Абай өзіне дейінгі дамыған, халықтың эстетикалық-рухани сұранысын сан ғасыр бойы өтеп келген қазақ поэзиясы тілінің жалпы заңдылықтарын сақтай отырып, қазақ өлең сөзіне орасан көп өзгеріс-жаңалықтар енгізді деп кесіп айтуға болады.
Абайдың қазақ поэзиясы тіліне қосқан үлесі, істеген еңбегі, енгізген жаңалықтары ретінде мына тақырыптарды көрсетіп, оларды жеке-жеке талдаған жөн:
1) поэзия тіліне қаламгер қолтаңбасын салу дәстүрі, яғни шығармашылық (творчестволық) контекст дегеннің Абайда айқын көрінуі;
2) өлең тілінің сөздік құрамына енген өзгерістер;
3) айқындық пен дәлдік;
4) фразеология саласындағы жаңалықтар мен өзгерістер;
5) жеке сөздерді тандап, талғап жұмсау, оларды поэтизмге айналдыру;
6) өлеңнің синтаксистік-композициялық құрылысына енген өзгерістер.
Бірінші. Абайда өз қолтаңбасының (шығармашылық кон-текстің) айқын көрінуі. Абай, Пушкин сияқты, әдебиеттің, яғни өлеңнің іші «поэтикалық ойға»–«идеяға» толы болуына күш салды. Ойға, мазмұнға құрылған өлең сол ойды дәл, әсерлі етіп беретін амал-тәсілдерді іздеттірді. Сондықтан да Абайда өлең мазмұнын, ақынның айтпақ идеясын білдіретін элементтердің айқындала, көріне түсуі басым, яғни Абайдан «шығармашылық контексті» көре аламыз. Шығармашылық контекс дегеніміз – жазушының көркемдік-бейнелеуші түр-тұрпатын тікелей көрсететін тілдік фактілер жүйесі[4] болса, бұл тұрғыдан келгенде, Абайдың тілі өзіне дейінгі, өзімен тұстас қазақ көркемсөзі тілінен ерекшеленіп тұрады.
Абайдың өз қолтаңбасын сипаттайтын мынадай тілдік фактілерді көрсетуге болады:
1) Абай қаламына бір ұғымды (объектіні) әр алуан тұрғыдан айқындау, ол үшін дәстүрлі эпитеттерді де, жаңаларын да пайдалану тән. Мысалы, ет жүрек, жау жүрек, ит жүрек, ыстық жүрек, ауру жүрек дегендерінде кәнігі тұрақты эпитеттерді жұмсаса, асау жүрек, асыл жүрек, сұм жүрек, мұз жүрек, жылы жүрек, үрпейген жүрек, қырық жамау жүрек дегендерінде жаңа белгілерді, тосын эпитеттерді келтіреді. Абай тіліндегі тың эпитеттер – бір жағынан, ауыспалы мағынада келтірілген образды сөздер. Мысалы, сүтпен енген надандық, аума-төкпе заман, қырмызы қызыл жібек бозбала, нұрлы сөз, нұрлы ақыл дегендердегі анықтауыштар – өздері қатысты нәрселердің (надандық, сөз, ақыл) бойларына тән сындары емес, ауыспалы мәнде бейнеленген сөздер. Ал, екінші жағынан, Абай қолданған эпитеттердің көпшілігі заттың, нәрсенің, құбылыстың тікелей сыр-сипатын көрсететін нақты сындар болып келеді: ыңғайлы ықшам киім, күркіреп жатқан өзен, шұрқырап жатқан жылқы, түсі суық сұр бұлт, дымқыл тұман, жарық ай, желсіз түн.
Бір объектіні әр қырынан анықтау арқылы Абай сөздің метафоралық қызметін ұлғайтады, олардың тіркесу мүмкіншілігін кеңейтеді.
2) Абайдың өзіне тән қолтаңбасын танытатын белгілердің және бірі – экспрессивтік бояуы күшті, модальдық реңкі бар сөздерді образ үшін шебер пайдалануы. Мысалы, өз замандастары – болыс пен пысықтар бар ма, «әсемсіп, сәнсіген» кербез, керімдер бар ма, «бойы былғаң, сөзі жылмаң» ауылдастары бар ма, «салақ, олақ» «Масақбайдың қатындары» бар ма – осылардың баршасының образын дәл, әсерлі етіп беру үшін жағымсыз қимылды білдіретін етістіктерді қолданады және бір ерекшелігі – оларды көбінесе өткен шақ көсемше тұлғасында пайдаланады. Мысалы, бір ғана «Болыс болдым, мінекей» деген өлеңінде Абай болыс, шабарман, пысықтардың портретін жасау үшін далпылдап, жалпылдап, барқылдап, бартылдап, шаңқылдап, аңқылдап, тарпылдап, қарқылдап, шартылдап, тарпылдап, лепілдеп, дікілдеп, өкімдеп, күпілдеп, шыбындап, жымыңдап деген жағымсыз бейнелі етістіктерді келтіреді. Бұлардан басқа да осы өлеңде ақын бейтарап мағыналы беру сөзін емес, тығындау етістігін алса, ол – әлдеқайда бейнелі: соңғы сөзде жалпы «беру» семантикасымен бірге, толып жатқан қосымша реңктер бар. Бұл – бар малын елге құр бере салу емес, берген үстіне беру, алушының еркіне қоймай беру, әрине, қалтқысыз беру емес, «еруліге қарулы барын» есте тұтып беру т.т. Сондай-ақ «сияз бар десе» болыстың жүрегі құр лүпілдемейді (лүпілдеу сөзі қалыпты күйді білдірер еді), суылдайды.
«Байлар жүр жиған малын қорғалатып» деген 18 жолдық шағын бір ғана өлеңінде қолданған қорғалатып, Құдай атып, бұтып-шатып, есіріп, ісіп-кеуіп, қабарып, ырылдатып, Құдай қалжыратып сияқты бір топ етістіктің барлығының дерлік мағынасында эмоциялық бояу бар. Тегі, етістіктердің өткен шақ көсемше тұлғасы қазақ әдеби тілінде белгілі бір поэтикалық міндетті өтейтін құрал ретінде қалыптасқан деуге болады[5].
Образды сөздерді Абай тек етістік тобынан емес, өзге сөз таптарынан да алып пайдаланады. Ол қыртың, тыртың, бай-ғұс қылпың, қу борбай, сымпыс шолақ деген сындық мағы-надағы сөздерді да жатсынбайды, тіпті орайы келіп кеткенде, образды одан сайын күшейте түсу үшін, кезінде Құдайберген Жұбанов көрсеткендей, анау-мынау тұрпайы сөздерден де (қаншық, ойнас, күйлеу, мақтанның к..і көрінді, болыстың к...шөмейді деген сияқты) қашпайды. Бүкіл поэзиясы жалғыз көңіл күйі лирикасы емес, өзге де жанрларды қамтитын Абайдай ақынның тілінде тұрпайы элементтердің болуы – қаламгердің талғамсыздығынан кеткен ақау деп емес, шығарманың экспрессиясы үшін қолданылған амалдар жүйесінің талабы деп тану қажет.
Қазақ поэзиясы бұл тәрізді стильдік мәні бар элементтерді бұрыннан да образ үшін пайдалануды білген. Бірақ бұл бұрын әр тұста бір ұшырасатын факт болса, Абай оны жүйелі түрде жиі пайдаланып, әрі өз қадамына тән, әрі қазақ поэзиясы үшін ұтымды тәсілдердің біріне айналдырған.
2) Кейбір грамматикалық тұлға-тәсілдерді жандандырып,жиі қолдануы да, біздің байқауымызша, Абайдың өз қолтаң-басын танытатын белгілердің бірі бола алады. Мысалы, оның өлеңдерінде кісімсу, батырсу, еркесу тәрізді -сы жұрнағы арқылы жасалған сөздер көзге түседі. Бұл тәсілмен Абай жеке сөздерді ғана емес, жер тәңірісу, қалжыңбассу, еңбегі жоқ еркесу сияқты жаңа тіркестерді де жасайды. Мұның себебін ақын шығармаларының мазмұнынан, дәлірек айтсақ, оның ар-ұждан жөніндегі көзқарасынан іздеу керек. Бұл жұрнақ адам өзін біреуге не бір нәрсеге теңеп, балап айтумен немесе бірдеңені істеген я істемеген етіп көрсетумен байланысты көлгірсу мәнін береді, сондықтан Абай «сөзуар, білгіш, закөншік, көргіштер», «малдан басқа мұңы жоқтар», «тобықты молыққан пысықтар» сияқты замандастарының көлгірсіген, әсемсіп, сәнсіген, өтірік қайраттысып, қамқорсыған бейнесін беру үшін осы жұрнақты қалайды, оны активтендіріп, өз қолтаңбасының біріне айналдырады.
Әрине, Абайға дейінгі немесе онымен тұстас ақындардың ешқайсысының өзіндік беті (қолтаңбасы) мүлде болған жоқ деген тұжырым айтуға болмайды, бірақ ешбірі де дәл Абайдай өз қаламын, өзінің сөз қолданыс мәнерін көрсете алған жоқ. Мұрасы едәуір мол сақталған Бұхар жырауды алсақ, «мынау – Бұхардың қолы» деп тап басып, дәл телитін белгі көп емес. Бұхардың өзі сүйіп, стильдік жүк артып, Абайша жүйелі түрде қолданған элементтері өте аз. Бұхардың сөз саптауы – өзіне дейінгі есімі сақталған-сақталмаған жыраулар мектебінің жақсы үлгісі.
Қазақ поэзиясында сөз мәнері, стилі өзгелерден бөлекше танылатын «өзіндік қаламының ізі» едәуір айқын сезілетін Махамбетте де Абайдай үлес жоқ. Махамбеттің өзіндігі («контексі») тілінен гөрі, өлеңдерінің мазмұнынан, идеясынан байқалатын тәрізді. Абайдың дәл алдында өткендерден ақындық қуаты да, ізденісі де өзгелерден биік тұрған Дулат біршама ерекшеленеді, онда әудем жерден «дулаттықты» көрсететін тілдік белгілер аз емес, бірақ ол да Абайға шендесе алмайды. Демек, Абайдың поэзия тілі үшін сіңірген еңбегінің бірі – қаламгерлік даралықты, яғни өз қолтаңбасын айқын көрсетуі деп түюге болады.
Екінші. Абай шығармашылығы арқылы қазақ көркемсөзінің лексикалық құрамына өзгеріс енді. Ол өзгерісті туғызған – екі нәрсе: бірі – ақын жырлаған тақырыптар мен шығармаларының жанрлық құрылысы, екіншісі – жаңа образдар іздеу. Поэзия тілінің лексикалық құрамы оның мазмұны (тақырыбы) мен айтпақ идеясына тікелей байланысты болатындығы мәлім. Дегенмен соның өзінде де өлеңге катыстырылатын сөздерді поэтизмге айналдыру – ол жеке ақынның ісі. Ал лексикалық поэтизм дегеніміз – белгілі бір кезендегі поэзия тілінде пайда болған немесе іріктеліп шыққан сөздер мен тіркестер (обороттар)[6], яғни өлеңнің көркемдік талабын өтеу үшін қалыптасқан элементтер.
Абай, ең алдымен, қазақ поэзиясының тіліне бұрын көп ұшыраспайтын лексикалық топтарды қатыстырды. Оның басты тақырыбының бірі – адам, адамның моральдық бет-бейнесі, сыртқы портреті, іс-әрекеті. Бұл тақырыптарды Абай бұрынғы ақын-жыраулардың жалпы түрде өсиет-ақыл айтуы сияқты сипатта емес, нақты заттың немесе әр қимыл-әрекеттің өзін бөлшектеп суреттеу түрінде, әр мінез-қылықтың өзін дәл атау түрінде жырлайды. Сондықтан адамның психологиялық күйін білдіретін сөздерді өлең тіліне молынан енгізеді. Мысалы, сүйіскен жастардың бір-бірімен кездескен кездегі ішкі көңіл күйлерін дәл беру үшін бұрыннан жиі қолданылатын жүрегі лүпілдеу, буыны босау, жүрегі елжіреу, тән шымырлау, жүрек балқу, ләззат алу, сағыну тәрізді тіркестермен қатар, суыну, ысыну, елең қағу, бос шошу, қызару, сұрлану деген сияқты жай-күй атауларын пайдаланады.
Жалпы Абай өлеңдері тілінде адамды әр алуан жақтан бейнелейтін етістіктердің өте көп екенін атап айтуға болады. Ақын тіпті көктем тәрізді табиғат құбылысына суреттегенде де, оны адам бейнесінде бергендіктен (персонификация әдісін қолданғандықтан), күннің көзі елжірейді, гүл мен ағаш майысып қарайды, су бұлаңдап ағады, жер иіп емізеді, күн қырындайды, жер күлімдейді т.т.
Әсіресе жағымсыз замандастарының образын жасауда бұрын поэзия тіліне көп қатыстырылмайтын бұртақтау, тыртыңдау, арсаңдау, ит көрген ешкі көздену, ыржыңдау, кірбіңдеу, тізесін созғылау сияқты қимыл атауларын еркін енгізеді. Бұлар стильдік қызмет атқарып, поэтикалық құралға айналады.
Тек психологиялық ішкі көңіл күйі емес, адамның осы сәттегі сыртқы бейнесінің суретін оқырманның көз алдына дәл келтіру үшін тамаққа иегі кіру, сүйеніп тұру, иықтары тиісу, көздері төмендеу, саусағы суыну деген сияқты сөз-дерді молынан жүйелі түрде келтіру – қазақ өлеңі үшін тың құбылыс болды.
Абайда жалпы суреттеме (оқушының көз алдына белгілі бір суретті елестету) тәсілі күшті берілген. Мұның өзі де – қазақ поэзиясында тың нәрсе. Осы әдіс өлең тіліне күнделікті тұрмыс-салтқа байналысты лексика тобын әкелді. Мысалы, «Күз» деген өлеңінде келтірілген жыртық киім, шуда жіп, кемік сүйек, сорпа-су, жамау, ыс деген сөздер бұрынғыдай ауыспалы мағынада емес, тура өз мағыналарында сурет үшін пайдаланылған. Сондай-ақ «Қараша, желтоқсан мен» деп басталатын өлеңіндегі отын, и тон, шекпен, от, қи, қап, үйген жүк деген тұрмысқа қатысты сөздер қыстыгүнгі қазақ ауылының нақты суретін беру үшін алынған. Ақын өзінің айтпақ идеясын осындай нақты сурет арқылы беріп отыр. Бұл әдіс – қазақ әдебиеті тілінде соны құбылыс болса, оның тілдегі көрінісі де жаңа. Өйткені бұрынғы поэзия тілінде тұрмыстық лексика өзінің тура мағынасында сирек қолданылатын.
Суреттеме тәсілдің бір түріне көзге елестетіп берілген образдар жатады. Мысалы, аңға салған құс пен одан қашқан түлкінің суретін көзге елестетіп беру үшін ақынға қайқаң қағу, сылаң ету, аузын ашып қоқақтау, құйрық-қанат суылдау сияқты сөздер қажет болған. Сол сияқты наданның намаз оқыған кездегі суретін көзге елестету үшін құржың-құржың ету, тоңқаңдау деген тіпті тұрпайы сөздерді алған. Әрине, Абай қазақ поэзиясына тұрмыс-салт лексикасын молынан енгізгенде, олардың барлығы тек нақты сурет үшін ғана қолданылған деуге болмайды. Оларды әр алуан поэтикалық құрал ретінде жұмсауды Абай әрі қарай дамытады. Мысалы, қырмызы қызыл жібек, оңғақ бұл сөздерінің тура мағынасы – тұрмысқа қажетті бұйым-матаның атын білдіру, ал ақын оларды теңеу үшін пайдаланған: Қырмызы қызыл жібек бозбалалар, Оңғақ бұлдай былғайды бір дым тисе.
Қоғамның саяси-экономикалық құрылысына, оқу-білімге, философия мен дінге қатысты сөздер мен тіркестерді, кейде тіпті терминдерді поэзия тіліне молынан енгізу Абайдан басталады. Бұған, әрине, ақынның әйтеуір сөздікті толықтыру ниеті емес, оның шығармашылығының мазмұны мен тақырыбы себепкер болды. Сөздіктің бұл топтары арқылы Абай өз заманындағы қазақ қоғамын жан-жақты суреттеумен қатар, оларды да поэтикалық құралға айналдырады. Абай тіліндегі бай, кедей, болыс, пысық, аларман, қазы сөздері образдық элементтер ретінде де келеді.
Сөйтіп, қазақ поэзиясы тілінің лексикалық құрамын кеңейту, яғни бұрын актив қатыстырылмайтын сөздер тобын өлең тіліне енгізу және оларды тура да, ауыспалы да мағыналарында пайдалану – Абайдың әдеби тілге, оның ішінде өлең тіліне қосқан үлесі, саналы түрде істеген қызметі деп айтуға болады.
Үшінші. Абай поэзиясының тіліне айқындық пен дәлдік тән. Дәлдік үшін өмір шындығына сай образдарды алу – басты шарт. Сондықтан Абай қолданған образдардың басым бір тобы – қазақ халқының көп ғасырлық күн көріс тіршілігінің негізі – малға байланысты болып келетіндігін көреміз. Еңбексіз күнкөрісті жөн көретін замандастарының жағымсыз портретін беруде: «Үш күн қолың босаса, Бола қалдың бас асау» немесе: «Ұрлық пенен қулыққа Байлағанда кестің бау» деп келтірген образдары – жылқыға қатысты. Болыстың: «Күштілерім сөзайтса, Бас изеймін шыбындап» деуі, «алқыны күшті асау-лардың ноқтаға басы керілуі» – осылардың баршасы мал өсіру тіршілігінен алынған. Абай өлеңдерінде күлкіні мәліш саудаға, алыс-берісті асық ұтысқа, бозбаланы оңғақ бұлға, жапырағынан айрылған ағаш-қурайды қайыршы кемпір-шалға баласа, мұндағы мәліш сауда, асық ұтыс, оңғақ бұл, қайыршы кемпір-шал – барлығы да өз тұсындағы қазақ тіршілігіне өте таныс нәрселер.
Суреткер талаптың аты, асау жүрек, жүйрік уақыт, үміттің аты, қу тілмен қулық сауу тәрізді соны тіркестер жасауда да қазақ оқырманына таныс образдарды алады. Сонымен қатар Абай образдар жасауда айналадағы болмыс-тіршіліктің малдан басқа да жақтарын қатыстырады. Өз үйінде өзендей Күркірейді айтса дау десе, өзеннің күркіреуі – қазақ оқырманы үшін жат емес, өмір шындығы. Сөйтіп, шындықтан алынған образдарды келтіру – Абай үшін поэзия тілін айқын, түсінікті, оқырман көкейіне қонымды ететін тәсілдің бірі.
Абай өлең сөзінің «іші – алтын, сырты – күміс» болуын қалағанда, сырттай әсер беретін әсіреқызыл сөздерден аулақ болуын тілегенде, ол поэзияның терең (көп) мәнді, аз сөзді болу принципін ұстаған. Сондықтан да болар, Абайда дәстүрлі эпитеттерден гөрі, сонылары көбірек кездеседі. Қанша әдемі болса да, кәнігі образдар (тұрақты эпитетті тіркестер) кез-келген идеяға, әсіресе жаңа ойларға сай келе бермей, құр жылтырақ фраза болып шығуы мүмкін. Мұны ақынның өзі де бірнеше рет ескертіп өтеді. Бірде: (сөзім) әсіреқызыл емес деп жиренбеңіз десе, енді бірде: өлең деген – әр сөздің (орайлы) жарасымы дейді.
Достарыңызбен бөлісу: |