Принципы романтизма в творчестве Бухар жырау
В статье рассмотрен принцип романтизма в творчестве Бухар жырау. Исследованы художественные
методы романтизма, используемые в творчестве жырау. Проанализированы романтический пафос и
субъективный взгляд жырау при создании образов ханов и биев. Определены пути достижения мак-
сималистской цели автором, а также творческая фантазия жырау в произведениях, показаны традиции
и преемственность в описании степной романтики. Автором предложены выводы по образу Абылая в
творчестве жырау.
Zh.Zh.Zharylgapov
Principles of Romanticism in Bukhar zhyrau’s works
Principles of Romanticism in Bukhar zhyrau’s works are considered in the article. Artistic techniques of ro-
manticism used in the creation of zhyrau are explored. Zhyrau’s romantic pathos and subjective opinion are
analyzed when creating images of khans and biys. Ways of achieving author’s maximalist goals and zhyrau’s
creative imagination in the works are identified. Traditions and continuity in the description of the steppe ro-
mance are shown. New conclusions to the image of Abylayi in zhyrau ‘s works are offered.
Ж.Ж.Жарылғапов
88
Вестник Карагандинского университета
References
1 Ashimhanova S. Literary history of Western Europe in the 19
th
century, Almaty: Kazakh University publ., 2006, р. 5.
2 Nurgaliev R. Poetics of the Kazakh drama, Almaty: Zhazushy, 1973, p. 231, 232.
3 Magauin M. Ancient heritage, Almaty: Zhazushy, 1991, p. 81.
ƏОЖ 821.512.122:94 (574)
Р.С.Каренов
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
(Е-mail: rkarenov@inbox.ru)
Кенесары ханның халық əдебиетіндегі жəне тарихи
зерттеулердегі бейнесі
Мақалада əдеби, тарихи жəне фольклорлық дерек көздер — Кенесары Қасымұлының басшылығымен
жүргізілген ұлт-азаттық қозғалыстағы оқиғаларды көзімен көргендердің əңгімелері, өлеңдері жəне
олардың естеліктері келтірілген. Кенесары хан мен Наурызбай батырға арналған тарихи өлеңдер мен
поэмалардың ішінде жетекші орынды белгілі ақын Нысанбайдың «Кенесары туралы əні» алатындығы
айтылған. ХІХ ғасырдың 20–40-жж. қазақтар көтерілісінің себептерін анықтау үшін Досхожа
ақынның сол көтеріліс кезінде шығарған өлеңі маңызды рөл атқаратындығы көрсетілген.
Демократиялық бағыттағы белгілі ақын М.-Ж.Көпеевтің Кенесары туралы жинаған материалдары
көңіл толтырарлық екендігі туралы қорытынды жасалған. Халық ақындары — Жамбылдың жəне
Доскейдің естеліктері фольклорлық материалдардың маңызды тобын құрайтындығы көрсетілген.
Кенесары ханның отаршылдыққа қарсы жаппай көтерілісінің айқын саяси сипаты жəне оның қазақ
тарихындағы прогрессивті рөлі туралы пікірі бейнеленген.
Кілт сөздер: жырау, дастан, хан, ұлт-азаттық көтеріліс, қоштасу, үндеу, паш ету, тұлға, фольклорлық
деректер, баға беру.
Кіріспе
Кенесары қозғалысының түрлі кезеңдерін қамтитын фольклорлық шығармалар өте көп. Олар
жанрлық қырынан алғанда көлемді тарихи жырлар, ғашықтық мазмұндағы дастандар, кейіпкерлердің
арман-аңсарларын аңдататын лирикалық өлеңдер, Кенесарының Арқа жұртымен қоштасуын
бейнелейтін толғаулар, тəлімі мол тарихи аңыздар, хан Кене мен Наурызбай төренің қазасын
жоқтауға арналған ғұрыптық жырлар болып келеді. Бұлардан басқа, күллі қазаққа аты мəлім ақындар
шығарған туындылар да аз емес. Нысанбайдың «Кенесары-Наурызбайы», Көкбайдың «Абылай-
Кенесарысы», Нұрханның «Жасауыл қырғыны», Саяділдің «Кенесарысы», Досқожа ақынның
«Қоштасу жыры», М. Сералиннің «Топжарған», Д. Əлімбаевтың «Кенесары» дастаны сияқты т.б.
жырлар Кенесары қозғалысын бейнелеуге бағышталған авторлық шығармалар тізбегін құрайды. Бұл
шығармалардың басым көпшілігі көтерілістен соң туған.
Бұған қоса, Кенесары мен Наурызбай туралы жазылған тарихи ғылыми еңбектерді бір-бірімен
салыстыра отырып оқыған кісі өмірде болған жайдың шындығы мен қоспасын айырып, тарихи
шындықтың көркем шындыққа қалай айналғанына көз жеткізері анық.
Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастаны аса елеулі
шығармалардың бірі ретінде
Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілістің тарихы Нысанбай жырау Жаманқұлұлы қалдырған
«Кенесары-Наурызбай» жырының негізгі сюжеті болған. Найзасы мен қобызын қатар ұстап,
жорықтағы қолдың жыршысы болған Нысанбай шығармасында Ресей мен Қоқан өкіметі қыспағынан
туған ел қасіреті, батырлардың ерліктері, ханның қолбасшылық өнері, майдан даласындағы соғыс
суреті сол күйінде көрініс тапқан. Шығарма қаһармандарымен бірге жүріп, бар оқиғаның куəсі
Кенесары ханның халық...
Серия «Филология». № 2(78)/2015
89
болған ақынның ой-сезімі, өкініші мен қайғысы жоқтау-жырдың бейнелеу амалдарымен ұштасып,
тарихи туындының көркемдік мəнін көтере түскен.
Нысанбай Жаманқұлұлы 1822 ж. қазіргі Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының Аққошқар
елді мекенінің түстігінде Шеңгелсай деген жерде дүниеге келген. Ата-тегін айтар болсақ, бұл кісі
Кіші жүз, Жетіру-Керейт тайпасының Ашамайлы аталығынан тарайды.
Ақын өзінің қарымды қаламынан туындаған дастанында балалық, жастық шағы туралы былайша
толғайды [1; 191, 192]:
Менің атым – Нысанбай,
Ат жібердім тұсамай,
Өзім жырау болыппын,
Ата-анама ұқсамай.
Бісімілла, əулие себепкер,
Ауыздағы отыз тіс,
Қызыл тілге көмек бер.
Ал, қолымды сермедім,
Керейіттен шыққан жеті ер,
Жас балаңа медет бер!
Нəсіл затым сұрасаң,
Ашамайлы Керейітпін.
Он жасыма келгенде,
Қарыма қобыз ілгенмін.
Он бір жасқа келгенде,
Сөз мəнісін білгенмін.
Он екіге келгенде,
Жақсының алдын көргенмін.
Он үш жасқа келгенде,
Жақсының соңына ергенмін,
Он төрт жасқа келгенде,
Өз елімде жүргенмін.
Он бес жасқа келген соң,
Кенесары, Наурызбай
Төрені іздеп келгенмін.
Сол кездегі төренің
Сойдақ қожа ақыны,
Қобыз алған балаға,
Толмады қожа тақымы.
Хан алдында сөйледім,
Ханның болып жақыны,
Керейіттен шыққан жеті ер
Жар болған соң беглерім,
Қожаны жеңдім ақыры...
Шайыр «Керейттен (Керейіттен) шыққан жеті ер» деп, кезінде Үш жүздің пірі атанған Тəуке
ханның діни кеңесшісі софы Əзиз Мүсірəлі əулиені айтып отыр. Жорық жолында тар жол, тайғақ
кешулерде шайыр əрдайым жаратушы иесі мен жеті пірге қол беріп, жеті өлікке жан бітірген əулие
бабасына сыйынып отырған. Мұны əуелі Құдай, сонан соң сол Мүсірəлі əулиенің желеп-жебеуімен
талай-талай тажалдардан аман қалғанға ұқсайды. Алғашқы мүшел жасында бала Нысанбай түс
көреді. Түсінде Мүсірəлі бабасы: «Алла жазса, бағың жанғалы тұр екен, шырағым. Өсе келе ел-
халқыңның жоғын жоқтап, мұңын бірге мұңлықтар, соның сөзін сөйлеп, араша түсер дəрежеге
жетесің. Əкеңді жолбасшы етіп, Қорқыт бабаның басына түнеп, ақ батасын алып қайтқайсың.
Иншалла, бөтен болмассың», — деп аян береді. Ертеңгісіне жол жабдығын қамдап, əкесі екеуі қос
атпен Қорқыт қорымына қарай жүріп кетеді. Түсінде ұлы бабасы оған көне аспабын тарту етіп,
ағынан жарылып, ақ батасын береді [2].
Нысанбай 15 жасынан Кенесары үйінде тəрбиеленеді. Оған ақынның [1; 192]:
Ханның болып баласы,
Бірге жаттым ордада
Ахмет, Тайшық қасында, —
деген жолдары куə. Ахмет пен Тайшық — Кенесары ханның балалары.
Р.С.Каренов
90
Вестник Карагандинского университета
Жалынды ақын көлемді поэмасында көтеріліс басшыларын батырлар жырының дəстүрінде
бейнелеу негізінде заман шындығын отарлық езгіге қарсы көтерілген халық үнімен шебер
қиюластыра білген [1; 192–194]:
Кешегі өткен Кенекең —
Дүрри жауһар данасы.
Үйсіздерге үй болған,
Биуатанның қанасы.
Шаршағанға ат болып,
Шөлдегенге су болған,
Дарияның аққан саласы.
Ата-тегін сұрасаң,
Хан Абылай баласы.
Арқадан ауып кеткені —
Бұ жақтағы жұртының
Ауызының аласы.
Əуелгі мекен қонысы —
Көкшетаудың панасы.
Жазғы жайлау өрісі —
О да соның даласы.
Көп тілеуін тілеген
Ол — мұсылман баласы.
Абылай ұлы Қасымды,
Жасық емес, асылды.
Саржан атқа мінген соң,
Төренің бағы ашылды.
Қарсы келген егесіп.
Дұшпанның көңілі басылды.
Жалғыз Саржан не болар,
Есенгелді қосылды.
Кімге апарып теңейміз,
Наурызбай сынды жас ұлды?
Кенесары, Наурызбай
Атағы шықты аңқылдап.
Жауды үркітіп қашырды,
Ақ алмастай жалтылдап
Зəресін алды дұшпанның
Нажағайдай шартылдап.
Қасына ерген төлеңгіт
Олжаға батты қарқылдап.
Хан Кененің арманы —
Құмбелден жатпақ жай алып.
Наурызбай шықты қамалдан,
Найзасы қанға боялып.
Не жаны қалсын Кененің,
Наурызбайдан аянып?
Тарта берді шылбырын,
Қылышына таянып.
Кене хан жөнеп берген соң,
Қазақ біткен оянып:
Кенекең жауға барған соң,
Артындағы көп қазақ
Несіне қалсын аянып!
Кенесары ханның халық...
Серия «Филология». № 2(78)/2015
91
«Кене ханның жыршысы» дастанында [1; 203]:
Наурызбайдың сөзіне
Батырлары шыдамай,
Хан қасынан ұмтылды —
Ағыбай, Дулат, Меңдібай,
Арғыннан шыққан үш жігіт —
Шəкір, Жəуке, Төлебай.
Олардан тірі қалар ма
Табыннан Қабан, Бұқарбай! —
деп ұлт-азаттық көтерілісіне қатынасқан батыр бабаларымыздың ерлігін тебірене жырға қосқан.
Нысанбай жырау шығармасының түпкілікті айтпақ ойы [3; 18, 19]:
Күмісті садақ, алтын оқ,
Кенекең жауға жолықты.
Ақ білегін сыбанған
Балуанды тойға жолықты.
Алыстан тоят іздеген
Ақ сұңқарға жолықты.
Айшылықты бір басқан,
Қас тұлпарға жолықты.
Асқындаған пейілінен
Кенекем зорға жолықты.
Нөкерімен теп-тегіс
Бір ажалға жолықты, —
деген жолдардан көрінеді. Ақын мұнда болған істі жай хабарлаған деу аздық етеді. Ол «жазмыштан
озмыш жоқ», тағдырдың үкімі осылай болды дегенді жамағатқа есіттіріп отыр. Дана ақынның сөз
сыңайын осылайша қорытуы шындыққа да, жағдайға да сəйкес лебіз. Өйткені бұл арада
Кенесарының бұрынғы сансыз ерлігін, өзінің дұшпандарынан анағұрлым биікте тұрғанын,
мақсатының ұлылығын тізіп жату мүлде артық болар еді [4].
Нысанбайдың жыры былайша аяқталады [3; 55]:
Бұл қиссаны шығарған
Нысанбай деген жыршы еді,
Хан Кененің тұсында
Жұрттан озған сыншы еді, —
Айтқан сөзі үлгілі
Құлақтың бір құрышы еді,
Өлең-жырға Нысанбай
Мəшһүр шешен нар еді,
Бір естіген адамдар
Сөзіне тағы зар еді —
Көзімен көріп сөз қылған
Соғыста өзі бар еді.
Кене ханның ұлт-азаттық көтерілісіне басынан-аяғына дейін қатысқан жорық жыршысының өзі
өмір сүрген заманда қандай ақын болғаны, абырой-беделі, сыншылдығы мен шыншылдығы осы
жолдарда сайрап тұр.
1847 ж. Кенесары көтерілісі жеңіліске ұшырап, Кенесары қаза болғаннан кейін Нысанбай жырау
қырғыз жерінен қашып шығып, Орта Азия елдерінде біршама уақыт жасырынып жүреді. Туған
жеріне қай жылдары қайтып келгені туралы нақты дерек жоқ. Ақынның ақырғы деміне дейін (1883
ж.) өмір сүрген жері — Аққошқар жеріндегі Еңбек ауылы. Бұны журналист, жазушы Т. Бекниязов
жазып, дəлелдеп жүр: «Ақын Аққошқар ауылының солтүстік-батысында екі шақырымдай жердегі
Күлтарыда жерленген». Төрегелді Бекниязов Еңбек ауылында туып-өскен, көнекөз қариялар сөзін
тыңдап, солардан естіп-білгенін жазған [5].
Нысанбай жыры көпке қадірлі, бар қазаққа кең тараған туынды болғандықтан, əр түрлі
өзгерістерге ұшырап, бірнеше нұсқамен тараған. Бұл шығарма алғаш рет 1872 ж. (кейбір деректерде
1875 ж.) С. Жантөрин мен Т. Сейдалиннің аудармасымен «Записки Оренбургского отдела
императорского Русского географического общества» журналының 3-бөлімінде орысша əріппен
Р.С.Каренов
92
Вестник Карагандинского университета
басылып шығады. Ал 1912 ж. «Кенесары-Наурызбай» жыры Қазан баспасынан жеке кітап күйінде
жарық көреді.
Кеңес үкіметі тұсында Нысанбай туындысы екі рет кітап болып шықты. 1923 ж.
Х. Досмұхамедұлының алғысөзімен Ташкентте басылып, 1924 ж. Мəскеуде Н. Төреқұловтың
алғысөзімен жарияланады. Бұл жарық көрген кітаптардың екеуі де Ə. Диваев жинаған Ж. Басығарин
нұсқасы еді [6; 24–26].
Кеңес дəуірінде Кенесары-Наурызбай бастаған көтеріліс бұрмаланып көрсетілгені, кейін, тіпті,
олардың аттарын атауға тыйым салынғаны белгілі. Осыған орай Нысанбай есімі де халық жадынан
өше бастаған еді. Тек тəуелсіздігімізді алғаннан кейін ғана «Кенесары-Наурызбай» жыры қайтадан
жарыққа шығып, Нысанбай есімі қайта жаңғырды.
Ақынның дастаны 1996 ж. «Қазақ халық əдебиеті» көп томдық жинағының 17-томында
профессор Ш. Ыбыраевтың алғысөзімен жарық көрді. Соңғы жылдары «Парасат» жəне «Жұлдыз»
журналдарында, 2008 ж. жарық көрген «Батырлар жырының» жетінші томында басылды. Осы
басылымдардың тек соңғысында ғана аты-жөні толық жазылып, «Нысанбай жырау Жаманқұлұлы»
деп көрсетілген.
Алдағы уақытта бүгінгі жəне келешек ұрпаққа еліміздің тəуелсіздігінің қадір-қасиетін
қастерлетіп, олардың жүрегіне қазақ еліне деген патриоттық сезім еккіміз келсе, Нысанбай сияқты
тарихи тұлғамызды барынша ұлықтап, лайықты бағасын беру керек. Өйткені намыс туын көтеріп, ел
азаттығы жолында күрескен, сол жолда мерт болған Кенесары, Наурызбай сияқты ерлеріміздің ерлік
істерін жырлаған Нысанбай Жаманқұлұлының аты ешқашанда өшпек емес.
Кенесары хан қоныстан ауғанда Досқожа ақынның
шығарған қоштасу жыры
Кенесарының күресін жақтаған қазақ ақындары сарбаздардың рухын көтеруге өз үлесін қосты.
Сондай ақындардың бірі Алтай-Қалқаман руының өкілі Досқожа Тоқбөріұлы, өзінің айтуы бойынша,
Кенесары ханның қолына Ақмола аймағында қосылған. Кенесарының күресін жақтаған ақындар
қатарында белгілі қазақ драматургы Қалтай Мұхамеджановтың бабасы Күдеріқожа ақын да болды.
Досқожа жыраудың (1801–1866) есімі «Кенесары қоныстан ауғанда айтқаны» деген жырынан [7]
мəлім. Бұл жыр мекенін тастап ауа көшкен елдің туып-өскен жерін қимай жылап айрылысқан
қоштасуын бейнелейді [8].
Досқожа ақын қазақтың бейбіт, еркін бақытты күн кешкен шағын еске түсіреді. Бұл қоныстың
ата-бабалар қайратымен қолға түскенін айта кетеді.
Қатарыңнан артықсың,
Қайраты түпсіз тереңім!
Атаңыз жаулап өтіпті
Қалмақтың Уса, Серенін.
Біз қоныстан кеткен соң,
Көреміз бе, дүние-ай,
Мына жатқан Есілдің
Көк орай тартқан өзенін?! —
дей келіп, туып-өскен жердің сəулетін, қадір-қасиетін айтып тауыса алмайды:
Күншілік жерден көрінген,
Көрінсе, көңіл бөлінген,
Алшаңдатып ат мінген,
Мұнар болып көрінген,
Кіші ауылдың қыстауы —
Баянауыл, Қазылық.
Үдере көшкен байлардың
Жолы жатыр қазылып.
Жазғытұры болғанда
Жалғыз-жалғыз ауыл боп,
Отырушы едік жазылып...
Бізге ақын халықтың көңіл-күйін білдіретін жыр жолдары арқылы ешбір тігісін жасыруға
көнбейтін шындықты куəлендіреді.
Кенесары ханның халық...
Серия «Филология». № 2(78)/2015
93
Аман бол, қалдың көгеріп,
Бастары самал тауларым!
Арасы биік бауларым!
Кетемін деген есте жоқ,
Көшірді дұшпан жауларым!
Сарқырап аққан тастақтан,
Сабадағы салқын қымыздай
Сарқырап аққан бұлағым!
Тобылғылы қалың тоғайдан
Есепсіз өрген тышқандай
Алтайы қызыл түлкі еді
Ұлдарым киген тымағым!
Қадіріңді білмедім,
Аман бол, қайран шырағым!
Отаршылдық зардабын ешбір жазба құжат халықтың жүрегін жарып шыққан өлең жолдарындай
табиғи қалпында бейнелей алмайды.
Артымда қалып барасың,
Қарағайлым, Шұбарым.
Қызығын көрген елімнің
Енді білдім жыларын!
Ағашым естен кетер ме,
Жапырақ шашып гүлденіп,
Көгеріп тұрған мұнарып?!
Қарағайым, қайыңым!
Жоқ еді, қоныс, айыбың.
Алты ай жаздай бір көшпей,
Алкөде бейне меткілдей,
Кіршіксіз еді зайыбым!
Жаздың күні болғанда,
Ел өзенге қонғанда,
Балдырғанды Балқаштан
Тулатып шанышқан жайыным!
Талма тал түс болғанда,
Байлар қымыз ішерде,
Сары нардай ыңыранып,
Бəйбіше саба пісерде,
Бірқазандай отырған
Бозбаласы құралып,
Дəулетті үйге түсерде.
Ірбіті сары самарға
Сапырып қымыз құйдырып,
Салқын жерге тоңдырып,
Салтанатқа төндіріп,
Сауқым салған, заман-ай!
Өзеннің суы — тұнығым,
Асауымды тоқтатқан
Қара мойыл құрығым!
Құбыладан соққан түнеріп
Қызыл желді тоқтатқан
Қайыңның жалы сырығым!
А, дариға, дүние-ай,
Қайтейін жердің қылығын!..
Бұл қоныстан кеткен соң,
Іздесе, халқым табар ма
Бір қураған шыбығын?!
Р.С.Каренов
94
Вестник Карагандинского университета
Артымда қалып барасың,
Көгеріп жатқан өзенім.
Өзеннің бойын бос қойып,
Сыртқы көгін жегенім.
Құр атыма теңелген
Жазғы мінген көбеңім.
Қонысым қолда тұрғанда
Болушы еді дегенім.
Ат мініп, жарақ асынған.
Сағынар мырза өз елін.
Жалпылай алғанда, Досқожа ақынның жырында Сарыарқаның жасыл орманы, көгілдір таулары,
көк үйірім көлдері мен өзендері көркем тілмен тамаша суреттелген.
«Наурызбай-Ханшайым» атты эпикалық туындыдағы
Кенесары мен Наурызбай бейнесі
Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы (1854–1936) — бүкіл өмірін қазақ ауыз əдебиетін жинап, оның
өзіне ұнаған жақсы үлгілерін қайта жырлап, кітап етіп бастыруға жұмсаған зерделі жан. Ақынның
Қазан қаласынан жарық көрген дастандары отызға жуық. Жүсіпбектің сондай шығармаларының бірі
— «Наурызбай-Ханшайым» атты эпикалық туындысы [9].
Жүсіпбек қожаның бұл шығармасы Қазан қаласында 1915 ж. өз алдына жеке кітап болып жарық
көрген. Дастан бастан-аяқ ата-бабамыздың көшпелі тұрмысын жан-жақты суреттеген. Бұл еңбекте
ақын еліміздің көшіп-қону, қыз ұзату, бəйге, сайыс, айтыс, күрес, жамбы ату сияқты сан алуан ұлттық
сəн-салтанатын əр қырынан əдемі жырлаған. Поэмада Кенесары мен Наурызбай бейнесі, ел
бүтіндігіне, халық бірлігіне шыбын жанын қиюға даяр Ханшайым сұлудың өмірі анық сомдалған.
Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық қозғалысын алғаш Ғұбайдолла сұлтан бастаса, кейін оны
Саржан сұлтан, Кенесары, Наурызбай жалғастырды. Кенесары орыс пен қазақ арасындағы қарым-
қатынасты, татулықты, бірлікті қалап, патшаға хат жолдағанымен, онысынан түк шықпады.
Сондықтан да елін ысырып, қонысынан қуып, қонышынан басқан басқыншыларға қарсы шықпай
қарап отыра алмады, намысқа мініп, қарсы ұмтылды. Сол намысты ер Кене Хан батырдың халық
қадірлеп, жырға қосып, қастерлеген қасиеттері қандай еді?
Қолда бар фольклорлық мəтіндерде Кенесары — идеалды кейіпкер, мінсіз адам, əділ хан ретінде
суреттеледі. Ол бірнеше сипатта көрінеді. Егер жүйелеп айтар болсақ [10; 6]:
Кенесары — идеалды қаһарман, билік тізгінін мықтап ұстаған əмірші, күллі қазақты өзіне
қаратқан хан;
оның қол астына атақты батырлар жиналған;
олар ханның ордасын – мемлекет орталығына айналдырған.
Бұл туралы Жүсіпбек Шайхисламұлы өз дастанында:
Хан болды Кенесары Орта жүзге,
Жайылды əруағы өзге жүзге.
Хакім боп жеті жұрттан иығы асты,
Жарамас шөп салуға басқан ізге.
Анасы Наурызбайдың бөлек еді,
Өзінің қатарынан зерек еді.
Дүниеден қайран ерлер өтіп кетті,
Қазақтың баласына керек еді, —
деп жырлайды.
Кенесары да, оның інісі Наурызбай да өз қатарынан асып туған, ел қамқоры болған адамдар.
Кенесары мен Наурызбайдың ерекше тұлғалар екенін айту үшін жыршы өзінің эпикалық
туындысында олардың бабалары туралы былай баяндайды:
Абылай хан боп өткен мұсылманға,
Жайылған əруағы барша жанға.
Жеткен соң қаза-тағдыр, дүние салып,
Қойылған бата қылып Түркістанға.
Қалмақтан Абылай хан бір қыз алған,
Кенесары ханның халық...
Серия «Филология». № 2(78)/2015
95
Қадамы жеткен жерге құлаш салған.
Опасыз бұл жалғаннан олар да өтті,
Ойласаң, баяны жоқ, дүние жалған.
Қасым хан — Абылайдың бел баласы,
Шығады, тыңдасаңыз, сөз данасы.
Абылай Қалдан ханның қызын алған,
Қасымның, естісеңіз, сол — анасы.
Қасым хан өзге ұлынан асып туған,
Көңілін дұшпанының басып туған.
Қарнында анасының қан шеңгелдеп,
Қызартып екі көзін ашып туған.
Сонымен, Кенесары мен Наурызбайдың əкесі Қасым төре ерекше адам болған. Ал одан туған
Кенесары да, Наурызбай да — тегін емес деген ұғым жатыр мұнда.
Қасымның төрт ұлының ішінде бөлек туған Кенесары. Ол сол себепті хан болды, — дейді халық
жыршысы:
Қасым хан, қаза жетіп, дүние салды,
Тағдыры кімнің жетсе, соны алды.
Мирасқор орнын басып, елін ұстап,
Артында Қасым ханның төрт ұл қалды.
Хан болды үлкен ұлы — Кенесары,
Дұшпанға ерегіскен өтті зары.
Поэмада Кенесары — ақылшы, батагөй абыз, тапқыр шешен, бекзат болып бейнеленеді. Əрбір
жауапты, қиын іс Кенесары бата бермей істелмейді. Жорыққа шығарда, шайқасқа енерде ол бата
беріп, ақ жол айтып кіріседі. Оның батасы фольклор дəстүрінде болып келеді. Мысалы, Тілеуқабақ
жұртына кетіп бара жатқан Наурызбайға берген батасы мынадай:
Он сегіз мың əлемге
Патша болған, Құдайым!
Көз жасымды қабыл ет,
Мінəжат қылып жылайын.
Бір өзіңе тапсырдым,
Пана болған басына,
Рақым ойлап, иллаһим.
Бұрын сапар көрмеген,
Бейқам еді бұл айым.
Өзіңнен басқа панам жоқ,
Қайтып көзім көргенше
Болды қиын уайым.
Екінші, сізге тапсырдым,
Жүз жиырма төрт мың пайғамбар,
Отыз үш мың сақабалар,
Иман Қасен, Құсайын,
Төрт Имам, төрт шаһарияр.
Жəне сізге тапсырдым,
Ғайып ерен, қырық шілтен,
Назарыңды салғайсың.
Сапарда болса бір кілтең,
Ғаріпке жəрдем болғайсың.
Хазіреті Қызыр Ілияс,
Мəдет ет, Ғауыс, Қияс,
Қожа Насыр, Баһауддин,
Хан Абылай аруағынан
Мəдет сұрап қойдым бас!..
Р.С.Каренов
96
Вестник Карагандинского университета
Қош айтып, бата беріп, қалды жайға,
Тапсырып баршаларын бір Құдайға.
«Бізді баққан дұшпан көп, бейқам болмай,
Берік бол», — деп айтады Ағыбайға.
Ер Науан қырық жігітпен бата алды,
Сапарға тəуекел деп қадам салды.
Кене хан шығарып сап, шүкір етті,
Иншалла, жолы болар ахуалды.
Бұл бата халық ұғымына сəйкес. Жыршы Кенесарының аузына əдеттегі батаны салып отыр.
Оның ойынша, Кенесары халықтан алшақ емес.
Кенесары бекзаттықты, хандық жолды бəрінен жоғары қояды жəне өзі кісілікті, жомарттықты
қатты ұстанады. Ұлы ханның малға, дүние-мүлікке қызықпағанын «Наурызбай–Ханшайым»
жырындағы мына жайттан байқаймыз.
Наурызбай мен Ағыбай Тілеуқабақ деген байдың жылқысын барымталайды. Оларды Ханшайым
қуып жетіп, өзінің тапқырлығымен, ержүректігімен Науанды тəнті етеді. Науан айдап келе жатқан
жылқыны Ханшайымға сауғаға тастап кетеді.
Еліне құр қол оралған Наурызбайға Кене хан өзінің оң жағынан орын беріп:
Қырық жігіт, есен барып, келдің
бе аман?
Тарылды сен кеткелі маған заман.
Жылқысы Тілеуқабақ көрінбейді,
Қой десем, болмап едің, жері жаман, —
деп тұспалдағанда, Ер Науан болған жайды баяндап:
Бұралып талшыбықтай бойға жеткен,
Іс болса айтыңыздар бізден өткен.
Жұмыстың бастан-аяқ жайы солай,
Уа, аға, лайық па екен бермей кеткен? —
дейді. Сонда Кене ханның көңілі толып:
Жылқы алғаннан бұл ісің он есе артық,
Шақырайын той қылып оң мен солды, —
деп той қамына кіріседі.
Атақты жыршы Кенесарының мырзалығын көтермелей айтып, оның пайым-түсінігін, ақсүйекке
лайық заттылығын барынша дəріптейді. Мысалы, қалыңдығына кетіп бара жатқан Наурызбайға
берген сыйы мынандай:
Қазына-жабдық артты тоғыз нарға,
«Барсын, — деп, — салтанатпен мəхбур жарға».
Қос берді падишалық алтын шатыр,
Дүние мұқтаж емес еш оларға.
Жабдығын азық-түлік берді сайлап,
Тоғыз нарға қоңырау, байрақ байлап.
Бесінде бейсенбі күн шыға қонды,
Айтұяқ айтып сойып, «иə, Құдайлап».
Қолға алды тоғыз тұйғын, тоғыз сұңқар,
Мінгені қырық жігіттің бəрі тұлпар.
Толтырып төрт сандыққа асыл бұйым,
Арттырды, «Болмасын, — деп, — жолы дімкар».
Не асыл інжу-маржан алды тастан,
Жабдығын тамамдады аянбастан,
Кене хан аттандырып, амандасып,
Айтады ақыл-хайла бір-бір бастан.
Кенесары ханның халық...
Серия «Филология». № 2(78)/2015
97
Бұдан да артық сый-сияпатты Кенесары хан Наурызбайдың қайынағасы Мұсаға, онымен бірге
келген жолдастарына жасап, қазақтың «тоғыз сыйлау» салтын толық орындайды. Келтірілген
мысалдардан көретініміз — халықтың «хан қандай болуы керек» деген түсінігі. Өмірде Кенесары
осындай кең, осындай жомарт болды ма — белгісіз. Бірақ фольклор оны осындай етіп бейнелеп отыр
[10; 6].
Жүсіпбек қожа өз шығармасында Наурызбай төренің жастық-албырттық шағындағы қайтпас
қайсарлығымен бірге, Ханшайым сияқты ел ұйытқысы бола білген кемеңгер қыздың өмірін де
айшықты бейнелейді. Ханшайым — кешегі Жиренше бабамыздың бəйбішесі Қарашаштың, Алаша
ханның ханымы Ханбибінің, Бəйдібек батырдың тоқалы Домалақ ененің (Нұрила), Келдібек бидің
бəйбішесі Айбикенің жол-жоралғысын, өнеге-үлгісін ұстанған асыл аналарымыздың бірі. Қысылтаяң
шақта екі елдің ортасына алтын дəнекер, ақ тілеуші бола білген аяулы ару.
Ж. Шайхисламұлы туындысындағы оқиға
Кіші жүздің алтын-жаппас руларының көші-қон
жолында, Батпақты көлінің жанында өтеді. Дастандағы жер атаулары Үшбурыл көлі, Тоқырауын,
Тоғыз арал өткелі. Бұлар Торғай өзені сағалары болуы мүмкін. Оқиға 17 жастағы Наурызбайдың
алтын-жаппастармен бірге қоныстас Тілеуқабақ аталығының қызы Ханшайыммен үйленуі, қыздың
келін болып түскен бойы Кенсарының көзі өтіп қайтыс болғаны жөнінде.
Дастанда Кенесары Ханшайымды көріп, көркіне қайран қалып:
Басқа əйел түлкі болса, құндыз екен,
Аспанда анық Шолпан жұлдыз екен.
Туды деп адамзаттан кім айтады,
Перизат, Хорлығайын нұр қызы екен.
Науанжан жарын тауып алған екен,
Əйелден бар Құдайым салған екен.
Деуші еді: «Қосылмайды екі жақсы», —
Айтқаны бұрынғының жалған екен, —
деп тамсанады. Көп ұзамай-ақ Ханшайым Кененің көзі тиіп, талып қалады да, үш күннен кейін
дүниеден өтеді.
Ханшайым өлімінен соң Наурызбай сұлтан ағалары Ержан төре, Кенесарымен бірге Қоқанды
шабуға аттанады.
Кенесарытанудың негізін қалаған ғұлама
Мəшһүр-Жүсіп Көпейұлы
Кенесарының тұлғалық бейнесі мен билеушілік танымын жəне саяси ахуалды кеңінен сипаттап,
отандық тарихтың беттерінен орын алуына бірден-бір себепкер болған Мəшһүр-Жүсіп Көпейұлының
(1858–1931) «Қара мес» деп аталатын еңбегі [11; 48]. Осы туындысында Сарыарқаның тарихын
сипаттай келе, Көпейұлы [11; 49–50]: «Біздің бұл Сарыарқадағы қазаққа «қазақ бізге бағын, қара»
деп, «ақ патшадан жарлық алып шықтым» — деп, Ибан Сыманыш деген бөлкебай келді. Сонда
оныменен талас Қытайдан да елші келді, «қазақ саған қарамайды, маған қарайды» деп. Ол екеуінен
патшаға қазақтың өз ішінен төреден Кенесары, Наурызбай шығып, келіп айтты:
Бағынба қазақ орысқа,
Бағынсаң қазақ орысқа.
Осы бастан амандас,
Сарыарқа деген қонысқа.
Береке кетер асыңнан,
Билік кетер басыңнан.
Інгеннен інген күйерсін,
Күйдіруші табылып.
Көршілес жақын қасыңнан,
Қызығып тұрсың байқамай.
Күйгеннен зарлап айттым-ай,
Көрінісі орыстың,
Текеметтің бозындай.
Ойлағаны жамандық,
Жарадан аққан іріңдей,
Р.С.Каренов
98
Вестник Карагандинского университета
Абақты деген үйі бар,
Қазулы даяр көріңдей.
Қызыл қарын жас бала,
Обалына қаларсың
Кейінгі үрім-бұтақтан,
Қарғыс бір нəлет аларсың,
Ап кетейін бір жаққа,
Соңымнан ерші ерінбей!
Сонда сол замандағы қазақтың жақсылары кеңесті де Кенесары, Наурызбайдың сөзін қостамады
жəне қытай елшісіне де сөйлеспеді. Жерімізге тимесең, баладан солдат алмасаң, саған қараймыз деп,
ғəдəлəтшілік бар деп, ақ патшаны өз ықтиярларымен қарап бағынды. Теріге жаздырып, уағда хат
алды», — деп Кенесары мен Наурызбайдың өз қара басы үшін емес, ұлт болашағы үшін тер төккенін
сипаттаған.
«Кенесары жорығы» деген бірінші нұсқасында Мəшһүр-Жүсіп [12]: «Қырғызбен соңғы
соғысында Кенесарының ту тіккен жері Кекілік сеңгірінен бес шақырымдай жоғары Майтөбе деген
жер екен. Майтөбені қырғыздар ежелден «Қанды жер» деп айтысады екен.
Қызылсу — Тоқпақтың тұсынан Алатаудан аққан бір өзен. Қоқидың көлі Əулиеата уезінде
Шудың жағасында, Ағашақ болысында.
Қолға түскен соң Кенесарының Жаманқараның бодауына Солты руы (ұруы) алған. Наурызбайды
Қалпақ батыр мен Жанқабылдың боданына Сарбағыс, Тілеуқабыл манап алған.
Екеуін қалай өлтіргендігі Мəшһүрдің «Мес» кітабында атам заманда əлдеқашан жазылған. Керек
қылғаның сонан қараңдар.
Наурызбай төренің мінезі ауыл арасында əншейін жүргенде періштедей екен. Жауға шапқанда,
суықтығы албастыдай көрінеді екен. Наурызбайды «өліпті» — деп естірткенде, бір қыздың айтқан
өлеңі:
Елімді жауға айдаған Көшек еді,
Жабысқан он үш жаста өсек еді.
Жыламаймын жатамын да бауырым төсеп,
Бір жатқан ер Науанмен төсек еді! —
деп Наурызбайдың тұлғалық бейнесіне оң бағасын берген екен.
«Кенесары жорығына қатысты үшінші дерек» деген нұсқасында Мəшһүр-Жүсіп [12; 49]:
«Кенесары ханның жылы қоян еді. Сегіз жыл хандық дағуасын қылды. Жылқы жылы қырық бес
жасында қырғыздың қолына түсті. Əуелі шабамын деп қол көтерген — сол бойымен қарысып
(қарығып) қалды. Екінші — қылышты алып шауып жіберген табанда өлді. Үйіне көтеріп барса, үй-
іші тегісімен қырылып, бəрінің жаназасы бір күнде оқылды. Сол тұқым ауыл-аймағымен таусылып
бітті. Қырғыз халқы артынан көп пұшайман болды», — деп Кенесарының дəуірін бабасы Абылай хан
билігінің жалғасы ретінде қарастырған.
Халық ақыны Доскейдің Кенесары ерлігіне арнаған
көлемді шығармасы
Көрнекті əнші-композитор, жыршы, əңгімеші, ақын Доскей Əлімбаев (1850–1946) ұзақ өмірінің
сексен жылын жыр толғап, əн шырқап өткізген. Оның үстіне Сарыарқаны əн мен жырға бөлеген,
өнерімен өрге өрлеген Басығараның Қанапиясы, Құлтума, Шөже, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі
Ыбырай, Жаяу Мұса, Ғазиз, Естай секілді дүлдүлдермен бірге жүрген.
Доскей ақын жүздеген жыр-толғаулармен бірге, «Бақыт іздеуші тазша», «Қажымұқан», «Жетім
бала мен жебір уəзір», «Тоқа батыр», «Кенесары», «Қара шолақ сиыр» тəрізді дастандар жазған.
Доскейдің «Кенесары» поэмасы [13] 1916 ж. патшаның «Маусым жарлығынан» кейін ұлт-
азаттық қозғалыстың тууына байланысты елді рухтандыру, жігерлендіру мақсатында туған. 570
жолдан тұратын бұл дастан көне эпостық үлгіде шығарылған. Дастанның арқауы — тарихи шындық.
Ол бізге Кенесары қозғалысынан біраз мəліметтер береді. Бұл туынды бірлікте, елдікте үндейді:
... Патшаға сеніп ердің деп
Сөзіңді астырт бердің деп,
Кенекең қылған өкпені.
Сондықтан əбден өштесіп,
Манапқа мейірім етпеді.
Кенесары ханның халық...
Серия «Филология». № 2(78)/2015
99
Өрлей берді Кенекең,
Бішкек пенен Арасан,
Оны басып тағы алды.
Тоқпақ пенен Кекілік,
Алынбай енді сол қалды.
Асатын жер таба алмай,
Батырлар ауыр ойланды.
Көкала қалқан өңгеріп,
Жебелі найза қолға алды.
Тас қыдырып, тау кезіп,
Тоқпаққа қарай жол салды.
Қыспақты күнде қысылшаң,
Тұрғанда төре осылай,
Астыртын хабар алысып,
Патшамен манап сөйлесіп,
Қырғыздың манап Орманы
Патшаға барып сатылды.
Көмекке алып, қасына
Жинады өңкей батырды.
Азғырып, алдап дулатты,
Қайта өзіне шақырды.
Кенекеңе білдірмей,
Дулат тегіс қашады.
«Біз кеттік, — деп, — Кенеден», —
Манапқа хабар шашады.
Ішінен шығып дұшпаны,
Кененің сырын ашады.
Мұны естіген манаптар
Көңілденіп тасады.
Манап пен дулат бірігіп,
Мықты уəде жасады.
Ішіне тыңшы кірген соң,
Əлсіз жерін білген соң,
Бір күні түнде қапелдем
Кенекеңнің көп қолын
Манаптар келіп басады.
Қапыда қалып Кенекең,
Түн ішінде сасады.
Сонда да қайтпай, жауымен
Қан майданды жасады.
Тоғыз айлық соғыстан
Шаршап əбден қажыған
Батырлардың қайраты
Қайта туып, тасады.
Сонда-дағы шыдамай,
Кененің қолы қаймығып,
Шегініп кейін қашады,
Патшаға қарсы соғысқан,
Халық үшін жан қиған,
Əскері кетіп қолынан,
Кенесары, Наурызбай
Қырғызда қалып өледі...
Доскей ақын өзінің туындысында:
Қазақтың жиып батырын,
Басын қосып жинайын.
Р.С.Каренов
100
Вестник Карагандинского университета
Қолды түзеп көк найза,
Желкесін жаудың қияйын.
Арғыннан шыққан Ағыбай,
Шапырашты Бұғыбай,
Толқынта найза сілтеген
Шəкір, Жəуке, Толыбай,
Азға қуат беретін
Туған інім Наурызбай,
Қайратты қалай тыяйын?!
Атамның еді жолдасы,
Қарт Бөгенбай бар еді,
Соған барып дос болған
Тарақтыда Байғозы,
Назымды соған құяйын.
Төртуылда Жанайдар
Жиһан асқан ер еді.
Тамадағы Танашты
Шақырса, ол да келеді.
Базар батыр Бөрішіде
Ерегіскен дұшпанның —
Жау жазасын береді.
Көбек батыр жəне бар
Жауға жеке кіретін.
Бижан батыр тағы бар,
Мінген аты — Көкшағыр,
Əкесінің аты — Алшағыр,
Жарғыштың жеті бірі еді,
Қайраты мұның ірі еді.
Оған еріп жолдас боп,
Көкаласын мінеді, —
Немересі Жұманның
Байқан батыр келеді.
— Ерегіскен тақсыр-ау,
Жауың қайда? — дер еді.
Байқан батыр ерлігі
Оның-дағы мол еді...
Кенесары батырдың
Жауға аттанар жолы еді.
Жиналған осы батырлар
Он төрт мыңдай қол еді, —
деп бабаларымыздың ұрыс үстіндегі ерліктерін бүкіл елімізге паш еткен.
Қорыта айтсақ, Доскей Əлімбаевтың бұл поэмасында қазақтың азаттық күресіне іріткі салған ру,
тайпа көсемдерінің дүниеқор, екіжүзді əрекеттерін əшкерелейтін нақтылы мысалдар мол кездеседі...
Хан Кене – Алаш ақыны Мағжанның «Оқжетпестің қиясында»
атты поэмасының бас кейіпкері
Қазақтың кемеңгер ақыны Мағжан Жұмабаевтың дастан-поэмаларындағы тарихи тұлғаның
бейнеленуі — ерекше тақырып. Жыр жұлдызының «Ертегі» поэмасы «Бостандық туы» газетінде 1922
ж. басылған, ал «Оқжетпестің қиясында» Ташкентте 1923 ж. жарық көрген. Екі туындының басты
ойы — ел қорғаны бола білген Кене ханды аңсау [14].
Əсіресе М. Жұмабаевтың «Оқжетпестің қиясында» атты биік романтикалық поэмасындағы [15]
тебіреністі лебіздер ойы ұшқыр, ұлттық мұраты нұрлы азаматтарды толғандырмай қоймайды.
Поэманың бас кейіпкері — отанын қорғауды ардың ісі деп санаған Кенесарыны Алаш ақыны қалай
аңсайды? Кене ханның өзін құрбандыққа қиған ісін Алаш ақыны қалай жырлайды? Бұл сауалдар
туралы шығармада былай делінген:
Кенесары ханның халық...
Серия «Филология». № 2(78)/2015
101
Арқада Бурабайға жер жетпейді,
Басқа жер ойды ондай тербетпейді.
Бурабайдың көлі мен Көкшетауды
Көрмесең, көкіректен шер кетпейді.
Қиясымен бұлт құшқан Оқжетпестей
Басқа тау ойды аспанға өрлетпейді.
Арқада Бурабайға жер жетпейді,
Алаштан Кенекеме ер жетпейді.
Көкшеде күңіренген Кенем қайда?!
Дариға, жүрегімді дерт өртейді.
Көкшені күндіз-түні мұнар басқан,
Қап-қара бұлттармен құшақтасқан.
Алдында бұйра жалды бөлек тау тұр,
Көкшеге қосылмаққа қойнын ашқан.
Мөп-мөлдір, дөп-деңгелек көл ортада,
Жел ойнап, ақ бетіне меруерт шашқан.
Сол көлдің жағасында Оқжетпес бар,
Жасаған мұнарадай құйып тастан.
Найзадай Оқжетпестің қиясына
Жалғыз-ақ Кенекем ғой қадам басқан.
Қазақ ұғымындағы «ер» мен «еркек» түсінігі осы ретте айқындалған:
Алашта талай-талай ерлер өткен,
Ерлерде Кенекеме кім бар жеткен?
Сүйремей елін өрге, көрге сүйреп,
Ер емес, «ершіктер» ол елді еңіреткен.
Жалғыз-ақ Кенекем ғой қайрат қылған,
Қазақты құтқарам деп қалың өрттен...
Поэмадағы соңғы тармақ Алаш қайраткерінің Кенесары хан сияқты ерді аңсауы ғана емес, өзінің
заманына деген құсалық шерін аңғартады («Күңіреніп біздей бейбақ жыр толғайды»):
Арқада Бурабайдай жер болмайды,
Алашта Кенекемдей ер болмайды.
Кене Арыстан мезгілсіз мерт болды ғой,
Алашқа бұдан да зор шер болмайды.
Ел азды, арқа тозды, қайғы басты,
Күңіреніп біздей бейбақ жыр толғайды.
Құдай-ау, мəңгілікке қарғамасаң,
Кенедей енді неге ер тумайды?!
Кене жоқ, ізін басар іні де жоқ,
Дариға, жүрегімді дерт улайды.
Бүгінде Мағжан ақын жырының түпкі мұратындағы шындық əлі ескіре қойған жоқ. Өйткені
орындалмаған армандар, ұлы өкініштер толып жатыр. Сонда да болса, қазіргі кезеңде қазақ жеріне
тəуелсіздік таңы атқанына, еліміз үміт пен сенімге толы нық қадамдар жасап жатқанына, ел қамын
терең ойлайтын намысты, жігерлі арыс азаматтар азаттық туын берік ұстап, заман көшін алға бастап
отырғанына шүкіршілік етеміз...
Жамбылдың Кенесарының ұлы тұлғасын тануға
арналған өлең жолдары
1846 ж. Кенесары өз қолдары жəне ауылдарымен Жетісуға келді. Орыс əкімшілігімен егесі
ұзаққа созылып кеткен, оның үстіне қарулы əскері мен соңына ерген ауылдардың шаруашылығы мен
күнделікті тіршілік қамын ұйымдастыру жəне қажет бұйымдармен қамтамасыз ету азабын басынан
өткізіп қалжыраған Кене хан Жетісу жеріне əбден шаршап-шалдығып жеткен еді.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор М. Қойгелдиев: «Түрлі құжаттарда кездесетін
деректік материалдарды салыстыра отырып, Кене ханның Жетісуға бет бұрғанда мынадай екі
мақсатты көздегенін байқауға болады. Егер ісі сəтті жүрсе, Ұлы жүз қазақтары жəне қырғыздардан
Р.С.Каренов
102
Вестник Карагандинского университета
қосылған қолдармен біріге отырып, Жетісу, Солтүстік Қырғызстан жəне Шу бойын Қоқан
үстемдігінен босатып, осы өңірге орнығып, өз əрекетін одан ары жалғастыру. Ал егер бұл əрекеттен
ештеңе шықпаса, онда Ресей билігі орнаған территориядан ұзап, Қытай құзырындағы Шығыс
Түркістанға ойысу еді» [16], — деп жазады.
Жетісу жұрты Кенесарыны қалай қарсы алды? Тарихи деректерді тексере отырып, мынаны
байқауға болады. Жетісуға келгенге шейін-ақ Кене хан мен оның əскері, жанына ерген батырлары
жөніндегі хабар, дақпырт қазақ даласына кең тарап, аңызға айналып үлгірген еді. Соған байланысты
халық арасындағы оның беделі аса жоғары болғандығы еш күмəн туғызбайды.
Бұл ретте Жамбыл ақынның «Есте қалған əңгімелерден» [17] атты естелігіндегі: «Кенесарыға
еріп келген өңкей батырларға Жетісудың кілең айбынды ерлері қосылып, Алатауды сілкінткендей бір
қалың, қайратты қол құралады. Кенекеңнің Жетісуға келгенін бір кезде Сүйінбай бəріміз ұзақ
жырмен айтушы едік, сонан есте қалғандары тіпті аз...
Алдына дабыл өңгерген,
Артына сауыт бөктерген
Кенекем келді алыстан.
Ақауызы арқырап,
Ақ сауыты жарқырап,
Жауар бұлттай түйіліп,
Найзасын көкке үйіріп,
Наркескені жарқылдап,
Наурызбай келді арыстан.
Жауды көрсе қуанған,
Алмасын қанға суарған,
Табыннан шыққан Бұқарбай,
Ту ұстаған Нəпбай,
Жортуыл жолшы Бұғыбай —
Жалаң қылыш байланған,
Жау қайда деп сайланған,
Батырлар келді Қордайға...
Кенесары келген соң,
Өңкей ерді көрген соң,
Ерлігін жаннан асырған,
Бес қаруын асынған
Келді Саурық, Сыпатай,
Жас Бəйсейіт, Сұраншы,
Келді бəрі қалмастан,
Кенесары алдында
Өңкей көкжал бас қосқан...
Қара тасты айырар
Қайраттары алмастан.
Сондай ерлер өтті ғой
Дұшпанымен айқасқан, —
деп толғаушы едік» деген пікірдің шындықтан тым алшақ еместігін байқауға болады.
Атағы əлемге тараған жыр алыбы Жамбылдың аузынан жазылып алынып, мұрағатта сақталған
бұл өлең жолдары Кенесары Қасымұлының ұлы тұлғасын тануға қымбат мағлұмат қосады.
Кенесарының азаттық жолындағы күресінің белгілі ақын-жазушылардың, тарихшылардың
шығармаларына арқау болуы
Алғашқы зерттеулер ішінде 1888 ж. Ташкентте «Кенесары мен Садық» деген атпен шыққан
Кенесары ханның баласы сұлтан Ахмет Кенесариннің естеліктер жинағы өте құнды еңбек болып
табылады.
Кешегі Кеңес дəуірінде Кенесары «жауыз», «бүлікші», «қарақшы», оны дəріптегендер «ұлтшыл»
атанды. Солардың бірі Н. Ахметбеков еді. Ақын Кенесары-Наурызбай көтерілісін алғаш объективті
түрде көрсетіп, хан Кене мен Наурызбай ерлігін асқақтата жырлайды. Бұл ел арасында сөз болып,
Кенесары ханның халық...
Серия «Филология». № 2(78)/2015
103
жоғарыға жетеді. Амал жоқ, қуғын-сүргінге ұшырамау үшін Н. Ахметбеков «Жасауыл қырғын»
поэмасын қайта жазады. Бұл дастанында ол Кенесарыны қанды балақ қарақшы етіп суреттейді [18].
Профессор Ермұхан Бекмахановтың пайымдауынша [19], Кенесары Орта жүздің де, Кіші жүздің
де қазақтарының азаттық қозғалысын Торғай аймағында басқарған. Батырлықпен, ерлікпен атағы
шыққан Торғай өңіріне Кене ханның ат басын бұруы, ойсырап қалған жасағының орнын 62 салалы
Торғай өзенінің бойындағы Қабырға, Өлкейік сияқты салаларын мекендеген арғын-қыпшақтан
шыққан батырлармен толықтырып, оларды алдағы болатын ұрыстарға дайындап, жарамды ат-көлік,
қару-жарақ дайындау еді. Торғай өңірінің Қарасай мен Қошалақ аралығындағы шұрайлы мекенге ат
басын тіреген Кенесары хан осы жерде бірер жыл мекендейді. Ол жайында қазақтың тұңғыш
қаламгерлерінің бірі, əрі ақын Мұхамеджан Сералиннің «Жауыр торы» дастанында жазылады.
Кенесары ханның Торғай өңіріне келуін жергілікті тұрғындар жылы қабылдап, оның жасағына
осы тұста Торғай өзенінің бойындағы арғын-қыпшақтың батырлары Шəкір Қараманұлы, Иман
Дулатұлы (Амангелді Имановтың атасы), Жəуке, Жанайдар, Төлебай, Меңдібай сынды елдің бас
көтерер біраз азаматтары қосылады. Осылай Торғай өңірі — қазақтың соңғы ханы Кенесарыға арқа
сүйер сенімді бекініс болады [20; 5].
Кенесарының өмірі мен қаһармандық істері жайында сөз етілген жырларда ханның таңдаулы
батырлары Иманның, Жəукенің, Ағыбайдың, Бұқарбайдың, Жанайдардың, Шəкірдің, т.б. есімдері
жиі айтылады. Өйткені бұл батырлар ойдан шығарылған емес, өмірде болған адамдар. Сондықтан да
М. Сералин «Жауыр торы» дастанында:
.... Жігіті Кенесары – өңшең сері,
Келгенде олар дайын үйдің төрі.
Ағыбай, Бұқарбай мен Шəкір, Жəуке,
Кекір мен Байтабында қалаулы ері, —
деп суреттеп, төрт жол өлеңде айтылған батырлардың аттарын, бүкіл қазақ еліне əйгілі еткен. Бұл
батырлар Кенесары ханның інісі Наурызбайдың соңынан ерген сенімді қырық жігіттерінің ішіндегі
бірегейлері болған. Туған інісіне қалай сенсе, бұл батырларға солай сенген Кенесары хан Созақ,
Түркістан, Ақмешіт, Мерке, Қызылжар, Қараөткел, Кереку, Ор, Аманқарағай бекіністері мен
қамалдарын аларда оларды алғы сапта ұстаған [20; 5].
ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында М. Əуезов «Хан Кене» пьесасын (сахнаға бірер
қойылуынан кейін тыйым салынған) жазады. Заңғар жазушының пьесасында Кенесары: «Мен
сүйенер өмір мен жұбанар үміт қалған жоқ... бұдан арғыны көргенше Алланың ақ бұйрықты ажалы
келсін», — деп торығады. Ол бұл сөзін рухани қажып, күйреп, жеңілгендіктен айтып, өлім тілеп
отырған жоқ. Ол қайратты, қайсар, өр, өжет. Ол үшін туған елінің тəуелсіздігі жолында күрестен бас
тарту — өлімнен де сорақы. Кенесары өз қамын емес, ел қамын жеп күйзеліп, күңіренеді. Ел
намысынан артық не бар?! [21; 7].
Жалпы, Кенесары хан жайында бір жарым ғасыр бойы көп айтылып жəне жазылып келеді. Оның
өмірі мен азаттық жолындағы күресі көптеген ақын-жазушылар мен тарихшылардың еңбектеріне
арқау болды:
1. Фольклорлық деректерде Кенесарының тұлғасы ерекше сомдалған. Мысалы, Омар Шипин
[21; 7]:
Ерлігі Наурызбайдың ерен еді,
Хан Кене ақылдасқан зерек еді.
Ортада оба ағаштай терек еді,
Екеуі қапылыста өліп кетті,
Қазақтың баласына керек еді, —
деп жырлаған.
2. Ақын Қалижан Бекхожин [21; 7]:
Сескенткен айбынымен жеті жұртты,
Жоңғар мен шүлдірлеген жау шүршітті.
Арқаның аруақты батырлары
Бір кезде тау теңселтіп, жер сілкінтті.
Сарнатып жел қобызын есе тартып,
Ерліктің əсерімен жыршы шалқып.
Сөйледі қанша батыр өтсе-дағы
Солардан Кенекемнің айбыны артық! —
деп Кенесарының ерлігін, өрлігін мадақ еткен.
Р.С.Каренов
104
Вестник Карагандинского университета
3. Ақиық ақын Сырбай Мəуленов [22]:
Халқы үшін қан жұтып, қару алып,
Ту көтеріп, далада дабыл қағып.
Он жыл бойы бір түспей ат үстінен,
Он жыл бойы көрмеді дамыл алып.
Жасын оты секілді бұлтты жарып,
Қосындарды майданға шықты алып.
Ел қорғаны ержүрек батыр ұлды
Арманындай аялап күтті халық.
Толғантты оны тартылған жер тірлігі,
Найзаменен түрілген ел түндігі.
Екі өкпесі қысылып дем ала алмай,
Талықсыған халқының еркіндігі.
Өлетінін білсе де күні бұрын,
Қысқа екенін сезсе де ғұмырының.
Ұрпақтарға болды ол орнатпақшы,
Азаттықтың тəуелсіз ұлы күнін.
Кене хандай кемітіп қолбасыны,
Тот басқандай елімнің болды асылы.
Əр ауылдан шығарып бір-бір батыр,
Кереметтей көтердік болмашыны.
Қорғаймын деп саумал көл, сайран жерді,
Əкесі, туыстары майданда өлді.
Жан-жағынан жау қаптап жалаң қағып,
Жазым етті қапыда қайран ерді.
Халқымыздың кім оны демес ары,
Хас батырдың көңілде елесі əлі.
Кейбіреу қалай десе, олай десін,
Тарихта тұрады өшпей Кенесары! —
деп қазақ ханының даңқы алысқа кеткенін айтқан.
4. Кенесарыға арналған тарихи фольклорлық үлгілердің бүгінгі күнге жетуі үшін көп еңбек еткен
ғалым Е. Ысмайылов болған. ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында ол Кенесары мен Наурызбай
туралы өлең-жырларды, аңыздарды жинап құрастырған болса, 1948 ж. фольклорлық шығармаларға
арналған «Қазақ əдебиетінің тарихында» (бірінші том) Кенесары мен Наурызбайдың халық
əдебиетіндегі бейнесі туралы зерттеу мақаласын жариялаған. Ғалымның атқарған еңбегі кеңестік
идеологияның шартына сəйкес келмегендіктен, 25 жылға сотталғаны мəлім [6; 26]:
5. Кеңес үкіметі тұсында Кенесарының күрес жолына іргелі ғылыми зерттеу арнаған тарихшы-
ғалым Е. Бекмаханов («ХІХ ғасырдың 20–40 жылдарындағы Қазақстан» монографиясы) саяси қуғын-
сүргінге ұшыраған. Ол тарихи шындықты жазғаны үшін 25 жылға сотталған. Аяусыз азап тартқан.
Е. Бекмахановты қолдағаны үшін М. Əуезов, Қ. Сəтбаевтар қуғынға түскен. Бірақ тарлан тарихшыны
ешкім бетінен қайтарып, жасыта алмаған. Ермұқан түрмеден жазған хатында [23]:
Жаным менің жаралы,
Тарттым қанша жаланы,
Қайғы ішкен жылдарым,
Жылап өтіп барады, —
деген. Тек 1954 ж. 16 ақпанда ғана көрнекті ғалым ақталып, түрмеден шықты.
6. Сəбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» романында Кенесарыны қуғындап, патшадан шен-шекпен
алған бай-сұлтандар мен би-болыстарды атап кеткен.
Кенесары ханның халық...
Серия «Филология». № 2(78)/2015
105
7. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Ілияс Есенберлин «Қаһар» романын [24] жазғаны
белгілі. Бұл кітапты тұңғыш рет «Жазушы» баспасы 1969 ж. басып шығарған. «Көшпенділер»
трилогиясының үшінші кітабы ретінде «Советский писатель» баспасынан 1978 ж., «Художественная
литература» баспасынан 1983 ж. шыққан. Сол жылдары «Қаһар» романы əдебиет тарихында ерекше
құбылыс болған. Атақты жазушының туындысы қалың оқырмандардың махаббатына бөленген, ел
тағдырын шыншылдықпен бейнелеген көркем шығарма ретінде бағаланған.
Бұл жерде академик Рахманқұл Бердібайдың мына бір пікірін келтірген орынды сияқты:
«Кенесары мен ол бастаған азаттық қозғалысының ақиқатын батыл əрі ақиқат суреттеген жазушы
Ілияс Есенберлиннің романын нағыз əдеби ерлік деп білеміз. Əдебиетшілер былай тұрсын,
тарихшылардың өзі Кенесары тақырыбына бара алмай, əділдік сөзін айта алмай жүрген кезде
«Қаһар» романының жазылуы жəне жариялануы қоғамдық ойды сергіткен нағыз жаңашыл құбылыс
болды. Кейіннен бұл роман орыс тіліне, басқа көптеген тілдерге аударылып, əлем жұртшылығына
кеңінен танылып, биік бағаға ие болды. Соған қарамастан, ішіне шынашақ айналмайтын кейбір
күңшіл қаламгерлер романның құнды қасиетін төмендетіп көрсетуге, шығармадан саяси қателер
іздеуге тырысып, жазушының өмірін улады. Оның «Көшпенділер» деп аталған тарихи романдары
сыйлыққа ұсынылғанда өзінен өзгенің озғанын көре алмайтын, жаңалыққа қуана білмейтін кейбір
жандар жабыла аттан салып, трилогияны жамандап шықты. Бірақ жақсы мен жаманның парқын
қапысыз айыратын уақыт қазақтың азамат жазушысы Ілияс Есенберлиннің еңбегі өмірлі екенін
дəлелдеді, бұл шығарма көп таралыммен қайталанып басылып келеді... М. Əуезовтің «Хан Кенесі»
мен І. Есенберлиннің «Қаһары» — Кенесарыға орнатылған ең қымбат жəдігер...» [4; 13].
8. Кенесары тұлғасына жаңаша қарап, оның шынайы бағасын беру ісі Қазақстан тəуелсіз
мемлекетке айналғаннан кейін ғана қолға алынды. Хан Кенеге арналған бұрынғы зерттеулермен
қатар академик М. Қозыбаевтың, профессор Ж. Қасымбаевтың зерттеулері, жаңа құжаттық жинақтар
жарық көрді. Қайсар тұлғаның ұлттық тарихымызда алатын орнына көзқарас түбегейлі өзгеріске
ұшырай бастады. Мысалы, тарих ғылымдарының докторы М. Қойгелдиев: «Кене хан бастаған
қозғалыс барысында жалпы қазақ халқының, əсіресе оның саяси басқарушы тобының, саяси
кемелдігінің əлі де болса жетімсіздігі, төмендігі, жеке дербес мемлекет құру қажеттігін терең ұғыну
дəрежесіне көтерілмегендігі анық байқалды. Біздің түсінігімізше, тек осы контексте ғана Кене хан
бастаған қозғалыстың халық тарихында алатын орны мен оның трагедиялық сипатын тура ұғынуға
болады» [16; 118], — деген қорытынды жасады.
І. Есенберлиннің «Қаһарынан», ұзақ жылдардан кейін, соңғы уақытта «Абайдың жұмбағы» деген
атпен Р. Тоқтаровтың романы жарыққа шықты. Мұнда жазушы Құнанбайдың бейнесін сомдай
отырып, Кенесарының көпқырлы тұлғасына да біраз тоқталған. 2000 ж. Кене ханның бас сүйегін
іздеу жөнінде арнайы топ ұйымдастырылды. 2002 ж. Кенесарының туғанына 200 жыл толуына орай
халықаралық ғылыми конференция өтті. Астана қаласында оған ескерткіш тас орнатылды. 2004 ж.
Едіге Уəлиханов «Кенесары» атты кітабын Мəскеу қаласындағы «Молодая гвардия» баспасынан
шығара отырып, ұлы ханның күресін қалың көпшілік оқырманға танытты. 2005 ж. Кенесары
Қасымовтың жерленген жерін анықтау үшін «Мəдени мұра» бағдарламасы аясында арнайы ғылыми-
зерттеу экспедициясы ұйымдастырылды. Жақында жазушы Д. Рамазанның «Кенесары-Күнімжан»
драмасы Қ. Қуанышбаев атындағы Астана театрында қойылды. Соңғы жылдары баспасөз бетінде
мемлекет қайраткері, əскери қолбасшы, 1837–1847 жж. арасындағы ұлт-азаттық қозғалысының
көсемі Кенесары Қасымұлына арналған біраз мақалалар мен өлеңдер жарияланды. Бұл еңбектерде
халық қиялындағы, ел арманындағы қазақ жұртының соңғы ханының жарқын бейнесі көрініс тапты.
Сөз соңында айтарымыз, Кенесары көтерілісіне байланысты көркем шығармалар,
монографиялар, ғылыми еңбектер, кітапшалар, мақалалар жарық көріп, түрлі деңгейде
конференциялар өтіп, оған ғылыми тұрғыда əділ бағалар беріліп жатыр. Десек те, бұл тақырыпта əлі
де көптеген ізденістер жүргізіліп, ғылыми еңбектер жазылуы тиіс.
Əңгімемізге арқау болған Кенесары көтерілісі жəне оның өмір жолына байланысты кейбір
көмескі айтылып жүрген деректер əлі көп. Сондықтан да бүгінгі жəне келешек ұрпақтың көзімен
Кенесары бейнесіне, ол басқарған ұлт-азаттық көтерілісіне қайта баға берілсе, болашақта жаңа
шығармалар жазылса, нұр үстіне нұр болар еді. Осының барлығы халыққа керек дүние болары
даусыз.
Р.С.Каренов
106
Вестник Карагандинского университета
Əдебиеттер тізімі
1 Нысанбай жырау Жаманқұлұлы. Кенесары-Наурызбай (үзінді) // Ақжолтай Ағыбай батыр. — Алматы: Ғылым, 2002.
— 191–233-б.
2 Жанаев А. Нысанбай жырау // Ана тілі. — 2012. — № 44 (1145). — 1–7 қараша. — 6, 7-б.
3 Нысанбай жырау. Кенесары-Наурызбай. (Дастан) // Хан Кене: Тарихи толғамдар мен пьеса, дастандар. — Алматы:
Жалын, 1993. — 16–55-б.
4 Бердібай Р. Елдік туын көтерген Ер Кенекең // Қазақ. — 2013. — № 50–52 (670–672). — 13–27 желт. — 12–13-б.
5 Мырзағалиева К. Нысанбай жырау // Ақиқат. — 2012. — № 11. — 127, 128-б.
6 Бейсенбаев П. «Кенесары-Наурызбайды» жырлаған Нысанбай жырау жырдағы оқиғалардың куəсі болған //
Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам: Ұлт мақтанышы Кенесары Қасымұлы (1802–1847). — 2011. — № 21 (33). — 24–26-б.
7 Досқожа. Кенесары қоныстан ауғанда айтқаны // Хан Кене: Тарихи толғамдар мен пьеса, дастандар. — Алматы:
Жалын, 1993. — 56–60-б.
8 Қазақ əдебиеті: Энциклопедия. — Алматы: Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым министрлігі; Қазақстан даму
институты, 1999. — 750 б.
9 Наурызбай-Ханшайым // Ақжолтай Ағыбай батыр // Құраст., жауап. шығ. А. Ісімақова, С. Сəкенов. — Алматы:
Ғылым, 2002. — 27–129-б.
10 Қасқабасов С. Алаштың арман-аңсары (Кенесары хан халық əдебиетінде) // Егемен Қазақстан. — 2013. — 24 желт.
— 6-б.
11 Пазылов Ə. Ұлт көсемі — Кенесары // Алаш. — 2010. — № 4 (31). — 48–53-б.
12 Көпейұлы Мəшһүр-Жүсіп. Кенесары көтерілісінің басталуы // Көкшетау. — 2011. — № 2 (14). — 40–51-б.
13 Əлімбаев Д. Кенесары (Поэма) // Хан Кене: Тарихи толғамдар мен пьеса, дастандар. — Алматы: Жалын, 1993. —
197–210-б.
14 Ісімақова А. Алаш əдебиеттануы. — Алматы: Мектеп, 2009. — 560 б.
15 Жұмабаев М. Шойын жол // Жұлдыз. — 1990. — № 10. — 115–122-б.
16 Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита. Қызметі мен тағдыры (XVIII–XX ғғ.). Зерттеулер. — Алматы: Жалын, 2004. —
400 б.
17 Жамбыл. Есте қалған əңгімелерден // Хан Кене: Тарихи толғамдар мен пьеса, дастандар. — Алматы: Жалын, 1993.
— 146–148-б.
18 Мырзағалиева К. Кенесары-Наурызбай туралы жазылған жырлардағы тарихи шындық // Ақиқат. — 2012. — № 3. —
73–75-б.
19 Бекмаханов Е. Кенесары — ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам: Ұлт мақтанышы
Кенесары Қасымұлы (1802–1847). — 2011. — № 21 (33). — 8, 9-б.
20 Бектемісов А. Шəкір Қараманұлы жайлы не білеміз? // Қазақ. — 2012. — № 31–32 (597–598). — 3–10 тамыз. — 5-б.
21 Оспанұлы С. Қаһарман хан бейнесі мен қасиеттері // Қазақ. — 2012. — № 31–32 (597–598). — 3–10 тамыз — 7-б.
22 Мəуленов С. Кенесары // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам: Ұлт мақтанышы Кенесары Қасымұлы (1802–1847). — 2011.
— № 21 (33). — 43-б.
23 Жантемірова Р. Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтеріліс // Қазақ тарихы. — 2011. — № 4 (109). — 46–47-б.
24 Есенберлин І. Он томдық шығармалар жинағы. — 7-т. — 3-кіт. — Көшпенділер: Тарихи трилогия. — Алматы:
Жазушы, 1986. — 328 б.
Р.С.Каренов
Достарыңызбен бөлісу: |