Дәутайұлының «Архитектор» әңгімесінің



Дата26.02.2023
өлшемі405,1 Kb.
#70001




Сізге ұсынылған Несіпбек Дәутайұлының «Архитектор» әңгімесінің осы электронды нұсқасын таратуға рұқсат бермеймін. Бұл шығарма kitapjaris ұйымдастырған кітап сайысында оқытылды. Ӛзіңіз ғана оқыңыз. Еңбегімді бағалаңыз. Аманатқа қиянат жасамайсыз деп сенемін.

АРХИТЕКТОР


Сол бір көріністің елесі... Қанша жылдан бері көңілі мен көз алдында. Ой-қиялы, жан қалауы сол көріністен басталған. Ары қарай соның жетегіне ерді де отырды...


***
Өркенбектің он-он бір жастағы кезі еді. Қойшылар жаз жайлауда отырғанда, қайсыбір түні ешкімнің үш ұйықтаса түсіне кірмеген сұмдық оқиға болды. Әуелі «Ойбай, сұмдық!» деген шешесінің жан шошырлық даусынан селк етіп оянып, есін жиғанппа әкесінің сирақтан алып, сүйреп бара жатқанын сезді.


Жайлау үстінде бір-біріне жақын-жақын отырған қойшылардың үйлері жақтан да шошынған дауыстар естіліп жатты. «Жер сілкінін тұр, -деген әкесі.
-О, жаратқан, өзің сақта». Өркенбек жер сілкінеді дегенді, оның қатер екенін еміс-еміс еститұғын. Қатты қорықты. «Көке, қашпаймыз ба?» деген сасқалақтап. «Жерден қайда қашамыз» деп әкесі жан-жағына жалтақтаған. Сөйткеніне жердің дірілі де басылды. Бұлар жаңа әзірде кереге-уықтары қатты сықырлаған үйлеріне біразға дейін кіре алмай тұрды. Әлден соң көңілдері орындарына түсіп, табалдырықтан ішке үңіліп, көргендері - ыдыс- аяқ қирап, шашылыпты. Көзді ашып-жұмғандай-ақ сәтте.
«Үйіміз аман, - деді шешесі. -Қатты теңселгенде шаңырағы ортасына түсер деп шошып едім. Құдай-ау, жер сілкінгенін кім көріпті. Тағы сілкінсе, не істедік?»

Жер бірақ қайта сілкінбеді. Жақын-жақын отырған қойшылар бір-бірінің амандығын білмекке бір-біріне шапқылап, таң атқанша даурықты. Әйтеуір, бәрі дін аман. Боз үйлердің ешқайсысы бүлініп, қирамаған. Әншейінде ауыздарынан аракідік болмаса шыға қоймайтын «О, Жаратқан! О, құдіретті Құдай!» сөзі тау мен тасты аралап кетті. Бұлар қатерден аман қалғанымен, төмен етектегі шағын ауылдардың бірен-сараны болмаса, үйлері қирап, адамдар опат болып еді...
«Киіз үй неге құламайды, көке?» деп сұраған Өркенбек әкесінен. «Қайдан білейін, көрдің ғой құламайтынын. Қоқалақ-қоқалақ етті де, қойды. Шешеңнің шыны-шәйнегі қирады, болды...». «Сонда, енді құламайтыны неліктен? - деп Өркенбек қайта тықақтады.
-Кірпіш үйлер құлап жатқанда...» «Қайдан білем, -деді әкесі. - Қызықсың сен. Бірдеңе сұрасаң, арттан қалмайсың. Құдай қақты да бізді». «Аналарды ше?»
«Кімдерді?» «Ауылдағыларды?» «Немене ауылдағыларды?» «Құдай неге қақпаған?» «Әй, мынаны-ай» деп әкесі орнынан тұрып кеткен.
«Киіз неге құламайды?» деген сауал мектепте де онан кейін де қыр соңынан қалмай қойса, қане...

***
Архитектор оқуына оны осы сауал алып келген болатын. Қайдан жабысқан сенім екенін, ол «Киіз үйде адам да бойындағы тепе-теңдікті сақтау бар сияқты. Адамға ұқсап сілкініс кезінде ырғалу ыңғайына қарай тұла бойы тұтаса алады. Керегесі, уығы, шаңырағы қандай сілкіністе де бір үйлесіммен теңселеді, бет-бетімен шашылып кетпейді, сірә» Ойлады: кірпіш, бетоннан да осылай етіп салуға болмай ма? Айға ұшу болды. Тіпті адам аяғы да тиді ғой оған.


Курстастарына осыны айтса, олар күлетін. «Біз әуелі жерде құламай жүруді үйренейік те» деп.
Біреудің күлгеніне, кекеткеніне Өркенбек пысқырмады да. Қилы-қилы жобалар сызды. Не ойлағанын жасау адамның қолынан сөзсіз келетініне сенді. Табиғат апатының қайталанып отыратыны - заңдылық. «Ол енді қашан болады. Болған күнде «Көппен көрген - ұлы той» дегенді жанындай жек көретін. Солай екен деп алдын алуға әрекет етпей жүре бере ме. Жоқ, Өркенбек мұнымен келісе алмайды. Апаттың болып тұруы қандай заңдылық болса - одан аман қалудың амалын ойлап тауып, жасау да сондай заңдылық деп қоймады.
Оқуы бітті. Үйленді. Ұл-қыз көрді. Жобаларын көтеріп, бармаған жері жоқ. Бәрінің айтатыны: «Айналайын-ау, мына сызбаларың түсініксіз... Қиял ма, немене. Мұндай қияли жобаны қуып кеткен біреу болмаса, ешікім қабылдамайды. Өміріңді қор етпе, құрғақ қиялмен. Бесполезно жить, дейді мұндайды орыстар... Есіңді жи, ертерек. Өмір ертек емес, әу бастан...»
Қатын-баласын алып, ауылға, ауыл болғанда аудан орталығына қайтқан. Жұмысқа тұрып, бала-шағаны асырау керек. Алайда арғы түкпірінде
«Мүмкін жобамды осы жерде іске асырып қалам ба» деген үміті де тұрды, үңіліп.
Бұл өзі тәуелсіздік жылдарының бас жағы еді. Қайсыбір құрылыс компаниясында жобалауашы болып жұмыс істеп жүрген. Істеп жүргенде дайын, баяғы барлық жағынан «сауатты» жобалардың жүзеге асырылуын қадағалайды. Ал ішін күндіз-түні тесіп бара жатқан - өз сызбалары. Реті бір келіп қалғанда соларын көтеріп, аудан архитекторының алдына келген. Мұнын жобаларын ары қарап, бері қарап өткенде, көзәйнегіне жабысып қалған көздерінің жанары бірде жанды, бірде сөнді. Сұрады: «Бұл не?»
«Жобалар ғой». «Ненің жобалары?» «Ғимарат құрылыстарының». «Осыны сондай жоба дегенге өзің сенемісің?» «Енді ше?» «Мұныңды сен менен басқа ешікімге көрсетпе.»
«Неге?» «Ит теріңді басыңа қаптайды». «Қызық екенсіз». «Қызараңдама өйдеп. Архитектор болып отырғаныма табаны күректей жиырма бес жыл, мына секілді жоба көрсем көзім шықсын». «Бұл бәрін жаңа ойлау жүйесі ғой, аға», «Басты қатырмай бар. Давай».
Сыртқа Өркенбектің іші қан жылап шыққан. «Қайда барсаң алдыңнан тоқырау шығады омалып, - деп күйінді. - Одан қашан құтылады қазақ?!»
«Неден де әркім өзін-өзі алып шығатын заман емес пе бүгін, - дейді бір ойы. -Сөйтуге құштарлық неге жоқ? Жаңа - түсініксіздеу болар, қиял да шығар, мейлі, қалай көрінсе де қызығушылық, үңілу, танымға бейіл беру, қане. Мұның тәсілі, үлгісі - құрылыстың әр қилы материалдан қандай да тербеліс, қозғалыс кезінде бір-бірінен айрылып кетпей, тұтас «иіліп, бүгілетіндігі». Осыған қанша күндерін, апта, айларын, жылдарын сарп етті. Ойын-күлкіден, қызық-думаннан безді.
Жаман күйзеліп жүрді. Айналаны түгел пәтуасыздык жайлап алғандай болып көрінді. Жаңаға құштарлык, іңкәрлікті еріккеннің ермегі, ертегі деп қарайтыны батты бәрінен. Мұндайда не істеу керек екенін де білмеді.
Сонда кайтпек керек? Аудан әкіміне кірмек. Қабылдауында ол: «Мұндай мәселемен айналысатын арнайы адам - аудан архитекторы, соған барыңыз» деді. «Барғам оған». «Тағы барыныз. Менің мамандығым. Не... Жоба жайында біле бермеймін бәлендей. Архитекторга... Сөйтіңіз...»
Далбасалап газетті жағалады. Бармаған жері, баспаған тауы калмағанын айтты. Әкімге де кірдім деді. Редактор калың шөптің арасынан құс пыр етіп ұшқанда елең ететін ат сияқты басын ербең еткізіп көтеріп алды: «О кісі не деді?». «Дәнене. Архитекторға бар дейді. Оған барғам ғой алдында». «Онда бауырым, бізден келер қайран жоқ. Әкімнен аса алмаймыз. Газет соның меншігінде. Біз бір тауықпыз жейміз, әкімнің шашқанын ғана теріп - деп екі қолын екі жағына жайды. Сол кісі калай еңкейсе, солай еңкейіп, қалай тонқайса... Енді түсінесің ғой, айналайын...»
Әйелінің жыны келеді. Осыңнан бар ғой, ештеңе шықпады, - дейді, Шынында да жер төңкеріліп жатса да құламайтын үй бола ма?». Бұл дүрс етеді: «Болады». «Қалай болады?» Сондай қатты сілкіністе киіз үйдің құламағанын көзіммен көргем». «Көрсең, киіз үй болғандықтан шығар».
«Кірпіш салынғанды да құламайтындай етіп тұрғызуға болады». Әкесінің немере ағасы - сақалы күмістей шал есінде. Жаз жайлауға келетін жылда. Тартпа, айыл, құйысқан, өмілдір жүген, қамшы өріп әкеліп, қойшыларға
тарту жасап, қозы-лақ жинап әкететін. Қойшылар: «Жарықтық әр жылда әр қилы өрім жасайсыз, мұның бәрі ойыңызға қайдан келеді?» дегенде,
«Қолыңнан кеп тұрған соң жақсыны ойлап тауып, жасап отырмаған жерде опа таппайсың» дер еді. Осыны айтып алып, ары қарай толғайтын: «Мына боз үйлеріңе қараңдаршы: шаңырақ, кереге, уық, болған біткені осы. Сөйте тұра алты ай жаз, алты ай қыс басыңа пана. Ыстықта іргені түріп, салқындатып ала қоямыз, ақ тер, көк мұзда киізге киіз қабаттап жауып, жылытып ала қоямыз... Қазақ атаң жасады мұны сөйтіп, Былай қарасаң, ерекше ештеңесі жоқ. Бірақ берік. Кез келген нәрсенің құдіретті, қажетті болатыны - беріктігінде.
Өркенбек өз заманы ғимараттарының неге де төзімді, берік жобасын көкседі. Қолы жеткен жерден алдырып қарап, зерттеп шықпаған жобасы жоқ. Мұның көксеуіне оның бірде-біреуі кепілдік бере алмаған. Рас, көрнекті, әдемі, әсем. Бірақ мәңгілік беріктігіне сенім жоқ. Өркенбекке қай- қайсысының да «менің осал тұсым - мына жерім» деп ымдап тұрғандай болып көрінетін. Адамның ми мен сезім арқылы басқарылатын он екі мүшесіндегі керек кезінде бір-бірімен біріге кететін құбылысты іздеп таппайтын. Сонда, сонау кездегі сілкінген жер үстінде билеп тұрғандай болып көрінген киіз үй елестейтін. Мұндайда осы менің миым ауысып кеткен жоқ па деп те тіксінетін. Алай да әп-сәтте онысын жылдар бойы алпыс екі тамырымен бір мезгілде лыпып тұратын аспан төңкеріліп, жер аунап кетсе де кірпіші босамайтын, іргесі қисаймайтын, төбесі ортасына түспейтін ғимарат жайлы арманы жайпап кетер еді. Сондай жобасы өзен-көлдерден, теңіздерден өтіп, мұхиттар асып бара жатса...
Қайда барып, кімге айтады зарын. Ауданда құрылысқа тендер жарияланады деген әңгіме шығып қалған. Үш қабатты мектеп, мәдениет үйі және екі қабатты балалар бақшасы салынбақ екен. «Сен сол тендерге қатыс, - деді бірге жұмыс істейтідер. - Бәлкім, жолың болып қалар». «Сөйтеріне сенбейтін болып қалдым емес пе», - деген анадан да, мынадан да беті қайтып қалған бұл. «Онда, ықпалды адам ізде». «Оны қайдан табам?» «Көрмес, түйені де көрмес... Батыр-ау аудандағы ең ықпалды адам -көршің емес пе».
Ия, оның ықпалды адам екенін бұл естіген. Қанша бастық келіп жатады, кетіп жатады, соның кез келгеніне осы кеңесші болады екен. «Штаттан тыс» дейді. Қай бастықтың үстінен арыз жазылса да оны тоқтататын осы екен. Жоғарыдан қандай да бір тексеру келеді, оның бәрін өз айтқанына көндіріп, жолға салатын да осы болып шықты. Не құдіреті барын тап басып ешкім айта алмайды. Біреу ақшасының көптігін айтады, біреу жоғары жақта баласының қызметін айтады...
Өркенбек қайтеді, жұрттың ақылын тыңдады.
Бұл келген шаруасын бастан-аяқ баяндамақ болып, қолынан түспейтін қарны тоқ қара пәпкесінен жобалары сызылған қалың қағаздарын шығарып,
«Өзі былай еді» дей бергенде, анау қолын бір-ақ сілтеді: «Езіп қайтесің. Не істеуім керек екенін айт!» «Бәрін түсініп алсын деп едім». «Қажеті жоқ. Төтесінен ұр». Бұл сөйтті. «Тендерді ұтып алсам дейсің ғой» деді анау. «Сол
ғой, аға». «Сөйтпейсің бе бірден міңгірлемей». «Осыған енді... Өзіңізге келдім... Соңғы үмітім».
Көршілес кісі біраз үнсіз отырды. «Ет-жақыныңнан, жора-жолдастан кімдерің бар?» деп сұрады. «Жалғызбын, - деді Өркенбек күрсініп, - Ата- анамның дүниеден көшкеніне біраз жыл. Дос-жаран дейтіндей ешкімім жоқ».
«Қайын-жұрт жағың қалай?» «Өз-өзімен жүрген қарапайым жұмысты адамдар, алыста». «Ы.м...м» деп қойды анау. Ақыр соңында, мұның әбден төзімін тауысып, жүйкесін тоздырып айтқаны: «Көрейік, - деді. Болып қалар». «О, аға... - Өркенбектің көзі бұлдырады. -Сөйтесіз бе?». «Сен дайындал. Әуелі тездетіп ЖШС құр, есепшот аш. Құрылысты салатын мердігерлерді ізде, тап, келісе бер. Соларды біржақты қылған күні кел маған. Соңғы істейтін негізгі, - ол сұқ саусағын мұның мұрнының ұшына кезеді.
-Шаруаңды сонда айтам... Әй, бірақ... Қазірден-ақ біліп ал, бала. Ол өзі былай. Алаған қолым берегенді білетін шығарсың. Білсең де. білмесең де сөзсіз істейтін шаруаң: ұтқан тендердің «шапкасын» мына алақанға әкеліп саласың. Он пайызы анаған, - көрші басын әуелітіңкіреп бір жағына қарай сілкіп жіберді. -Екеуі менікі».
Өркенбек күмілжіді. Ия, ол «шапка» дегенді талай естіген. Алған ақшаның мынау айтып отырған бөлігін беру. Өйтпейін десе, көршінің «Онда, шырағым, көзіңді құрт» деуі әбден мүмкін. Онда арманы адыра қалады. Сыртқа есеңгіреп шыққан.
Тендерге қатысу шарттарын тап-тұйнақтай етуге аз уақыты кеткен жоқ. Бұл кезде оның да өтетін күні әне-мінелеп қалған. Айтылған нұсқауды табанынан тозып жүріп, біржақты қылған соң, өкпесін қолына алып, көршіге қайта келген. «Бәрін бітірдім, аға» деген елпілдеп. «Мен де бітірдім, - деді анау. - Ұтасың тендерді». Сөйтіп алып кеңкілдеп күлді. - Осы күнгінің шенеуніктері азбан айғыр сияқты. Азбан айғыр бие-байтал көрсе, сосын ат дорба көрсе, жаман оқыранады. Мыналар қыз-келіншек пен ақша көргенде сөйтеді. Ақшаның төбесін қылтитып едім, оқыранып қоя берді. «Кім, аға?»
«Кімі несі... Ой, әлі сен бала екенсің ғой... Жә, жарайды. Есепшотыңа ақша қалай түседі, со моментінде алып кел, әлгі «шәпкіні», - деп көрші көзін ойнатты. «Аға-ау... - Өркенбектің көмейіне тас тығылғандай тұншығып қалды. - Орнын қалай реттеймін сосын оның?» «Со да сөз бе. Өсіріп жаз, өсіріп көрсет... Өсір... Ол енді өз шаруаң. Мен уәдемді орындадым. Уәде - Құдай сөзі. Сөйт әлгіні. Қолына апарып салғанымша анау оқыранып маза бермейді. Өзінің Парламент депутаттығына түсейін деп жүрген кезі келесі жылы. Сонда осы ақшаны өзімізге таратып береді әлі». Өркенбек аузын ашты: «Не үшін?». «Дауысымызды сатып алады...»
Он екі процент «шапка» көп сома болып шықты. Қайтеді, Өркенбек айтқанын берді. Орнын жабу үшін күнәға батты. Екі жыл өткенде жоспарлы тексеру жүріп, онысы ашылып қалды да, міне, енді түрмеде...
Түрменің азабын аз тартқан жоқ. Бірақ ол азап өзі жасаған жобамен балалар бақшасын салып кеткенінің жанында шыбын ғұрлы көрінбеді. Ой- қиялының, арманының жылдар бойы ақылын ашытып, жанын жеген еңбегі - бұрын-соңды болмаған жобасы жүзеге асқан соң немене?! Солай етсем деп
үздігіп сүрген жоқ па өмірін. Жан қалауы - тағы, тағы жаңаларды көксейді. Ең ғажайыптары солары сияқтанған. Қанша қағаз сызды, қаншасы сызылып жатыр. Шығады солардың арасынан көксегендері деп сенеді.
***

Түрменің темірторлы терезесінен ары-бері ұшып өткен торғайларға үздіге қарайды... Тағдыр шіркіннің осылай боларын кім ойлаған... Жарық дүниеде де, мына тар қапаста да келеке-мазаққа, қорлауға душар боламын деп пе...


Түрмеге түскеннен кейін общага дегенде тұрды. Алты адам бір бөлмеде. Араларында Пахан деген бар. Әкесі қазақ, шешесі орыс, нағашы апасы неміс, ар жағы тағы біреу, қырық сідіктен біткен біреу. «Осылардың барлығы мені жек көреді, мен де олардың бәрін жек көремін» деп отырады. Мұның сотталуының мән-жайын түгел естіп алып, басынан аямай ұрып-ұрып жіберген:

  • Бәленің бәрі осындай баста. Осындай бастың ішіндегі мазасыз, құтырған мидың ойлап таппайтыны жоқ. Түрмені де ойлап тауып жүрген - осындай бас! Енді келіп, жер төңкеріліп кетсе де құламайтын үй саламын деп өзіне бәле тауып отыр. Жер сілкініп, топан су қаптап, ешкім өлмесе, мына дүниеге адам сыймай кетпей ме. Құдай, әне, соны ойлап жерді сілкіндіріп, топан суын қаптатады. Ал сен құдайға қарсы шығасың, Құдайға қарсы шыққан бас керек пе бізге, керегі жоқ па? - деп жандайшаптарына қарайды.

  • Боже спаси, не надо, не надо, - десіп жамырайды аналар, өтірік мүләйімсіп.

  • Раз так, что-то надо делать с этой опасный головой, - дейді Пахан. Ясно что...

Аналар кезек-кезек басынан келіп шертеді мұның. Шертістері шекеңді тесіп жібере жаздайды.
Қайдан алатындарын, кімнен келетінін, анда-санда наша шегетіндері бар бұлардың. Майы кілкіген түтінді кезек-кезек, деміл-деміл сорып, көздері құтырып шыға келеді. Сондай бір кездерінде мұны бұрышқа тұрғызып қойып, сұрақтың астына алсын кеп. Қабырғаны көрсетіп:

  • Қане, - деді Пахан. - Мына қабырғаның түсі қандай?

  • Ақ, деді бұл қабырға шынында да ақ болған соң. Пахан мен жандайшаптарының ішек-сілелері қатты.

  • Вот дурень, - деп Пахан бұған қарата түкіріп жіберді. - Сен не, бізді мазақ етемісің?

-Енді ақ қой, -деді мұның тізесі дір-дір етіп.
“ Ақ дейді, - Пахан жанындағыларға жағалай қарады. - Кто подтвердит мұны?
“ Ни как не осмелимся. Он что-то путает, - деседі жандайшаптары ырбалаңдап.
-Көрдің бе? - Пахан жұдырық көрсетеді, - Твой ответ не соответствует к действительности, так что, давай айт: қабырға ақ па, қара ма?
Өркенбек өмірі көрмеген мына қорлықтан есі мүлде ауысып кете жаздады.

  • Қа...ра, - деген даусы әзер шығып, амалы жоқтықтан. Пахан мен жандайшаптары ал кеп күлсін.

  • Ну как? - деп Пахан бұдан көзін алмай тұрып жандайшаптарына сұрақ қойды.

  • Никак, - деп шәуілдейді аналар. - Қайдағы қара... Видимо он совсем очумел.

  • Адам емессіңдер ме?.. Бұларың не, - деуге ғана тілі келіп, құлап түсіп еді. Өзіне-өзі келіп, кірпігі қимылдағанда, аналар не болса соны айтып, не болса соған күліп жатыр екен. Сүйретіліп орнына қарай бара жатыр еді. Пахан: «Ей, қайда барасың, біз әлі біткен жоқпыз, -деп ырқ-ырқ күлді. - Қане, мұның шимай-шатпағын бері әкеліңдер». Біреуі барып жастығының астындағы сызбаларын бұрқыратып бері алып шықты. Пахан жандайшаптарына жоба сызбаларын парақ-парағымен бөліп берді де: «В

туалете будете использовать», - деп қарқылдап кеп күлген.
Осы сәтте жан дүниесі жай оғы тигендей жалма-жан жаман күйреп кетті. Түйсігінен өмірінде ешқашан болып көрмеген долылықтың қара бұлты түтеп қоя берді. Іле жыртқыш хайуандар айбат шеккенде болатын ырылға ұқсас дыбыс естілген. Сол бойы сұмдық бір жылдамдықпен өзін-өзі еденнен жұлып алып, Паханға оқша атылған. Жағасына қолы жетті ме, жетпеді ме, ол арасын білмейді, есінде қалғаны - қап-қара күректей күс табанның дәл бетіне келіп былш еткені...
Паханнан көрген соңғы қорлығынан кейін біраз күн еңсе көтере алмай жүрді. Ешкімге шағынбады. Тас түрмеде біреудің атын атап айту түгілі, саусағымен көрсету басына пәле болатын. Бас жарылса, бет аузың көгерсе, құлап қалдым, ұрып алдым деп құтыласың. Бұл да сөйткен. Жә, оны қойшы,
«Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде...» Өркенбекті таңғалдырғаны - анау жолы Паханға қарсы лау еткен сұмдық сұрапыл долылық... Алғаш рет... Ғимаратқа тексеру жүріп, мұның жағдайы қиындай бастағанда далбасалап көршісіне барған. «Аға-ау, мен сотталып кететіп болдым ғой», деген «Ал...» деген анау жайбарақат қана. «Қалай болғаны сонда?” «Қолыңмен істедің бе, мойныңмен көтересің» «Амалсыздан ғой анау шапка...» «Оны ұмыт сен». «Нені?» «Шапкі-сапкіні». «Рас қой енді». «Оны екеуімізден басқа ешікім білмейді бірақ» «Тергеушіге айтсам ше?» «Аштық жарияласаң да өзің білесің, айналайын».
Өркенбек ананың дүниені өртеп жіберсең де қылы қисаймайтынын, аяуды, обал-сауапты білмейтін, оны ұялту, қорқытудың мүмкін емесін байқап, адамдарға бұған дейінгі өкпесі адыра қалып, ашу-ызасы алқымына кептелген... Паханға келгенде онысы дүлей долылыққа ұласып кетіп еді. Сол долылықтан соң өмірінде өн бойында болмаған өшпенділік сезімі өңмеңдеп, қыр соңынан қалса, қане. Өзінен-өзі қатты тіксініп қалған. Сонда жайлауға ат әбзелдерінен тарту алып келетін шалдың толғап айтатын көп сөздерінің бірі -
«Жауыздыққа жауыздықпен емес, жаныңның тазалығын сақтап қалумен жауап бер» дегенін есіне алып, сабасына түсер еді...

***
Солай етіп жаңа жобасының сызбасын таза параққа қайта-қайта көшіріп отырған бір сәтінде есік шақұр-шұқыр етіп ашылып, түрме күзетшісі кірді. Қолында таза қағаз бумасы, арагідік өстіп әкеліп тұрады.


Пахан мұның жобаларының сызбалары түскен қағаздарын жандайшаптарына артын сүртуге бөліп беріп, бұл үшін қорлаудың ең айуандығын көрсеткеннен кейін түрме бастығына арыз жазған. Артық ауыз сөзге барған жоқ. Қағаз алып тұруға мүмкіндік жасауын, артынан іздеп келер ешкімнің жоқтығын жазған.
Қайсыбір күні түрме бастығы шақыртты.

  • Артымнан іздеп келер ешкімім жоқ депсіз?

  • Әйелім балаларды алып кетіп қалған. Тергеу кезінде-ақ. Біржола.

  • Қалай шатылып жүрсіз?

  • Жаңамен өмір сүремін деп.

  • Енді не болды?

-Ешкім түсінбеді...

  • Нені?

“Жобамдағы барлық құрылыс материалдарының жалғасуы, қиылысуы, бірігуі адам мүшелерінің үйлесімділігімен сәйкеседі.
Түрме бастығы бетіне ұзақ үңілді.

  • Бұл не дегеніңіз?

  • Мен рас айтып отырмын.

  • Ондай болуы мүмкін емес қой.

-Меніңше, адамға мүмкін емес ештеңе жоқ. Түрме бастығы басын шайқады.
-Солайы, солай да шығар. Бірақ адам нені істесе де заңды бұзбауы керек емес пе.

  • Мәжбүрлесе ше?

  • Сізді сөйтті ме?

  • Түсініксізбіз ғой, - деді Өркенбек үнсіздікті бұзып, - Күйретіп, жоюдың жаңалығы ойлап табылса, тарпа бас салып, соны іске асырғанша жанымыз қалмайды, ал оған қарсыны ойлап тапсаң, келекелейді, мазақтайды, қорлайды...

Түрме бастығы Өркенбекті сол күннен общагтан кітапханаға ауыстырған. Жалғыз тұрады. Тіпті ертеңгі-кешкі тексеруге бармай қоюына рұқсат етілген.
Әп-сәтте осы болған әңгімені ойлап үлгерген Өркенбекке біртүрлі қарап тұрған түрме күзетшісі қолындағы қағаз будасын ұсынды.

  • Рахмет, - деген бұл.

  • Оны бастыққа айтыңыз.

  • Білем ғой, - деді.

Түрме күзетшісі үстел үстінде қопсысып жатқан қағаздарға қарады.
- Сызып жатырсыз?.. - Ептеп. - Жалықтырмай ма? - Жо... Жоқ... - Босану мерзімі таяп қалды ма? - Ия, үш айдан соң. Бес жыл дегенің де өтті осылай. - Өркенбек күрсінді.

  • Өкінесіз ғой, ә? - деді түрме күзетшісі.

  • Өзгелер үшін сөйтемін...

  • Өзгелер үшін... Ол қалай?

  • Жаратқанға жақындай түсу үшін жаңа іске жаппай ұмытылмайды.

Қолындағы түрме күзетшісі жаңа әзірде алып келіп берген. «Рахмет, азамат, - деп күбірлеген, - Құдайдан қайтсын». Бұл түрме бастығына бағыштаған сөз еді.

***

Темір торлы алақандай терезенің ар жағынан күн сәулесі лүпілдейді. Әлде олай емес пе? Соңғы күндері кей құбылысты не екенін дәл айыра алмай қалатын болып жүр. Сондайда екі жауырынының арасынан әлдене қадалып, демі тарылады. Түрме дәрігеріне көрінбек болса, жатқызып қоя ма деп қорқады. Онда мына соңғы айда жасап жатқан жаңа жобасы тұрып қалар деді. Осыны шегіне жеткізсін әуелі. Бұл өзі салған екі қабатты балалар бақшасы жобасынан бастау алып, аса көп қабатты ғимараттар құрылысына арналып жетілдірілген жаңа еңбегі еді. Зеңгір көкпен тілдескен осы жобасының ғимараты көз алдына елестеп қоя берді. Сосын жайлауда сілкінген жер үстінде билеп тұрған киіз үй... Сосын аудан орталығындағы балабақша... Үш ай... Еркіндікке қалай шықты, бұл еш жаққа бұрылмастан, ешкімге бармастан соған барады. Соны күзетіп, айналасын сыпырып жүреді, жаңа жобаларын сызып...

***
Темір торлы алақандай терезеден кептерлер қанат қағып өтті. Төртеу емес, бесеу емес. Анық көрді - үшеу. Қалған үш айымды еске салғаны ма жаратқанның деп ойлады іштей. Үш ай... Бас еркіндігіңнің, арман-мүдде, ой- қиялыңды іске асырғаның, адамдарды «Ой, бәрекелді» дегізгеніңнен артық не бар. Үйіліп-төгілген сонша көп тілек емес қой. Әркім-ақ білер, ұғар мұны. Сөйте тұра, бір-бірінің соған жетуіне неге қарсылықтар жасайды?.. Жауап таппай сандалып отырады сосын.


***



Күндер өтіп жатқан. Өркенбектің бостандыққа шығуына бірер күндер қалғанда түрмеге жоғарыдан жоспарлы тексеру келді. Бір топ адам біраз жатты. Қайтарларында соларды орталықтан тысқары тау қойнауындағы өзен бойына апарып, ішкізіп-жегізіп, шығарып салып, түн ортасында төсегіне жете құлаған түрме бастығын азанда әйелі оятқан.

  • Әй, тұр! - деп жұлқылады. - Кеше түс ауа сұмдық болды ғой. Естіп пе едіңдер?

  • Нені?

  • Жер сілкінді әнебір ауданда.

-Қой, әй, - түрме бастығы жастықтан басын жұлып алған.

  • Рас. Теледидардан көрсетті түнгісін. Қирап қалыпты. Тірі қалған адам бірен-саран көрінеді. Естімедіңдер ме мұны?

  • Тау арасында... мобильный ұстамайды. Қайдан, қалай естиміз. Әй, сұмдық қой мынау. Қап...

-Теледидарды қойып қойдым, ертеңгі жаңалықтан естиміз қазір. Көрсең, жаның түршігеді.
Түрме бастығының көзі теледидарда. Таңғы жаңалықтар біреу әдейі ұстап жібермей тұрғандай экранға әзер шыққаны. Бәрі рас. Шағын аудан орталығының шаңы аспанға шығып, үйлер ат көпір қирап жатыр. Мемлекеттік мекемелер ғимараттарының шеккен зардабы да сұмдық. Кейін салынған үш қатар мектеп пен мәдениет үйі де сол. Көптеген оқушылар бетон қабырғалардың астында қалған. Аман қалған, аман қалғанда, бір кірпіші де жерге түспеген - жалғыз балабақша. Соның жанында тұрған телерепортер лауазымды тұлғаға сұрақ қойды.
-Бұл ғимарат қашан салынған?

  • Ана мектеп, мәдениет үйімен бір мезгілде.

  • Мұның еш зардап шекпеуін немен түсіндіресіз?

  • Білсем, қане.

  • Кімнің проектісі бұл?

  • Жергілікті азамат болатын.

  • Болатыны қалай?

  • Қазір түрмеде ол.

  • Не үшін?

  • Ол өзі бір шепетильный әңгіме...

Хабарының соңынан комментарий жүргізген телерепортер балабақша жобасын жасаған адамның есімін атады. - Өркенбек Бәзілов.
Түрме бастығы орнынан атып тұрды.

  • Бізде... Біздің түрмеде жатыр о кісі, - деп дегбірінен айрылып қалды.

«Ал сол Өркенбек Бәзіловтің түрмеде жатқанына бес жыл болыпты, - деді телерепортер қыз. - Неге сотталғанын алдағы уакытта анықтай жатармыз. Ал бүгін айтарымыз, соның жобасымен өзі бас болып салынған жүз жиырма орындық балабақша мен ондағы бүлдіршіндер жеті балдық жер сілкінісінен дін аман қалды...».
- Міне, міне, - деп түрме бастығы, - орнынан тұрып кетті. - Біліп едім.
Сезгенмін жай кісі емесін. Сезіп ем...

  • Кімді айтып тұрсың? - деп сұрады әйелі.

  • Архитекторды. Бізде жатыр дедім ғой бес жылдан бері. Ал оның жобасы жүз жиырма бүлдіршінді аман алып қалды. Дін аман.

Өркенбектің жатқан жеріне өзі бармақ болып, қолын алмақ болып, жақсы- жақсы лебізін айтпақ болып қызмет орнына ентігіп жеткенде, орынбасарының бірі есік алдында күтіп тұр екен. Ілесе кіріп айтқаны:

  • «Архитектордың» жүрегі тоқтап қалыпты, азамат бастық.

  • Тоқтап қалғаны қалай? - жаман көзімен жалт қарап, орнынан атып тұрған.

  • Сызбаларын кеудесіне басып құшақтаған күйі...

  • Бара бер, - деді қолын сілтеп. Басын қос алақанымен құшақтап, ұзақ отырды. Ойлап келгеніне жетіп үлгермегеніне, байғұстың салып кеткен балабақшасы жер сілкінісінен аман қалғанын естімей кеткеніне өлердей өкінді, опынды. Біртүрлі көңілі жаман босаған. Бірақ көзінен жас шыққан жоқ.



НЕСІПБЕК ДӘУТАЙҰЛЫ





Несіпбек Дәутайұлының «Архитектор» әңгімесі kitapjaris ұйымдастырған кітап сайысында оқытылды.


Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымыз:


kitapjaris https://instagram.com/kitapjaris?igshid=YmMyMTA2M2Y=


Кітапgram https://t.me/kitappgram

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет