6. Міндеттемені орындау нысанасы және тәсілі Міндеттемені орындау нысанасы – бұл міндеттемеге сәйкес борышқор несие берушіге беруге, орындауға немесе көрсетуге міндетті болатын зат, жұмыс немесе қызметтер. Орындау нысанасы ретінде заттар, ақша, міндеттемелік құқықтар, интеллектуалдық меншік, мүліктік кешен және т.б. болады.
Олардың сақталуы міндеттеменің тиісінше орындалуымен байланысты, жекелеген элементтер АК-тің жекелеген баптарында белгіленеді, мысалы, орындайтын субъектілер туралы талап (275,276-б/р.), мерзім туралы(277-б.), орындалатын жер туралы(281-б.), орындау әдісі туралы(284-288, 290, 291 б/р) ережелер.
Заң ақшалай міндеттемелерді орындауға қатысты ерекше талаптарды белгілейді (АК 282-б.). Ақшалай міндеттеме дербес (заем шарты бойынша) немесе байланысты (сатып алынңған затқа ақы төлеу) болуы мүмкін. ҚР заң актілерімен көзделген жағдайларды қоспағанда, ҚР-ның аумағындағы ақшалай міндеттемелер теңгемен жүргізілуі тиіс (АК 127-бап). ҚР-ның аумағында міндеттемелер бойынша есеп айырысуды жүзеге асырған кезде шетел валютасын, сондай-ақ шетел валютасы түріндегі төлем құжаттарын ҚР-ның заң актілерімен көзделген реттер мен жағдайларда жол беріледі. Ақшалай міндеттемеде қарыз шетел валютасының белгілі бір сомасына эквивалентті сомада теңгемен төленуге жататындығы көзделуі мүмкін. АК 282-бап талаптарын бұзу, яғни ақшалай міндеттемелердің шетел валютасында көрініс алуы немесе төленуі, заң талаптарына сәйкес келмейтін мәміле ретінде мәмілені жарамсыз деп тануға соқтыруы мүмкін.
Міндеттемені орындау әдісі – бұл міндеттемені орындау бойынша, борышқормен әрекеттер жасау тәртібі. Айталық, міндеттеме бүкіл ақша сомасын бір рет төлеумен, не несие шарты бойынша мерзімді төлемдермен орындалуы мүмкін. Орындау әдісі әдетте нақты шарт ережелерімен немесе жекелеген шерт түрлерін реттейтін заңдармен анықталады. Бірақ орындау әдісіне қатысты бірқатар ережелер бар. Мысалы, АК 274-бабына сәйкес «егер міндеттеме шарттарында, заңдарда өзгеше белгіленбесе немесе іскерлік қызмет өрісіндегі әдеттегі құқықтардан немсе міндеттеме мәнінен өзгеше туындамаса, несие беруші міндеттемені бөлшектеп орындауды қабылдамауға құқылы».
Жалпы ереже бойынша міндеттемені орындау толығымен жүргізілуі тиіс, бөлшектеп орындауды қабылдау несие берушінің міндеті емес, құқығы болып табылады. Бірқатар жағдайларда бөлшектеп орындау міндетеме мәнінен туындайды, мысалы, бөліп-бөліп төлеумен тауарды кредитке сату. Сондай-ақ міндеттеме мәнінен міндеттеменің бөлшектеп орындалуы мүмкін еместігі шығуы мүмкін, мысалы, орындау нысанасы бөлінбейтін зат болса (АК 120-бап). Борышқор міндеттемені әдетте тікелей несие берушіге орындайды. Бірақ бірқатар жағдайларда бұл мүмкін емес. Ақшалай міндеттемелер бойынша немесе бағалы қағаздарды беру бойынша, борышқорға белгілі бір жағдайларда міндеттемені орындау үшін өзінен алынатын ақшаны депозит шарттарында, ал ал бағалы қағаздарды нотариустың атына сақтау шарттарында, ал заң құжаттарымен белгіленген жағдайларда – соттың атына орналастыруға құқық берілген. Борышқорда мұндай құқық, егер міндеттеме төмендегілер бойынша орындалмаса, болады:
міндеттеме орындалуы тиіс жерде несие берушінің немесе онымен уәкілдік етілген тұлғаның болмауы;
несие берушінің әрекет қабілетсіздігі және оның өкілінің болмауы;
міндеттеме бойынша кім несие беруші екендігі жөнінде айқындылықтың болмауы, айталық, бұл жөнінде несие беруші мен басқа тұлғалар арасында даудың болуына байланысты;
несие берушінің орындауды қабылдаудан жалтаруы немесе оның тарапынан өзге мерзімін өткізіп алушылық салдарынан (АК 291-б. 1-т.). Бұл тізім шектеулі болып табылады және шартпен кеңейтіле алмайды.
Ақша сомасын немесе бағалы қағаздарды депозит шарттарында салу немесе нотариустың немесе сотың атына сақтау міндеттеменің орындалғаны болып есептеледі. Ақша немесе бағалы қағаздар атына салынған нотариус немесе сот бұл туралы несие берушілерге хабарлайды(291-б. 2-т.).