Байланысты: 6В01701- қазақ тілі мен әдебиеті 102-топ Қасымқұл Аружан Маратқызы
5.Ресейдегі ақпан, қазан революциясы және оның Қазақстанға ықпалының ерекшелігі.Жалпы қазақ съезі және Алаш партиясы.
ХХ-ғасырдың басында Қазақстан тәуелсіздігі жоқ, мемлекеттігінен айрылған Ресейдің бір түкпірдегі губерниясы еді. Ресейде үш ғасырға жуық уақыт Романовтар әулеті билік құрды. Алайда 1917 жыл елде революциялық толқулармен басталды. Ақпанда толқулар күшейіп, 23 ақпаннан бастап ол төңкеріске ұласты. 25 ақпанда сол кездегі Ресейдің астанасы Петроградта төңкеріс бүкіл қаланы қамтыды. 25 ақпан күні патша Петроград әскери округіне «... ертеңнен қалдырмай астанадағы тәртіпсіздіктерді тоқтатуды бұйырамын» деген тапсырма берді. Бұл патшаның соңғы өкімі еді. 26 ақпан күні Невск даңғылындағы демонстранттарға қарсы оқ атуға бұйрық берілгенімен төңкеріс барысында шешуші сәтте әскер көтерілісшілерге қарсы оқ атудан бас тартып, өздері көтерілісшілер жағына шығып кетті. 27 ақпан күні Петроградты жұмысшылар мен солдаттар түгел басып алып, қарулы көтеріліс жеңіске жетті. 27 ақпанда Петроград жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесі құрылды. Осы жоғарыда айтылған Ресейдегі жағдай оның ұлттық аймағы Қазақстанда да өз бейнесін тауып жатты. 1917 жылғы ақпан төңкерісінің нәтижесін, патшаның тақтан құлағанын қазақ халқы қуанышпен қарсы алды. Ұлт зиялылары ұлттық автономия құратын сәт туды деп санады. Қазақстанда 1917 жылдың наурыз-сәуір айларында жер-жерде жұмысшы және солдат депутаттарының кеңестері құрылды. Ресейдегі сияқты Қазақстанда да көп партиялы жүйе қалыптасты. Әртүрлі партиялар мен топтар ымыраға келе алмай, шиеленіскен айтыс жүргізді. 1917 жылғы ақпан төңкерісі Қазақстанның халық бұқарасының орасан көпшілігін оятуға, тарихи прогрестің дамуын жеделдетуге себепші болды.
Үкімет басына келген екі биліктің ұстанымдары әр түрлі болды. Ең негізгі мәселе соғысқа қатысты еді. Уақытша үкімет соғысты «жеңіске жеткенге дейін» жалғастыру және халықаралық міндеттемелерді түгел орындау керек деп шешті. Ал Кеңес үкіметі соғысты аннексиясыз және контрибуциясыз тоқтату қажет деді. Соғысты жалғастыру мәселесіне байланысты Уақытша үкімет ішкі саясатында жеңіске жеткенге дейін елдің ішкі қорғаныс қабілетін төмендетпеу үшін 8 сағаттық жұмыс күнін енгізу жобасын кейінге қалдыруды ұсынды. Сондай-ақ Уақытша үкімет тағы осы жағдайға байланысты аграрлық және ұлттық мемлекеттік құрылыс мәселелерін шешуді кейінге қалдыруды ұсынды. Осы және тағы басқа көптеген жағдайларға байланысты Уақытша үкімет пен Кеңес үкіметі келісе алмады. Сондықтан 1917 жылы 24 қазанда Қызыл армия қайта көтеріліске шықты. Көтерілістің орталығы большевиктер партиясы орналасқан Смольный үйі болды. Көтерілісшілер Уақытша үкімет орналасқан Қысқы сарайды, көпірлерді, почта, телеграф, вокзалды басып алды. Уақытша үкімет мүшелері тұтқындалды. Билікке большевиктер бастаған Кеңес үкіметі келді. 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін елде бір ғана үкімет Кеңес үкіметі орнады. 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясынан кейін орнаған Уақытша буржуазиялық үкімет елдегі әлеуметтік және ұлттық езгіні жою, жер мәселесін, империалистік соғыстан шығу және т.б. көкейкесті мәселелерді шешпеді. Уақытша үкімет құлатылып, мемлекет билігінің кеңестердің қолына көшкені тек Ресейді ғана емес, дүниежүзін, бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Бұл оқиға бүкіл елде, оның шет аймақтарында кеңес өкіметін құру, нығайтумен ұштасты. Ол көп жерлерде орталық аудандардың ықпалымен қан төгіссіз іске асты. Қазан революциясынан кейін көп уақыт өтпей-ақ елде азамат соғысы мен шетел басқыншылығының жорығы басталды. Бұл тұста Қазақстанда Кеңес өкіметі орнап болған жоқ еді. Биліктің Кеңестердің қолына өтуі мұнда кейінірек жүзеге асты. Оның бір себебі, мұнда саналы, жақсы ұйымдасқан саны мол жұмысшы табы болған жоқ. Екіншіден, шет аймақтарда билікті кімнің алатыны жөнінде жұрт қолдайтын бірыңғай пікір де болмады. Сонымен Кеңес өкіметін нығайту жолындағы күрестің барысында Қазақстанда ескі мемлекеттік машина қиратылып, жаңа мемлекеттік аппарат құрылды. Жергілікті Кеңестер өздерінің алдарына қойылған міндеттерді жүзеге асыруға кірісті. Революция жеңістерін контрреволюциялық күштердің қол сұғуынан қорғау жөнінде қажетті шаралар қолданылды. Өлкенің экономикасы мен әлеуметтік-мәдени салаларын социалистік жолмен қайта құру бағытында алғашқы қадамдар жасалды.