Көк дауыл – аязды қарлы боран.
Боран –жылдамдығы 20 м/с-тан жоғары, өте қатты соғатын жел.
Арқаның ақбораны – Сарыарқада соғатын, ат құлағын көрсетпейтін ақ түтек боран.
Алақаншық – бір бәсеңдеп, бір ұйтқып соғатын боран.
Ақтүтек – жауған қармен қабаттасып, ұйтқып соғатын боран.
Ноқай – көзді аштырмай, құйын тәрізді үйіріліп, үдеп соғатын боран. Бұрқасын – қармен қабаттасып, бет қаратпай долданып соққан боран.
Жаяу бұрқасын – бәсең соққан боран.
Ақборан – қарды ұшырып, жер әлемді ақ қармен тұмшалайтын боран.
Ақжорға – жердің бетімен қарды ұшырып ұйтқып соққан жел.
Құйын – үйіріле, ұйтқи соғатын, кейде шаң-тозаңды көкке үйіріп соғатын екпінді жел.
Алақұйын – астаң-кестең ұйтқыған боран.
Қара құйын – топырақ, құм боратқан жел.
Қызыл жел – аңызақ, ыстық жел.
Майда жел – жұмсақ самал.
Салқын жел – тым суық та, тым жылы да емес жел.
Суық жел – ызғарлы күзгі жел.
Қара жел – бұлтты күні соғатын ызғарлы, жауын-шашынсыз жел.
Қарыма жел – бет, құлақ ұшын қаритын өткір жел.
Үскірік жел – күзде, қыста соғатын құрғақ, суық жел.
Ызғырық жел – өңменіңнен өтер суық жел.
Аңызақ жел – жылы, ызғары жоқ, құрғақ жел.
Керімсал жел – шілдеде оңтүстіктен соғатын аңызақ жел.
Жел еспей, бұлт көшпейді деген мәтел бар-ды. Соңғы күндері «Құралайдың салқыны» соғып, алты ай қыстан шығып, жадыраған жазға енді жеттік пе деген көңілді сәл саябырлатып қойды. Жел туралы бастап едік қой?! Сонысына оралайық.
Тілімізде желге (жылдамдығы, қуатына) қатысты жүздеген, тіпті бірнеше жүздеген атау бар дейді зерттеушілер. Соның бірнешеуіне тоқталып, көмескіленіп бара жатқан атаулардың мағынасын аша түссек:
Дауыл – көбінде теңізде және теңіз жағалауларында соғатын, жылдамдығы 30 м/с-тан асатын аса жойқын жел.
Нөсерлі дауыл – нөсерлеп жауған жауынмен қатар соғатын боран.
Достарыңызбен бөлісу: |