1.Әдіс мәселелері. Таным әдістерінң классификациясы



бет1/4
Дата07.01.2022
өлшемі28,82 Kb.
#20750
  1   2   3   4

Дәріс 6.1. Философия ғылым методологиясы ретінде
1.Әдіс мәселелері. Таным әдістерінң классификациясы.

2. Ғылымды білім, қызмет және әлеуметтік институт ретінде талдау.

3.Философия тарихындағы ғылым классификациясы.

Ғылым философиясының негізгі идеялары мен принциптері XVII ғасырда қалыптаса бастаған еді, өйткені классикалық ғылымның негізін құрған тәжірибелік, эксперименттік жаратылыстану сол кезде шыққан еді. Бірақ ол тек XX ғасырдың екінші жартысында ғана дербес философиялық пәнге айналды. Дүниежүзілік екінші соғыстан кейін ғылыми білімнің тез өсуі және жаңа ғылыми жаңалықтардың техникада кең қолданыс табуы өнеркәсібі дамыған көптеген елдерде ғылыми-техникалық прогрестің кеңінен өріс алуына алып келді. Ал бұл ғылымды дамыту, ғылыми білімнің даму қарқынын жылдамдату және ғылымның өнеркәсіппен, бүкіл халық шаруашылығымен байланысын күшейту істеріне деген қоғамдық мүддені жандандырды. Осындай қоғамдық қажеттіліктерге жауап ретінде түрлі ғылым салаларын зерттеуге бағытталған бір қатар жаңа пәндер туды: ғылымтану (науковедение), ғылым экономикасы мен социологиясы, ғылым тарихы және ғылыми зерттеу психологиясы сондай ғылымдар қатарына жатады. Бұл ғылымдардың ішінде жетекші орын алатын ғылым философиясы болды.

Ғылыми қызметтің түрлі жақтарын зерттеуші пәндер жүйесінде ғылым философияның орнын анықтау үшін оны басқа пәндерден айырып тұратын айрықша ерекшеліктерін ашып көрсету қажет. Егер ғылым тарихы деструкциялық, яғни тек баяндаушы ғылым ретінде түрлі ғылымдардың түрлі тарихи кезендерде ашқан жаңалықтарын ретіне қарай баяндап берумен айналысса, ғылым философиясының басты міндеті ғылыми таным процесін, оның заңдылықтарын зерттеу болып табылады. Одан ғылым социологиясының айырмашылығы сол, ол ғылыми мекемелер мен қауымдастықтарының құрылысын, ғылыми мекеме мүшелерінің арақатынасын, т.б. ұйымдасу жақтарын зерттейді. Алайда ғылым философиясынан басқа бір де бір ғылым ғылыми зерттеу процесінің өзін, ғылымның өсуі мен даму заңдарын арнайы зерттемейді.

Сөйтіп, ғылым философиясының негізгі пәні қоғам дамуының түрлі тарихи кезеңдерінде ғылыми білімдерді өндірудің, ақиқаттығын тексеріп, негіздеудің жалпы заңдылықтарын зерттеу болып табылады.

Ғылыми білімді негіздеудің, дамытудың жалпы заңдылықтарын зерттей отырып, ғылым философиясы қоғам тарихының түрлі кезеңдерінде объективтік ақиқат білімдерге қол жеткізудің рационалдық (тиімді) әдістері мен нормаларын табады. Алайда ғылым тарихшыларының мұқият зерттеп жинақтаған зерттеулерін пайдаланбайынша ғылым философиясы ол міндетті өз бетінше орындай алмайды. Соңдықтан ол бұл жерде ғылым тарихшыларының көмегіне сүйене отырып, ғылым дамуының жаңа бағыттарын анықтай алады. Ғылым социологтарының зерттеулері ғылыми білім өндірудің қазіргі нақты әлеуметтік-қоғамдық жағдайлары мен мүмкіндіктерін анықтауға жағдай жасайды. Ал ғылыми-творчестволық еңбекке психологиялық талдау жасаудың нәтижелері ғылыми ақиқат іздеудің логикалық-методикалық және психологиялық әдістерінің арасындағы айырмашықтарды анықтап, таным процесінің объективтік және субъективтік критерийлерін (өлшеуішін) ажырата білуге көмектеседі. Бұл бір жағынан.

Екінші жағынан алғанда, ғылым философиясы жеке ғылымдарды зерттеуші нақты пәндер үшін дүниеге көзқарастық және методологиялық тұрғыдан жалпы бағдар болып табылады. Ғылыми жаңалықтың нәтижелерін (ғылыми білімді) оны ашу процесіне (таным процесіне) қарама-қарсы қоюшы неопозитивистер мен сыншыл рационалистердің (К.Поппер т.б.) әрекеті ғылымды зерттеуші ғалымдардың күшін біріктіріп үйлестіруге көмектеспеді. Сондықтан ғылым дамуының гипотезалық-дедукциялық әдісіне негізделген олардың бағыты сынға ұшырағаннан кейін оны талдаудың жаңа әдіс-тәсілдерін іздеу басталды. Ғалымдардың көпшілігі неопозитивистердің ғылыми білімді негіздеумен ғана шектелуі жаңа ғылыми идеялар мен гипотезалар табудың немесе жасаудың мүмкіндігін жоққа шығара алмайтынына баса назар аударды. Мұндай жұмысты ғылым философтары ғылыми творчество саласында психологиялық зерттеу жүргізуші ғалымдармен және сондай-ақ компьютерлік ғылымдардың өкілдерімен бірлесе жүргізуі тиіс. Жаңа ғылыми идеялар іздеп табу процесіне сын көзбен талдау жасау, жаңа зерттеу проблемалары міндеттерін ұсыну ғылыми зерттеудің нақты барысын дұрыс түсінуге мүмкіндіктер тудырады. Сол себепті де неопозитивизмді сынаушылар ең алдымен оның ғылым философиясына қарсы шықты, өйткені ол философия өзінің міндетін тек ғылымды негіздеу ісімен ғана байланыстырды.

Ғылым философиясы ғылым тарихымен өзара қарым-қатынасқа түскенде жеке тарихи фактілерді баяндаумен ғана шектелмеуі тиіс. Ол ғылымның даму тарихының заңдылықтары мен мәнді байланыстарын ашып беруі тиіс, ғылымның рухани мәдениетпен және практикалық қызметпен жан-жақты байланысын көрсететін зерттеу болашағына бағыт сілтеп, көмектесуі қажет. Сонымен бірге ғылым философиясының ойдағыдай дамуы үшін ғылым тарихыңдағы бай нақты факті материалдарына арқа сүйеп отыруы қажет. Мұндай өзара творчестволық байланыссыз ғылым философиясы құры бос сөзге айналар еді, ал ақиқат ғылыми дүниеге көзқарассыз ғылым тарихы айқын бағдарсыз, адасқан бірдеңе болар еді.

Ғылым автономиясын, яғни осы күнгі философиядан мүлдем тәуелсіз ғылым концепциясын ұсынушы позитивизмге қарсы қазіргі кезде ғылымды адамның басқа іс-әрекеттерімен тығыз байланысты құндылықтарды зерттеу проблемасы барған сайын алға тартылуда. Ғылым практикалық іс-әрекетте қажетті нәтижелерге жетуге көмектесетін техникалық құралдар, таным әдіс-тәсілдерін жасаумен ғана шектелмейді. Ол өзінің құндылықтар жүйесін басшылыққа алады. Бұл жүйедегі ең басты құндылық- объективтік ақиқатты іздеу процесі. Сондықтан қазіргі ғылым философиясында ғылымның ең басты мақсаты мен атқаратын қызметін ғылыми танымға тән құндылықтар тұрғысынан қайта қарау процесі жүргізілуде.

Қазіргі ғылыми-техникалық прогресс ғылыми білімнің өсуі мен дамуын аса маңызды проблемаға айналдырып отыр. Осыған байланысты ғылымды дамытудың көптеген түрлі жолдары мен концепциялары ұсынылуда. Солардың ішіндегі бір аса маңыздысы интерналистік деп аталатын, яғни ғылыми білімнің өсуінің ішкі себептері мен мүмкіндіктеріне, факторына негізделген концепциялар ерекше орын алады. Көптеген ғалымдар ғылым прогресі ең алдымен объективтік ақиқатты іздеумен және оған жетудің рациональдық (тиімді) әдіс-тәсілдерімен анықталады деген көзқарасты ұстанады. Алайда кейбір философтар ғылымның прогресін дүние жайлы объективті ақиқат білімнің өсуінен гөрі, нақты ғылыми проблемаларды шешуге ғылымның қаншалықты тиімді екендігімен түсіндіруге тырысады. Ал проблеманың тиімді шешілуі теорияның дамуымен қаншалықты байланысты екендігін еске алсақ, олардың арасындағы әлгіңде келтірілген қарама-қарсы қоюдың қисынсыздығын байқау қиын емес. Міне сондықтан да ақиқат білім ғылымның ең негізгі құндылығы болып табылады. Олай болса, ғылыми танымның бүкіл қызметі ақиқатты іздеуге және негіздеуге бағытталуы тиіс.

Ғылым философиясының қазіргі ғылыми-техникалық революциямен тығыз байланыстылығының екінші бір маңызды көрінісі - оның дамуында біртіндеп болатын эволюциялық өзгерістер мен бірден болатын түбірлі сапалық, революциялық өзгерістердің өзара байланыста болатындығы. Бұл проблеманы талқылау батыстың ғылым философиясында 1970 жылдары, американдық ғылым философы әрі тарихшысы Т.Кунның "Ғылыми революциялардың құрылымы" деген кітабы жарыққа шыққаннан кейін басталды. Ол бұл кітабында ғылым дамуына деген кумуляциялық көзқарасты сенімді түрде орынды сынады. Бұл теория бойынша, ғылым дамуы көп жаңа ғылыми ақиқаттардың үздіксіз жай жинақталуынан ғана тұрады; жаңа ақиқаттарды іздеу, жаңа зандардың ашылуы және жаңа ғылыми теориялардың құрылуы бұрын тұжырымдалған заңдар мен теорияларға ешқандай әсерін тигізбейді. Т.Кун астрономия, механика, физика мен химия ғылымдарынан көп нақты мысалдар келтіре отырып, ғылым дамуының кумуляциялық ұғымының қателігін көрсетіп, ғылым дамуында революциялық өзгерістердің қажетті түрде болатынын дәлелдеді. Ол ғылымдағы революция деп ғылымның даму барысында зерттеудің бір парадигмасынан екіншісіне өту арқылы бұрынғы түсініктердің қайта қаралуын, сөйтіп зерттеудің жаңа стратегиясына өтуді түсінді. Аталған кітаптың төңірегінде өрбіген айтыстар мен дискуссиялар ғылымның дамуына тарихи көзқарастың қалыптасуына көмектесіп, сонымен бірге ғылым тарихына тек баяндаушылық тұрғыдан ғана қарауға болмайтындығын көрсетті. Сонымен, ғылым философиясы ғылымды әр түрлі тұрғыдан талдайтын жеке пәндер үшін дүниеге көзқарастық бағдар сілтеуші болып табылады, себебі ол ғылыми білімнің табиғаты мен құрылымын және сондай-ақ дүние туралы объективтік ақиқат білім алудың әдіс-тәсілдері мен нормаларын зерттейді.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет