«Слушайте ритмы эпохи от Дулата Бабатайулы»
Статья посвящается жизни и творческой деятельности выдающегося поэта первой половины XIX сто-
летия Дулата Бабатайулы. Показывается, как философ-поэт в своих произведениях затрагивал важные
общественные проблемы своего времени. Освещается стремление поэта дать объяснение изменениям,
происходящим в жизни и природе. Уделяется внимание его выступлениям по вопросам долга, чести,
морали и нравственности. Подчеркивается особо, что Дулат Бабатайулы — автор множества крыла-
тых слов и метких изречений, афористичных, философских размышлений — толгау. Доказывается,
что самобытность стихосложения, присущая творениям поэта, выделяет его наследие в истории оте-
чественной поэзии. Утверждается, что Дулат жырау был большим мыслителем своего времени.
Dulata Babatajuly is devoted to life and creative activity of the outstanding poet of first half XIX century. It
is shown, how the philosopher-poet in the products mentioned important public problems of time. The aspira-
tion of the poet to offer an explanation to the changes occurring in life and the nature is shined. The attention
to its performances on questions of a debt, honor, morals and morals is paid. It is underlined especially, what
by Dulat Babatajuly. The author of set of catchwords and well-aimed sayings, aphoristic, philosophical re-
flections? толгау. It is proved that originality, inherent in creations of the poet, allocates its heritage in the
history of domestic poetry. Affirms that Dulat was the big thinker of time.
ƏОЖ 82:396(574)
Р.С.Каренов
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университет
Алаштың озық ойлы жырауларының бірі
Дулат жырау Бабатайұлының 210 жылдығына орай
Мақала XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы көрнекті ақын Дулат Бабатайұлының өмірі мен
шығармашылық қызметіне арналған. Философ-ақынның шығармаларында өзі өмір сүрген кезеңінің
маңызды мəселелерін қалай жырлағаны көрсетілген. Ақынның адамзат өміріндегі жəне табиғаттағы
болып жататын өзгерістерге өз пайымдық сипаттамасын беруге ұмтылысы баяндалған. Парыз, ар-
ождан, мораль жəне адамгершілік мəселелері бойынша ақынның ой-толғамдарына көңіл бөлінген. Ду-
лат Бабатайұлының көптеген қанатты сөздердің, шұрайлы өрнексөздердің, шешендік шиырларының,
философиялық түюлердің-толғаулардың авторы екендігі айрықша дəріптелген. Отандық поэзия
тарихындағы ақын мұрасын айшықтандыратын оның өз туындыларына ғана тəн ерекше қасиет —
өлең өлшеулерін түрлендіруі екендігі дəлелденген. Дулат жырау өз заманының үлкен ойшыл
болғандығы пайымдалған.
Кілтті сөздер: қазақ идеясы, Қазақ хандығы, қазақ жыраулары, жыраулардың даналығы, жыраулар
философиясы, жағымсыз мінез, халық ауыз əдебиеті үлгісі, теңеу сөздер, адамгершілік көзқарас,
əлеуметтік портрет, жыраудың дастандары.
Кіріспе
Қазақ идеясының қалыптасуын Қазақ хандығы құрылған дəуірмен ұштастырсақ, алдымен
ұлттың қалыптасып, оның мүддесінің дамуына негіз болған қазақ жырауларының ой толғамдарына
тоқталу қажет. Жыраулар руханиятындағы идеялар, елдің болашағына сын көзбен қарап жəне ұлт
қажеттіктерін саралау негізінде туындап отырған көзқарастар, қазақ қоғамының əлеуметтік
құрылымдық негіздерін анықтай түсетін тұлғалар феноменінің мəдени жүйесінің жарыққа шығуына
негіз болмақ. Атамекен болмысын жан-жақты зерделеп, əлеумет тұрмысын жақсарту мақсатында,
тарихтағы ел өмірінің дəстүрлі тəжірибесіне сай шаруашылық түрлерін дамыту қазақ хандарының
міндетіне жүктелген елдіктің бірі болып саналса, бұл идеяның келер ұрпақ буыннан одан əрі
жалғасын табуына негіз болып отыратын жыраулардың даналығы [1].
Қазақ жырауларының философиясы, олардың ұлттық идея тұрғысындағы даналығы, ұлттық
мүдде тұрғысындағы қызметтерінің тарихи кеңістігі негізінде əлі толықтай зерттеліп болған жоқ.
Алаштың озық ойлы жырауларының бірі ...
Серия «Филология». № 2(62)/2011
125
Жыраулардың философиясының феноменін ашу — бұл қазақ идеясының тарихи қалыптасу
негіздерін жарыққа шығарумен тең. Себебі, жырау даналығы — тарихи із.
XIX ғасырдың озық ойлы жырауларының бірі — Дулаттың өзіне ғана тəн ерекшелігі — поэзияда
бірінші рет, қазақ жұртын тұтас алып қарай отырып, оны езушіге жəне езілушіге жіктеп, ел
басшысынан бұқара халықты айыра бөліп алып сөз етуі.
Осы айыра қарауы Дулатты, екіншіден, патша үкіметінің отаршылдық езгісін қоса сынау
дəрежесіне дейін көтере алды.
Дулат Бабатайұлына тəн үшінші ерекшелік, ол «жатып ішер жалмауыз, борсық тұмсық қанды
ауыз» деп ұлықтарды, «шен-шекпенге құмартқан» деп билерді,
Патшаның заңын қуаттап,
Жол ашып елді суаттап,
Баладай алдап уатпақ,
Би дегенің би емес,
Ел алдағыш мекері.
Шен-шекпенге құмартқан,
Қанталап көзі мұнартқан,
Саудалап елін тиынға,
Құмартып патша сыйына.
Бек дегенің бек емес,
Хан жалшысы, нөкері, —
деп бекті сыпыра сынайды («Əуелгі қазақ деген жұрт» атты өлеңі [2; 91–96]). Дулатқа тəн бұл
ерекшелік өзіне дейінгі ақындарда болмаған ерекшелік.
Дулат өзі өмір сүрген уақыттың ахуал-жайын қаз-қалпында көрсетіп, сол кезеңдегі заман
шындығына үңіле қарап, көп мəселелерді ел тілегімен қабыстыра жырлаған, оған өзінің азаматтық
ой-пікірін батыл білдірген күрескер ақын болды. Өз кезінде ел ішіндегі жан ауыртқан іс-əрекет,
оқиғаларды өлеңге айналдырған жыр дүлдүлі ғана емес, сол жайлардан үлкен əлеуметтік ойлар
түйген ойшыл дөрежесіне көтерілді.
«Қылжың, қылжақ туысқан» атты керемет толғауында [2; 106,107]:
Келемеж кылып атасын,
Алмай ақыл батасын,
Мойнына алмай қатасын,
Шаруа десе жиреңдеп,
Өсек десе сүйреңдеп,
Қымыз аңдып қыдырып,
Бейпіл сөзге сыдырып,
Жалаңдасып ұл кетті.
Ағайын араз мал үшін,
Аңдысып алды абысын,
Жаттай болып танысың,
Қазақтан мүлде түңіліп,
Артына қарап үңіліп,
Қайран талай жыл кетті.
Аңдығаны жілік боп.
Тілегені бүлік боп.
Момынды сорып сүлік боп,
Адам дауға келгенде,
Жел жетпейтін күлік боп,
Қонақасы бермесе.
Ат-шапанға ілік боп
Параны көздеп би кетті.
Р.С.Каренов
126
Вестник Карагандинского университета
Сөзден кетіп бəтуа,
Базынаң жүрмей татуға,
Аңдысып құда сүйекпен,
Көтеріп тастап иекпен,
Қадір, қасиет, сый кетті.
Ескіден қалған бұрынғы,
Бəтуалы ырымды,
Адаспастай даңғыл сол —
Қасым салған қасқа жол
Шиырға салып із кетті.
Жақының берсең жау болып,
Бермесең құрған ау болып,
Аяғы пəле дау болып,
Ұлғайып пəле қау болып,
Татқан дəм мен тұз кетті.
Күземе байтал кекілді,
Жетекшіл түйе секілді,
Шеше айтса, кейін деп,
Жеңгесі айтса бейімдеп,
Дамбалын тастап қыз кетті.
Қонысына қона алмай,
Шаруалары оңалмай,
Бай мен кедей аңдысып,
Арасынан жем тауып,
Араласқан сан пысық.
Дөң асқан мал табылмай,
Ашылған етек жабылмай,
Біріне бірі сеніспей,
Бет-бетімен ел кетті, -
деп жырлаған Дулат ақынның қайғысы — отар ел ретінде басына зіл-батпан ауыртпалық түсе
бастаған қазақ елінің қайғысы еді. Сол қайғыны «тұнық жырмен» жуа отырып, Дулат ұлт бойына
сыналап кіріп, дендей бастаған жағымсыз мінез, көріністерді сынайды, ұнамсыз кейіптегі бейнесін
жасайды.
Өкінішке орай, Дулат жырау шығармалары күні бүгінге дейін оқырман назарынан қағаберіс
қалып келді.
Өзіңе өзің тұсау сап,
Кедергі жасап бағыңа,
Бар болса қолда айраның,
Ірімшік, құрт, қаймағың,
Қанағат қылсаң болмай ма?
Көксемей-ақ қымыз, ет.
Ар сатып қымыз ішкенше,
Келсең келге түскенше,
Үлгісіз тымақ пішкенше,
Адам деген атақтан
Садаға болып аулақ кет.
Ақылменен теңгеріп,
Алаштың озық ойлы жырауларының бірі ...
Серия «Филология». № 2(62)/2011
127
Қайратыңа дем беріп,
Өзіңді өзің меңгеріп,
Қайырудағы сұңқардай
Мезгілімен жем беріп,
Қымтап ұста тізгінді:
Анадан да сақ болып,
Тарпаң атқа мінгендей
Алдыңа бесік өңгеріп,
Мақсатыңа сүйтіп жет.
Тындамасаң сөзімді,
Келеке қылма өзімді, —
деген («Өзіңе өзің тұсау сап» деген өлеңі [2; 110]), өз заманының «байғыз қарты» аталған дүлдүл
жыраудың «ақыл сарайына» — ой əлеміне бүгінгі ұрпақ тек соңғы жылдары ғана кіре алды.
Ақынның тақырыбы жағынан екі қызықты шығармасы
Дулат жыраудың тақырыбы жағынан қызықты өлеңдерінің бірі — «Ұста соққан темірден» деп
аталатын толғау [2; 116,117].
Бұл туындысында ақын темірдің адам өміріндегі зор орнын айтумен бірге одан жасалатын
құралдарды санап өтеді. Қан төгуге жұмсалатын қылыш қана болмаса, басқалары тіршілік үшін өте
қажет бұйымдар екенін баян етеді. Ұста соққан əр заттың міндетіне бөлек-бөлек талдау жасағанда,
қылышты өктемдіктің құралы деп санайды. Бұл қаруды қанішер жанға теңейді. Зорлық жасап қылыш
сілтеген адам оңбайды деп кесіп айтса да, сол сайманның ел қорғаудағы мəнін жоғары бағалайды:
Қылыш алсаң қолыңа,
Біреуге зорлық істеуге,
Біреудікін тартып ап,
Өзіңдікін күштеуге.
Қайда барсаң оңбайсың,
Ұшырарсың қарғысқа.
Алдың бар да, артың жоқ,
Шырақ жанбас жарғышқа.
Қылыш алсаң қолыңа,
Қорғау үшін еліңді –
Міндетіңді əліңе арт,
Тəңіріңнен күт өлімді.
Тəуекел деп тасқа түс,
Бекем буып беліңді.
Жүрсең жолың болады,
Істесең ісің оңады,
Жолдасың — алғыс сенімді.
Толғау бастан аяқ адамгершілік тұрғысынан айтылған жақсы шығарма.
Тақырыбы жағынан қызықты өлеңдерінің тағы біреуі — ол «Жас кезеңі» деген толғауы
[2; 119,120]. Бұл өлеңде жырау адам өмірін, жастық шағы мен кəрілікті шебер бейнелейді. Халық
ауыз əдебиеті үлгісінде төгілте жыр толғап, төселте сөз шертеді:
Он бес деген жас қайда
Жарға ойнаған лақтай?
Қайда кеттің жиырма жас
Тастан шыққан бұлақтай?
Р.С.Каренов
128
Вестник Карагандинского университета
Жиырма бес бар ма маңайда
Жайқалған жасыл құрақтай?
Отыз кеттің алыстап,
Толықсыған сынаптай.
Отыз бес неге келмейсің.
Көп іздетіп жылатпай?
Қырық астың кезеңнен
Суырған қыннан қынаптай.
Қырық бес шықтың кезеңге
Маң-маң басқан бұла аттай.
Елу қондың ауыл үй
Тізгіндеп ұстап құлақты-ай.
Алпыс келдің арсаңдап
Нөсер жауған ылаттай.
Жетпіс қараң көрінді,
Тұрсам дағы ұнатпай.
Сексеннен алған хабардың
Ызғары тұр шыдатпай.
Көргім келмес тоқсанды,
Келіндерге сынатпай.
Жүз, сірə, мені қоймассың
Қараңғы көрге құлатпай.
Ақын тілі бейнелі, өткір. Философиялық мағынасы терең толғауында теңеу сөздер əрі ұйқасым
жағынан, əрі мəнді мазмұн тұрғысынан түйдектеле əсерлі қолданысқа енген. Жырау қолданған
теңеулер (лақтай, бұлақтай, құрақтай, сынаптай, қынаптай, бұла аттай, ылаттай) тек белгілі
нəрсені, белгісіз нəрсемен салыстыру үшін емес, ең бастысы, поэтикалық тəсілге бағынып, бейнелілік
сипаты бар көркем теңеу дəрежесіне жеткен.
Ақынның жеке адамдардың басына арнаған өлең-толғаулары
Кезінде жер тағдырын тарихи сабақтастықпен толғаған жырау сол заман адамдарының бірқатар
бейнелерін əдеби шығармаға арқау етті. Жеке адамдардың басына арналған өлеңдер қатарына
«Сүлейменге», «Бараққа», «Кеңесбайға», «Ешенге», «Ақтанға», «Баласына айтқаны» деп аталатын
толғауларды жатқызуға болады.
«Сүлейменге» деген өлеңінде [2; 71–74] ақынның айтпағы: жаңа заманның жаңа əкімдерін
шенеу, өткендегі ел билеген «жақсыларды» тағы да бір еске түсіру:
Сүлеймен төре, құлақ сал
Дулаттың төккен жырына,
Үңілсек көзің жетер ме
Теңізден терең сырыма?
Төрдегі өңшең отырған
Топырыш, топас, күшіген,
Жау айбынбас күшінен,
Ел түңілген ісінен.
Дулат келсе бермейді
Алаштың озық ойлы жырауларының бірі ...
Серия «Филология». № 2(62)/2011
129
Төрден орын сырыла.
Толғанып, төрем, көз жібер
Ойың менен қырыңа.
Барақ сынды төреміз,
Кеңесбайдай кереңіз,
Ақтайлақ пен Аққожа
Əділ бекзат кеткен соң,
Жан жіп байлап жанына
Құрық берді ұрыға.
Аруақтың артқы сарқыны
Алал бегзат туысым,
Айбарыңды байқасам,
Алтын зерлі туымсың,
Алтынның айшық буысың;
Əділдігің қазақтың
Аңғазардай биісің;
Адалдығың аңқылдақ
Сыбызғының күйісің;
Қас дұшпанға қасарсаң,
Қан шықпас тастай түйінсің;
Ел қамын жеген ер болса,
Сабазым сендей күйінсін.
Өзінің замандастарына арнап шығарған арнауларының ішіндегі ең атақтылары «Бараққа»,
«Кеңесбайға» деп аталады.
«Бараққа» атты көлемді туындысы [2; 67–69] Барақ төренің болмысын ашып берген өлең:
Құрық бердің ұрыға,
Момынды алдың қырыңа.
Малсыздарды таптадың.
Малдыларды жақтадың,
Тентекті жасқап қақпадың,
Арамдарды ақтадың,
Өсекшіні мақтадың,
Арамдық болды баққаның,
Майыр болды жаққаның.
Қашан сенің ашылар
Мұндарларға құрылған
Қанды қара қақпаның?
Қарағысыз ел мен жұрт
Төрелік түскен шағыңа.
Ие болмай айрылдың
Атаңның алтын тағына.
Қара толқын жау толды
Шығыс, батыс жағыңа.
Тұлпардан туған тұқым ең,
Ере алмадың жабыға.
Етегін ашып кім күлмес,
Азғындаған шағыңа.
Алдыңа келсе жүгініс,
Қарамай қара, ағына,
Адалды сатып параға,
Болыстың арам жағына.
Р.С.Каренов
130
Вестник Карагандинского университета
Рухына нəлет келтірдің,
Қабың менен сабыңа.
Бұзықты құрап, ел етіп,
Қондырдың оң жағыңа.
Сонымен, бұл толғауында Дулат сұм заманның сұрқия билеушісінің ниетін мінейді. «Алтын еді
бір кезде, ағаш болды тұғырың», — дейді жырау Барақ төренің намысын қамшылап.
Осыған үндес «Кеңесбайға» жолдаған толғауында [2; 69–71] ақиық ақын əуелі оның арғы
аталарының тарихын шертеді. Ел ішінде би-болыс атанып отырған Кеңесбайдың өз басына
тоқтағанда ащы сөзін аямай өлтіре шенейді:
Тұқымың дегдар болғанмен,
Кеңесбай, азғын туғансың.
Тістеуік айғыр секілді
Үйіріңді сұйылтып.
Тай-құнанды куғансың.
Ел білерлік ісің жоқ,
Дегдар емес, будансың.
Будан дейтін себебім:
Айналаңды торисың,
Түзден тоят тілемей,
Өлексені қорисың,
Алдыңа келсе жүгініс,
Терісті оң деп жорисың.
Қол бала құс секілді
Биялайға қарайсың.
Не тұлғама тұтқа боп,
Не керекке жарайсың.
Ішің — аяз ақ қырау,
Сыртың — сұлу сарайсың.
Ыдысысың параның
Қотара құйса толмайтын.
Ашылған əбден араның —
Түйені жұтсаң түгімен,
Биені жұтсаң бүгімен,
Қақалмай-ақ толғайтын.
Жырау Кеңесбайға мін тағып шенегенде тіліне тиек, сөзіне тірек ететіні: текті жерден шыққан
Кеңесбай орыстардың жетегіндегі қол балаға айналдың, елді аздырдың деп қатты сынауында.
Кеңесбайға аталарың салған жолдан ғибрат ал, сонда ғана ел түзеледі дегенді айтқысы келген болуы
керек ақынның.
Дулат жыраудың адамгершілік көзқарасын «Ақтанға» арнаған өлеңінен [2; 76,77] айқын көреміз.
О, Ақтан жас, Ақтан жас!
Сен де жетер ме екенсің?
Жетімдіктің белінен
Асып өтер ме екенсің?—
........................................
Босағасын борлатқан,
Керегесін торлатқан,
Тегеріші манаттан,
Жібектен ызып бау таққан
Үйге де кірер ме екенсің?
Алаштың озық ойлы жырауларының бірі ...
Серия «Филология». № 2(62)/2011
131
Тең құрбыңмен теңеліп,
Шаруа жиып кенеліп,
Бала сүйіп, мал жиып,
Керсеніңе бал кұйып,
Өмір сүрер ме екенсің?
Жетімдіктен өтерсің,
Шаң бермей əлі кетерсің,
Қажыма, Ақтан, қажыма,
Жетерсің, əлі жетерсің! —
дейді ақын. Осы шағын ғана өлеңнің əрбір жолынан əкелік қамқорлық пен мейірбандылықтың жылы
лебізі сезіліп тұрғандай.
«Бараққа», «Кеңесбайға» атты толғаулары ақынның уытты əлеуметтік портреттерінің бірі. Сол
секілді, «Ешенге» [2; 75,76] жəне «Баласына айтқаны» [2; 7–79] сынды туындылары суреткердің
шығармашылық мақсаттарын көркем жеткізген, қазақ əдебиетінің тарихында ұзақ жасайтын мұралар.
Бұл өлеңдерде тарихтың табы, уақыттың ізі бар.
Ақынның дастандары мен мысал ретінде жазған шығармалары
Дулат жыраудың дастандарынан өзіне тəн ой-өрнегі, сөз кестесі анық көрініп тұр.
Ақынның бірегей бітімді туындыларының ішінен «Шаштараз» шығармасын [2; 141–146]
ерекшелеп айтуға болады. «Шаштараз» — мысал стилінде жазылған поэма. Мысалдың мазмұнына
халық арасына кең тараған Ескендір патша туралы бір аңыз негіз болған.
Аңыз бойынша Ескендірдің басында қос мүйізі болыпты-мыс. Патша оны жасырып жүріпті.
Шашын қиып, тарап, күтіп тұру үшін сыр шашпайтын, аузына берік шаштараз таптырып, одан ант
алып, сұрағанын беріп, шашын алдырып жүреді. Шаштараз уəдесін біраз күн ұстап жүргенмен
күндердің күнінде уəдені бұзып алады. Қанша айтпайын деп жүрсе де, ол ішін кернеген сырды
жасыра алмай, ақыры далаға оңаша шығып, жерге етпеттеп жатып: «Патшаның басында мүйізі бар»
— деп қалады. Аузынан құпияның шығуы мұң екен, жел естіп, желден ел естіп тарап кетеді. Бейшара
шаштараз аузына ие бола алмай басынан айрылады [3; 458–459].
Поэманың түйініндегі ой — ұстамдылық, сырға беріктілік үлкен қасиет:
Елін баққан ер болмақ,
Жауын болжап, жер шолмақ,
Аузын баққан би болмақ,
Алыстан шолып, кең толғап.
Зейнеті көп пайдасы аз,
Айта берсең — бəрі сөз.
Құлақта қақас қоспа көп,
Дəл сөйленбес көрмей көз.
Сөз қоспай дəл айтпасаң,
Естіме, көрме, сөзден без.
Аузыңа ие болмасаң,
Бəле үйір, жала тез.
Аузыңнан шықса, жел есіп,
Жер түбіне жетер тез.
Осылайша, Дулат мысал жанрының алғашқы үлгісін жазып, қазақ əдебиетінде бұл жанрдың
қалыптасуына септігін тигізді.
Дулат Бабатайұлынан қалған бай мұраның ішінде көлем жағынан ең зоры, көркемдік жағынан ең
таңдаулысы «Еспембет» деп аталатын ұзақ жыр [2; 122–140]. Жыраудың бұл дастанды шығарудағы
мақсаты: қазақ жастарын ерлікке, батырлыққа қайрау; халық бойында патриоттық сезімді күшейту.
Дастанның негізгі қаһарманы — жетім бала, Еспембет. Ол өз елінен жырақта, нағашы жұрты
Қарасайдың қолында жылқы бағып жүреді. Ержете келе Қарасай елінде, тамағы тойған жерінде жата
беруді ар санап, жас жігіт өзі туған Арқаға кері оралмақ болады. Қарасай оның басына үй, алдына
Р.С.Каренов
132
Вестник Карагандинского университета
мал салып, қалыңдық əперіп, ырғап-жырғап аттандыруды ойлайды. Бірақ Еспембет оны қостамайды.
Қарасай ұсынған дүние-мүліктің бəрін де алмай, тек жалғыз Ақбөрте деген тайды қалайды. Ақыры
сол таймен елге оралады. Ел-жұрты əуелі баланы елемей, жалғыз ғана тай мінгізіп қайтарғаны не
қылғаны деп Қарасай байды да кінəлай өсекке таңады. Бірақ Еспембет оның бəріне де мəн бермейді.
Ақбөртені баптап бағумен болады. Ақбөрте жақсы ат боп өседі. Еліндегі Сəтімқұл бидің ас берген
тойында Ақбөрте бəйгеден жалғыз келеді. Бас бəйгеге келген жүз тайлақты Еспембет түгелімен бес
арыс Сыбанға бөліп береді.
Күндердің күндері қазақ батырлары қалмақтан елдің кегін алуға аттанады. Ақтамберді,
Қабанбайлар бастаған қолға Еспембет те ереді. Бұлар сан күн ұрысып, қалмақ қамалын бұза алмай
қатты сасады. Сол кезде Еспембет Ақбөртемен жауға жалғыз шабады. Көзсіз ерлік көрсетеді. Жау
жағы дəстүр бойынша жекпе-жекке батыр шығарады. Еспембеттің көз алдында қалмақтың бір
батыры қазақтың жеті батырын өлтіреді. Енді оған жекпе-жекке шығар кісі қалмайды. Ақтамберді
бұл кезде қартайып қалады. Сонда жас батыр өзі тіленіп, қалмақ батырымен жекпе-жекке шығады.
Оны жеңіп, қазақ қолын қамалға бастайды [3; 448–449].
Жетіп келіп Еспембет
– Ақтамберді ер,— деді,—
Мен барамын сен үшін,
Кезегіңді бер,—деді.
Жас санама, бас сана,
Қайратымды көр,— деді.
Ақтамберді қарт батыр
Қол жайып бата бергені.
Топтан шығып жөнелді,
Найзаға таққан шоқтай боп;
Ақбөрте кетті құнтиып,
Садақтан тартқан оқтай боп;
Қанға сусап қалмақ тұр,
Обатұғын оптай боп.
Еспембет келе сөйледі,
Ерлікке сай қайраты,
Қаруға сай амалы:
– Сен — қалмақтың қабаны.
Қарсыңа калай жіберді
Қазақ саған баланы?
Қазақ сені қорлады,
Баладан төмен санады.
Жігерің болса қайраттан,
Баланы саған балады,
Ағаштан жұлған алмадай
Басыңды бала алады. —
Ашуланып қалмақтың
Түгі шықты сыртына;
Тістегенде тісінің
Қаны толды ұртына;
Көз шыдап қарап тұрмастай
Қарағанда сұрқына.
Қамшы тиді тұлпарға,
Қылыштары жарқ етті;
Алаштың озық ойлы жырауларының бірі ...
Серия «Филология». № 2(62)/2011
133
Қабағыңды қаққанша,
Жарқ етті де, сарт етті,
Бірінің жанды еңбегі,
Бірі күшін сарп етті;
Дене қанға боялды,
Қан құмар қылыш қарш етті.
Қас қаққанша майданда
Айқасқан екі ер де жоқ,
Қара жер жатыр қайыспас,
Жұтса тоймас қанға ол.
Дене жатыр майданда
Қылышпен басы кесілген.
Өлімге мойнын сұнғандай
Аяқ-қолы кесілген.
Тіршілік пен өлімнің
Ұзақ дауы шешілген.
Елеуреген екі топ
Майданға тіккен көздерін,
Жүз қайтара қайталап
Бір айтып кеткен сөздерін.
Қандары шапшып қайнады,
Өздері де білмейді.
Не билеп тұр өздерін.
Ел үшін туған ерім деп,
Бір топ келіп жыласты,
Еліме қатер жауым деп,
Өлгенін бір топ ұнасты;
Күні туып бір топтың,
Қуанышы шың асты;
Түні туып бір топтың,
Үстіне кейіс, мұң басты.
Қарақасқа қосарда,
Қалмақтың басы белінде,
Бақ құсы қонып басына,
Еспембет келді еліне.
Ер Қабанбай ту байлап,
Арқартаң атты борбайлап,
Ақтамберді айғайлап,
Қалмаққа кірді желіге.
Қарқ олжаға батысты
Қалмақты жеңіп қалың қол.
Ит ырғын да көл-көсір,
Бақыршы тоқ, олжа мол.
Еспембеттей ер ұлын
Елі сонда таныған,
Бет бұрып тізгін тартқан жоқ
Жаудың мың мен санынан.
Р.С.Каренов
134
Вестник Карагандинского университета
Өле-өлгенше ел болды
Еспембеттің арманы.
Өзімен бірге жасады
Астындағы тарланы.
Бəрін айт та, бірін айт,
Еспембеттей ер қайда?
Еспембеттей ер туса,
Ер күтетін ел қайда?
Бұл ұзақ жырдың өзекті арқауы: Отанды сүю, оған қалтқысыз қызмет ету. Адам өмірінің
мағынасы да, жеке бастың бақыты да осыған тіреледі.
Дулаттың мысал ретіндегі өлеңдері онша көп емес. Ғибрат пен нақыл ретінде ұсынған «Сары
шымшық», «Қара қарға жем іздеп», «Бір патшаның бір кезде» деп аталатын шығармаларында
кішіпейілділік, бірлік, əділеттік жақталып, мақтаншақтық, менмендік, орынсыз пысықтық сыналады.
Адамдағы абзал қасиеттерді ардақтаған, адамгершілікті жоғары тұтқан ақынның бұл мысал
өлеңдерінің тəрбиелік мəні күні бүгінге дейін жойылған жоқ.
Түйін
Жеке тұлғаларды тану жөніндегі еңбектерді мансұқтағанда, сол тұлға жөнінде арнайы зерттеу
жүргізген еңбектерді елемеу — қиянат. Сондықтан да Дулаттың кесек таланты мен оның əдебиет
тарихынан алатын орны хақында айтып кеткен жəне айтып келе жатқан В.Радлов, С.Сейфуллин,
С.Мұқанов, Р.Сыздықова, Ы.Дүйсенбаев, Н.Айтұлы, Ш.Елеукенов, Э.Пертаева, Қ.Жұмалиев,
А.Егеубай, Қ.Өміралиев, З.Ахметов, М.Мырзахметов, М.Мағауин, Т.Кəкішев, Қ.Жұмаділов,
С.Қасқабасов, М.Жармұхаммедұлы, С.Негимов, Т.Шапай, Т.Қожакеев, Қ.Жарықбаев, М.Қараев,
Х.Сүйіншəлиев, Қ.Раев, Б.Омарұлы, С.Қорабаев, тағы басқа ғалымдар мен жазушыларға халық та,
ақынның аруағы да разы.
Жоғарыда аты аталған зерттеушілердің бəрі де Дулатты қазақ жырына жаңа тұрпат əкелген,
көркемдік өрнегін түрлендірген, жазба поэзияның басы деген тоқтамға келеді. Бұл олардың Дулатқа
деген жалаң ықыласынан ғана туып отырған жоқ. Мұндай тұжырымды тудырып отырған ақынның
еш қоспасыз халықтың саф алтындай таза тілімен өзінің жаңашыл, тапқыр ойларын үндестіре білген
шеберлігі. Өз заманына терең талдау жасап, дəуір сипатының образын жасай білген шыншылдығы.
Сондай-ақ болашақты болжай білген көрегендігі [4].
Иə, данышпан ақын өзінің халқы алдында адал қызмет етіп өтті. Жыраулық пен ақындық өнерді
ұштастыра білді. Кейде жыраулар үлгісінде төгілте термелеп, шешен нақылдар шығарса, кейде ағыла,
ақтарыла арнаулар, суретті лирикалар жазды.
Дулат шығармалары қазақ жазба əдебиетінің қалыптасуына өз үлесін қосты. Ол поэзиямыздың
мазмұнын байытты, оның көркемдік түрі жағынан да жетіле түсуіне көмектесті. Сын-сықақты жиі
қолданып, өлеңдердің бұл саласының дамуына да септігін тигізді. Əдебиетіміздің реалистік бағытын
нығайтты, көркемдік бояуын күшейтті.
Жоғарыда айтылғандарға тағы да қосарымыз: Дулат Бабатайұлының өмірі мен шығармагерлігіне
қатысты бар проблема түпкілікті шешілген деуге əлі ертерек сияқты. Өйткені ғылымда тосылу болар,
бірақ тоқтау болмайды. Əр заман үлесіне тиген мұраны қайта қарап тексеретіні — бұлжымас
заңдылық.
Болашақта ұлы жыршы туралы іргелі ғылымның қалыптасуы үшін əлі де зор сенім, қажырлы
еңбек керек. Əсіресе Дулаттың өзінен бұрынғы халықтық поэзиядан алған нəрін өзінен кейінгі
ақындарға қалай жеткізгендігі, кейінгі ақындардың оны қалай дамытқандығы, оның қазақ өлеңінің
поэтикалық дамуындағы алатын орны күрделі зерттеулерді күтіп тұрған тақырып екені даусыз.
Əдебиеттер тізімі
1 Сəрсембин Ү. Жыраулар философиясындағы ұлттық идея // Ақиқат. — 2010. — № 8. — 58-б.
2 Бабатайұлы Д. Замана сазы: Өлеңдер мен дастандар / Құраст., басп. əзірл. Қ.Өмірəлиев. — Алматы: Жазушы, 1991.
— 160-б.
Алаштың озық ойлы жырауларының бірі ...
Серия «Филология». № 2(62)/2011
135
3 Сүйіншіəлиев Х. Қазақ əдебиетінің тарихы: Оқулық. — Алматы: Санат, 1997. — 928-б.
4 Айтұлы Н. Ұлттың ұлы жыршысы // Егемен Қазақстан. — 2003. — 3 қырк. — 3-б.
Р.С.Каренов
Достарыңызбен бөлісу: |