Бәдік өлеңдерінің лексикасы. Қазақ халқының ежелгі ұғымында шаман дініне сенетін болған. Ол кезде «бәдік» дегеніміз малға, адамға тиетін індет, ауру иесі, яғни, құдайы деп сенген. Бұл жұмыста осы бәдік сөзіне қатысты күл, күләп, күлапсан, безгек т.б. идиоэтникалық бірліктерге тлдау жасалады.
Қазақтың бәдігінде белгілі-бір сөзді, сөз тіркесін тіпті сөйлемді немесе бүкіл мәтінді көп қайталаса зиянкес күшке соғұрлым көп әсер етуге болады деген сенім жатыр. Ең көп қолданылатын сөз – бәдік. Әрбір шумақ сайын осы бәдік сөзі қайталанып отырады немесе одан да көп жолығуы мүмкін. Осы бәдіктен кейін көп кездесетін сөз – көш сөзі.
Сәкен Сейфуллин бәдік сөзін: «Бәдік» деген адамға, малға қасақы ауру, індеттің тәңір-иесінің аты болуға тиіс» - десе, Сәбит Мұқанов: «Бәдік дегеніміз малға, адамға, тиетін індет ауруының иесі, құдайы» - дейді. Ал Ә.Қоңыратбаев: «Бәдік аластау, емдеу деген сөз» дейді, Л.Будагов болса: «Бәдік – болезнь скота, в которой он все кружится и ничего не ест», «Бәдік – үйдің шаңырағына қонып, босағасын аңдитын қорқақ, әлжуаз, жалқау бейне, ауру иесі» [13].
Әйгілі өзбек фольклортанушысы Б.Сарымсақов бәдіктің этимологиялық төркінін көнетүркілік бәзік сөзінен іздейді. Бәдіктің бәз сөзінен жасалғанын, ал бәздің «қалтырамақ, дірілдемек» деген мағыналары бар екенін, одан кейін бертін келе бәзіктен безгек және бәдік шыққанын Э.В.Севортян айтады.
«Айтамын айт дегенде айда күлап,
Жыландай сүйегі жоқ майда күлап.
Күлабы бұл баланың аяғында
Болмаса аяғында қайда күлап?» - дейді [13].
Бұл өлең жолдарындағы күлап, күлапсан сөзі күл ұғымының баламасы ретінде қолданылған. Ал бұл Күл – сырқат аты. Қазақ-орыс тілінің аударма сөздігінде бұл сөз скарлатина деп аударылған. Бәдікті басқа жанрлардан өзгеше етіп тұратын да, өзіндік бет-пердесін ашатын да сол баяғы «көш-көш» сөзі. Бұларды көп жағдайда магиялық жоралғылардың өзі деп емес, солардан қалған белгі деп түсінген жөн. Сонымен бәдік өлеңдерінің лексикасысакральды сөздердің магиялық күшіне деген сеніммен байланысты қалыптасқан.