2. Фәлсафа дәстүріндегі рух ұғымы. Рухтың өмір сүру формаларына келер болсақ, уақытында оны Г.Гегель егжей-тегжейлі талдаған болатын. Ол оны субъективті, объективті және абсолютті рухқа бөледі.
Субъективті рух деп біз тарих сахнасында өмір сүріп жатқан тірі өзіндік сана-сезімі бар адамды айтамыз. Рух жеке адамның психикалық ерекшеліктеріне сай қалыптасып, дамиды. Адам өзінің саналы іс-әрекетінің негізінде тұлғаға айналып, қоғам өміріндегі құндылықтарды игеріп, өзіндік сана-сезімін қалыптастырады.
Объективті рухқа біз белгілі бір әлеуметтік қауымның мойындаған ортақ құндылықтар әлемін жатқызамыз. Оған оның дүниесезімі, көзқарасы, этикалық, эстетикалық, саяси-құқтық, философиялық түсініктері, көңіл күйі, идеялары жатады. Негізінен алғанда, объективті рух - ол белгілі бір тарих сахнасында өмір сүріп жатқан халықтың рухы, ең алдымен оның тудырған тілі, жасаған өнер әлемі, әдет-ғұрпы, тәлім-тәрбие әдістері, менталитеті.
Гегельдің уақытында айтқан абсолюттік рухы - ол кемеліне келіп жетіліп, өзінің шеңберіне қайта оралған абсолюттік идеяның жердегі өмірмен ешқандай байланысы жоқ рухы. Мұндай көзқарас бүгінгі әдебиетте көп жағдайда мойындалмайды. Сондықтан Гегельдің көрсеткен абсолюттік рухтың сатыларын: өнер, дін, философияны объективті рухтың ішіне кіргізуге болады.
Философиялық әдебиетте объективтендірілген рух деген ұғым қолданылады. Қайсыбір адамның шығармашылық іс-әрекетінен туған идея өмір сүруі үшін заттанады, яғни объективтендіріледі. Мысалыға, күнделікті өмірде мыңдаған рет кездесетін жеңіл машиналар, автобустар техника түрлерін алсаңыз, олар жүздеген ғылыми қайраткер, инженер, ойлап шығарушы талантты адамдардың ой еңбегінің жемісі. Белгілі бір кешенді салу үшін ол ең алдымен архитектордың санасынан өтіп, жобаға айналуы керек. Тағы табиғатта қалалар, машиналар, байланыс жүйелері жоқ. Яғни бүкіл адамзат тудырған «екінші табиғатта» адамзат рухы затталып, соның ішінде сөнген.