3 дәріс. Педагогика әдіснамасының жалпығылыми деңгейі.
Жоспары
1.Жүйелілік бағыттың мәні. Парадигма ұғымының мәні және анықтамасы.
2. Ғылыми зерттеулер үшін жүйелілік бағыттың маңыздылығы.
Ғалымдар әлемді тану үшін болжамдар жасайды, теорияларды құрастырады, тіпті заңдар ашады. Әрбір тарихи кезеңде қоғамда туындаған талаптарға сай болашақ ұрпаққа берілетін білім жаңа ұстанымдар негізінде ұйымдастырылады. Егер XX ғасырда білім беруді ұйымдастыру қоғамның «Ғылым-Өндіріс-Білім» мәдени макромоделі аясында жүрсе, ал жаңа XXI ғасырда ол «Мәдениет-Білім-Тарих» макромоделі ұсынылғандықтан, білімге деген жаңа көзқарас туындады. Білім мәдениеттің бөлігі ретінде бес жақты жаңа сипатқа ие болды: білім беру – құндылық; білім беру – жүйе; білім беру – үдеріс; білім беру – нәтиже және білім беру – қызмет.
Осы білім берудің бес қырын біртұтас қарастырғанда ғана, бүгінгі тарихи кезеңге сай білім беру мәнінің сипаты анықталады. Сонда ғалымдардың XXI ғасырды – ақпарат ғасыры, адам ғасыры деген сипаттамасына жүгінсек, білімді адам және адам капиталын қалыптастырудағы негізгі фактор болып табылады. Сондықтан, білім берудің жаңа ғасырдағы мәні оның жеке тұлға өміріндегі мәнділігімен, жеке мемлекеттің қауіпсіздігін әлеуметтік, рухани, мәдени өрлеуі арқылы қамтамасыз етумен және жалпы адамзаттың өркендеуіне ықпал етумен сипатталады.
ХХ – ғасырдың белгілі философы және әлеуметтанушы австралиялық және британдық ғалым Карл Поппердің пайымдауынша, ғылыми білімнің ғылымилығы оның жоққа шығарыла алуында (философиялануында, яғни бұрмалана алушылық деген мағанада). Бір білім басқа біліммен (әсіресе жоққа шығарылмаған, бірақ жоққа шығарылатын әлеуеті бар) жоққа шығарылу үдерісі ғылымның даму үдерісі деп түсіндіріледі. К. Поппер философиялану ұстанымын ұсынып, ғылым туралы таралған пікірді өзгертті. Ол «ғылымның негізгі міндеті пән туралы шынайы білімге қол жеткізу емес, ғылыми теорияларды ұсыну, қалыптастыру және өз кезегінде философиялау», деді. Демек, К. Поппер ғылымның логикасынан ғылымның тарихына көңіл аударды.
К. Попперден кейін ғылымның өз тарихына терең бойлауға жол ашылды. Ғылым дамуының тарихилығы негізінде көп зерттеушілер назарын аударған тұжырымдаманы Томас Кун жасап шығарды.
Американдық философ, ғылым тарихшысы Т. Кун ғылым философиясына ғылыми білімнің дамуын сипаттауда және түсіндіруде негізгі болып табылатын «парадигма» ұғымын енгізді. «Парадигма» ұғымын тарихтың нақты бір кезеңінде ғылыми қауымдастық мойындаған ғылыми жетістіктер жиынтығы деп түсіндірді. Парадигмалық білімдер үлгісіне әлем туралы жаңа білім жасауда ғалымдардың көпшілігі пайдаланатын Ньютонның, Максвеллдің, Бордың, Эйнштейннің теориялары жатады.
Кун үшін парадигма – теория ғана емес, әрі ғылыми әрекет үлгісі. Бұл үлгі өзін пайдалану барысында жан-жағынан жонылып, әрі қырланып жаңарып отырады. Біртіндеп ол анық бола бастайды да, зерттеу жүргізуде аса қажет құралға айналады. Парадигма, сондай-ақ, зерттеу алаңын белгілі бір деңгейде тұжырымдай алады, шындық болмыс ғылыми зерделеу аясындағы сұрақтарды топтастырып анықтауға мүмкіндік жасайды. Осылайша, парадигма зерттеу әрекеті аясында қандай деректер (фактілер) алынатынын анықтайды. Парадигма ғылыми қауымдастықтың санасын игеріп алады. Парадигманы қабылдай отырып, ғалымдар зерттеушілік әлеуетін күшейтіп отырады.
Қайсыбір парадигманы өз әрекетіне үлгі еткен ғылымды Т. Кун «нормадағы ғылым» деп атады. Нормадағы ғылымда парадигма белгілеп берген нақты міндеттерді шешу жолы беріледі. Зерттеу әрекетін парадигма анықтайды. Тек сол ғана ғылымға қандай әдістер мен құралдарды пайдалануға болатынын хабарлап отырады. Парадигмаға сүйене отырып, жаңа білім, жаңа заңдар, заңдылықтар ашылады, фактілер табылады, орнығады. Бірақ тарих көрсеткендей, парадигма кейбір зерттеу міндеттерін шешуге мүмкіндік жасай алмайтын уақыт та келеді. Кунның айтуынша, ғылымда аномалиялық жағдаят туындайды, парадигманың жеткіліксіздігі сезініле бастайды. Демек, дағдарыс туындап тұр. Енді бұрынғы парадигма ғылымдарды біріктіре алмайды. Ғылым дамуының нормалық кезеңі аяқталды. Оның орнына ғылыми революция келеді. Осы кезде ғана, дейді Т. Кун, К. Поппердің айтқаны болып жатады. Ғалымдар бәсекелес болжамдарды тексереді және қайта тексереді. Ең соңында жаңа парадигма пайда болады. Осы жаңа парадигманы қабылдаған ғалымдар өз ғылымының пәндік алаңын жаңаша көріп, жаңаша зерделейді. Жаңа парадигмаға негізделген зерттеулер көбейе түседі. Ғылымға оның дамуының нормадағы кезеңі қайтып оралады. Куннің пікірінше, ғылыми білім үдерісінің мәселесін шешетін ғылымның циклдік дамуы осылайша жүреді. Ғылым тарихы, логика мен гносеологияға қарағанда, күрделі жағдаяттарды шешу жолдарын жақсырақ көрсетеді дейді Т. Кун.
Куннің тұжырымдамасын қабылдаған ғалымдар оны гуманитарлық ғылымдарға да таратты, көшірді. Олар парадигмалық білім үлгісіне Платон мен Аристотельдің, Августин Блаженный мен Фома Аквинскийдің, Кант пен Гегельдің көзқарастарын жатқызды. Осындай көзқарас педагогикада да орын алды. Педагогикалық таным үдерісін де Т. Куннің әдіснамалық схемасын пайдаланып, түсіндіруге болады деді. Педагогикада ғылымды түсінудің Т. Куннің үлгісіне аса қызығушылық таныту осы күнге дейін жалғасуда. Демек, К. Поппер мен Т. Куннің ғылымды талдаудың тұжырымдамалық схемалары ғылыми білімнің дамуында түпнұсқа болып қалды.
Достарыңызбен бөлісу: |