2. ӘДЕБИЕТ ПӘНІН ОҚЫТУДЫҢ МАҚСАТ, МІНДЕТТЕРІ 1.Әдебиеттің пән ретіндегі өзіндік ерекшеліктері.
2.Әдебиет пәнінің танымдық, тәрбиелік, тұлға қалыптастырушылық рөлі.
3.Әдебиетті пән ретінде оқытудың мақсат, міндеттері.
Әдебиеттің пән ретіндегі өзіндік ерекшеліктері.Әдебиет пәнінің оқу пәні ретіндегі құрылымы күрделі болып саналады. Себебі оның ішкі мазмұнына көркем әдебиет шығармалары, олардың тарихы мен теориясына қатысты ұғымдар, әдебиеттен ауызша, жазбаша тіл дамыту жұмыстарының жүйесі, оқушының оқырмандық мәдениетін қалыптастыру мәселелері қоса қамтылады. Әдебиетті оқыту оқушының сұранысы мен қабілет, мүмкін-дігіне қарай бірте-бірте дамып отырады. Біріншіден, әдебиет оқушының бастауыштан алған біліміне сүйенеді. Шығарманы жүргізіп оқып үйренген оқушы 5-сыныптан бастап мәнерлеп оқу дағдыларын қалыптастыра бастай-ды. Ең бастысы 5-сыныптан бастап сынып жоғарылаған сайын әдебиетті өнердің бір түрі — сөз өнері ретінде тарихи негізін танып, қоғамдық мәні мен адам, жеке тұлға қалыптастыруға тигізетін әсер ықпалын, барлық адам-заттық мәселелерді қамтитын биік болмысын тани бастайды.
«Әдебиет — өнердің бір саласы. Ол – сөз өнері. Белгілі әдіскер Қ.Бітібаева «Әдебиет — адам тану құралы» болса1, әдебиет пәні — «адам тәрбиелеу құралы» деген пікір айтады. Ал Ленинградтық әдіскер ғалым Е.Н.Ильин «Әдебиет – адам қалыптастырушы құрал»1 деген әдебиет пәнін оқытудың жаңа жүйесін ұсынған. Әдебиет пәні арқылы оқушы адам болмы-сын тануды үйренеді, сол арқылы өзін-өзі тануға талпыныс жасайды. Қоршаған орта туралы ұғымдарын кеңейтеді, рухани дүниесі байиды, туған тілі мен еліне деген құрмет сезімі қалыптасады. Әдебиет пәні арқылы жас-өспірімдер туған елінің тарихы мен ғасырлар қойнауындағы сөз маржанын оқып, сол арқылы туған елінің арманы мен қиялын, болашақтан күтер үміті мен сенімін көреді. Әдебиет пәнінің танымдық, тәрбиелік, тұлға қалыптастыру-шылық рөлі.Әдебиет — өнер пәні, адамтану пәні, сонымен қатар, әдебиет — жан-жақты да терең ойлантудың пәні. Оқушы танымы мен логикасын дамытуда әдебиет пәні жаратылыстану пәндерінен кем түспейді. Жараты-лыстану пәндері сияқты тұрақты бір формула мен қағидалар, заңылықтармен шектелмей, әдебиет пәні еркін ойдың, қиялдың дамуына жол басшы бола алады.
Әдебиет пәнінде дәлелдеуді қажет ететін тұрақты формула, элемент-тердің бұлжымас ережелері жоқ. Белгілі бір шығарманы әр қырынан тануға, талдауға болады. Көркем шығарманы қабылдауда әртүрлі болуының бірнеше себебі бар: біріншіден, сол шығарманы қабылдау жолындағы оқушының ой, өресі, дүниетанымы, бұған дейінгі жинақтаған білім қоры, яғни әдебиеттану ғылымынан алған білімі ықпал етеді, екіншіден, әдебиетте сөздің қасиеті ақпарат жеткізуші қызметтен әлдеқайда терең мазмұнда, бірнеше функцияда танылады, сөз адамның сана-сезіміне әсер ете отырып, белгілі көңіл-күй, сезім, сурет, көрініс өмір бейнесін жасап, адамның эмоциялық қабылдауына түрткі болады. Эмоциялық қабылдау да әр адамда әр түрлі. Бір шығармадағы бір көріністің, бір сәттің өзін әр адам әр түрлі сезіммен қабылдайды. Әдебиеттанудан білім дәрежесі бірдей адамның өзінің сезімі мен түйсінуі әртүрлі. Бірнеше адамның оқуындағы бір ғана үзінді әр санада бірнеше сурет құрайды. Бұл адамның ішкі сезім мен сезіне білу мәдениетіне, қасиетіне байланысты. Үшіншіден, санадағы қабылдау мидың тек бір ғана бағыттағы жұмыс әрекеті ғана емес. Санаға берілетін білім тек миға еніп қана қоймай, сол санаға өзіндік сәулесін түсіреді. Көркем дүниенің осы қасиеті психолог, педагогтардың еңбектерінде айтылады. Өнерді биік бағалған Абай:
Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,
Жүрек тербеп, оятар баста миды.
Дүниенің ләззаты бәрі сонда,
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды – дейді
Әр заманда адамдардың түсінігі мен көзқарастарына, әлеуметтік ортасы мен сенім, түсініктеріне байланысты да танып, түсіну әралуан болады. Себебі көркем шығармада бір ғана идея, бір ғана қасаң қағида болмайды. Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді, Оларға кез-кезімен нәби келді. Қағида (шарт, ереже) шариғаты өзгерсе де, Тағриф (түсіну, білу, анықтау) Алла еш жерде өзгермеді,1 – деп Абайдың айтқан ойын көркем әдебиет мысалында қарастырар болсақ, көркем шығармадағы идеология, көркемдік әдіс әртүрлі болғанымен, адами құндылықты, ақиқатты тануға деген ұмтылыс әр заманда да бірдей. Көркем шығарманы танудағы ғасырлар бойы сақталып, өзгермей келе жатқан рухани өмірдің өзегі — жалпы адамзаттық қағида, адамзаттық мәселе. Ол мәңгі ізденістерді қажет ететін, өзінің өзектілігін жоймайтын, керісінше күн санап ашыла, іргесі кеңи беретін мәңгілік мәселелер. Қазақ әдебиетінде көрнекті тұлғаларымыз Абай, Мұхтар, Мағжан т.б. еңбектері туралы қаншама зерттеулер жарық көрді. Соған қарамастан күнбе-күн жаңа қырынан танылуда. Әлі де жарық көре береді. Таптым, таныдым дегендердің өзі әлі де көптеген зерттеулер мен ізденістерді қажет етеді. Әдеби құндылықтар сарқылмас теңіз сияқты, тереңіне бойлаған сайын жаңа сырлары ашыла түседі. Себебі, әдебиет — өнер туындысы. Ой, ойлау, ойланту көптеген пәндерге тән, табиғи нәрсе. Бірақ әдебиеттің өзіндік ерекшелігі сол, басты назарға алынатыны — өзіндік ойлау, өзіндік пікір.
Жоғары сыныптарда әдеби тұлғаларды оқытуда оқушылар оқулықтағы жазушы пікіріне көбірек жүгінетіні кездеседі. Әдебиеттану ғылымының қол жеткізген жетістіктерін білу, әрине, ағаттық емес. Дегенмен әдеби үдерістегі сол шығармашылық тұлғаның ерекшелігін тану үшін автордың өз шығармаларын оқу, салыстыру, талдап, тану аса маңызды. Кітап оқуға деген белсенділіктің бәсеңдеп тұрған қазіргі кезеңінде оқушыларға автордың төл туындыларын оқыту мұғалім тарапынан аса үлкен жауапкершілік пен ізденісті қажет етеді. Сол себепті әдебиет пәнін оқытуда белгілі бір шығарма бойынша жазылған ғалымдардың не оқулық авторының пікірін айтқызуға, қайталауға, мазмұндауға жол беру оқушыны ізденбеуге әкеп сағады. Оқулық авторларының пікірлері оқушының өз ойы мен көзқарасын дәйектеуге ғана қызмет етуі тиіс. Белгілі бір шығарманы оқушының өзіне оқытып, өз пікірі мен қабылдауына баса назар аударылса, әлдеқайда тиімділігі артады. Әдебиетті оқытудың басқа пәндерден айырмашылығы, күрделілігі де осында. Басқа пәндерге қарағанда сезім, эмоция, әсер, шабыт, қиялдау, армандау, еліктеу – әртүрлі психологиялық күй әдебиет пәнінде ерекше көрінеді. Яғни, әдебиет жеке тұлғаның үйлесімді дамуына қызмет атқаратын негізгі эстетикалық пән.
Жоғарғы сыныпта оқытылатын авторларды айтпағанның өзінде орта буын сыныптардың өзінде өтілетін шығармалар біршама көлемді болып келеді. Сыныптағы сабақ мерзімінде түгел оқып шығу мүмкін емес. Сондықтан көбіне әдеби шығарманы үйде оқушы өздігінен оқып келуге тиісті. Шығарманы үйде оқуды ұйымдастыру мұғалім үшін аса бір қиын да жауапты іс. Оқушының көркем шығармаға қызығушылығын ояту ата-ана мен мұғалім тарапынан үнемі үздіксіз жүргізілетін іс-шара. Бастауыш және орта буын сыныптарда оқылған шығармалармен жүргізілген жұмыстар белгілі бір дәрежеде оқушының келешекте кітапты сүйіп оқуына немесе керісінше, мүлде қаламауына әкелетін жол басы деуге болады. Шығарманың үйде оқылатын бөлігінің оқылған-оқылмағанын мұғалімнің үнемі қадағалап отыруы оқушының жауапкершілігін арттыра түседі. Әйтсе де, оқушылардың кейбірі мектеп бағдарламасындағы шығармалар ауқымында қалып, тек мұғалімнің талап еткен шығармаларын ғана оқуды міндет санайды. Ал кей оқушылар сол алғашқы бастау мен баспалдақтан ілгері жылжып, нағыз көркем әлемге ену мүмкіндігіне ие болады. Оқушыныны көркем әдебиетті оқуға қызықтырудың тәсілдері көп: соның бірі, шығамадан үзінді оқып, үзіндінің қай шығармадан алынғанын тапқызу немесе кейіпкердің сөзін жасыру, сияқты сұрақ-тапсырмалар арқылы оқушының шығарманы оқыған-оқымағанын анықтауға болады әрі оқуға деген ынтасын көтеруге болады. Шығарманы талдау да шығарма мазмұнына бойлауға, оны түсінуге жете-лейді. Белгілі бір дәрежеде мазмұны танылған шығарманы тереңдеп талдау оқушыларды көптеген әрекеттерге жетелейді. Оқушының аналитикалық ойын дамытады. Көркем шығармадағы символ, деталь арқылы талдата отырып, болымсыз нәрседен ауқымды ұғымға жетелеу, шығарманың ішкі астарын ашу оқушыны іздендіреді, қызықтырады. Қалай болғанда да мұға-лімнің шығарманы оқытуға деген ізденісі мен жүйелі еңбегі жеміс берері анық. Сондықтан әдебиет пәнін оқытуда табанды еңбек пен жүйелі жұмыс нәтижелі болады. Әдебиетті түсініп, түйсінетін ұстаздың оқытуы да сабақтың нәтижелі болуына әсер етеді.