Педагогика ғылымы мен практикасындағы жаңа ғылыми бағыттарды қолданушы парадигмалар;
Педагогика ғылымы мен практикасында зерттеушілердің зерттеу логикасын құрудың негізі болып табылатын парадигмалар;
Пәндік салалар парадигмалары (педагогика, педагогикалық антропология, социология, физика, химия және т.б.).
Мәселен, Классикалық парадигманың өмірге келуі Я.А. Коменскийдің XVI ғасырдағы «Ұлы дидактика» еңбегінен, К.Д. Ушинскийдің XIX ғасырдағы «Человек как предмет воспитания» трактаттарынан бастау алады. Классикалық парадигма білім берудің нормасына, идеалына уақыттың талабына сай толықтырулар мен өзгерістер енгізілгенімен, оның іргелі мақсаты, құрылымы мен мазмұны сақталып отырылады.
Ш.А. Амонашвили білім берудің ізгілікті парадигмасын ұсынады. Ол, «барлығы адам үшін», «адам байлығы үшін» ұстанымдарына негізделген. Ізгілік парадигмасы өзінің негізгі құндылықтары ретінде адамды таниды, оның қабілеті, қызығушылығы, өзін-өзі жүзеге асырудағы ынтасы қалыптасқан тұлға деп қарастырады. Ал ғалым Е.А. Ямбург парадигманы когнитивтік және тұлғалық парадигмалары ретінде ажыратады. Бұл екі парадигма да тұлғаның жеке басының ерекшеліктерін тануға бағытталады, педагогикалық феноменді тарихи кезең және мәдениетпен бірлікте қарастыра алады.
Жаңа білім парадигмасы білім, білік, дағдымен шектелетін білім беру жүйесін тұлғаның өзін-өзі жүзеге асыру әлеуетімен қамтамасыз ету маққсатындағы құзырлылық тәсіліне ауыстыруды болжайды. Мұндай тұжырым кешегіге қарап жалтақтамайтын, болашаққа бет бұрған адамның күрделі жүйеге, білімге қатынасымен негізделеді. Жаңа білім парадигмасы жағдайында білім алушы педагогикалық әсер объектісі емес, танымдық қызмет субъектісі болып табылмақ.
Демек, Парадигма ‒ ғылыми жетістік, ол белгілі бір уақыт ішінде ғылыми-педагогикалық мәселелерді алға қоюдың моделінің, оларды шешу үлгісінің негізі болып табылады. Демек, парадигма ғылымға танымдық және қайта құру қызметінің негізгі қағидаларын және осы қағидаларды іске асырудың үлгілерін ұсынады. Парадигма педагогикалық теория ретінде басқа зерттеушілер үшін белгілі бір ғылыми-педагогикалық мектеп шеңберінде орындалатын зерттеулердің әдіснамасы қызметін атқарады. Мұндай теория ғылыми-педагогикалық мектеп өкілдерінің ғылыми зерттеулерінің бағыттары мен тәсілдерін анықтайды.
Соңғы кезеңдегі шет елдік және отандық ғылыми зерттеулерге сүйене отырып (В.В. Краевский, Е.В. Бондаревская, А.М. Новиков, И.А. Колесникова, Г.И. Рузавин Г.Б. Корнетов, Ш.А. Амонашвили, Е.А. Ямбург, Ш. Таубаева, Ж. Наурызбай, А.П. Сейтешев, Қ.М. Арынғазин, А.Д. Қайдаров және т.б.) индустриалды және постиндустриалды қоғамдағы оқыту парадигмаларының негізгі компоненттерін төмендегідей беруге болады (1,2-кесте).