25 белес елбасының қанатты сөздері мен олардан туындаған ой-тұжырымдар



Pdf көрінісі
бет7/30
Дата07.04.2017
өлшемі6,75 Mb.
#11212
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   30

Геннадий ШИПОВСКИХ, 
 Парламент Мәжілісінің депутаты

25 басымдық
25 БЕЛЕС
52
Біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтарымыздың 
бақуаттығы. Бұл – қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақсы кепілі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың  
Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» стратегиясы – 
қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан. 
14 желтоқсан, 2012 жыл
С
оңғы  уақыттары  Еуропаны  жайлаған  жұмыссыздық  тұрақсыздықтарға 
ұрындыратын құбылысқа айналып барады. «Еуропаның ең әлжауаз елі» саналатын 
Грекияны былай қойыңыз, бүгін бұл кесел Автралияда рекордтық көрсеткіш орнатса, 
әлемдегі бірінші экономика саналатын Германия жұмыссыздықтың жағадан алғанын 
мойындай бастағандай. 
Сосын  Еуропа  ғалымдары  жұмыссыз  қалған  адамдардың  психологиясын  зерттей 
келе, ондайлардың «нені болса да төңкеріп тастайтындай алапат күшке ие болатынын» 
жеткізеді. Мәселен, Цюрих университеті мамандарының зерттеу нәтижесіне сүйенсек, 
жұмыстан  шығып  қалған  немесе  жұмыс  таба  алмаған  адамның  өзін  жайсыз  сезінуі 
экономикалық дағдарыс қаупін де басып озады екен. Ендеше, бұдан шығатын жалғыз 
қорытынды  –  жұмысбастылық  әлеу меттік  қауіпсіздікті  күшейтіп,  азаматтардың 
бақуаттылығына да жол ашады.
Расында,  беделді  халықаралық  сарапшылардың  басымы  әзіргі  әлемдік   ах уалға 
тоқтағанда  әлеуметтік  мәселе  әбден  ушығып  тұрғанын,  тіпті  бұны  тез  тұтанатын, 
тұрақсыздыққа  тура  апаратын  қатер  ретінде  қарастырады.  Соны  ең  алдымен  мықты 
мемлекеттердің қаперіне салғысы келеді. Дегенмен, бұған қайрат қылуға дамыған Еуропа 
елдерінің өзінде де шама болмай тұрғанын аңғару қиын емес. Ал Қазақстанның бүгінгі 
әлеуметтік-экономикалық  дамуы,  әлеуметінің  тұрмыс-жайы  баршаға  мәлім.  Ендеше 
межеленген  келешек  асуларда,  айқындалған  жаңа  мақсаттарды  еңсеруде  әлеуметтік 
сипаттан туындайтын сын-қатерге ұрынбай, оны тиімді етіп жүзеге асырып, тұрақсыздық 
қауіптерін қалай айналып өтуге болады?
Осындай маңызды сауалдарға жауапты да сол «Қазақстан-2050» стратегиясынан, яғни 
Елбасы айқындаған стратегиялық Жолдаудан таба аламыз. Осы тұста соңғы жылдардағы 
дағдарыстардың әсеріне қарамастан, елдегі әлеуметтік қолдаудың еш кедергісіз жүзеге 
асып  жатқанын  да  айтуға  болады.  Тіпті  дәл  Қазақстан  секілді  әлеуметтік  қолдау 
шараларын көршілес бірде-бір мемлекеттен таппаймыз. Статистикаға сүйенсек, бүгінде 
елімізде 2 миллионға жуық адамға – зейнетақы, 560 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі 
азамат пен асыраушысы жоқ 172 мың азамат – мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы, 386 
мың жаңа туған балаға – біржолғы жәрдемақы және 18 жасқа дейінгі 551 мың балаға ай 
сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленіп келеді. Осы мақсаттарға барлығы 2,6 триллион 
теңге қарастырылса, оның 1,6 триллионы тек әлеуметтік төлемдерге бағытталады екен. 
Яғни, мемлекет елдің әл-ауқатын, бақуаттылығын алдыңғы орынға қойып отыр. 
Қанат ТОҚАБАЕВ,
журналист, «Алаш айнасы» интернет порталының бюро жетекшісі

25 басымдық
ЕЛБАСЫНЫҢ ҚАНАТТЫ СӨЗДЕРІ МЕН ОЛАРДАН ТУЫНДАҒАН ОЙ-ТҰЖЫРЫМДАР
53
Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың  
Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» стратегиясы – 
қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан. 
14 желтоқсан, 2012 жыл
«А
дам ұрпағымен мың жасайды» деген ата-бабалар нақылы ұрпақты тәрбиелеудің 
қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Өмірге шыр етіп келіп, тәй-тәй басып, 
талпынып, одан ес жиып, өмірдің үлкен жолына қадам басатын балғындардың ертеңгі 
үлкен азамат болып қалыптасуында тәрбиенің рөлі зор. 
Абай атамыз айтқандай, бала тәрбиесіне үлкен көңіл бөлу – әр ата-ананың қасиетті 
борышы. Бала бойына ізгі қасиеттерді сіңіріп, адамшылыққа баулу, сондай-ақ ел қамын 
жейтін азамат болуға үйрету әрқайсымыздан үлкен жауапкершілікті талап етеді. 
«Бала – бауыр етің», «Балалы үй – базар» деген бабаларымыздың даналық сөздерінің 
астарына үңілсек, бүгінгі сәбидің ертеңгі ел жүгін арқалар азамат екендігін аңғартар сыр 
жатқанын аңғарамыз. Балабақшадан – мектепке, мектептен – жоғары оқу орнына ұласар 
ұзақ  та  жүйелі  тәрбие  әдістерімен  бірге  ата-ана  тағлымы  жас  ұрпақ  үшін  ең  негізгі 
қажетті нәрсе. «Не ексең, соны орасың» деген бабалардың тағы бір өсиеті «баланы – 
жастан» деген мақалдың мәнін түсіндіріп, айқындап береді.
«Ата-анаға көз қуаныш, алдына алған еркесі» деп, дана Абай айтқандай, әрқайсымыз 
айдарын желге сүйгізіп, төбесін көкке тигізіп өсірер балаларымызды игі істерге баулуға 
міндеттіміз.  Бала  біздің  емес,  елдің  көз  қуанышына  айналуы  керек.  Тағы  да  Абайға 
жүгінсек «Атаңның баласы емес, адамның баласы бол» деген қағиданы берік ұстану 
еш адастырмас.
Тәрбиені тал бесіктен бастап берген үлкендердің іс-әрекеттері мен ұлағаттары бүгінгі 
күн үшін де маңызы мен мәнін жоғалтқан жоқ. «Біреудің ала жібін аттама» деп адалдыққа, 
«өтірік  өрге  баспас»  деп  шыншылдыққа,  «батыр  болсаң  –  жауға  найзаң  тисін,  шешен 
болсаң – елге пайдаң тисін» деп, ел үшін басын бәйгеге тігер тұлға болуға үндеген үлкендер 
тағлымын  біз  естен  шығармауымыз  керек.  Елбасымыз  осы  бабалар  ұлағатын  еске  ала 
отырып, нағыз азаматты, егемен еліміздің ертеңі болар қайраткерлерді тәрбиелей отырып, 
өзімізді алаңсыз, тәуелсіздікті баянды ете аламыз деген ұлағатты ой айтады.
Тәрбиенің  жолдары  көп.  Жалаң  ақыл,  құрғақ  дидактика  балаға  берілер  тәрбиені 
толығымен  атқара  алмайды.  Бізге  керегі  –  өнеге  көрсету,  үлгі  бола  білу,  не  жақсы,  не 
жаманды ұқтыру. Біз ұрпағымыздың саналы азамат, елі мен жерін сүйетін адал перзент 
болып өсуіне жауаптымыз. Балаларымызды жақсылық нәрімен, ізгілік нұрымен рухани 
нәрлендірсек, ертеңгі күнімізді жарық еткеніміз. Өйткені, бала – біздің ертеңіміз. Бүгінгі 
балаға берілген ұлағатты тәрбие мен тағылым – ертеңгі жарқын болашақтың кепілі.
Ербол ТІЛЕШОВ,
филология ғылымдарының кандидаты

25 басымдық
25 БЕЛЕС
54
Қазақстан  патриотизмінің  іргетасы  –  барлық  азаматтардың  тең 
құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы ортақ жауапкершілігі.
 
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 
Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан – 2050» стратегиясы – 
қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан. 
14 желтоқсан, 2012 жыл
О
тан  дегенді  білдіретін  грек  сөзі  «patris»  патриотизм  ұғым-түсінігінің  бастауы 
болып табылады. Мәні – отанды сүю, туған халқына адалдық. Ал бұл сезімнің 
тарихи тамыры тым тереңде жатыр. 
Күлтегін  тасындағы:  Өлімші  халықты  тірілттім,  Жалаңаш  халықты  киімді,  жарлы 
халықты  бай  қылдым,  Аз  халықты  көп  қылдым.  Тату  елге  жақсылық  қылдым,  Төрт 
бұрыштағы халықты, Көп бейбіт еттім», Тоныкөк ескерткішіндегі: «Бұл түркі халқына 
қарулы жауды келтірмедім, Атты әскер жолатпадым Елтеріс қаған осылай етпесе, оған 
еріп  мен  өзім  де  осылай  етпесем,  ел  де,  халық  та  жойылар  еді»,  –  деген  жолдар  елге, 
жерге,  халыққа  адалдықтың  тамаша  көрінісі  ғой.  Қазақ  елінің  бүгінгі  патриотизмінің 
үлгісі сонау күні түркі дүниесінен бастау алатынын осыдан көреміз.
Сан ғасырдан тамыр тартатын ұлтымыздың тарихында елдің рухын көтеретін, ерлікке 
үндейтін қастерлі құндылықтар жеткілікті болды. Сол рухтың күшімен жігерленген ата-
бабаларымыз ұланғайыр жерімізді жаудан қорғап, кейінгі ұрпаққа аманаттап табыс етті. 
Еуразияның сайын даласында ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан осынау құндылық бейбіт 
заманда  да,  қанды  майдан  жорықтарда  да  бір  мысқал  кеміген  жоқ.  Әйтпесе  Отан 
намысын жоғары ұстаған Асан Қайғының, Бұқар жыраудың, Абылай мен Кенесарының, 
М.Әуезов пен  Ә.Марғұланның есімдері мен істері аңызға айналмас еді. Тәуелсіздіктің 
келуімен патриотизм, ортақ жауапкершілік жаңа мазмұнмен толықты. Өйткені, Қазақстан 
құқықтық мемлекетке айналуды конституциялық міндетіне алып отыр.
Құқықтық  мемлекеттің  мәнді  белгісі  азаматтарының,  адамдардың  құқығы  мен 
бостандығының  мүлтіксіз  сақталуынан  көрінеді.  Құқығы  мен  бостандығы  мемлекет 
тарапынан қорғалған азамат Отанының алдындағы борышы мен міндетінен бас тартуы 
мүмкін емес. Бұлар бір-бірінен ажырағысыз құбылыстар. 
Татулығы мен бірлігі жарасқан көпұлтты қоғамда патриотизм ұлттардың арасындағы 
берік ынтымаққа негізделеді. Қазақстан халқы ел мен жердің тұтастығына деген ортақ 
көзқарас пен ортақ жауапкершілікті қалыптастырып, оны дамыта түскені жөн. Елбасымыз 
айтқан «Бір ел, бір тағдыр» идеясы атамекенді шексіз сүюге, оны қадірлеуге, қорғауға 
дайын тұруға үндейтін ортақ намыстың түпқазығы болуға тиіс.
Ханкелді ӘБЖАНОВ, 
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры,   
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, 
тарих ғылымдарының докторы, профессор

25 басымдық
ЕЛБАСЫНЫҢ ҚАНАТТЫ СӨЗДЕРІ МЕН ОЛАРДАН ТУЫНДАҒАН ОЙ-ТҰЖЫРЫМДАР
55
Болашаққа деген сенім болмаса, толыққанды мемлекет құруға болмайды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 
Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» стратегиясы – 
қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан. 
14 желтоқсан, 2012 жыл
Б
ұл  дүниеде  адамзат  баласын  болашаққа  жетелейтін  бір  ғана  күш  бар.  Ол  – 
ертеңге деген сенім. Сенімсіз қозғалыс, алға жылжу жоқ. Сенім бар жерде ғана 
ұмтылыс бар, талпыныс бар. Демек, сенім – адам баласының ішкі қозғаушы күші, 
болмысының субстанциясы. 
Сенімді  адам  болмысынан  тысқары  өмір  сүретін  күш  ретінде  қарау  мүмкін  де  емес. 
Сенім туралы ойлар тек адам іс-әрекеті мен тәжірибесіне қатысты айтылуы тиіс.
Болашаққа деген сенім адам болмысы астарының әр саласын қамтиды және жеке бастың 
беделіне, немесе белгісіз тылсым күшке сүйенумен шектелмейді. Сондықтан болашаққа 
деген сенім көзінің бірі – білім.
Білім адам сеніміне нақты сипат береді, мақсатқа жетудің жолын көрсетеді, бойдағы 
үрейден  арылтады.  Адам  сенімсіздіктен  арылған  сайын  ұлы  мақсат  жолындағы 
жасампаздыққа жол ашады.
Мемлекет құру сияқты аса жауапты, асқан ауыр міндет те тек жалаң сенім негізінде 
жүзеге аспайтыны белгілі. Бұл жолдағы сүйенер күш – ол білім мен сенімнің бірлігі. Білім 
ақылды көркейтсе, сенім жаныңды көркейтеді. Екеуі құстың қос қанатындай.
Білім қолыңа мемлекет құрудың, басқарудың әдіс-тәсілдерін берсе, сенім адам бойына – 
махаббат, үміт, жылулықты, имандылықты сіңіреді. Басқаша айтқанда, сенім мақсат берсе, 
білім соған жетудің жолын көрсетеді. Екеуі бір-бірімен тығыз байланысты.
Болашаққа деген сенім – әділеттілікке, бақуаттылыққа, татулық пен бірлікке, имандылық 
пен ізгілікке деген сенім болса керек. Әйтпесе, келмеген келешекке адамда қалай сенеді? 
Түптеп  келгенде,  адам  сол  келешекті  нақты  шын  өмірдің  мәніне  айналдыру  үшін 
күреседі,  өмірдің  сан-алуан  қиындығын  басынан  кешіре  отырып  өзін  шынықтырады, 
шыңдайды.  Өмір  оны  кейде  небір  ауыр  сындардан  өтуге  мәжбүрлейді,  жеңіліс  пен 
жеңістің, ар мен дардың, зұлымдық пен ізгіліктің дәмін татқызады. Осы жолда адамның 
жалғыз сенімі мен серігі ол, өзінің ақыл-парасатына деген сенімі болмақшы.
Ал,  толыққанды  мемлекет  құру  өз  халқыңа  сенуден,  оның  сенімін  арқалаудан,  ұлы 
армандарын  жүзеге  асырудан,  болашақ  мемлекет  бейнесін  өз  дүниетанымыңда  дұрыс 
қалыптастырудан туындайды. Егер санада ол дұрыс қалыптасса, сеніміңді де арттыра түседі.
Елбасының жоғарыда берілген тұжырымындағы айтылып отырған ойының түпкі түйіні 
де осы болса керек.
Төлеуғали БӨРІБАЕВ,
философия ғылымдарының докторы, 
профессор

25 басымдық
25 БЕЛЕС
56
Соғыстың тамырына балта шабу – адамзаттың ең күрделі өркениеттік 
міндеті.  Бірақ  мұның  қандайда  бір  ақылға  қонымды  басқа  баламасы 
жоқ. Бұл міндетті әлемдік көшбасшылар жаһандық күн тәртібіндегі өзге 
проблемалардың аясында абсолютті басымдық ретінде қарастыруға тиіс. 
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 
«Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесінен. 
АҚШ, Вашингтон қаласы, 4 сәуір, 2016 жыл
Е
лбасымыз қауіпсіздік мәселесін, бейбітшілікті сақтау ісін өзге де халықаралық 
мәселелер ішінен ерекшелеп, абсолютті басымдық ретінде қарастыруды ұсынды. 
2011 жылдан бастап «Араб көктемі» ретінде тарихқа енген Таяу Шығыс, Солтүстік 
Африка  елдеріндегі  толқулар,  Украинадағы  саяси  дағдарыс,  Таулы-Қарабақ 
қақтығысы  әлем  жұртшылығын  алаңдатып  отырған  кезеңдегі  мұндай  іргелі   ой-
тұжырымдар заман талабынан туындап отыр. 
Президент  «Әлем.  ХХІ  ғасыр»  атты  манифесінде  бес  бағытты  саралап,  әрқайсысын 
дәйектеп  берді.  Бірінші  бағыты  бойынша,  БҰҰ-да  жаппай  қырып-жоятын  қару  жасау 
және  жетілдіру  үшін  пайдалануға  болатын  ғылыми  жаңалықтарды  Тіркеу  реестрін 
құруды,  Таяу  Шығыс  елдерінде  ядролық  қарудан  азат  аймақ  құру  қажеттілігін, 
халықаралық  құқық  негізінде  кең  ауқымды  Бейбітшілік  Ареалдарын  құруды  ұсынып, 
әскери  блоктарға  БҰҰ  туы  астында  мемлекеттердің  бейбітшілік,  тұрақтылық,  сенім 
мен  қауіпсіздік  жолындағы  жаһандық  коалициясын  қарсы  қою  қажеттілігін,  БҰҰ-
ның  Қарусыздану  жөніндегі  конферен-циясының  жаңа  стратегиясының  қажеттігін, 
киберқылмысты  жоюмен  айналысу  міндетін  айрықшалай  келе,  2016  жылы  БҰҰ-ның 
жоғары дең-гейдегі Халықаралық конференциясын шақыруды ұсынды. Әлемдік деңгей-
дегі ядролық қаруды шектеу, ядролық қарусыз әлемді орнату және ядро-лық қауіпсіздікті 
нығайту ісіне белсене араласа отыра, Президентіміз толық және жаппай қарусыздануға 
қол  жеткізуге,  ядролық  терроризмді  жоюға  әлем  жұртшылығын  шақырып  отыр. 
Қазақстанда  Ядролық  банк  құру  туралы  халықаралық  шарт  2015  жылы  тамызда 
қабылданып,  жүзеге  асуда.  Бұл  ұсыныс  халықаралық  қауымдастықтың  кең  қолдауына 
ие  болды.  2015  жылы  11  маусымда  Халықаралық  атом  энергетикасы  агенттiгiнiң 
басқарушылар кеңесi Қазақстанда төмен байытылған уран банкiн құру туралы келiсiмдi 
және  Ресей  Федерациясымен  транзиттiк  келiсiмдi  бекiттi.  Бұл  бағыттар  –  этносаралық 
қақтығыс,  саяси  дағдарыс,  мемлекетаралық  кикілжіңдер  белең  алып  отырған  кездегі 
қажетті бастама. Жергілікті деңгейдегі қақтығыстан басталған жанжалдардың ушыға келе, 
қылмыстық топтар тарапынан ядролық арсеналдар қолданбауына кім кепілдік бере алады. 
Сондықтан Президентіміз көтерген бастама – уақыт талабынан туындаған батыл қадам. 
Елбасы айқындағандай, біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ.
Жұмахан МЫРХАЛЫҚОВ
М. Әуезов атындағы
 Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, 
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі

25 ұстаным

25 ұстаным
25 БЕЛЕС
58
Өз  халқын  сүйетін  адам,  өз  жұртына  жақсылық  тілеген  жан  өзге 
халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 
Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» стратегиясы – 
қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан. 
14 желтоқсан, 2012 жыл
Т
үрі,  түсі  бөлек  болып  туғанымен,  жаратылыс  тұрғысынан  адамнан  адамның 
айырмашылығы немесе артықшылығы жоқ. Халықтар да солай. Адамнан адам 
тек ақыл-ойымен озатындығы сияқты, халықтар да бір-бірінен білім-парасатымен 
ғана оза алады. 
Алайда бұл жағдай өзгелерді немесе өзге халықтарды кемсітуге себеп емес. Сондықтан, 
халқын  сүйетін,  елінің  биік  белестерге  шығып,  табысты,  бақуатты  және  абыройлы 
болғанын қалайтын кез келген азамат бұл игіліктерді ешқашан өзге халықтардың құқығын 
шектеу  есебінен  жүзеге  асыруға  ұмтылмайды.  Мұндай  талпыныстар  барша  адамзат 
баласына нәубет әкелген соғыстарға ұрындырып, оның ақыр соңы соғысқа себепші болған 
халықтың өз басына қатер болып төнетінін тарихтан білеміз. 
Жарты әлемді жаулап, талай ел мен жұртты ұзақ жылдар бодан еткен алып империялар 
да ақыр соңында ыдырап тынған. Одан беріде, күні кеше бір Одақтың шекпенінен шыққан, 
көрші қонған кейбір мемлекеттердің де бір-біріне үнемі доқ көрсетіп, тіс батыруы қанды 
қасіретке соқтырғанына куәміз. Ежелден қалыптасқан мәдени-экономикалық, тіпті туыстық 
байланысы  бар  халықтардың  арасында  жекелеген  тұлғалардың  саяси  арандатуларының 
кесірінен бір-біріне жауығу, жеккөру сезімдері пайда болды. Қан төгілді. Қара жамылып, 
кек  тұтты.  Бір-бірімен  байланыстарын  үзіп,  аңдысқан  дұшпанға  айналды.  Саяси 
арандатушылардың  ештеңесі  кеткен  жоқ,  бірақ  түпкі  нәтижеде  халық  қайғы-қасіретке 
ұрынып, орны толмас шығынға ұшырады. 
Сондықтан, өз елін сүйетін, халқына жақсылық тілейтін адам ешқашан ұлт араздығын 
тудыратын  істерге  жол  бермеуі  тиіс.  Әсіресе,  бүгінгідей  жаһандану  жалпы  сипат  алып, 
мемлекеттер бір-бірімен тығыз ықпалдастыққа түсіп жатқан заманда бұл мәселе аса маңызды. 
Жалпы, біздің ел ешқашан өзге елдерді бодандығына алып, ауыр езгіге салған емес. 
Рас, тарихтың кейбір кезеңдерінде жекелеген көрші елдердің Қазақ хандығына бағынған 
тұстары болған. Бірақ оның бодандыққа еш қатысы жоқ. Қазақ хандықтары негізінен осы 
ұланғайыр жерімізді басқыншы жаудан азат ету үшін, ел шетіне тиген жауды қайтару үшін 
соғыс тар жүргізген. Сондықтан, қазақ ұлтының мінезінде өзге ұлтты кемсіту немесе өзін 
ұлық  санау  қасиеті  жоқ.  Қайта  өзгелерді  айрықша  құрметтеп,  қазақ  жеріне  аяқ  басқан 
жұрттардың бәрін кең пейілімен, ақ дастарқанымен қарсы алып отырған. Осы қасиетінен 
айрылмаған халқымыз Тәуелсіздік алғаннан кейін де бауырындағы басқа ұлттардың бәріне 
бірдей қарап, татулықтың тұтқасы болып келеді. Бұдан әрі де солай бола бермек. 
Әйгерім АРАЛБАЕВА, 
заң ғылымдарының кандидаты

25 ұстаным
ЕЛБАСЫНЫҢ ҚАНАТТЫ СӨЗДЕРІ МЕН ОЛАРДАН ТУЫНДАҒАН ОЙ-ТҰЖЫРЫМДАР
59
Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 
Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» стратегиясы – 
қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан. 
14 желтоқсан, 2012 жыл
Е
лбасымен болған өзгеше кездесу осы күнге дейін есімнен кетпейді. Бұл оқиға 2005 
жылғы тамызда Талдықорған қаласының орталық алаңында болған еді. Мен, 
шешен ұлтының өкілі, Нұрсұлтан Әбішұлына таза қазақ тілінде сәлем бергенімде 
оның ризашылықпен: «Мені өзімнің ана тілімде қарсы алғаныңызға рахмет. Сіз өте 
бай адамсыз. Бұл байлықты көздің қарашығындай сақтағаныңыз жөн» деді. 
Мемлекет басшысының бұл ғибратты сөзін ешқашан есімнен шығарған емеспін, содан 
соң тілге үлкен құрметпен қарап, халықтың рухани әлеміне, менталитетіне бұрынғыдан да 
тереңірек бойлау үшін оны жетілдіре түсуге дәйім күш салып келемін.
Президент  мені  бай  адам  дегенде  шындықтың  ауылынан  алыс  кетпеген  болатын. 
Мұндай байлық материалдық құндылықпен немесе әлдебір дивидендтермен өлшенбейді. 
Бұл жерде одан маңыздырақ байлық – адамгершілік құндылық алға шығады. Тілді білуім 
мені қазақтармен туыстастырып жіберді деуге болады, нәтижесінде оларға тонның ішкі 
бауындай жақындай түстім, бір-бірімізді жақынырақ біле түстік. 
Сол жолы алаңда Нұрсұлтан Әбішұлының менің сәлеміме бас изей салуына немесе 
жаттанды бір жауап қайтара салуына болатын еді. Бірақ ол ондайға бармай өз халқының 
тілін құрметтеп, бағалайтынын, ана тілінің байлығы мен әсемдігін орынды мақтаныш 
ететіндігін білдірді. Бұл махаббаттың оның бойына сәби кезінен ана әлдиімен, өзінің кір 
жуып, кіндік кескен өңірінің қайталанбас сұлулығымен бірге дарығаны белгілі. 
Ұлт көшбасшысы тіл саласында үштұғыр  лылық принципін ұстанады. Бұл жерде бәсекеге 
қабілетті ұлттардың қатарына кіру үшін қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеруіміз 
қажеттігі назарға алынады. Әйтсе де ол «үштұғырлы тіл» бағдарламасын жүзеге асыру 
аясында қазақ тілінің үш тілдің бірі ғана болып қалмайтынын, бірінші, негізгі, ең маңызды 
тіл болатындығын дәйім атап өтеді. Өз кезегінде бүгінгі таңда қазақ тіліне деген қатынас 
та  өзгеше.  Бүгінгі  таңда,  болашағын  қазақ  елімен  байланыстырып  отырған  адамдар  өз 
балаларын қазақ тілінде оқытуға ұмтылуда. Түркі тілдестерді былай қойғанда, күрділердің 
78  пайыз  баласы,  дүнгендердің  23  пайызы  баласы  қазақ  тілінде  білім  алып  жатыр. 
Қазақстан бойынша 40 мыңдай өзге ұлттың баласы қазақ мектебінде оқиды. Ассамблея 
аясында қоғамдық жұмыспен қамтылған 450 мыңдай жастар қазақ тілін меңгерген. Қазақ 
тілінің қоғамдағы ең көп қолданылатын тілге айналатыны еш күмән тудырмайды. 
Атсалим ИДИГОВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,
Президент сыйлығының лауреаты

25 ұстаным
25 БЕЛЕС
60
Қазақ  тілі  жаппай  қолданыс  тіліне  айналып,  шын  мәніндегі 
мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті 
деп атайтын боламыз.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 
Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» стратегиясы – 
қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан. 
14 желтоқсан, 2012 жыл
Қ
азақ – ғасырлар бойғы өмірінде барша қуатын тіліне топтастырып, ұрпағына 
рухани қазына ретінде аманаттаған халық. Жүз томдық «Бабалар сөзі» – соның 
айғағы.  Халықтың  ұлттық  бет-бейнесі  болып  табылатын  тілінің  қазіргі  таңда 
шын  мәніндегі  мемлекеттік  мәртебесіне  көтеріле  алмай  отыруы,  әрине,  өкініш 
тудыратын мәселе. Әсіресе, сөз етіп отырғанымыздай, барша байлығының көзі – 
тілінің  осындай  жағдайға  ұшырауы  –  халқымыз  басынан  кешіріп  келе  жатқан 
тарихи сынақтың бір түрі секілді.
Тәуелсіздік  жылдары  еліміз  дамудың  түрлі  кезеңдерін  басынан  кешірді.  Алайда, 
баршаға ортақ экономикалық ізденістерге бет бұру мен мемлекеттік мәртебеге ие болғанға 
дейін  тек  қазақ  халқының  ғана  тілі  болып  келген  қазақ  тілін  дамытудың  арасында  өте 
үлкен  айырмашылықтардың  бары  бірден  көзге  ұрды.  Өйткені,  тіл  –  рухани  әлем  мен 
сананың  жемісі,  сондықтан  сол  тұста  ресми  бекітілгенмен,  қазақ  тілінің  мемлекеттік 
мәртебесін  мойындауға  келгенде  қоғамдық  сананың  өзгеруі  мен  қабылдауы  тежеле 
берген. Бұл мәселенің бұйрықпен немесе құқықтық-нормативтік құжаттар қабылдаумен 
шешілмейтінін көрсетті.
Осы  орайда,  жетпіс  жыл  бойы  тіл  мен  дәстүрді  жоюға  бағытталған  әрекеттердің 
түрлі дәрежедегі ықпалы болғанмен, толықтай жүзеге аса алмауының себебі айқындала 
бастағандай. Рух әлемі мен сананың өзгеруі тез арада өзгере қоймайтын құбылыс екен, 
демек жылдар бойғы жасалған кері әрекеттердің еттен өтіп, сүйекке сіңген зардабынан 
да  бір  ұрпақ  ауыспай,  толық  айығу  мүмкін  емес.  Не  істеу  керек?  Дерттен  айығу,  яғни 
зардаптарды жою жұмыстары жолға қойылуы тиіс еді. 
Осы жылдар ішінде туған тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған ізденістер, баяу болса 
да, өз жемісін беріп келеді. Республика бойынша оқытудың біртұтас жүйесі қалыптасты, 
шетелдік технологияларға сүйене отырып, жаңа әдістемелік кешендер мен оқу құралдары, 
оқулықтар  дайындалды.  Елімізде  жүргізіліп  отырған  ұлтаралық  тиімді  саясаттың 
арқасында, мемлекеттік тілді үйренушілердің саны арта түсуде. Бұл – елдің болашағына 
деген  сенімнің  көрсеткіші.  Жылдан-жылға  қазақ  мектебін  бітірушілердің  саны  да  өсіп 
келеді.  Демек  қазақ  тіліне  бет  бұру  тұрақты  үдеріске  айналды.  Енді  біраз  жылдардан 
кейін бұл үдеріс қоғамдық орталарда да, мемлекеттік ұйымдарда да қанат жаятыны анық. 
Ендеше  көп  ұзамай  қазақша  сөйлейтіндер  елін  «Қазақ  елі»  деп  атайтынымыз  белгілі, 
басқаша болуы мүмкін емес.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет