Wine in the old Russian literature
The article presents the analysis of the semantics and function of wine in the works of old Russian literature.
In the old Russian literature the wine performs four different functions: it becomes a source of pleasure, food,
a symbol of passion, symbol of wealth. Wine as an object of culture is manifested in ancient culture, integrat-
ing a mysterious elements of Greek culture and ethics of Christianity.
References
1 Rod F. The History of wine, Moscow: Eksmo, 2004; Literary text: problems and methods of research. Vol.8. Wine motif in
the literature (Collection of scientific papers), Tver, 2001. Zaiychik C. Grapes and wine in biblical and post-biblical literature, [ER].
Access mode: http://www.gazetaprotestant.ru/2009/12/vinograd-i-vino-v-bibleyskoy-i-postbibleyskoy-literature/
2 Library of the literature of Ancient Russia: In 20 vol. / Edit. by D.S. Likhachev, L.A. Dmitriev et al., Saint-Petersburg:
Nauka, 2000–2004 (All texts will be cited in this source, indicating volume and page).
80
Вестник Карагандинского университета
ƏДЕБИЕТТАНУ ЖƏНЕ ФОЛЬКЛОРТАНУ
ЛИТЕРАТУРОВЕДЕНИЕ И ФОЛЬКЛОРИСТИКА
ƏОЖ 82.0(574)
Ж.Ж.Жарылғапов
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
(E-mail: zhan_ZH@mail.ru)
Бұқар жырау шығармаларындағы романтизмнің
бейнелеу принциптері
Мақалада Бұқар жырау шығармаларындағы романтизм əдісіне тəн сипаттар қарастырылды.
Романтизмнің негізгі бейнелеу тəсілдерінің жырау туындыларындағы қолдану ерекшеліктері
зерттелді. Жыраудың хандар мен билер образын сомдаудағы романтикалық пафосы, субъективті
көзқарастары əдеби-теориялық тұрғыдан талданды. Жырау толғауларындағы максималистік мақсат,
автор қиялының көркем берілу жолдары айқындалды. Дала романтикасының суреттелуіндегі дəстүр
мен жаңашылдық ауқымы көрсетілді. Шығармалардағы Абылай бейнесіне қатысты тың тұжырымдар
жасалды.
Кілт сөздер: Бұқар жырау, толғау, романтизм, романтикалық образ, романтикалық бейнелеу,
романикалық əдіс-тəсілдер.
Жыраулардың баршасына дерлік ортақ əлеуметтік мəселе, ортақ тақырып — ел бастаған хандар
мен қол бастаған батырлар болғаны ақиқат. Ал осы мəселенің төркінін ауқымдырақ, тереңірек
қараған болсақ, қазақ жырауларының түпкілікті идеясы тұлға бостандығы, жеке адамды қайталанбас
рухани құндылық ретінде қастерлеуді бағамдаймыз. Соның нəтижесінде қазақ əдебиетінде өздері
өмір сүріп отырған қоғамдық-əлеуметтік заңдылықтармен ымыраға келе алмайтын, рухани еркіндікті
аңсаған Қабанбай, Бөгембай, Қаз дауысты Қазыбек сынды жаңа тұрпаттағы кейіпкерлер келді.
«Романтизм бағытында жазылған шығармалардың кейіпкерлері əдетте болмыстың ырқымен
келіспейтін, теңдік, бақыт, азаттық үшін талмай күресетін рухы күшті жандар болып келеді. Адамның
бас бостандығын, адами-қоғами мəні бар, құлшынысқа толы жағымды іс-əрекеттерге ұмтылыстарын
мадақтау — романтизм туындыларына ортақ қасиет» дегенге келіссек, аталмыш образдар осы
талаптың үдесінен шығады [1].
Бұқар жоғарғы əлеуметтік қабаттың өкілдерін аса ірі тұлға — Абылай айналасына жинақтай
отырып, өзінің субъективті көзқарасын танытуды бірінші кезекке қояды. Қоғами қатынастарға деген
абсолютті наразылық, сол шындыққа қарсы субъективті идеал туғызды. Жырау толғауларында
максималистік мақсат, автор қиялын жүзеге асыру жолында ерлікке ұмтылу жеке тұлғаға, автордың
субъективті көзқарасын арқалаған кейіпкерге жүктеледі. Қаламгердің назары да үнемі осы кейіпкерде
болады десек, қателеспейміз. Өйткені оқиғалық желілер, тартыс, түрлі көркемдік детальдар сияқты
компоненттердің бəрі кейіпкерлер галереясында автор өзінің мақсат-мұратын «арқалатып жіберген»
қаһарманының ерекше қасиеттерін ашу үшін керек. Бұқардың Бөгембай қазасын естірту жырындағы
батыр бейнесі де Абылай образымен тығыз байланысты.
Қазақтың ханы Абылай!
Ақиықты аспанға
Ұшпастай ғып торлады.
Құлағанға ұқсайды
Қазақтың қамал қорғаны,
Қайғырмаңыз, ханзадам,
Бұқар жырау шығармаларындағы...
Серия «Филология». № 2(78)/2015
81
Айтпасыма болмады,
Батырың өтті Бөгембай!
Қиядан қиқу төгілсе,
Аттың басын тартпаған,
Қисапсыз қол көрінсе
Қорқып жаудан қайтпаған,
Қазақ деген халқынан
Батыр шыққан даңқынан,
Қарсыласқан асылдар
Қорғасындай балқыған,
Батырың өтті Бөгембай!
Бұтақты мүйіз бұғысы
Саласында жайылған,
Мылтық атқан мергені
Киігін қойдай қайырған,
Құланы құлындай тулаған,
Түлкісі иттей шулаған,
Қыс қыстайтын жеріңді
Сол сықылды тау қылған,
Батырың өтті Бөгембай!
Бұл жердегі Абылай – Бөгембай бейнесін даралауда ең үлкен жүк көтеретін, оның
романтикаланған тұлғасына серпін беріп отыратын кейіпкер. Толғауда адамның ажал алдындағы
шарасыздығы мен əлсіздігі көрсетілгенімен бірге, Бөгембайдың қаһармандық жорықтары
романтикалық рухта бейнеленді. Бұл кейіпкер өз ортасының қоғамдық санасы мен ұғым-
түсініктерінен жоғары тұрған тұлға. Олардың романтикалық ерлігі өз бостандықтары жолындағы
ашық майданда, кескілескен күрес үстінде мерт болуы арқылы асқақталады. Туынды өзегіндегі
Бөгенбай тұлғасы адамның жасампаздық рухының қандай да болсын əлеуметтік-қоғамдық
жағдаяттан биік тұратындығының дəлелі. Материалдық болмыстан идея мен адам рухын бірінші
санайтын таным Бұқардың идеялық-көркемдік концепциясына айналды. Ең бастысы, бұл
туындыларда өзінің шексіз ерлікке ұмтылған адам тағдырлары мен рухани қуаттан туындайтын
күрескерлік белсенділік бар. Сондықтан да ХVІІІ ғасырдағы қазақ поэзиясында кейде статикалық
тұрғыда көрінсе де өз ортасынын тым-тым биіктетілген, пендешіл пиғылдардан əсіре жоғары идеал
қаһармандар дүниеге келді. «Қашан да романтик жазушылар ерекше кейіпкер таңдамақ, олар,
қарабайыр, қоңыр төбел, құр жаутаңдаған көген көздерге қарағанда, еңсесі биік жандар.
Романтикалық қаһарман — бір бұлқыныстың, бір шабыттың, бөлінбейтін, жарылмайтын бір-ақ
ойдың адамы», — деп академик Р. Нұрғали айтқандай, қазақ жыраулары ерлік пен елдік
концепциясын дамыта отырып, реалды өмір ағысынан тыс немесе онымен бітіспейтін кейіпкерлер
жасауға ден қойды [2]. Жеке адамды қайталанбас құндылық ретінде бағалау, оның абсолютті
азаттыққа құштарлығын дəріптеудегі жырау белсенділігі ұлттық сөз өнеріндегі жаңғыруларға жол
салды.
Абылайдың ішкі рухын айрықша жағдайларда сынап көру, оған асқан қасіретті хабарды жеткізе
отырып, адамның азат рухының құдіреттілігіне сену жəне оның бойына күрескерлік қасиет дарыту —
толғаудың басты темірқазығы. Жырау жеке адамның əлеуетін таныта отырып, күрескерлік идеяны
алға тартты. Толғаудағы дара қаһармандардың тағдыры трагедиямен аяқталып жатса да, дəуір
бағдарын мүлде өзгертпек болған төңкерісшілдік ұмтылыс шығарма болмысынан анағұрлым
айқынырақ сезіліп отырады. Бұл қоғамдық сана жəне жеке тұлғаның қоғамдағы рөлі мен маңызының
артуы дер едік.
Қара керей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгембай,
Қаз дауысты Қазыбек,
Шақшақұлы Жəнібек,
Ормандай көп Орта жүз,
Содан шыққан төрт тірек.
Ж.Ж.Жарылғапов
82
Вестник Карагандинского университета
Тұғыр болған сол еді
Сіздей төре сұңқарға.
Бəйгелі жерде бақ болған
Сіздей жүйрік тұлпарға.
Қайғырмаңыз, ханзадам,
Келмей тұр аузым айтарға,
Батырың өтті Бөгембай!
Еңбек қылған ел үшін,
Жауда кеткен кек үшін,
Қазақтың абырой-арына
Сарып қылған бар күшін,
Қайырлы болсын халқыңа,
Сабыр қыл, ойлап келмесін,
Қарияң келіп жырлап тұр
Еңбегі сіңген ер үшін,
Батырың өтті Бөгембай!..
Адам рухының құдіреттілігімен қатар, осалдығын да терең пайымдайтын жырау қай адамның
болсын жан əлеміндегі моральдік-этикалық өзектің əлсіреуі, я болмаса жоғалуы мүмкін екенін жоққа
шығармайды. Алайда суреткер романтикасында адамның жеңімпаздық мүмкіндіктеріне, рухының
ұлылығына деген сенім күшті.
Қалданменен ұрысып,
Жеті күндей сүрісіп,
Сондағы жолдас адамдар:
Қара керей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгембай,
Шақшақұлы Жəнібек,
Сіргелі қара Тілеуке,
Қарақалпақ Құлашбек,
Тігеден шыққан Естербек,
Шапырашты Наурызбай,
Құдаменді Жібекбай қасында,
Бақ, дəулеті басында
Секербай мен Шүйбекбай,
Таңсық қожа, Мамыт бар,
Қасқарауұлы Молдабай,
Қатардан жақсы қалдырмай,
Айнақұл Бəти ішінде,
Өңкей батыр жиылып,
Абылай салды жарлықты...
Əлемдік əдебиет тарихынан романтикалық ерліктерді жырлаған қай ақынды алып қарасақ та,
барлығы адамның шексіз деп танылған рухын үнемі сынап көруде болды. Ол үшін адам бойындағы
табиғи құдіреттерді ашуға жəне паш етуге ерекше жағдайлар: сілкіністер, өмір азаптары,
катастрофалар қажет. Жоғарыда келтірілген «Қалданменен ұрысып...» деп басталатын толғауда
жырау сюжетті шығарма жасауға ден қоя отырып, мұнда аталатын батырлардың ерлігін хан Абылай
бейнесін ашуға қолданады. Осы арқылы үш жүздің басын құрап, ұлысты ұйыстырған ханның асқақ
образы мүсінеледі. Осы аяусыз сынақтардан өткенде ғана тұлғаның басқадан мойны озық, күшті
рухы салтанат құрады. Осындай үрдіс Бұқарға да тəн.
Осыған орай, халық эпостарындағы романтикалық ерлік сарыны, сыртқы қажеттіліктерге қарсы
бас көтерудегі жеке тұлғаның ролінің көтермеленуі сынды, өз қиялындағы əлемге ұмтылуы сияқты
дəстүрлі танымдар сақталды. Жеке тұлғаның мүмкіндіктерін байқап көру, оны жеке əлем, жеке
құндылық ретінде алып қарау сынды жазба əдебиетінің ілкі белгілері дəл осы Бұқар толғауларында
анағұрлым айқын көрініс табады. Демек, адамзат дамуының жаңа дəуіріне дейін архаикалық тұрмыс-
салты мен санасын сақтап келген халықтың көркемдік танымында өтпелі кезең байқалады. Бұл жерде
көркем ойлаудың эпикалық дəстүрі айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Оқ-дəрі, мылтық дəуірімен бірге
Бұқар жырау шығармаларындағы...
Серия «Филология». № 2(78)/2015
83
эпикалық қаһармандықтың əлсіреуіне, «батыр бір оқтық болуы мүмкін» түсінігінің күш ала
бастағанына, жекелік санаға бірте-бірте ойысудың белгілері бар. Бұл жерде біздің назар аударайын
дегеніміз, фольклорлық эпостардағы тұлға туралы ертегілік сюжеттер əлсіреп, жыраулар өз
толғауларында орталық бейнелердің болмысына қарапайым пендеге тəн мінездер мен іс-əрекеттерді
телу арқылы жеке адамның күрделі табиғатына, жеке тілек-аңсарларына көңіл бөлінетін болашақ
авторлық шығармашылыққа мықты тұғыр қаланды. Сөйтіп, фольклорлық эпикалық туындылардан
уақыт ілгері жылжыған сайын жыраулық жырлардағы қуатты романтизмнен бірте-бірте алшақтай
отырып, өмірдің нақты жағдайларына негізделген реализм элементтерін мүмкіндігінше пайдаланып
отырды.
Уа, сен Қанжығалы Бөгембай,
Тақымы кеппес ұры едің,
Түн қатып жəне жүр едің,
Қабанбайдан бұрын найзаңды
Қай жерже жауға тіредің?
Абылай-ау, Абылай,
Момынға келіп бек болдың,
Атаңды білмес құл едің
Қай жеріңде төре едің?
Қарсы менен Құзарда
Жалаң аяқ жар кешіп,
Бөз тоқыған сарт едің.
Шешеңді жəне сұрасаң,
Қайда алтынның буы еді?
Оны да мен білуші ем,
Түрікпеннің төрінде
Қашып жүріп күнелткен қара күң еді.
Ірі эпикалық əрекеттерден гөрі айналадағы нақты шындықтардың ортасындағы адамның жеке
мұраттарының анағұрлым айқындала түсуі көшпенділердің дəстүрлі танымының үлкен өзгерістерге
ұшырағанын байқатады.
Мұның бəрі қазақ сөз өнерінің əлемдік əдебиеттің ортағасырлық даму сатысына тəн жанрлық
канондардан тəуелсізденіп, ұжымдық шығармашылықтан авторлық шығармашылыққа қарай, адамзат
көркем ойының ең жаңа дəуірдегі үлкен белесі — реализмге қарай бағыт алған ілгерінді үрдісі болып
табылды. Фольклорда авторлық сананың басы бүтін айқындалып, толық жеңіске жетуіне серпін
берген — жыраулық поэзия, жыраулық шығармашылықтың негізгі жанры — толғаудың алдыңғы
қатарға шығуы. Реалистік əдебиеттің қаһарманы — өзінің кеңістіктегі нақты орны бар, уақыты мен
əлеуметтік ортасы анық, өз қоғамы мен халқының, өз уақытының «перзенттері». Яғни əрбір ұлттың
өзіндік тарихи даму жолы, қоғамдық-əлеуметтік күштердің өзіндік ерекшелігі болғандықтан, олармен
адам тағдырын нақты тарихи байланыста суреттеу — реализмнің ұлттық сипатын анықтаудың басты
факторы. Жыраулар негіздеген төңкерісшілдік немесе өткенді идеалдандырудан туған консервативті
рух, жеке адамның қаһармандық тұлғасының өмірді түбегейлі өзгертушілігіне деген сенім қоғам
дамуының реалды заңдылықтарының алдында қауқарсыздық танытуы оларды балама идеяларға
жүгінуге итермеледі. Енді, батырлар жырындағыдай, тұлғаға деген шексіз сенім бірте-бірте
сыншылық ұстанымдарға ауыса бастады.
Хан мен батырлардың өткен өмірлеріне мысал айта отырып, оларды шырқау көктен бір
«төмендетіп» алатын жырау толғаудың кей тұсында қайтадан романтикалық бейнелеулерге, дəріптеу
пафосына айналып соғып отырады. Мысалы,
Жұлдызың туды-ау оңыңнан,
Жан біткен еріп соңыңнан,
Он сан алаш баласын
Аузыңа құдай қаратып,
Жусатып тағы өргізіп
Жұмсап бір тұрсың қолыңнан.
Ақтан болды-ау күніңіз,
Арсы менен күрсіге
Дау-таласты үніңіз.
Ж.Ж.Жарылғапов
84
Вестник Карагандинского университета
Өзің болған күніңде
Бір көшке сыймайды
Азаткерде құлыңыз.
Романтикалық рух пен сыншыл реализмнің белгі сипаттарының аралас жүретініні Бұқар
бабамыздың шығармашылық ерекшелігі дер едік.
Жырау тарихи ахуалға, əлеуметтік жағдайға деген сыншылдық көзқарасын барынша байқатып,
өзі əсірелеген əшкерелегіш қатынасты да бір сəт ұмытпайды. Былайша айтқанда, қоғамның ең зəру
деген тақырыбын назарға ала отырып, əлеуметтік ділгірліктерді дер уағында күн тəртібіне көтере
отырып, оны пассионар тұлғалармен тығыз сабақтастырады. Қазақ даласын шырмап алған кері
құбылыстарды шеней отырып, сол əділетсіздіктерге деген субъективті қатыстарын да көрсетіп
отырды.
Ашуланба, Абылай,
Ашулансаң, Абылай,
Көтерермін, көнермін,
Көтеріп қазға салармын.
Өкпеңменен қабынба,
Өтіңменен жарылма,
Орыспенен соғысып,
Басына мұнша көтерген
Жұртыңа жаулық сағынба.
Күнінде мендей жырлайтын
Тоқсан үште қария
Енді де саған табылмас.
Ойлана қарасақ, қоғам құбылыстарына, жекелеген адамдарға деген сыншылдық қатынас,
əшкерелегіш пафос тек қана сыншыл реализмнің ғана емес, романтикалық əдебиеттің де,
ағартушылық реализмнің, тіпті, натурализмнің де идеялық арқаулары еді. Дегенмен, дүниедегі жырау
қабылдай алмаған əлеуметтік-қоғамдық жағдаяттарды сынау мен шенеу сыншыл реализмнің
эстетикалық табиғатына сəйкес. Бұқардың кей толғауларында да əлеуметтік ортадағы
əділетсіздіктерді, қоғам дертіне айналған ұсқынсыздықтарды жеріне жеткізе айыптау бар,
шыншылдықпен айқын көрсету бар. Реалистік тұрғыда типтендірудің де алғашқы үлгілері осы
туындыларда жасалады. Бірақ қаламгерлер өздерінің сын тезіне алып отырған құбылыстардың
адамгершілікпен қабыспайтын өрескелдік екенін бейнелеп көрсете отырғанымен, ол құбылыстардың
ішкі сырын, психологиялық аспектілерін қаузауды мақсат тұта бермеген.
Ақсары атан еспелі
Ел жайлауға көшкен жұрт,
Ақтың жолын күзетпей,
Жамандықты тұтқан жұрт,
Мамыр асып, бай болып,
Байсал тауып жортқан жұрт,
Ханға тізгін салмады,
Хан жарлығын алмады,
Баяғыдай баршындап
Бірауызды болмады
Қас тұрпайы болған жұрт.
Бұл ХІХ ғасырда ұлы Абайдың да қабырғасын қайыстырып, «Қайран елім, қазағым, қайран
жұртым» дегізген сыншыл реализмнің басы еді. Əрине, жырау шығармашылығына реализмнің ең
биік талаптарынан қарау тым əбестік болып табылар еді. Бұл жырауға өз ықыласы толық ауған идеал
бейнені бөлектеу үшін қажет болды. Яғни бұл туындыларда сыншыл реалистік ұстанымдардан гөрі,
романтикалық принциптер мен ағартушылық пафостағы реализм элементтері басым түсіп жатты.
Бұқар ұлттық əдебиеттегі романтизм мен ағартушылық бағыттағы реализм дəстүрлерін игере
отырып, еуропалық үлгідегі поэзия формаларын қалыптастыруымен-ақ қазақ əдебиетін жаңа белеске
шығарып, реалистік өнердің өркендеуіне жол ашты. Мұхтар Мағауин айтпақшы, «көне қазақ əдебиеті
өкілдерінің ешқайсысының творчествосында өзі өмір сүрген заман келбеті дəл Бұқардағыдай бар
бедерімен суретке түсірілмеген» [3].
Бұқар жырау шығармаларындағы...
Серия «Филология». № 2(78)/2015
85
Атақты «Ай, заман-ай, заман-ай...» толғауында жаңа орнығып жатқан құбылыстарға ашық
наразылық бар.
Ай, заман-ай, заман-ай,
Түсті мынау тұман-ай,
Істің бəрі күмəн-ай.
Баспақтана жиылып,
Фана болған заман-ай.
Құл-құтандар жиылып,
Құда болған заман-ай.
Арғымағын жоғалтып,
Тай жүгірткен заман-ай.
Азаматың құлапты
Жұрт талық болған заман-ай...
Қоғамдағы өзгерістерді, ел тіршілігінің басқа бағдары жырауды қанағаттандырмады. Өркениеттің
өзгеше бағдарын сезінуі ностальгиялық көңіл-күйге берілуінің анық себептері болғанын атап өткен
жөн. Бір дүрбелең бір дүрбелеңге жалғасқан, тарихи кезеңнің өзгерістері ұлт өмірін мүлде басқа арнаға
салып жіберетінін терең саналаған жырау жаңа уақыттың талаптарымен мүлде келісе алмады.
Бұқар ел мен жердің тағдырын жырға қосуда өзіне дейінгі жыраулардың дəстүріне иек артады.
Өйткені бұған дейін жасалған эстетикалық мұраны игеріп алмай, жаңа ұмтылыстар жасау мүмкін еместігі
де белгілі. Қазақ əдебиетінің төлбасыларының бірі, тегеурінді жырау — Қазтуғанның туған жерге деген
шексіз махаббатының, ата жұртқа деген адам айтып жеткізгісіз сартап сағынышының ескертішіндей
болған «Алаң да алаң, алаң жұрт...» толғауындағы асыл арқау Бұқардан жалғасын табады.
Қазтуған:
Алаң да алаң, алаң жұрт
Ақала ордам қонған жұрт,
Атамыз біздің бұ Сүйініш
Күйеу болып барған жұрт,
Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт,
Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт,
Кіндігімді кескен жұрт,
Кір қоңымды жуған жұрт,
Қарағайдан садақ будырып,
Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,
Жанға сақтау болған жұрт...
Бұқар:
Бағаналы орда басты орда
Байсал орда қонған жұрт,
Қара түлкі қармалжық
Қас сыпайы киген жұрт,
Ақсары атан аспалап,
Ел жайлауға шыққан жұрт,
Хақтың жолын күзетпей,
Жамандықты ұққан жұрт,
Бас, аяғың бай болып,
Бəсеке дəурен сүрген жұрт.
Бай төбетің маңқылдап,
Байсал тауып үрген жұрт,
Туырлығың қара кіс,
Тура-тура болған жұрт,
Түтінге салса саспаған,
Шоралар сауықпен ішсе тауыспаған,
Ағар бұлақ сүтті жұрт,
Көп жылдарға бек сақтап,
Есен де есен болған құтты жұрт...
Ж.Ж.Жарылғапов
86
Вестник Карагандинского университета
Баба мекеніне деген ұлы махаббатты жеткізудегі қос жырдан да пішіндік ұқсастық қана емес,
ішкі рухани толқыныстың ғажап сəйкестігін аңғарамыз. Аталмыш туындылар — ұлы жыраулардың
ішкі бұлқыныстары мен буырқаныстарының жемісі. Дербес драма болуға лайық «Алаң да алаң, алаң
жұрт...» пен «Бағаналы орда басты орда...» деп басталатын туындыларды тұтастырып тұрған
тақырыптық-эстетикалық құрылымдарының бірлігі. Бұл шығармаларда қыр өмірінде болып жататын
өзіндік өмір ағыстары, дала заңдарымен өмір сүретін адамдардың жортуылды өмірінің эпизодтары
суреттеледі. Көшпенділер тіршілігі, дала романтикасы — жыраулар шығармашылығының өне
бойынан маңызды орын алып, үнемі қайырылып келіп отыратын тақырыбы. Сахара өмірінің өзіндік
сəні, қайталанбас өмір салтын, кең өлкені еркін кезген дала қазақтарының аңғал да батыр мінезін,
өршіл рухын жыраулар ерекше құштарлықпен, көтеріңкі пафоспен бейнеледі. Өткен дəуірдің
еркіндігіне іш тарту, тіпті идеалдандыру арқылы жыраулардың біршамасына тəн ортақ жүлге пайда
болды. Жыраулар кеңістікті уақыттық формалар арқылы игеруде белгілі бір реттілікті, тарихи-
əлеуметтік белгілерге сай «уақыттар байланысын» негізге алып, өз идеалына сай кеңістікті əр түрлі
уақыттық өлшемдер арқылы көрсете алған.
Қырдағы елдің қызығы басылмайтын қызу тірлігі, кең даланы еркін кезген ерке ұландардың
жортуылға толы өмірі, аңшылық құрып, серілікпен күн кешкен өрендері, қыз алысып, қыз берісіп
жататын ауыл арасындағы дырдулы думан, жасыл жайлау, салқар көш — бəрі-бəрі қарт Бұқарға
айрықша шығармашылық көңіл-күй қалыптастырды деп айта аламыз. Дала образы, қырдағы ел
тұрмысына деген сағыныш жырау шығармашылығындағы романтизм желісін қалыптастырды.
Жыраудың халықтың өткен дəуреніне деген іш тартушылығы кейін «Зар заман» ағымын
қалыптастыруға да серпін берді деп айта аламыз.
Бағаналы орда, басты орда
Байсал орда қонған жұрт,
Мамырласып, ел болып,
Байсалды жайлау табылды,
Көлдей қамқа төсеніп,
Көрікті ханым түскен жұрт.
Ханым берген қамқа тон,
Жырау киіп кеткен жұрт,
Іңкəрілер алшаңдап,
Ас пен тойға келген жұрт,
Көріп туған көкше тай
Төре астында ат болған жұрт,
Көпке қоныс берген жұрт,
Көбең байлар семіріп,
Көк би каһан болған жұрт,
Көрпелдестер би болып,
Көпке кеңес айтқан жұрт.
Бұқар толғанысында дала өмірінің өзіндік тыныс-тіршілігін идеалдандыру сарыны үнемі бой
көрсетіп отырады. Адам мен қоғам, табиғат пен туған жер тəрізді күрделі философиялық мəселеге
бара отырып, жазушы өзін дала тірлігінен, түз өмірінен бөле-жарып қараған жоқ. Өзінің кіндік кескен
өлкесінің табиғаты — суы, нуы, тауы, қыраны, өркениет дүрлігісінен алыс дала болмысы, оның
адамдары — қашан да шығармашылық шабыт пен құштарлық туғызып отырды. Шығармаларына
романтикалық əр үстеп отыратын осынау тақырып, адам мен жаратылыс гармониясы басқа да
шығармаларында жалғасты. Ұлттық рух сынға түскен алмағайып кезеңде жазушының өткен күнді
аңсауы ұлы далаға деген аңсардан туған жеке шығармашылық психологияға тікелей байланысты.
Іштей елжіреу мен құмарту шығармадағы элегиялық мазмұнды, романтикалық сарынды тудырмай
қойған жоқ. Көңілін мұң торлаған Қазтуған атамекенге салауат айтып, қош айтысса, Бұқарда болашақ
өмірге деген сенім бой көрсетеді. Оған əйгілі «Айналасын жер тұтқан» өлеңі мысал болады. Көңілі
асыққан идеал өміріне бүгінгі шындықты қарсы қоя суреттейді. Бірінші дүниежүзілік соғыстың
аяқталып, Ақпан төңкерісінің болуы қазақ зиялыларын, жалпы алғанда, қырдағы қалың елдің
болашаққа деген сенімін күшейтті де, бөлекше саяси атмосфера қалыптастырды. Келер күннің
жарқын жаңалықтарына деген риясыз сенім, идеалды болашақ туралы ойлар жоңғарлардың беті
қайтқан тарихи оқилардан кейінгі шығармаларының негізгі арқауы болды.
Бұқар жырау шығармаларындағы...
Серия «Филология». № 2(78)/2015
87
Айналасын жер тұтқан
Айды батпас демеңіз,
Айнала ішсе, таусылмас
Көл суалмас демеңіз.
Құрсағы құшақ байлардан
Дəулет таймас демеңіз,
Жарлыны жарлы демеңіз,
Жарлы байға тең келіп,
Жайлауға жарыса көшпес демеңіз.
Жалғызды жалғыз демеңіз,
Жалғыз көпке теңеліп,
Бір жапанда соғысып,
Кегін алмас демеңіз.
Құландар ойнар қу тақыр
Қурай бітпес демеңіз.
Қурай бітпес құба жон
Құлан жортпас демеңіз.
Құрсағы жуан боз бие
Құлын салмас демеңіз.
Қулық туған құдаша
Құрсақтанбас демеңіз.
Қу таяқты кедейге
Дəулет бітпес демеңіз.
Шығармада бүгінгі шындық пен келешектегі идеал-өмір бір-бірімен ымырасыздықта
суреттеледі. Жазушының шығармадағы оқиғаларға қатынасы, ұстанымы осы бейнелі контрасттардан
айғақталып отырады. Бас қаһарманның əлі орнамаған, келешектен күтетін жарқын тұрмысы мен
бостандығы жыраудың өзі идеяландырған уақытында, қиялында мүсінделеді. Оның сұлбасы нақты
бейнеленбей, символдау арқылы меңзеледі. Өзінің субъективті идеалы тудырған уақытты ұсынып,
оны үлгі ретінде қабылдауы, ақиқат өмірге қарсы қоюы жыраудың негізгі тəсілдері.
Əдебиеттер тізімі
1 Əшімханова С. ХІХ ғасырдағы Батыс Еуропа əдебиетінің тарихы. — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 2006. — 5-б.
2 Нұрғалиев Р. Күретамыр. Қазақ драматургиясының поэтикасы. — Алматы: Жазушы, 1973. — 231, 232-б.
3 Мағауин М. Ғасырлар бедері. — Алматы: Жазушы, 1991. — 81-б.
Ж.Ж.Жарылгапов
Достарыңызбен бөлісу: |