Бұл кестеде сезімдік танымды сипаттайтын әрбір ережеге қарама-қарсы рационалдық танымға тән ерекшелік көрсетілген. Мұның мәні танымда бір-біріне қарама-қарсы екі процесс өзара әрекеттеседі, оның біреуі шындықты тікелей қабылдаумен, сезімдік образды бейнелеумен, ал екіншісі абстракты ойлаумен тығыз байланысты.
Сезімдік таным-танымның төменгі деңгейі. Адамдар өзінің өмірлік іс-әрекетінде қоршаған ортамен тікелей қатынасқа түседі. Олар заттар мен заттық және адами қатынастар әлемінде өмір сүреді, өзін қоршаған ортада еркін сезіну үшін осы ортаның қисынын түсінуі қажет. Практикалық іс-әрекет процесінде адамдарда түйсіктер, қабылдаулар, елестер қалыптасады. Бірақ сезімдік тәжірибенің аясы тар. Сезімдік таным мен абстрактілі ойлау бір-бірімен тарихи және логикалық байланысқан. Сезім мен ақылдық өзара байланысы тіпті терең. Өйткені, адамның сезімдік образдары ойлы сипатта болады, олар тілмен тікелей байланысты, ал мұның өзі сезімдік образдарда әлеуметтік бағалаудың болуына меңзейді. Сонымен қатар, логикалық ұғымдар, абстракциялар танымда сезімдік тәжірибемен тығыз байланыста қолданылады.
Сезімдік таным түрлері:
Түйсік;
Қабылдау;
Елес.
Рационалдық танымның бейнелеу түрлері:
Ұғым;
Пікір;
Ой-тұжырымы.
Субъектің заттармен, құбылыстармен тікелей өзара әрекеттесуі кезінде туындаған сезімдік әсерлері түйсік пен қабылдау деп аталады. Түйсіктер объектілердің жекелеген қасиеттерін бейнелейді-қызыл, қатты, тәтті т.б. Қабылдау-затты, құбылысты толық бейнелеу.
Сезімдік қабылдау тек нақты затты бейнелей алады, ал жалпы затты көрсете алмайды. Ойлаудың қарапайым клеткасы ұғым - деп аталады. Ұғым дегеніміз - шындықтағы заттардың, құбылыстардың өзара байланыстарын жүйелеп жинақтайтын, қорытатын ой. Яғни, объективті шындықтың өзіндік табиғатын игеру, бейнелеу ұғымдар түрінде іске асады. “ұғым сезімнен толық арылған ой жүзінде танылған заттың дүниеде болу тәсілін ішкі қажеттілігінде және сондай құбылыстардың бәріне де міндетті түрде тән жалпылығында идеалдық түрде қайта жасайды”.
Ұғымның бастапқы белгісі - танылатын саладағы барлық құбылыстарға тән болудың формасын анықтау. Ұғым-жай ғана жалпылау немесе жинақтау емес, ол заттың не құбылыстың дүниеде болу жолын, болу тәсілін анықтайтын іргелі жалпылау.
Ұғымдардың өзара байланысын пікір анықтайды. Пікір-заттар мен құбылыстар туралы айтылатын кез келген сауал, ол бір нәрсені растау не терістеу түрінде болады. Пікір құбылыстардың сан алуан байланыстарын көрсетеді.
Ой-тұжырымы деп бұрынғы қалыптасқан білімнен жаңа білімнің, бұрынғы белгілі ойдан жаңа ойдың шығуын іске асыратын ойлаудың маңызды формасын айтамыз. Адам ойларының жасампаздық сипаты осы феноменде айқын көрінеді. Ойдан ой туады - деген пікір бекер айтылмаса керек. Белгілі білімдерден белгісіз білімдер ой тұжырымы арқылы өрбіп отырған. Ой-тұжырымы “үш түрлі білімдерден немесе ойлардан құралады: бастама ой (посылка), яғни түйіннің (заключение) шығатын көзі, шығатын (туатын) ой (выводное знание), яғни бастама ойдан шығатын ойға өтудің мүмкіндігін көрсететін ой не білім”
Ой-тұжырымы екі немесе одан да көп бірнеше пікірлердің байланысын білдіреді. Қарапайым ой тұжырымының мысалы: “Адам ақылды жан. Сондықтан ол дүниені тани алады”. Таным және практика.
Сөйтіп, біз адам танымының ішкі жүйелік құрылымы туралы жалпы мағлұматтар алдық. Таным-адамның ажырамас, тылсым қасиеттерініқ бірі. Өйткені көрсем, білсем деген ниет оны өзі дамыған сайын мазалай береді. Осындай мазасыздық, тынымсыз іздену, ұдайы қарману адам баласын жетілдіре түседі, жетілген сайын ол таным көкжиегін кеңейте, ұлғайта береді.
Таным екі деңгейден тұрады:
үйреншікті, қарапайым таным
ғылыми таным.
Дүниені танып, игеріп, оны білу үшін адамдардың қарапайым өзіндік тәжірибесі, сонымен қатар ол тәрбиеленген мәдени-әлеуметтік ортаның ерекшеліктері де маңызды роль атқарады. Дегенмен, дүниенің терең байланыстары мен тұрақты қасиеттерінің қыры мен сырын білу үшін адамның қарапайым танымының аясы тар, мүмкіндігі мардымсыз болады. Сондықтан, адам арнайы ғылыми, кәсіби білім алуға ұмтылады, яғни танымның ғылыми деңгейіне көтерілуге тырысады.
Ғылыми таным дүниенің, объективті шындықтың жалпы байланыстары мен қасиеттерін арнайы тәсіл арқылы зерттейді. Ғылыми таным-жүйелі таным. Ол адамнан арнайы дайындықты, іздестіруді, тынымсыз еңбекті қажет етеді.
Ғылыми таным өзіне тән ерекшеліктерімен сипатталады.
Ең алдымен, ғылыми таным өзі зерттейтін объект жөнінде жан-жақты дәлелді объективті білім жинақтауға тырысады. Ол абстрактілі-аналитикалық, сонымен қатар, конструктивті-синтетикалық білім болып табылады. Талдаудың көмегімен зат ойша бөлек-бөлек қасиеттерге, функцияларға, сапаларға жіктеледі. Біріктіру арқылы заттың жеке бөлшектері туралы білім оның біртұтас және көлемді бейнесінің қалыптасуына мүмкіндік туады. Ғылыми танымның екі дегейін-эмпириялық таным мен теориялық танымды бөліп көрсетуге болады.
Эмпириялық таным-бұл эксперимент, бақылау, баяндау, салыстыру, өлшеу. Бұл деңгейде объект алғашқы ізденістен өтеді, онық сыртқы ерекшеліктері мен кейбір заңдылықтары анықталады. Теориялық деңгейде объект түсіндіріледі, оның түпкі, негізгі, ұдайы қайталанып отыратын заңдылықтары ашылады. Бұл екі деңгей бір-бірімен тығыз байланысты. Эмпириялық таным ғылыми заңдардың қалыптасуының бастауы, негізі болып табылады, теория эмпириялық материалды түсіндіреді.
Эмпириялық білім-теориялық зерттеулер мен ғылыми мәселелерді қоюдың маңызды стимуляторы. Тәжірибенің мәліметтерінің негізінде диаграммалар, карталар, жобалар жасалады, алғашқы болжамдар мен қорытындылар тұжырымдалады, алынған мәліметтердің өзара байланыстары анықталады.
Зерттеудің теориялық деңгейі жоғары деңгейдегі жинақтаумен, идеализациялаумен, объектінің заңдылықтары мен ішкі байланыстарды бейнелеумен ерекшеленеді. Ғылыми танымда арнайы методтар қолданылады. Метод дегеніміз-зерттелетін нәрсені ойша қайта жаңғыртудың, қойылған ғылыми мақсатқа жетудің тәсілі. Эмпириялық деңгейде бақылау, өлшеу, эксперимент, баяндау, ал теориялық деңгейде тарихилық пен логикалық, аксиоматикалық метод, формальдау, абстрактіліктен нақтылыққа өрлеу сияқты тәсілдер қолданылады. Кейбір тәсілдер (жіктеу мен біріктіру, индукция мен дедукция, модельдеу) эмпириялық және теориялық деңгейде де кеңінен қолданылады. Бақылау-сыртқы дүниені мақсатты да жүйелі түрде қабылдау. Ол танымның алғашқы дерек беретін көзі болып табылады. Ғылыми зерттеуде бақылау үш міндетті орындауға тиіс:
Ол жаңа мәселені қоюға және болжамды дайындауға, оларды кейіннен тексеруге жеткілікті эмпириялық ақпаратты беруге тиіс.
Эксперимент қоюға болмайтын болжамдар мен теорияларды тексеруі қажет.
Ол өзі алған нәтижені теориялық зерттеуде қол жеткізген нәтижемен салыстыруға мүмкіндік береді.
Өлшеу зерттеліп жатқан объектің сандық сипатын анықтауға мүмкіндік береді. Эксперимент дегеніміз-белгілі бір құбылыстарды зерттеу мақсаттарына сәйкес келетін жаңа жағдайлар жасаумен оларға белсене ықпал ету арқылы немесе процестің барысын қажетті бағытына өзгерту арқылы зерттеу. Тарихи тәсіл заттың барлық тарихын жан-жақты, әртүрлі көріністерімен баяндап, жаңғыртады. Ал логикалық тәсіл заттың дамуының тек жалпы қисыны мен бағыттарын және қайшылықтарын ғана қарастырады. Моделдеу деп зерттеу мақсатында арнайы жасалған бір объектіде басқа бір объектінің сипаттамасын қайта жаңғыртуды айтамыз. Мысалы, қоғамның нарықтық қатынастарға өтуінің теориялық моделін жасап, оның барлық көріністерін бақылап отыруға болады.[5]