КӨГАЛДАНДЫРУ– қала, ауыл, тағы басқа елді мекендерде ауаны тазарту, көлеңкелеу үшін ағаш, бұта, гүл, көгал өсіру. Құрылыс аяқталғаннан кейін жүргізілетін Көгалдандыру жұмыстары мекенжайларға әсем көрініс береді, шудан, күннен, шаңнан, тағы басқа қорғайды, санитарлық-гигиеналық рөл атқарады. Ғылыми деректер бойынша белгілі бір аймақтың 15%-ы көгалдандырылса, шаң-тозаңның мөлшері 20%-ға кемиді, 35%-ға өсімдік өсірілсе, шаң 50%-ға азаяды, ал 65%-ға өсірілсе, шаң 95%-ға кемиді. Жол жағалауларына отырғызылған ағаш пен бұталар, гүлдер мен көгал ауадағы көмір қышқыл газды сіңіріп, ауаны оттегімен байытады, шуды азайтып, мекенжайды желден, күннен және шаңнан қорғайды. 1 га жасыл алқап 1 сағатта ауадан 8 кг көмір қышқыл газын бойына сіңіреді. Кейбір ағаштар өздері айналасына тарататын фитонцидтері арқылы ауадағы зиянды микроорганизмдерді жойып, оны адамның денсаулығына қолайлы иондармен байытады. Мұндай ағаштар қатарына қылқан жапырақты қарағай, шырша, Сібір балқарағайы, тағы басқа жатады. Көгалдандыру жұмыстарын жүргізгенде міндетті түрде көгалдандырылатын алқаптың ауа райы, топырақ құрамы, жер бедері сияқты ерекшеліктері ескеріледі, суаруға қажетті су көздері қарастырылады. Осы факторлар бойынша отырғызылатын өсімдіктер құрамы да анықталады. Орман ағаштары мен бұталар көшеттері, шөптесін өсімдіктердің жас өркендері мен тұқымдары әр аймақта орналасқан питомниктерден алынады.
Фитомелиорация деген сөздің мағанасы: фито - өсімдік,мелиорация - жақсарту. Сондықтан фитомелиорация дегеніміз өсімдікарқылы топырақты жақсарту, сол жер құнарлылығын арттырып, артық тұздардан арылту болып табылады.
Фитомелиорация - топырақтағы ерітінді тұздарды сыртқа өсімдік арқылы шығарудың биологиялық әдісі. Бұл биологиялық әдісті көбінесе өсімдіктің жабайы түрлерін пайдалану арқылы іске асырады. Мелиорация деген сөз «milioratio» - жақсарту деген ұғымды білдіреді. Ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді жақсарту (суландыру, құрғату), өзендердің көтерілуіне байланысты болатын су тасқындарымен күресу, ормандардың су жағдайын жақсарту, микроклиматты қадағалау, жерді су көпшілігінен сақтау сияқты шараларды қарастырады. Мелиорация топырақтың физикалық және химиялық жағдайын жақсартады. Суғармалы жерлер сортаңдануымен кұресу жөне топырақ бетінің такырланып қалуын болдырмау шараларының бірі – фитомелиорациялау.